Діни фанатизм – ел тұтастығына түскен сызат
10.09.2024
146
1

Діни фанатизм қазіргі қоғамның тұрақтылығына, қауіпсіздігіне және дамуына үлкен қауіп төндіреді. Бұл мәселе жаһандану және мәдени, діни дәстүрлердің алуан түрлілігі жағдайында өзекті бола түсуде. Діни фанатизмді шектен тыс сенім немесе діни сенімге берілгендік деп айтуға да болады, көбінесе басқа конфессияларды, олардың өкілдерін қабылдамау және толеранттылыққа қарсылықпен бірге жүреді. Фанатизмнің фундаменталды қажеттілігі — анық бағдар жүйесі мен табыну нысанының болуында, өйткені өзінің ішкі негізі психологиялық жағынан тұрақсыз, өз-өзіне деген күмән болғандықтан, сенімінің бар екенін, оның тақуалығын қоршаған ортаға көрсетуі, оны бірінші кезекте өзіне дәлелдеу әрекеттерін бақылауға болады. Фанатизм санада үстемдік алғанда, адамның бүкіл өмірі діни идеяның айналасынан шықпайды. Өзінің дінмен бірегейленгенін сезгеннен кейін әлемді ақ пен қара, дос және дұшпан санатына бөледі және өз ойымен сәйкес келмеген кез келген қарсы пікірге төзімсіздік танытып, өткір эмоционалды жауап қайтарады. Фанатизм әртүрлі идеялар мен дүниетанымдардың қатар өмір сүруіне жол бермейді. Тек жау бар. Қарсылас күштер біртұтас жау ретінде ұсынылған. Фанатизмге пайда болып жатқан скептецизмге қарсы реакция ретінде сипат берсе болады, себебі ол ішкі жанжалды күшейтіп қана қоймай, қол жеткізілген бірегейлікке қауіп төндіреді. Діни фанатизм әдетте көптеген күрделі себептер мен даму факторларына ие, атап айтсақ:
-Қасиетті мәтіндерді интерпретациялау: контекст пен тарихи перспективаны есепке алмай, қасиетті мәтіндерді тым сөзбе-сөз түсіну.
— Әлеуметтік және экономикалық тұрақсыздық: кедейлік, жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік радикалдануға ықпал етуі мүмкін.
— Саяси айла-шарғы: діни сенімдерді саяси мақсатта пайдалану.
-Топтық динамика: радикалды көшбасшылар мен қауымдастықтардың ықпалы, оқшауланған қауымдастықтар құру.
Діни фанатизмнің қоғамға тигізер деструктивті ықпалы:
— Қауіпсіздікке әсері: Діни фанатизмді жақтайтын экстремистер өз мақсатына жету үшін зорлық-зомбылық пен лаңкестік әрекеттерге баруы немесе өз сенімдерін басқаларға таңулары мүмкін. Бұл адам өміріне қатер төндіруге, дене жарақатына және қоғамдағы хаосқа әкелуі мүмкін.
— Адам құқықтарының бұзылуы: аталмыш топтар мен көшбасшылар адам құқықтарын, әсіресе дін немесе сенім бостандығы құқықтарын бұзуы мүмкін. Бұл олардың діни нанымдарын бөліспейтін адамдарды кемсіту мен қудалауды қамтуы мүмкін.
— Қоғамның поляризациясы: әлеуметтік және діни алауыздықтардың күшеюі. Діни фанатизм қоғамдағы әртүрлі діни және этникалық топтар арасындағы қайшылықтардың тереңдеуіне ықпал етеді. Бұл осы топтар арасындағы қақтығыстар мен шиеленістердің күшеюіне әкеліп, қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін.
— Экономикалық шығындар: тұрақсыздық салдарынан инвестиция мен дамудың төмендеуі.
Діни фанатизмді ауыздықтау үшін бірқатар шара қолға алынуы қажет. Жалпы білім және ағарту әдістері, қоғамда әртүрлі діндер мен мәдениеттер туралы хабардарлықты арттыру. Сонымен қатар, саяси көшбасшылардың қоғам өміріне белсенді қатысуы. Заң үстемдігін нығайту, экстремистік ұйымдарға және үгіт-насихатқа қарсы заңнамалық шаралар қолдану. Халықаралық ынтымақтастық арқылы ақпарат алмасу және трансұлттық экстремистік топтарға қарсы күресте жинаған тәжірибені пайдалану, бірлесіп әрекет ету.
«Шапағат» ҚҚ осы мақсатта 2021 жылы «Подкаст» бағдарламасын бастады. Бағдарламаға елге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, белгілі теолог, исламтанушы мамандар шақыртылып, қоғамдағы өзекті тақырыптар аясында сұхбат жүргізіледі. Биыл бес подкаст түсіріліп, «Shapagat Atyrau» Youtube каналына жарияланды.
Бұдан бөлек, жастар аудиториясы және көпшілік арасында діни экстремизм мен терроризм таралуының алдын алу мақсатында Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының мемлекеттік тапсырысы аясында «Шапағат» ҚҚ-ның ұйымдастыруымен түсірілген лудомания, нашақорлық, балалар травматизмі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ұлттық құндылықтарды сіңіру, деструктивтік діни ағымдар қатарына тарту тақырыптарын қамтитын «Budilnik» атты фильм «Шапағат» ҚҚ ютуб каналына жарияланып, 200 000-нан аса қаралым жинады.
Қазіргі жастарды теріс діни ағымға алып кетудің бірден бір жолы -әлеуметтік желілер. Осы ретте «Шапағат» теологтары қарсы насихаттық жұмыстар бойынша Instagram, Facebook, Тiktok желілерінде түрлі діни тақырыптар аясында түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді.
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры тарапынан интернет кеңістігінде 1400-ден астам қарсы насихат материалы таратылды.
Жалпы жыл басынан бері теологтардың қатысуымен әртүрлі форматта білім, спорт, әскери ұйымдар т.б. мекемелерде өткізілген іс-шараларда түсінік жұмыстары жүргізіліп, 58 кездесу өткізілді. Соның ішінде дін ұстанатын студенттер арасында діни мәселелер бойынша профилактикалық және оңалту жұмысын жүргізу мақсатында консультативтік сабақтар мен жеке кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып отыр.
Қоғамның әлеуметтік-рухани дамуының маңызды құралы діннің тұтастығы – елдің тұтастығы. Осы мақсат жолындағы жұмысымыз алға қарай да жалғасады.

Мейірбек Құбышев,
«Шапағат» деструктивтік
діни ағымдардан жапа
шеккендерге көмек орталығы»

қоғамдық қоры директорының орынбасары,
Атырау облысы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.09.2024 | 18:53

Салафиттерге қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ол оңбағандар қазақты екіге бөліп жатыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір