МҰРА
21.11.2023
1428
1

Әулие Мәшһүр Жүсіптің: «Бұқар жыраудың сөзін түгел жазамын деушіге Нұхтың өмірі, Аюбтың сабыры, Аплатонның ақылы керек» деген сөзі көпке мәлім. Расында, абыз жыраудың ұлтымыздың төл тарихы мен әдебиетіндегі алар орны айрықша. Оның шығармаларын оқу арқылы біз сол заманның тыныс-тіршілігін, саяси-әлеумет­тік ахуалын жақыннан танимыз. Сондай-ақ жыраудың қоғамдық миссиясын және оның айналасындағы белді тұлғалар туралы деректерді зерделеуге, ең бастысы, қазақ хандығы дәуіріндегі сөз өнерінің көркемдік деңгейін терең бағамдауға мүмкіндік аламыз. Ендеше, Бұқар жыраудың толық нұсқасы табылған «Бастапқы ақтабан болғанда» деп басталатын жыры хақында айтайық.

Он жеті жолдан тұратын бұл шығарманың («Қожа Баһауиддин қолдаса» деген жолдан басталатын) үзіндісі көзі қарақты оқырманға жазушы
М.Мағауин дайындаған «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» (Алматы, «Ана тілі», 1993) хрестоматиясы арқылы жақсы таныс. Әлбет­те, кеңестік кезеңде Бұқар жырау шығармалары «Үш ғасыр жырлайды» (Алматы, «Жазушы», 1965), «Бес ғасыр жырлайды» (Алматы, «Жазушы», 1889) ат­ты жинақтарға енсе де, оның жеке кітаптары 1992-1993 жылдары жарық көрді. Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында отандық әдебиет­танушылардың қажырлы ізденістерінің арқасында жыраулар поэзиясында елеулі жаңалықтар орын алды. Сондай сәт­ті қадамдардың бірі ретінде Бұқар жыраудың қалтарыста қалған кейбір шығармаларының ғылыми айналымға түсе бастауын айтсақ болады.
М.Мағауин құрастырған хрестоматияға енген «Бастапқы ақтабан болғанда» деп басталатын жырдың үзіндісі мынау:
Қожа Баһауиддин қолдаса,
Құдай тағалам оңдаса,
Қырғыз деген қат­ты жау,
Қадам басып жүріңіз,
Қарық олжаға батарсыз!
Я расул жаббарың
Өзі болсын жалғыз өзі панаңыз (97-бет­те).
Хрестоматияның ғылыми түсінігінде Бұқар жыраудың Абылай ханға айт­қан осы жыр жолдары «Қожа Баһауиддин қолдаса…» – Г.Потанин жинағынан» (168 бет­те) алынғаны жазылған. Сондай-ақ, бұл жыр бүгінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған «Жыраулар поэзиясы» (Алматы, «Silver Press», 2020) жинағына аз-кем түзетулермен (мәселен, тағалам – Тағалам, расул – Расул) еніп отыр. Шығармалардың қолжазба факсимилесі қоса берілген бұл еңбектің ғылыми түсінігінде: «Қожа Баһауиддин қолдаса…» – алғаш рет Г.Н.Потанин жинағында (Казахскиий фольклор в собрании Г.Потанина, 1972) жарық көрді. «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» хрестоматиясында (1993) жарияланды» (340-бет­те) – делінген. Өкінішке қарай, бұл соңғы жинаққа да жырдың толық нұсқасы енбеді.
Аталмыш жыр Бұқар жыраудың «Ай, Абылай, Абылай! Толғаулар» (Алматы, «Жалын», 1993) ат­ты жеке жинағында жарияланбаса да, ол 1992 жылы «Бұқар жырау Қалқаманұлы шығармалары» (Алматы, «Мұрат­тас», 96 б.) деген атпен жарық көрген кітаптың ғылыми қосымшасында айтылған. Бұл басылымды әзірлеген әдебиет­танушы-ғалым
М.Жармұхамедұлы Бұқар жыраудың Абылай ханға айт­қан «Ал, тілімді алмасаң» толғауының [қысқарған – Б.М.] бір нұсқасы ретінде Г.Н.Потанин жинағына енген «Бастапқы ақтабан болғанда» деген жырды келтіреді (85-бет­те).

Жырдың толық нұсқасы
Г.Н. Потанин жинағында келген бе?

Біз Шоқан Уалихановпен достық қарым-қатынаста болған әрі Орталық Азияның табиғаты мен этнографиясын зерт­теген ғалымның «Казахскиий фольклор в собрании Г.Н.Потанина» (Алма-ата, Издательство «Наука» Казахской ССР, 1972) кітабын зерделей отырып, құнды деректерге кезіктік. Халық ауыз әдебиетінің сан түрлі үлгілерін қарастырған ғылыми басылымда қазақтың үш ақын-жырауының аты ерекше аталады (Бұқар жырау, Бухар-жырау (перевод Н.С.Смирновой), Чюже и Шортан-бай – 268-288 бб.). Соның ішінде Бұқар жыраудың он өлеңінің араб қарпіндегі асыл нұсқасы, кирилл қарпіндегі қазақша нұсқасы және орысша аудармасы қоса берілген. Ең маңыздысы, «Қожа Баһауиддин қолдаса…» деп басталатын жырдың толық нұсқасы жарияланған.
Жырдың араб қарпіндегі асыл нұсқасы (269-270 бб.):
ابلاى خاندى يمانداغانى
باستابقى آق تابان بولغاندا، آتا-آنانكنان قالغانده، تورومتايداى تورا ايدينك، توركستانده جور ايدينك كوك بايتال منكان قول ايدينك، آزيل مامبيت ساماكه، قزميت قيلغان اير ايدونك.موندا كيليب خان بوليب، آق سونكقارداى تولادينك، توياتيكدى آلوستان تيله دونك. قوجا بهاوالدين قولداسا، خداى تغالام اونكداسه، قرغيز ديكان قاتتي جاو، قدام باسوب جورونكز، قاريق اولجادان باترسيز.يا رسول جبارينك اوزى بولسون جالغيز اوزى بنانكيز

Жырдың кирилл қарпіндегі нұсқасы:

Абылай ханды жамандағаны:
Бастапқы ақтабан болғанда,
Ата-анаңнан қалғанда,
Тұрымтайдай төре едің,
Түркістанда жүр едің,
Көк байтал мінген құл едің,
Әзілмәмбет [Әбілмәмбет – Б.М.] Самекке,
Қызмет қылған ер едің.
Мұнда келіп хан болдың,
Ақ сұңқардай түледің.
Тоятыңды алыстан тіледің!
Қожа Баһаутдин [Баһауддин – Б.М.]қолдаса,
Құдай тағалам [Тағалам – Б.М.] оңдаса,
Қырғыз деген қат­ты жау,
Қадам басып жүріңіз.
Қарқ олжаға батарсыз,
Я расул жап­пар[Иә, Расул, Жап­пар – Б.М.] иең өзі болсын,
Жалғыз өзі панаңыз (276-бет­те).
Шығарманың тақырыбындағы «Абылай ханды жамандағаны» дегенді– «Абылай ханды сынағаны» деп түсінген дұрыс шығар. Өйткені, жырда Бұқар жырау Абылай ханға өткен өмірін еске салу арқылы ел тағдырына қатысты істерде бек, сақ болуын ескертеді. Жыр – жаугершілік замандағы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының тарихынан сыр шертіп, Абылай ханның тұлғалық келбетін айқындай түсуімен де құнды. Айт­қандай-ақ, белгілі тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаевтың осы тақырыпта жазған мақаласы да бар. Ол өз зерт­теуінде екі туысқан елдің ортақ тағдырына, саяси ұстанымдарына және Бұқар жыраудың Абылай ханға айт­қан толғауының тарихына тоқталады. Ғалымның дерегінше, 1765 жылы Абылай сұлтанның ордасында, Көкшенің Бурабайында қырғыз шабуылына байланысты қазақ мәслихаты өтіп, бұған көптеген қазақтың би-батыры жиналады. Осы жиынның шешімімен 1765 жылдың маусым айында Жетісуға қазақтың қалың қолы ат­танып, қазан айында қазақ жасақтары найманның садыр-матай рулары жайлаған шұрайлы өлкеде бас қосады. Жорыққа 30 мыңдай жігіт шыққан екен. Ғазауат алдында Абылай сұлтан толқып тұрып: «Қайтпайтын қара болатым-ай! Жолы болар, жорыққа ат­танарда Бұқарға әдейілеп сәуе көріп беріңіз, жолымыз болар ма екен?» деп сұрау салса керек. Сонда Бұқар жырау: «Киелі сары бура шығысқа қарай шабынып жатыр, туың жоғары, жүрегінде қауіп болмасын тек, қанжығаң майланып тұр» – деп толғап-толғап бата да беріп еді дейді (Ж. Артықбаев, «Абылай хан заманындағы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының тарихынан», qamshy.kz).
Сондай-ақ тарихшы ғалым мақаласында біз толық нұсқасын Г.Н. Потанин жинағынан тапқан жырдың екінші бір нұсқасын келтіреді. Жырдың қолымызға тиген екі нұсқасын өзара салыстырып көрелік.
Г.Н.Потанин нұсқасы:
Бастапқы ақтабан болғанда,
Ата-анаңнан қалғанда
Ж.Артықбаев келтірген нұсқа:
Бастапқы ақтабан боларда,
Ата-анаңнан қаларда
Г.Н.Потанин нұсқасы:
Көк байтал мінген құл едің
Ж.Артықбаев келтірген нұсқа:
……. (Бұл жол жоқ!)
Г.Н.Потанин нұсқасы:
Әзілмәмбет Самекке
Қызмет қылған ер едің.
Ж.Артықбаев келтірген нұсқа:
Әбілмәмбет–Сәмекеге
Қызмет қылған құл едің.
Г.Н. Потанин нұсқасы:
Қожа Баһаутдин қолдаса,
Ж.Артықбаев келтірген нұсқа:
Қожа Бахауеддин қолдаса,
Г.Н. Потанин нұсқасы:
Қарқ олжаға батарсыз,
Я расул жап­пар иең өзі болсын,
Жалғыз өзі панаңыз
Ж.Артықбаев келтірген нұсқа:
Қарық олжаға батарсыз,
Я рассул жап­пар иең болсын,
Жалғыз өзі панаңыз!
Осы рет­те М.Мағауин құрыстырған «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» хрестоматиясы (1993) мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған «Жыраулар поэзиясы» (2022) жинағына кірген аталмыш жырдың үзіндісін де мысалға келтірейік:
Қожа Баһауиддин қолдаса,
Қарық олжаға батарсыз!
Я расул жаббарың
Өзі болсын жалғыз өзі панаңыз.
Бұл мәтіндік салыстырулардан жырдағы кейбір сөздердің әр басылымда әрқилы берілгенін аңғару қиын емес. Алдағы басылымдарда осы жырдың Г.Н. Потанин нұсқасы басшылыққа алынып, оған қоса біздің де түзетулеріміз ескеріледі деген үміт­теміз.

Қолдаушы Қожа Баһауддин кім?

Ұлы әулие туралы дауылпаз жыршыларымыздың «Алпамыс батыр» дастанында «Бұқараға жол тарт­ты, Аллаға артып наласын. Баһауәдин Нақишбәнд, Зиярат қылды моласын», «Шора батыр» дастанында «Қолдай көргін пірім, – деп, Бақауадин Нағышпан», «Қыз жібек» дастанында «Ғауыс, Ғияс әулие Баһауддин қолыңа ал. Жарандар, медет қыла көр, Сіздерсіз менде жоқ-дүр хал» деп жырлағандары; Ақыт қажы Үлімжіұлы «Баһауддин Нақшбанд, Ғазиздердің данасы», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Күні-түні басыма пана болған, Қожа Баһауддин кәміл пірім»,Тұрмағамбет Ізтілеуұлы «Кешіне сәрсенбінің бір күндері, Қабіріне Баһауддиннің барып жана», Сармолда ақын (Балмағамбет Балқыбайұлы) «Дүнияда диуанадан болса қалған, Қалар ед Баһауддин Балагардан [бәлені қайтарушы – Б.М.].
Жеті жыл бір тақияны өзі тігіп, Тозақтың алты есігін сатып алған» деп жыр арнағандары және Көкшетаудың Зеренді өлкесінен шыққан Ибраһим ақын 1902 жылы Қазаннан «Қожа Баһауддин хазіретлерінің қиссасы» ат­ты кітап шығарғаны белгілі. Бұл мысалдардан Қожа Баһауддин Нақшбанд сопылық ілімінің қазақ руханиятымен терең үндестік тапқанын пайымдаймыз. Бұхарада туып-өскен ұлы әулие (1318-1389) хақында көзі қарақты оқырман жақсы біледі деген ойдамыз.
Нақшбандия тариқатының қазақ жеріндегі соңғы бірнеше ғасырдағы ықпалы жөнінде тарихшы ғалым Махсат Алпысбестің келтірген деректері де өте қызықты. Ол«Мәшһүр абыздың ғұмыр тәлімі және сапарнамалары» деп аталатын зерт­теу жұмысында Бұқар жырау ұстанған дәстүрлі жолдың Мәшһүр Жүсіпке дейін қалай жалғасқанын дәйектейді.
Оның айтуынша, Мәшһүр Жүсіпке Ақкөл-Жайылмада сабақ берген Исабек ишан шәкіртінің Бұхарадағы әулие Қожа Баһауддин ұрпақтарынан білім алуын қалап, оған хат жазып береді. Өкінішке қарай, көп өтпей Исабек ишан қайтыс болады. Кейіннен Мәшһүр Жүсіп осы хатпен Бұхараға барады. Хат­ты ұлы әулиенің ұрпақтарына көрсетіп, Исабек ишанның қазасын естіртеді. Олар «е, Исабек ишан дүниеден өткен екен ғой» деп жылап, Мәшһүр Жүсіпті оқуға қабылдап, оған қамқорлық көрсетеді. Тарихшы ғалым одан әрі ойын сабақтап: «Қожа Баһауеддинге қол тапсыру Баянауладағы сүйіндіктің құлболды-қаржас балаларына да тән дәстүр болса керек.
Бұқар жырау Абылайханға айт­қан сөзінде: «Қожа Баһаутдин қолдаса, Құдай та’алам оңдаса», – дейді» (Бұқар жырау мен Мәшһүр Жүсіп мұрасы және қазақ руханияты. Конференция материалдары. – Қарағанды: «Болашақ-баспа», 2009. – 379-380 бб.), – деп түйін жасайды.Бұдан шығатын қорытынды, Бұқар жырау мен Мәшһүр Жүсіптің рухани кемелденуіне Қожа Баһауддин ілімі қандай әсерін тигізсе, осы тағылым қайнары Абылай ханның өмірінде де сондай маңызға ие болған.

Қожа Баһауддин және Абылай хан

Әдебиет­танушы А. Тойшанұлының ұлы әулие туралы: «Қазақ эпосында, әсіресе хандар туралы тарихи жырларда оларды жебеуші пірдің бірі – Нақышбанд Бахауидин әулие» (Ақеділ Тойшанұлы: Әулие. Abai.kz) – деп айт­қан пікірі өте орынды. Мәселен, Шәді төре Жәңгірұлының «Тарихат» (Абылай хан. Тарихи жырлар. – Алматы: Жазушы, 1993. – 416 б.) дастанында Қожа Баһауддин тұлғасы ерекше жарқырап көрінеді. Осы көлемді дастанның «Абылай ханның Самарқанға барып қайт­қаны» деген бөлімінде бойын кек кернеген Абылай хан Бұхараны алу үшін жорыққа ат­танады. Жолай Самарқанға аялдап, сонда түнейді. Осы сәт­те оның түсіне әулие Қожа Баһауддин кіріп, ханды райынан қайтармақшы болады. «Ол ханға ата кегіңді даулап, Бұхараны шапсаң, әскерің зауалға ұшырайды» – деп ескертеді:
Төсекке Абылай хан да жат­ты еніп,
Ұйықтады көзі ілініп, рақат көріп.
Шаш қойған бір диуана түсіне енді,
Бұл түрлі сөзді сөйлеп, хабар беріп.
Деп айт­ты сөзін: «Тыңла, Абылай хан,
Диуана Баһауддин мен ер дүрман.
Ат­танып Бұхараға және келдің,
Атаңның қанын алмақ қиял бірлан.
Ілгері айт­тырып ем хабар беріп,
Бұл жұрт­ты алмайсың деп хабар беріп.
Тіл алмай келемін деп қосыныңның,
Қаншасы оба тиіп кет­ті өліп (178-бет­те).
Содан кейін Абалай хан жанындағы кеңесшілерімен ақылдасып, әулиенің кәрінен қаймығып, Бұхараны шап­пай, кері қайт­қан екен:
Диуана түсіңізде көргеніңіз,
Ақиқат Баһауддин ол күмәнсіз.
Алланың тағдырына риза болып,
Бұл жерден елімізге қайталық біз (178-бет­те).
Сондай-ақ бұл шығармада әулие Жалаңаяқ Әздердің Абылай ханмен қалай жолыққаны, рухани әлемнен алған аян арқылы айт­қан ақыл-кеңестері, түрлі жорықтарға қатысып, қазақ жасағына кереметімен көмек көрсеткен ғажайып істері баяндалған. Ел арасында Абылай ханның пірі –Жалаңаяқ Әздерге қатысты көптеген аңыз-әңгіме сақталған. Ол жайында бірнеше зерт­теу еңбектер де жазылды. Соның ішінде Ералы Оспанұлының 2020 жылы шығарған «Абылай ханның пірі – Жалаңаяқ Әздер» ат­ты кітабын ерекше айтсақ болады.
Ал жазушы Нұрхалық Абдырақын «Абылай ханның пірі» ат­ты әңгімесінде Жалаңаяқ әулиенің қырғыз-қазақ қақтығысы кезіндеАбылай ханға дем беруін былайша сурет­тейді: «…Абылайдың да шыдамы әбден таусылды, жанына ханды шақырған әулие тізесіне тізесін тигізуді сұрады, сосын бір фатиха, үш ықылас шариф оқып пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.у) мүбарак рухына, алғашқы халифа Хазіреті Әбу Бәкір (р.а) бастаған руханият­тың алтын шынжырындағы Алланың сүйікті құлдарының мүбарак рухына және пірің менің рухыма бағышта, Алладан жеткізуді сұра, артынша жеті рет шынайы Алладан қорқып, жасаған күнәларыңды еске алып, кешірім сұра, сосын сүйікті пайғамбарымызға жеті рет салауат айт, одан соң пірің мен Қалмұһаммед Бекмұхаммедұлына байлан деді» (madeniportal.kz).
Енді біз осы оқиғада орындалған діни ритуалдарға аз-кем түсініктеме бере кетейік. Біріншеден, пір мен мүрит­тің тізе түйістіріп зікірге кірісуін және шәкірт­тің пірдің руханиятына байлануын «мұрақаба» (жақындау) деп атайды. Бұл – сопылық танымда рухани әлеммен байланысудың бірден-бір әдісі. Содан кейін «Хазірет Әбу Бәкір бастаған руханият­тың алтын шынжырындағы Алланың сүйікті құлдарын» – «силсилаи заһаб» (алтын тізбек) атымен мәшһүр әрі рухани бастауын Хазірет Әбу Бәкірден алатын Нақшбандия тариқытының пірлері деп түсінуіміз керек. Сөзіміз дәлелді болу үшін дінтанушы А.Шағырбаевтың мына пікірін келтірсек жеткілікті: «Сопылық тариқат­тарының түп негізі Әли ибн Әбу Тәлібке дейін жетеді деп саналады. Тек Нақышбандия тариқаты ғана өз силсиләсін Әбу Бәкірден бастайды (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарасы: Жеке монография. – Алматы, 2018. 43-44 бб.)
Абылай ханның Қожа Ахмет Ясауи тариқатына да құрметі жоғары болған. Шәді төренің аталмыш дастанында «Абылай ханның Хазірет сұлтанға зияратқа барғаны» (171-бет) деген бөлім бар. Тіпті Абылай хан бастаған игі-жақсылардың Әзірет Сұлтан кесенесінде мәңгілік тыныс тапқанын есепке алсақ, Ясауи жолының ұлықтығын түйсінеміз. Сондықтан да Абылай хан Ясауия және Нақшбандия ілімдерін бөле жармай, екі жолды да қатар ұстанды деп сеніммен айта аламыз.
Қорыта айт­қанда, Бұқар жырау шығармаларын жаңа заман талабынан туған ғылыми жетістіктерді ескере отырып, пәнаралық байланыстар аясында қайта зерделеудің – ұлт­тық әдебиет­танудың дамуына тигізер пайдасы ұшан-теңіз екені күмәнсіз.

Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ,
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының
ғылыми қызметкері, ақын

ПІКІРЛЕР1
Аноним 22.11.2023 | 09:46

Күшті жазылған. Тек биіктерден көріне беріңіз, еңбегіңіз жана берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір