Ақшамнан тамып түскен Ай ару
Қызық, біз көп жағдайда ұзақ жылдар бойы жақын араласып жүрген адамымыз туралы бәрін білетін сияқтымыз. Адам өзі туралы толығымен ештеңе білмей тұрып, біреу туралы үзілді-кесілді пікірді қалыптастырып алуды қайдан үйренген? «Біз ең жақын адамымыз туралы шындығында өте-мөте аз білеміз, тіпті мүлде білмейміз десек» – сол дұрыс.

Мұндай ой өміріміздің қай қалтарыс-бұлтарысында санамызға тікендей қадалып қалғанын айта алмаспыз, бірақ уақыт өткен сайын бұл кәдімгідей қорытындыға айналып үлгіріпті. Алғашында ұнамсыз көрінген бұл ойды ары қозғап, бері қозғап, суырып тастамаққа талпынып көріп едік, мүмкін болмады. Тікенек тамырын жіберіп, көкейімізге дұрыстап тұрып жайғасып алыпты. Жарайды дедік те, ол ойды он айналып, бес зерттеп көрдік. Сөйтсек біз, ойлап отырған адамымыздың өзін емес, оның саған жасаған қарым-қатынасын ғана білетін боп шығады екенбіз. Егер ол саған қастық жасаса – оңбаған, бар ықыласын төгіп, мейірленсе – одан асқан тамаша адам жоқ. Ал шындығында ше?!
Мысалы, бүгінгі біздің мақаламызға арқау болып отырған Шаған апайымды алайық. Дұрысы – жеңгем. Ұлы ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының Құдай қосқан асыл жары. Қазір ол – күллі қазақ білетін қайраткер басшы, басқару ісінде де, ағымдағы саясатта да салмақты сөз айтып, әртүрлі жағдайда халықтың мүддесін қорғап, ортамызда жарқырап-жайнап жүрген аяулы адам. Тағы не?! Әлбетте, сұлу кісі, аңқылдақ мінезді, жүрегі ақ таңдай жұмсақ жан… Ұлтшыл, елге қамқор адам, мәслихат депутаты, колледж басшысы, тағысын тағы деп кете береді… Құдды бір сыйлыққа ұсынар алдындағы үміткердің анықтама парағы сияқты. Суретін көреміз, бейнебаяны көзге ұшыраса қалса, әйтеуір бұл адам туралы әр кісіде бір пікір қалыптасатыны анық. Бірақ мұның бәрі кәмпиттің сыртқы қабы ғана сықылды. Ал бұл адам кім өзі, қайдан келген?..
Мен басында осы жазбаға отырарда, Шаған жеңгемнің ресми өмірбаянын (қызық болғанда маған онша белгісіз!) ақтарып көріп, қолыма түскен кей сұхбаттарын шолып шықтым. Білесіз бе, керісінше, бұл ақпарат өзім өте жақын араласып жүрген Шаған жеңгейді менен мүлде алыстатып жіберді. Бинокльдің теріс жағынан қарап тұрғандай болды тура.
Салым суға кетіп, диваныма шалқалай құлай салдым. Екі қолымды айқастырып, басымның астына қойдым да, төбеге тесірейіп жатып алдым.
Сосын…бұрынғы әдісім есіме түсіп кетті де, көкейдегі иллюзиялы экранның қызыл түймешесін басып кеп жібердім.
Алдында ол экраннан быж-быж еткен бір қара ала жолақтар арлы-берлі жосып жүгіріп, әжептәуір жүйкеге тиіп еді, соңыра ол жақтағы кеңістік айқындалып, алдымнан уақыт туннелі ашылып, мені тоқсаныншы жылдардың аяқ жағына қарай ересен жылдамдықпен ұшыра бастады.
Сол-ақ екен, көз алдымызда ақ көйлек киген құмырсқа бел, бетінде сәл қызғылтым алауы бар аса көркем бір бейне күлімдеп тұра қалды. Е, бәсе!
Жас кезімнен көруге ынтыққан осы бейне маған аса жақын. Бұл кісі туралы оқығанымда мұндай адам өмірде болмайды, бұл тек соны жазған адамның қиялы деп ойлағам. Көруге ынтық болғанымыз да сондықтан.
Менсіз де қазіргі қайраткер, ел анасына айнала бастаған Шағангүл Жанаеваның қызметі мен қазақтың білім беру саласына сіңіріп жүрген өлшеусіз еңбегі туралы басқа кісілер де жазады ғой дедім де, бізден кейінгі буынға Шағангүл жеңгеміздің артында жасырынған өзгеше бір мифтік кейіпкермен таныстырғаным жөн деп ұйғардым.
Маған жеңілі де сол өзі. Әрі мен ол жақтағы Шағангүл Алдамжарқызын жақсы танимын.
Әлқисса, ауылдан сары ауыз балапан боп Алматыға аттанғанда, алдымыздан қандай адамдар жолығатынын, нендей оқиғалар болатынын, бір бұрылыста кездесіп қалған поэзия атты тылсымға ессіз ғашық болып, біржола өлең атты сиқырға дуаланып кететінімізді біз, ол кезде, әлбетте, білген жоқпыз. Қойшы әйтеуір, сөйтіп, ауылдан келіп, ауызымыз аңқиып, анаған бір, мынаған бір жалбырап қарап, бәрі керемет, шетінен бәрі ұлы боп көрініп жүрген шала шағымызда қолымызға сырты аппақ, тап-тұйнақтай бір өлеңдер жинағы түсе қалды. Оқып шыққан соң, «бұл кітапты түбі бір оқитын едім, сәл кешірек оқығаным жөн болар ма еді» деп ойлағам сонда. Себебі бұл бізді «бұзған» кітап болды. Онсыз да құлазып, аңырап тұрған жан дүниемізге Көктен қуатты поэтикалық атом бомбасын тастай салғандай күй кештік. Бұл орасан жарылыстан бұрынғы оқыған дүниенің барлығының астан-кестені шығып, санамыз «сандырақтаған Түз» далаға айналып мұнартып тұра қалды. Сол шақта «Мынандай өлең жазатын адам барда, біздің поэзияға келуіміздің өзі қылмыс» деп ойлап қойғаным бар. Түбі бәрібір сол көркем «қылмысқа» бардым бірақ. Өйткені бұл кітап сендегі бар нәрсені тып-тыйпыл қып жойып жібереді екен де, уақыт өте келе орнына бұрын сен мүлде сезіп-көрмеген өзге бір ғаламат әлемді жайқалтып шығарып қояды. Қайдағы жоқ өсімдіктермен сырласып, қиял-ғажайыби мақұлықтармен сұхбаттасып, белгісіз біреулермен сампылдап сөйлеп, небір шексіз кеңістіктерге ұшып, серіктес планеталары да «теке мүйіз» боп көрінетін ғаламзаттарға барып, қайдан шыққаныңды, не істеп жүргеніңді ұмытып, әлгі бір сұмдық саяхаттан оралған соң, төрт қабырғада қамалып, мәңгіріп отырғаның. Өңкей «горн тартып ұшқан» сардар қаздар, «сезім шатқалдарынан маңыраған таутекелер», мутацияға ұшыраған тарғыл мысықтар, тіл бітіп, саған басын изеп әңгіме айтқан жануарлар, данагөй шөптер, жүрек боп солқылдаған гүлдер… Сау адам жынды болатын, жынды адамды әулиеге айналдыратын тіркестер. Сосын, әлгі өлеңдермен мидағы күл-қоқысты тазартып алған соң, өз ішіңе үңіліп: «Мен өзім де таңғажайып жаратылыс екем ғой!» деп санаңды нұрға толтырып жіберетін Поэзия.
Бұл енді қысқа қайырғанымыз, әйтпесе бұл қарқынмен кете берсек, әңгіме Тыныштықбектің «Ақшам хаттары» кітабы туралы болатын түрі бар. Мәселе сонда боп тұр ғой, бірақ! Ойланайықшы ал! Сол «Ақшам хаттары» кімге жазылды өзі? Тірі жан түгілі, ажалды да көріп, ұлы жұмбақты шешіп тастаған аруаққа да оңай тимейтін ойларды Тыныштықбек ақын кіммен бөлісіп отыр? Мұндай ойларды, мынандай тегеурінді тіркестерді оқып отырған әлгі белгісіз кейіпкердің өзі бір әлемет болмаса, кәні?!
«Түсжорыған» өлеңіндегі мына бір фрагментті алайықшы.
«– Шеше деймін, Шыңғыстау екен деймін,
Жұмыр-жұмыр бүйрегін мекендеймін.
Бір аң менің қасымнан кетер емес!..
– Арқар шығар?
– Ол емес, бөкен деймін!..
– Сен, алдымен, түймеңді түймелеші,
Салақ болып барасың, күйгелешім.
Шыңғыстауың – елің ғой,
Сол еліңнің
Бір ақбөкен қызына үйленесің!» –
деп болашақты болжаған қызық диалог келтіреді ақын.
Бейтаныс бейне ақынға әлі жолықпаған. Ал шешесі өлеңде болсын, өмірде болсын, батаменен баласының түсін жорып беріп отыр.
Сол-ақ екен, ақынның онсыз да мазасыз жүрегі махаббатқа шөлдеп қоя береді деңіз. Маңғаз далаға алабұртып қарап тұрған оған дүниенің әр бөлшегі оның болашақта кездестіретін және мұның жүрегіне ұжмақтай тыныштық пен берекет сыйлайтын, оның барлық сұрапыл әлеуетін ашатын ерекше бір адамның жан жұпарын сездіре бастайды. Тіпті ап-анық болмаса да, ол жұмбақ жанның ардақты есімін де сыбырлайтындай ма, қалай?! Ол жаны жұпар елес – Тәңір өзінің арнайы лабораториясында тек Тыныштықбек үшін жаратқан бір арда зат, бұрымына ай сәулесі шағылысқан бір періште кейпіндегі ару. Басқаша болса, онда бізге Тыныштықбектей ақын да жоқ, «Ақшам хаттары» атты шедевр де жоқ еді.
Түйсігі ерен күшейіп, бұтақтары Көкке шарықтап, жайқала өскен Тыныштықбек те мұны бірден сезе қояды да:
«Дәрменің жоқ ойыңнан жаңылмасқа,
Тау тыңдаған саз басқа, сарын басқа.
Шегірткенің інжулі шырылынан
Моншақ теріп алар ма ед қарындасқа?!» – деп тағатсыздана сөйлеп жібереді.
Бұл өлеңмен Тыныштықбек ақын Тәңірге серігін суреттеп тапсырыс беріп тұрған сияқты. Ал, Тәңірісі ол жанды баяғыда-ақ жаратып, «Қоңыр әулие» үңгірінің саф суына шомылдырып, жусанды самалмен жүрегін аластап та қойған еді. Ал біздің ағамыз болашақ бақ құсына бірде сеніп, бірде сенбей, мекенжайы да белгісіз әлгі жарына былай деп хат жазып жүріпті:
«Шіркін-ай, шексіз болса ғұмыр деген!..
Көкшіл кеш, көбелектер күбірлеген.
Өзіңе жазар хатты бастай алмай,
Отырмын иек сүйеп іңірге мен.
Келер түн – қалың сәуле қалың-қалың,
Кейіме,
Тек өзіме мәлім халім.
Әттең-ай, естіп көрсең,
Әр секундтың
Мендегі жалғыздықта жарылғанын!..»
Шексіз Космос, ондағы сансыз әлемдердің микробөлшектері – бір атом я бір молекула, не квант, не протон, не нейтрон артық не кем болса, бүкіл Ғарыш жапырылып, құлап, болмаса өзіне өзі жұтылып, ұлы Шексіздікте аласапыран хаос орнар еді. Бүкіл жаратылыста аса мұқият жасалған есеп, махаббатпен түзілген қисап бар. Олай болса, адамдар неге кездейсоқ кездеседі деп ойлауымыз керек. Бәрі де Тәңір атты ұлы драматургтің пьесасында жазылып қойған. Ойлаңыз, сіз үшін Жаратқан көркем шығарма жазады, сізді оның ішіне бас кейіпкер қылып тағайындайды, шығарма желісінің барлық актілерінде сіз үшін керемет жоспар құрады, сосын сізге аса мейірленіп, бақытыңызға қарай сізді Өзі жетелеп жүргізеді.
Сол ұлы драма бойынша, Құдай берген құдіретті түйсік Тыныштықбекті далиған далаға сыйғызбай, дедеңдетіп Семейге алып келген. Парктер мен скверлерде қос жанары шырадай жанып, жан жағына алақ-жұлақ қарап, батыл қадам басып келе жатқан сымбатты қараторы жігітті көрсеңіз, ол – жаңағы өзіміздің Тыныштықбек. Қолында гитарасы бар, жүрегі мығым соққан бірбеткей, бұла күші бойына сыймай ойнақшыған асау жігіт нені іздеп жүргенін өзі білмей, ескі шаһарды күнделікті осылай ерсілі-қарсылы кезеді де жүреді. Ішкі алапат оған маза бермеген соң, оны арасында дулы орталардағы жойқын төбелестерге де ұрындырады. Жүрегіндегі ол ғаламат пассионарлық күш бір жерден шықпаса, ақынды қаққа айырып жіберетіндей. Тыныштықбек кешегі бір думанды түннен рауандап атқан берекелі бір таңда оянып жатқанда, сол жерден екі жүз шақырым жерде гүлдей үлбіреген бір ару тап-таза қарашығын аспанға аудара қарап-қарап қойып, Қарауылдан Семейге жүргелі тұрған автобустың басқышына аяғын сенімсіз басады. Аз уақыт бұрын ұлын шығарып салған қарт Шыңғыстау енді бұған да «бара ғой, балам» деп батасын беріп, қайтадан ойға шомыпты дейді.
«…Сағымсыз –
Шыңғыстаудың атырабы,
Саратан салқынында жатыр ауыл.
Сені ойлап, сонау жолдың қарасына
Көзімнің қарашығын матырамын.
Ақшамның әр адымын баспалар түн.
Ағаңның бар табары – шашты ағарту.
Өкінтіп тағы бір күн өтіп барад…
Ол да бір – өмірдегі көшпелі алтын.
Осылай болғаны да дұрыс маған,
Түсімде Түн көрейін күміс табан.
Күлкісін саған ұқсас қыз баланың
Күреңот жапырағы уыстаған.
Салармын шырқап қалай
«Идай – да» — ға,
Өзіңді жат өзекке қимайды «ағаң».
Жазулы ақшам хатын көкейдегі,
Жарқанат қанатымен шимайлаған…» – депті сонда дегбірсізденген ақын.
Қазір баршамыз білетін, Алты Алашқа мәшһүр бұл отбасының қуанышы мен бақытына бәріміз де қуанамыз, амандығын тілейміз. Қазір бұл отбасы әр ақын түгілі, әр қазаққа үлгі болатыны өз алдына, бірақ осы отбасы құрылардың алдындағы мына бір оқиға Қазақ поэзиясын мүлде басқа асқарларға шығарып жібергенін айтпасақ, сөздің атасы өледі. Тіпті Тыныштықбек ағам Шаған жеңгемді кездестіріп, кейін оған қосылмай, тағдыры басқа арнаға бұрылып кетсе де, бұл кездесу тап осы өлеңнің дүниеге келуі үшін Тәңір тарапынан арнайы ұйымдастырылған шара сияқты боп көрінеді бізге.
Оқыңыз:
«…Автовокзал. Кешқұрым.
Өмір – елес…
Көпшіліктің гуіне көмілер ес.
Құлағымның ұшында – қызыл іңір,
Қысыламын тек сенен,
Тегін емес…
Тіл ұшы – бал жанбысың,
күлкісі – бал?..
Мендегі ойдың бірі – үміт, бірі – шүбә.
Ал
Қызығам ба өзіңе,
Қызғанам ба,
Кімнің онда, қалқатай, жұмысы бар?..
Айтшы бүгін, қалқатай,
Дұрысында,
Менің сол бір тірлігім құрысын да!
Есіміңді ерітіп тіл ұшында,
Қала бергем вокзалдың бұрышында.
Содан бері ылғи да іңір бағам,
Жан жылуы сол болса, бұйырмаған.
Күн батқанмен таң да атар,
Бірақ сенсіз
Күншығыстай сарғаю қиын маған» – дейді ақын.
Өлеңдегі атмосфера қандай! Сезім қандай! Мұңның өзі соншалық сұлу! Жанның кісі төзгісіз экспрессиясы сұмдық! Бұл шедевр өлеңнің мәтіні ұзақ, сондықтан біз бір-екі фрагментімен ғана шектеліп отырмыз.
Бұл өлеңді Тыныштықбекке, ол арқылы қазаққа сыйға берген Жаратушы Ие оқиғаның соңын жақсылыққа бұйырыпты. Сол вокзалдағы кездесу, қос жасампаз жүректің бір нүктеде түйісуі – қазақ лирикасының ғажайып бір жеңісі, асқаралы биігі дер едік.
Қос ғашық кездескен күні – бұл оқиғаны басқа ешкім байқап, қуанбаса да, Тәңірінің алдында өзінің көркем парызы бар Поэзия қуанды.
Жүрекке махаббат сәулесі түсіп, әлдебір жағдаймен ауылына кетіп қалған Тыныштықбекке бұл жарық жалғанда енді Шағаннан басқа ешкімнің де, ешнәрсенің де керегі жоқ!
«Маған орман секілді көңіл қалың,
Сол орманнан жол таппай аңырғалы,
Хат жазуды қойып ең, сағынғаным,
Қандай жақсы телефон-нөмір… барың!
Міне, міне, қоңырау шалып тұрсың!
(Көкейіңде нендейлік қалып тұр зіл?)
Парық – тылсым…
Дауысың талықтырсын,
Айта берші, қайдасың?.. ал, ұқтыршы!..
Біздің хал ма?.. әзірше қол да босап…
Өзің қалай… күн жылы?.. Ол – тамаша!
Сен де менен бір хабар тосқансың-ау,
Мендік сезім сөйдейді, алдамаса…
Денсаулық па?
Кей-кейде жан ауырып,..
Ал, былайша – қайнаулы самауырын…
Семей қалай?.. солай де.. Ертіс аман,
Бізді қойшы, баяғы – Қарауылың…
Көкіректе – күй-дала, өлең-көше…
Хат болар деп күткен ем сенен кеше.
Бәрі жақсы дейсің бе, дұрыс, дұрыс,..
Келем деген сөзіңді бер, ендеше!
Күлкі менен күдік те жүре ме бір?
Өмір-бақи көңілде түнемегір!..
Қызғылт үміт ішінде – көкшіл арман,
Көкшіл арман ішінде – күрең өмір!..
Қалай, қалай?.. ағаң ба?.. жұмысында!..
Дейді бізге «тезірек ұғысыңдар!»
Алло-ау, алло-ау!..
Алла-ау, жауап бер, жалындырма,
Жаным менің тұр қазір сым ұшында!..».
Қос мықтының кейінгі тарихы одан әрі де қызық өріледі. Мұхиттың ортасында зәкірін тастап, баратын бағдарын білмей аңырып тұрған Тыныштықбекке анау алыс жағадан ағараңдаған ақ көйлекті шамшырақ бұған гүл шынашағын көтеріп, жапырақ алақанын бұлғайды.
Тынық мұхитта адасқандай күй кешкен Тыныштықбекке ағараңдап көрінген ақ сәулелі шамшырақ – біздің Шағангүл жеңгейіміз еді.
Одан кейінгі Тыныштықбек пен Шаған жеңгеміздің өмірі тек қана өлеңмен өрілген бе дейсің.
«Самайымның тұсынан аққан күнді санадым.
Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату.
Азап болса, әрдайым, мен сен үшін тартайын!..
Бүршік шашып тау жақта, бал ашады март айы».
Немесе:
«Шағантайым, Тәңірім,
Қасың сенің – қайқы қылыш!..
Қалқан – дәтім жамылып,
Қалдым аман…
Енді, маған…
Ерініңнің отына
Жанбау үшін,
Тән Дауысын
Мұздай Ойға матырам».
Өлеңмен өрілген сол өмірдің бір жарқын сәтінде Шаған жеңгеміз өз орны мен ғұмырлық, керек десеңіз, тарихи миссиясын жан жүрегімен түйсініп: «Мен – қара Өлеңнің келінімін!» – деп жар салды. Бұл осы күнге дейін ешбір ақынның жары айта алмаған ұлы сөз! Мұның сыртында Шағангүл жеңгеміз Тыныштықбектің соңына ерген күллі қазақ ақындарының қамқор анасымын дегенді де меңзегенін аңғаруға болатындай.
Міне, біз білетін қайраткер, озық басшы, жан-жағына мейірім шуағын шашып жүрген Шағангүл жеңгеміз кезінде ақындардың жүрегінде осындай алапат сезімдерді тудыра алған Дантенің Беатричесі сияқты, Петрарканың Лаурасы сияқты, Пушкиннің Натальясы сияқты, Абайдың Айкерімі сияқты, Есенинің Шаганэсі, Жұматайдың Ләйләсі секілді ұлы кейіпкер боп Әдебиет тарихына мәңгілікке енді.
Осы жазбамыздың аяқ жағына ойысқанда, мен Шаған жеңгемізді тани ма екем деп өзімнен өзім сұрадым. Иә, мен оны осы көркем кейіпте, мәңгі өлмес сұлу Муза ретінде таниды екем. Шағангүл шешемді осылай тануым, оны бұдан да артық жақсы көріп, өмір бақи құрметтеп өтуіме толығымен жетеді екен. Өйткені оның бейнесі арқылы Тәңір қазаққа Тыныштықбектің жүрегін тірілтіп, ашып берді. Бұл жүз пайыз – Шағангүл жеңгеміздің ешкімге бұйырмаған бағы. Одан артық әйел баласына қандай бақыт керек дейсіз?!
Ақберен Елгезек