ШЫҒЫСТАН ТҮСКЕН ШҰҒЫЛА
Өмірбай ӨМІРЗАҚ
Бұл даланың ақындары
Жырлап өткен таң жайын,
Сол дәстүрді, сол ғұрыпты
Мен де өзімше жалғайын.
РУДАК ҚЫЗЫ
(баллада)
Шыңдар тіліп қара бұлттың бауырын,
Сұр жартастың су сыздатып сауырын.
Көшкінменен тұңғиыққа батты бір,
Жаңғырыққан ауыр үн.
Күзгі жаңбыр, суық жаңбыр төгіліп,
Нар тастардың кеуделерін сел ұрып.
Күркірейді кәрлі Кухи Булбулон,
Шың төсінде қара тұман керіліп.
Махаббатқа ризамын деп сүйгізген,
Ол үшін мен кеудемдегі күйді үзбен.
Қара құл да күтті қызды асыға,
Райхан гүлдер жапырылды жел үзген.
Кездесті олар дауыл кенет тынғандай,
Құшақ жайған бар ынтамен құл қандай.
Құдіретті Кухи Булбулон тауында,
Күн менен түн құшақтасып тұрғандай.
Аппақ білек шойын мойын құшақтап,
Біреуінің жарқырайды тісі аппақ.
(Мына алапат күзгі нөсер астында,
Қорқыныш та жететіндей бір аттап).
Жүрек деген жеңеді екен барлығын,
Өз асылын құшақтады жар бүгін.
Ортақтасып тұрғандайсың – бақытқа,
О, табиғат! Қаһарланған кәрлі күн.
* * *
Кеудені кезіп сезім бе бір үн,
Теңеді оған көктемнің гүлін.
Робия ақын тебіреніп сонда,
Оқыды құлға Булбулон жырын:
– Жұлдыздарға қарап сені ұзақ
іштей сүйіп ем,
Сағынғанда, аңсағанда
жұлдыздан да биік ең.
Сенің тұлғаң кеудемдегі
биік арман сияқты
Сен дегенде тар кеудеден
жүз тарам боп күй ақты.
Аралаған дауысыңды мына
шахтың гүл бағын,
Мен өзімнің жан жүйемнің
әуезі деп тыңдадым.
Зеравшаннан тұнық дедім
мінезіңді тұңғиық.
Сені сүю маған борыш,
әкелсе де мың күйік.
Қарашы сен айналаңа,
неткен байлық, неткен өң,
Бұл аймаққа тұнып қалған,
тұрып қалған отты өлең.
Ескендір де қарап өткен
қапаланып кекпенен,
Бұл бақшаға Шыңғыс ханның
жасауылы жетпеген.
Қырандары тек биікке
қонады да ұшады,
Райхан гүлдер толып тұрған,
тұнып тұрған құшағы.
Осы өмірде шын сезімді махаббатқа
жоқ тірек,
Махаббатты аяқ асты мезі қылды-ау
тепкілеп.
Құлды сүйдім, құлды сүйдім,
құшып сүйдім, жоқ қайран,
Кімдер екен, зұлмат түндер,
бал сезімге от қойған.
Нөсер бұлтпен бірге ілесіп
ойым кетсе тым алыс,
Дәл сондай бір шалғайда жүр
маған деген қуаныш.
Сәулем енді сар далаға кетейік те
тыныш бір,
Ол далада күн шапағы,
күн шапағы күміс нұр.
Шақырады құмның төсі қызыл
құмын сапырған,
Оу, бостандық! Оу, еркіндік!
Айналайын атыңнан.
Құмның төсін күннің нұры
оңды-солды аттаған,
Сол аймаққа оттан ыстық
махаббатты ап барам.
Маңдайыма сиясың ба,
таңдап сүйген алтыным,
Таң да арайлап қалды міне,
қоштасайық, ал тыным.
Таң алдында бүкіл өмір –
сырлы таулар тыңдайды ән,
Өмір деген осы екен-ау,
өмір деген – бір майдан.
Робияның Рудакиге арнауы
Ақындық пен адамдықтың
рахымын билеп ап,
Жатырсың ба, Рудак баба,
жүрегіңді күйге орап?
Райхан гүлдер сыр айта ма
саған жастық жайлы тек,
Қалың ойда өткіздің бе,
өткен тоғыз айды көп?
Замананың кер қылығын өз көзіңмен
шолдың ба,
Әлде оған үміт артпай,
күдер үзіп болдың ба?
Айтатыным, Рудак баба,
көз жасымның сыры тек,
Қолдың ұшын мен бейбаққа
берсеңіз ол бір құрмет.
Құлды сүйдім, құлды сүйдім,
жүрегімнен от тұтап,
Еркіндік жоқ ғашықтарға,
сол батады жалғыз-ақ.
Сүйгендерге не жетеді өтсе
өмірі бірге боп,
Ғашық жолы бір басқа ғой,
ырыс-байлық кімде жоқ.
Ғашық жолын удай ащы
бұрын-соңды кім басқан,
Зеравшандай жас көңілім
алға ұмтылар тынбастан.
«Жыр тауына» қарап өскен
бұла туған бала едім,
Міне, бүгін кезіп келем
махаббаттың әлемін.
Кім біледі, тілегіме жетеміне бе
сенбеймін,
Көктем келіп, өзен үстін
күркіреткен селдеймін.
Рудак баба, тек өзіңе шағына
айтам мұны мен,
Хан баласын қайтемін мен,
құлды сүйдім шынымен.
Қай қуаныш ол жоқ жерде
көңілімді жұбатпақ,
Оның ыстық сезім күші,
жүрегімде тұр аптап.
Көкірегімнен күнде еседі
толқын болып самал мұң,
Бұл фәниде мұнша әлсіз боп
несіне бұ жаралдым?!
Сыр бермеуші ем бұрын сізге
ізет үшін ұялып,
Ақ кеудемді тебірентеді,
күңірентеді күй алып.
Тіршіліктің бар жарығы
ауа орнына тынысым,
Арманым жоқ шейіт болсам,
сол бір сүйген құл үшін.
Қыз құшақтаған тас
Жарысып күзгі бұлтпен бірге,
Тырналар қайтты бөлісіп көкті.
Ұмтылып гүлге, ынтығып гүлге,
Шыңдардан аяз қаһарын төкті.
Зеравшанда тынымсыз тулап,
«Жыр тауы» неге тұнжырап қалған.
Сарғайған сансыз жапырақ шулап,
Сұрайды нені Рудак шалдан.
Ойлайды Робия сүйгені жайлы,
Құшады құл да тірлігі үшін.
Төгіліп төстен мойылдай бұрым,
Күтеді ұзақ бақыттың құсын.
Құл болса да қасиетті адам,
Жүрегі адал көңілдің көгі.
Жоқ болсаң бір сәт қамығып қалам,
Тынымсыз жаным, сағынам сені.
Шығайын тысқа қаламды тастап,
Есікті қаққан неғылған адам.
Сезімге жаным болмашы асқақ,
Тәкаппар болсаң қиналып қалам.
* * *
Жадырап Булбулонның ашық күні,
Әр үйдің есігінен ашып кірді.
Түндегі кездесуін есіне алып,
Ақын қыз төсегінен тасып тұрды.
Сырласып күзгі бақпен аяңдады,
Жас жүрек толғандырмай қояр ма әрі?!
Бір сәтке ақ арудай алға түсіп,
Жосылып жүре берді ой-орманы.
Өмірден тәтті әуездер ширатылып,
Түнгі елес қалғандай бір миға тұнып.
Күтуші қыз соңынан келді жетіп,
Тұр еді жаңа ғана қырға шығып.
Туған жердің шолды да бар алабын,
Ізінше қайтты сонда дара дарын.
Білмеді өскен жердің биігінен,
Өмірге ең соңғы рет қарағанын.
* * *
От лаулаған бөлме іші,
Қою түтін зәр шашқан.
Ызадан бітіп тынысы,
Тұрды Хорис алжасқан.
Робияның ақ тәнін,
Жалын сүйді ысқылап.
Соңғы деммен мақпал үн,
Тынады бойға күш-қуат.
Жүрегінің қанымен,
Қызған тасқа жазды өлең,
Қоштасты сүйген жарымен,
Қоштасты…
Өмір-жазбенен.
– От құшады ақ тәнімді «қызығып»,
Сүйген жарым көз алдыма кенет кеп.
Менің түсім бара жатыр бұзылып,
Алқынады тар кеудеме жүрек тек.
Қолаң шашым ғұмыры қол тимеген,
Ол да лаулап күлге айналып барады.
Қарғыс атқан мына түнек үйде мен,
Аласұрам, тәнім күйіп жанады.
Бақыттан да сұм ажалға жақынбыз.
Жарық күнде күл боп қалды ақырғы із.
Бір кеудені қағып тұрған жүректе
Екеу болып күйіп бара жатырмыз.
От жалынға тамды тұнық жанарым,
Тастағы – өлең, тастағы –
сөз қаралы үн.
Келешектің жастары үшін күн сүйер –
Махаббатты тастап кетіп барамын.
* * *
Ол – Шығыстың қызғалдағы,
От ішінде көктеген.
Жұлдыз болған ізгі арманы,
Ағып түсті көкпенен.
Мұны естіп қара құлдың,
Жан жүйесі егілді.
Түннен қою жанарының,
Оты үзіліп төгілді.
Тіршіліктің аппақ таңын,
Елемеді ол іштен.
Жоғалтқан бұл махаббатын,
Сұрады кеп Хористен.
Ашу қысқан күш-қайраты,
Саусақпенен жең түрді.
Ару қыздың махаббаты –
Хористы де өлтірді.
Қабір емес тас қасына,
Ол да мәңгі түнеді.
Әлі күнге қоштасуда –
Құл мен гүлдің жүрегі.
Рудакидің зары
Нені естідің сорлы кеудем,
бұл фәниде өкінген,
Өз қолынан іс келмеген пара-пар ғой
жетіммен.
Махаббатқа тұнып тұрған
мәңгі бақыт тілеген,
Мен де мына гүл бақшада
қатып-семген бір емен.
Күрсініп ем ана қырдан
кетті безіп жүз елік,
Мұздап салды ет жүрегім
мезгілсіз бұ күз келіп.
Тас қараңғы
екі көзден жас ақса да тиылмай,
Шіркін жастық кетті ме өтіп кенет
соққан құйындай.
Қара тасты тіліп түскен
жыр жолдары қинайды,
Мына озбыр қу тіршілік
неге қолын жимайды.
Ғашықтардың жанарына ұялаған
бар қайғы,
Күллі адамға бірдей болып,
қалай тұнып тұрмайды.
Бұл жалғанда кімге тағам,
кімге артам кінәні,
Соны ойлап аққан жасым
сақалымды жуады.
Мына Шығыс аспанының
жұлдызы боп жанғандай,
Өз бақытын бұл қмірде көрсе шіркін,
әр маңдай.
Оу, Қара құл!
Бақыт үшін соңғы деммен күрескен,
Соңғы күндер кетпей қойдың,
шықпай қойдың бір естен.
Өз кеудеңе өзің қадап өзім уы қанжарын,
Өліп барып құштың, міне,
шын берілген жар жанын.
Бұл хабарды естігенде
төбе шашым тік тұрған,
Сендерсіңдер махаббаттың
биіктігін ұқтырған.
Робия – Шығыс таңы
саған қалай түн келді _
Енді қалай ұстаймын мен
бақтағы әсем гүлдерді?!