Қазіргі қазақ лирикасындағы ұлт зиялыларының бейнесі
Алаш зиялылары ақталған уақыттан бастап әдебиетте, алдымен, қазіргі қазақ поэзиясында олардың есімдері ардақталып, рухына тағзым етіле бастады. Бүгінгі ақындарымыз Алаш қайраткерлерінің бейнесін көпшілікке таныту мақсатында жарқырата жырға қосты. Ұлт зиялыларының тұлғасын ашатын арнау өлеңдер мен поэмалар легі жылдан-жылға толыса түсті. Алғашқы жылдан бастап, «Көзіме оттай ыстық ағаларым, Тіріліп келгендейсің бабаларым» деп бастаған Жайық Бектұровтың «Асыл ағаларға» (Орталық Қазақстан. 1988, 31 желтоқсан) деген арнау өлеңі жарияланды. Осы ел ағаларын қатар қамтыған үлкен топтама туындылар да дүниеге келді. Айталық, Жарасқан Әбдіраштың «Құлыптас» деген жыр жинағының бірінші топтамасында Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин; Серік Тұрғынбековтің «Атылып кеткен арыстар» («Ана тілі». 1996, 29 ақпан) деген топтама туындысында Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан; Лұқпан Сисекеновтің «Арыстары алаштың» («Жалын». 2016, №11,12. 11–14-бб.) деген топтама туындысында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Шәкәрім сынды ұлт зиялылары қамтылған.
Осы топтама туындыларда, алдымен, Әлихан Бөкейханның есімі құрметпен аталады. Айталық, Жарасқан Әбдіраш:
…Ту қылып төбемізге көтерерлік,
тағдыры төтен ерлік бір Тұлға бар!
Қолымен сан ұрпақтың салиқалы,
Қайтадан жазылады тарих әлі.
Тұрады сол тарихтың көшбасында –
Біртуар Бөкейханның Әлиханы! –
деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тұлғасын, осылайша, даралайды. Лұқпан ақын да «Әлиханы Алаштың» деген сегіз шумақтан тұратын өлеңінде төге жырлап, оның еліне асқар таудай тірек болғанын дәріптеуге ұмтылады.
Ой ақтарып от кеудеңнен сыр сандық,
Жол көрсетіп, болашаққа із салып.
Алашорда, Қазақ үйім іргесін,
Қалап бердің ошағына от жағып!
Әлиханға арналған арнау өлеңдердің дені, осылайша, оның біртуар тұлғасын кейінгіге үлгі етіп, елі үшін жасаған еңбегінің кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін баса танытып отырады.
Топтама туындыларда Әлиханмен бірге аталған тұлғалардың ішінде ұлт зиялысы Мұстафа Шоқай туралы Жарасқан Әбдіраш:
Табынып тәңірідей текті ісіне,
Құлдықтың қарсы шықты тепкісіне!..
Түбі бір түркі жұртын ұйытқалы,
Ұранын еркіндіктің етті сүре! –
деп бастап, оның «Күрестің қайтпас, қайсар күшті атасы» екенін паш етеді. «Түпкі ойы, түпкі мақсат, түпкі арманы – тұтасып Түркі елінің жұрт болмағы» деп жырлауда бұл тұлғаның өзіндік орнын айқын ашып көрсетеді. Лұқпан Сисекенов те «Мұстафа Шоқай» туындысында:
Өрмекшінің құрған бейне торындай,
Қызыл соққан түрмелерге ұрынбай.
Қуғындалдың зорлықпенен жат елге,
Енесінен ерте айырылған құлындай, –
деп бастап, шетел асқан Мұстафаның еліне жасаған еңбегін бағалауда оның шыншылдығын, жұртының жоғын жоқтаған біртуар азаматтығын барынша таныта түседі. «Балта салған тілім менен дініме, Қанішерге қарсы ұмтылдың кектеніп», – деп ақын кейінгі жас ұрпаққа осындай істерін өнеге етеді.
Ұлт зиялысы Мұхамеджан Тынышбаевтың қазаққа сіңірген еңбегін жырлауда Жарасқан ақын оның бар болмысын осы бір шумаққа сыйғыза алғанына тәнті боламыз:
Демеймін:
«Пайғамбарсың!»
«Тәңірісің!»
Ел өзін танығанда –
таныры шын!..
Қазақтың текті қаны тулап тұрған,
Тарихтың сен бір Күретамырысың!
Лұқпан Сисекеновтің «Ғұламасы елінің» деген өлеңінде де «Ғасырлардан жарып шығып із салған, Алғаш, тұңғыш инженері қазақтың» делініп, осы тұлғаның тағы бір қыры таныстырылып өтеді де, ұлтының болашағын ойлаған қайраткерді «Тот баспаған сынығы асыл алтынның» деп бағаланады.
Тұрар Рысқұловқа келгенде Жарасқан Әбдіраш:
Түркі елін туыссынбай тұра алмаған,
«Ұлтым!» деп, «Ұлысым!»
деп ұрандаған,
Бастырып жас кеудені Мәскеудегі
Жатыр бұл алаңқайда Тұрар балаң! –
деген байлам жасайды. Лұқпан ақын да өз арнауында «Қарсы шығып қанды тырнақ тажалға…» дей келе, Тұрардың сол уақыттағы қайраткерлігін, «Азаттықтың ақ жолы үшін күресіп», «Жиырма жаста ел басқарған қаһарман» екенін сөз етеді де, ұлт зиялысының қоғамдағы орнын, осылайша, бағамдайды.
Осы топтамалардан орын алған алаштың ардагер ақыны Шәкәрім туралы Ж. Әбдіраш:
Айта алмас ақиқатын кім көрінген,
тірлігің түсініксіз тынды өліммен.
Адамның ұлы едің сен – кісікиік,
Құдайдың құлы едің сен шын берілген,–
деп жырға қосса, С.Тұрғынбеков «Жиырма тоғыз жыл құдықта жатқан жақұтым» деп ақынның осы ешкімге ұқсамайтын тағдырына назар аудартады. Л.Сисекенов те арнауында «…Жаламен құрық салып ұстау үшін, Ақынға қарсы қойған тағылықты» деп шығармалары арқылы да қатаң қыспаққа алынған тағдырын сипаттап өтеді.
Алаш зиялыларының бірегейі Міржақып Дулатовтың тұлғасына келгенде Ж.Әбдіраш: «Бір халыққа болу деген «Міржақып!» Көп ақынға бұйырмайтын бір бақыт!» – деп бүкпесіз шындықты жария етті. Сондай-ақ «даланың бозторғайы сияқтанған… аты шулы» Міржақыпты С.Тұрғынбеков пен Л.Сисекенов те өлеңдерінде ерекше дәріптейді. Лұқпан ақын «Оян қазақ» – мәңгі өшпейтін асқақ ән, Бар Алашым Құранындай жаттаған…» деп оның отты сөздерінің қадірін салмақтай түсіп, «Алғыс саған азаттықтың жаршысы» деп тағзым етеді. Серік ақын да Міржақыптың бейнесін сомдауда «таудан, тастан беті қайтып көрмеген» қайсарлығына ден қояды.
М.Дулатов тұлғасы Әбу Сәрсенбаевтың «Ардагерісің мәңгі алаштың» (Міржақып рухымен сырласу) деген туындысында да («Егемен Қазақстан». 1995. 26 қаңтар) өзіндік өрнегімен кеңінен ашыла түскен. Шығармасын төрт бөлімге бөліп, әр бөлімге Міржақыптың өз сөзімен эпиграф алуы лирикалық кейіпкердің айтпақ ойын ұғындыра түседі. Бір жағы автор Міржақыптың өз сөзін де кейінгі жас буындарға тереңнен түсіндіруге тырысқан тәрізді. Мәселен, алғашқы бөлімде «Аяусыз жаным, Мен бір құрбан лағың…» деген Міржақып сөзінің шындығын «Ұлт мақсаты жолына сен өзіңді, Керек болса құрбандыққа атауды да қаладың!» деген жолдармен негіздей түседі.
«Оян, қазақ!»
Ұлы мақсат көздеген, –
Осы ұранды сенің бұрын айтқаның
хақ өзгеден.
Ахмет аға, Әлихан аға
ұстаздарың шығар-ақ, –
Сені осы батылдыққа
бапкерің боп мезгеген!
Лирикалық кейіпкерінің ұлы мақсаты бәрімізге белгілі жайт болса да, Әбу Сәрсенбаев оны ерекше рухты пафоспен жеткізіп отыр. «Үміт пен налыс…» бөлімінде «Қаз тұрды, тәубе, қазақтың Алаш ордасы! Уа, жасаған, түс болмағай жаңылған?» деп басты қаһарманның үмітін асқақтатса,
Неге олай, жазығы не?» – деп қақсайды.
Ұлтым – деген кертартпа ұғым, –
Социализм мақсатына жатпайды, –
деп Ұлы мақсат пен Социализм мақсатының ара жігін ашып, «Колошоқтың қармағына ілінгенін» сөз етеді. Ал «Балтықтағы соңғы түн» бөлімінде «Міне, биыл сегізінші жыл, Ақ теңіз, Балтық жағасына келгелі» немесе «Он жылын түгел өткізіпсің абақтыда, айдауда» деген жолдардан Міржақыптың қайда және қанша жыл абақтыда өткізген өмірінен хабардар етеді де, «Рухыңмен аға, қуаншы!» бөлімінде «Арыстан жүрек, піл табанды қаһарманы Алаштың» деп бағалайды. Осы арада алаштың қаһарманын «піл табанды» етіп көрсетуі оқырманға тосыннан әсер етеді. Өйткені «арыстан жүрек» сөз тіркесі бұрыннан бар теңеу десек, «піл табанды» баламасы мұнда алғаш қолданылып отыр. Бұл тұста Міржақыптың шыдамдылығына екпін түсіріліп насихатталған тәрізді. Автор Міржақыптың рухымен сырласуда елге оралған сүйегіне халқының шын қуанғанын да қалыс қалдырмайды. Қазағының намысы мен бақыты үшін күрескен тұлғаны бағалауда Ә. Сәрсенбаев: «Мадияр аға, өзгелерден өлігің сенің – Болыпты-ау, тәубе, бақытты!» – деп ақиқатын кесіп айтады. Жалпы, Әбу Сәрсенбаев, Жарасқан Әбдіраш сынды ақындарымыздың Міржақып бейнесін осылайша сипаттауы, яғни «Міржақыппен» бақыт сөзінің қатар алынуы бүгінгі зиялы қауымның бұл тұлғаға деген айрықша құрметі еді.
Алаш зиялыларының бірі – Жүсіпбек Аймауытовты «Жазушы, ақын, сыншы, ұстаз әрі… Қайнаған қасіреттің мыс қазаны!» деп таныған Ж.Әбдіраш:
Қатыгез уақыттың зерегі боп,
Қалдырған зиялыға дерегі көп…
Ойлаңдар «Қарасөздің қағбасы» деп!..
Қоймаңдар!
Құлпытастың керегі жоқ! –
деген салмағы тереңде жатқан ойларын ашық ақтарады. Л.Сисекенов те «Сегіз қырлы бір сырлы дарын едің…» дей келе, оның ұлты үшін құрбан болғанын баса айтады. С.Тұрғынбековтің туындысында «Керілген қас, Кере қарыс маңдайы» деген портретімен қоса, «жан адамға жазығы жоқ…» кісілігі ашылған. Аштыққа ұшыраған еліне қамқоршы бола білген қайраткерлігі де қалыс қалмай, «…Қара сөздің жорғасы. Қаламынан құйылғандай қорғасын» деп шығармашылық талантына да ізет тұтылады.
Енді Жарасқан Әбдіраштың «Құлыптас» туындысындағы ұлт зиялылары бойынша кезек Алаш көсемдерінің бірегейі Ахмет Байтұрсынұлына келеді.
Бас иіп тұр Күн жылап,
Ай күрсініп!.. –
деп табиғат та қара жерге қимайтын тұлғаны Жарасқан ақын «Ахаңы Алты алаштың» атаныпты, Қастерлеп қатары да бата алыпты!» деп даңқын асқақтата жырлайды. Серік Тұрғынбеков те өлеңінде ұлы ұстазбен сырласа келе, оның болмысын былайша биіктете түседі:
Тілін,
Дінін,
Әдетін-ғұрпын сүйген.
Елін-жерін,
Жамағат-жұртын сүйген.
Ұғымы мен ойы артық –
Ұлы адамды,
Одан қалған өмірлік мұраларды
Өлтіре алмас, ешкім де, сірә, мәңгі!!!
Лұқпан ақын да «Шырағысың өзі берген Алланың» деп қастерлейді. Жалпы, қазіргі қазақ поэзиясында Ахмет Байтұрсынұлы туралы осылайша көптеген арнау өлеңдермен қатар, поэмалардың жазылғаны да белгілі.
Ұлт зиялыларының бірегейі Мағжанға арналған өлеңдерде ақынның дарындылығымен қоса рухына ерекше тағзым етілетіні анық аңғарылады. Жарасқан Әбдіраш «Ей, Мағжан, болсаң да ақын нәзік мүсін, тас-толғам, құрыш-мінез қазықтысың!» дегенді өлең жолдарында екі рет қайталай отырып, «Алдында ақ арыңның айыбың жоқ, алдында Коғамыңның жазықтысың!» деген түйінін түйеді. Сондай-ақ «Беделді Бедныймен» емес, «жаны күйген Блокпен» сырласқан ақынның «Жүрекпен» жақын болуының мәнісіне де тоқталады. Шығармаларындағы көтерген мәселесіне зер салған Жарасқан ақын «байқалды бұра тартқан бөтен лебің» деген пікірін де жасырмады. Осы арнауында «Арасын өлшеп біліп оң-терістің, Алаштың арманы үшін тер төгістің!» деу арқылы Мағжанның саяси ұстанымын да, Алаш қозғалысындағы өзіндік орнын да дәл бағамдайды.
Ал Серік Тұрғынбековтің өлеңдер топтамасынан орын алған Мағжанның өр мінезі былайша сипатталады:
Қорқыта ма,
Қайтеді-ай, мына Мағжан.
Үркіте ме,
Қайтеді-ей, мына Мағжан?!
Өзі би боп өлеңде,
Өзі бас боп –
Оқушының өзінен сынақ алған…
Маңғаз – Мағжан,
Паң – Мағжан – мына Мағжан,
Күткен талай өмірдің сынағы алдан…
Осы өлең жолдарындағы «мына» сөзі «қай Мағжан» дегенді анықтап беріп тұрған тәрізді. Бәлкім, осылай айтылуымен де ақын тұлғасы әсерлі шықпақ. Ең бастысы, «маңғаз», «паң», «өзі би», «өзі бас» болған «мына Мағжан» бүгінгі ақындарды қорқытып, үркітуімен де жарасымын тауып тұр.
Мағжан ақындығының ерекшелігі қай заманда да мойындалған. «Ақынның ақыны» болып танылған тұлға бүгінде де, мәселен, Л.Сисекеновтің «Алаштың жарық жұлдызы» деген өлеңінде «Ғасырларда бір туатын ұлы ақын» деп, Төлеген Қажыбаевтың «Мағжанға мінажат немесе мұңлы Муза толғауы» (Көкшетау. 1993. 12 тамыз.) деген туындысында «Сен ұлы едің, Ұлылығыңда дау бар ма» деп ақындығының ақиқаты насихатталып келеді. Тіпті «Жаралған жаның ақ нұрдан, Пайғамбар теңдес тектім-ау…» (Т.Қажыбаев) делініп, ақынның кіршіксіз тазалығы да осылайша, салмақтана түседі.
Жарасқан Әбдіраштың «Құлыптас» туындысында Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды ұлт зиялыларына да ерекше тағзым етілді. Сәкен туралы ақын алдымен «Сұлуы ердің – Сәкен!» деп» деген халықтың теңеуін алға тарта отырып:
Болатын сабақ басқаға –
Бұлыңғырдағы жарықсың!
Жақыннан – аңғал жас бала,
Алыстан – заңғар қалыпсың! –
деп дана да, әкім де, ақын да болған тұлғаның болмысын осылайша бедерлейді.
Ілиясқа келгенде:
Ей, Ілеке! Не қыламыз құр налып!…
Ден қоялық дау тудырмас сырға анық:
Ақындықтың Құлагері қашан да –
Туады екен Батырашын бірге алып! –
дей келіп өзіндік пәлсапалық ойлармен тұжырым жасайды. Ілиястың да сол қоғамның құрбанына айналғанын «Батырашың болды сенің Сталин!» деп «Сальери, Дантес, Оразбаймен» салыстыра зерделеу арқылы бүгінгі жастардың танымына әсер етер ақиқатты қозғайды. Құлагердей жүйрік ақынға балап қана қоймай,
Тас жарғандай қасқиып та, қасарып,
Өлеңдерің жылдан-жылға жасарып.
Уызыңа уын қосып ұсынған
Уақыттан келе жатыр өш алып! –
деп мұраларының өміршеңдігіне де аса ден қояды. Лұқпан ақын да арнау өлеңін «Құлагер ақын» деп алып, «Құлагер ақын түстің де қызыл құйынға, Жүйіріктігің үшін тағдырың салды қуғынға» деп бағамдаған еді.
Жарасқан ақын Бейімбетке келгенде, оны терең ойлы, теңселмейтін орнықты, мұңды да, кесек тұлға ретінде сипаттай келе:
Атқарсаң да қасірет-қайғыны көп,
Алаулаған алыстан айбының – от!
Байлығы боп қаласың болашақтың,
Би-ағасы! Бейімбет Майлині боп, –
деп ұлт тарихындағы орнын әділ бағамдайды.
Түйіп айтқанда, «…Есімдерін ерендер мен алыптың Жазбау керек қағазға да, басқаға, Жазбау керек тіпті қара тасқа да, Жазу керек жүрегіне халықтың!» – деп Жарасқан ақын жырлағандай, осы топтама өлеңдердегі Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров сынды ұлт зиялыларының көркем бейнесімен танысқан кейінгі жас буынның да олардың есімін ардақтап, өшпес ісін ұлықтап жүретініне кәміл сенеміз.
Күнімжан Әбдіқалық,
профессор
Ақнұр Шамшадинқызы,
Қазақ Ұлттық Қыздар
педагогикалық университетінің 3-курс докторанты