ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ
09.06.2023
315
0

Елімізде соңғы жылдары ғылымның, жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасының артуына, заманауи деңгейге шығуына баса назар аударылып келеді. Осы бағытта мемлекетімізде ең алғаш ашылған жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің салмағы мен алар орны зор. Ғасырға жуық тарихы мен тәжірибесі бар білім ордасы бүгінгі күні де педагогика саласында білікті мамандарды дайындап қана қоймай, олардың ғылыми тұрғыда өсуіне, шыңдалуына жағдай жасайтын ең ірі ғылым ошағына айналып отыр. Биыл 95 жылдық мерейтойын тойлап отырған қазақ ғылымының қарашаңырағы 1928 жылы 23 наурызда Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесі қабылдаған қаулының негізінде осы жылдың қазан айында ашылды. 

Тұңғыш жоғары оқу орнында әуелде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құрылған жалғыз ғана факультет болған екен. Педагогика, ауыл шаруашылығы және медицина сынды үш факультетті жаңадан қалыптастыру жоспарланып, олар өз қызметін 1932-33 оқу жылында бастауға міндетті еді. Алайда сол кезеңдегі халықтың жағдайы, білім деңгейі бәрінен бұрын педагог кадрларын қарқынды түрде даярлауды талап еткендіктен, алғашқы университетті педагогикалық бағытта ашу керектігін уақыттың өзі айғақтады. Міне, сол себептен халыққа білім беруді дамыту мақсатымен қайта ашылған жоғары оқу орнын жеке педагогикалық институт ретінде жетілдіру көзделіп, 1930 жылы университет қазақ мемлекеттік педагогикалық институты (ҚазПИ) болып аталды. Ал 1935 жылы оған ұлы Абайдың есімі берілді.
Алғашқы ректоры – дарынды ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Санжар Асфендияров еді. Араб, парсы, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген, қала берді оқу-ағарту ісінің қайраткері С.Асфендияров университеттің ұйымдастырушылық жұмысын жан аямай атқарып, алғашқы студенттерді қабылдады. Оқу орнының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, оны оқулықпен, оқытушылармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосқан ғалымның қастерлі есімі оқу орнының тарихында алтын әріптермен жазулы.
Алғашқы жылдардан бастап институт бастауыш және орта мектептердің білікті мамандарын даярлап шығара бастады. Уақыт өткен сайын мамандар даярлау сапасы артып, студент-шәкірт­терді оқытып-тәрбиелеудің салиқалы дәстүрлері қалыптасты. Оқу орны ғылыми ойдың орталығына айналды. Тіл мен әдебиет, тарихқа қоса жаратылыстану ғылымдарының сан саласы бойынша да алғашқы зерттеу­лер жүргізілді. Сонымен, отызыншы жылдардың аяқ кезінде тәжірбие жинақтауы, материалдық-техникалық базасының нығайтылуы, білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар қатарының көбеюі жағынан ҚазПИ-дің оқу-ғылыми орталығы ретіндегі рөлі өлшеусіз өсті.
Соғыс жылдарынан кейін Қазақ­станның экономика және мәдениетінің дамуы жаңа кезенінің белгілі мақсаттарына байланысты Абай атындағы ҚазПИ-дің қызметінің барлық салалары сапалы өзгерістерге бет бұрды. Оқу-тәрбие қызметінің әдістері мен тұлғалары, ғылыми мәселелер мен институттың құрылымы белгіленді. Профессор-оқытушылар құрамының мақсаты, тандаған мамандықтары бойынша терең ғылыми білімді меңгеру, кәсіби қасиетті және мұғалімдік мамандыққа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру әдіс-тәсілдері жүйелене бастады.
Мектептегі кәсіби мұғалімдерге сұраныстың өсуіне байланысты институтқа студенттерді қабылдау ауқымы кеңейтілді. Егер соғыстан кейінгі 1946 жылы 1 курстың күндізгі бөліміне 362 студент қабылданса, ал 1956 жылы оның саны 567-ге өскенін деректерден көре аласыз. Жылдан жылға студенттер қатары ұлғая беретініне көз жеткен соң, университет мамандарды дайындауды халықаралық стандарттарға сәйкестендірді.
1990 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институты Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті болып өзгертілсе, 1992 жылдың 24 қарашасынан бастап ҚР Министрлер Кабинетінің Қаулысымен Абай атындағы ҚазМПУ Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті болып атала бастады. 1993 жылы екі кезеңдік білім беру «4+2» моделі бойынша кадрларды дайындау үшін университет көп денгейлі жүйеге өтті. 1996 жылы «ТАСИС» бағыты бойынша оқу және ғылым қызметінің халықаралық аудитін Қазақстанда сәтті жүзеге асырғандардың бірі – осы Абай атындағы АлМУ еді.
2007 жылы 24 қыркүйекте Абай атындағы ҚазҰПУ жоғары білім көшбасшыларының Оксфордтағы саммитінде (Ұлыбритания) «ХХІ ғасыр көшбасшылары» бағдарламасы аясында «Біріккен Еуропа» және «Еуропалық сапа» тәрізді халықаралық марапат­тарға ие болды. Ал 2007 жылы университетке «Сапа саласындағы жетістігі үшін» Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы тапсырылды.
1999 жылы Дефектология мен Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі факультеттерінің бірігуі негізінде Педагогика және психология институты қаланды. Жаңа факультетті п.ғ.к., профессор Р.М.Қоянбаев басқарды. Ол институттың құрылуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосты. Көрнекті ғалымның институтқа сіңірген еңбектерін есте сақтау мақсатында оқу корпусының №29 дәрісханасына Р.М.Қоянбаев есімі берілді.
Институттың білім беру бағдарламалары «Білім беру» бағыты бойынша QS by Subject халықаралық рейтингінде 62-орында; АРТА ұлттық рейтингісі және ACQUIN аккредиттеу бойынша жоғары, жетекші орындарға ие.
Бүгінде институт аясында 6 кафедра жұмыс істейді, соның ішінде Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасы ЖОО-ның педагогика саласында кеш ашылса да, тәжірибесі мен жетілдірілген әдіс-тәсілдері негізінде білікті мектепке дейінгі білім беру мамандарын дайындауда.
Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығының профессор-оқытушылар құрамы тәжірибелі мамандардан, республикамызға танымал ғалымдардан тұрады. Барлығы дерлік, жоғары оқу орны студенттеріне арналған оқулықтар мен оқу құралдарының, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған әліппе-дәптерлері мен тәрбиешілерге арналған оқу-әдістемелік кешендерінің авторлары ретінде кеңінен танылған.
Профессор-оқытушылар құрамы­ның ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері сабақ үдерісінде, дәрістік және лабораториялық-практикалық сабақтар мазмұнында қолданылады. Халықаралық байланысты ұлғайтуға бағытталған тұрақты жұмыстар білім беру саласындағы жаңа оқыту жүйесіне сәйкес жүзеге асырылып келеді.

Алтынай ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Мектепке дейінгі білім беру және
әлеуметтік педагогика кафедрасының оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір