Құқықтық сауаттылық сынға түскен сайыс
15.12.2025
63
0

Астана қаласында «Не? Қайда? Қашан?» атты зияткерлік сайыс өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған жарысқа Сарыарқа ауданындағы 7 колледждің озат студенттері қатысты. Заңгерлер мен медиаторлардан құралған «QORGAU» интеллектуалды клубының мұрындық болуымен өткен шарада қатысушылар жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру тақырыбында білімдерін сынға салды. Ережеге сәйкес, қатысушылар құқықтық заңнамаға байланысты күрделі сұрақтарға небәрі бір минут ішінде жауап беруі керек. Сайыста студенттердің білімі ғана емес, сараптаушылық қасиеті, сын тұрғысынан ойлана білуі, жемқорлыққа қарсылығы мен ұжым болып жұмыс істей алу қабілеттері бағаланды.

Аталған додаға болашақ түрлі мамандық иелері қатысты әрі бұған дейін де жарыстарда топ жарып жүргендер қатары қалың. Дәрігер мамандығына оқып жүрген Давид Шарипов жарысқа екінші рет қатысып отыр. Биыл, тіпті өз командасын бастап келген екен. Жеңіске жету үшін бір аптадан аса уақыт дайындалған ол: «Жемқорлық әділдікке, жетістікке жеткізбейді. Мысалы, білімді сатып алдық делік… Сессияны, бүкіл тестілеуді «бармақ басты, көз қыстымен» шешсе, одан қандай маман шығады? Біз, дәрігерлер жемқорлыққа жол берсек, адамдардың денсаулығын жақсартып, дерт түрлерінен құтқара алмаймыз ғой. Әр адам жемқорлықтың зардабын тереңнен түсінуі керек. Сонда әділ қоғам орнайды», – деп жастарға жемқорлықтың алдын алуды үйрететін осындай сайыстар жиі ұйымдастырылса деген тілегін жеткізді.
Жарыс барысында командаларға заң нормаларына қатысты күрделі сұрақтар қойылды. Қатысушылар бір минут ішінде ақылдасып, нақты әрі дәлелмен жауап беруге тырысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай зияткерлік сайыстар жас буынның құқықтық білімін тереңдетіп, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді. «QORGAU» заңгерлер мен медиа­торлар зияткерлік клубының жетекшісі Ботагөз Игенбаева: «Біз 5 жыл бұрын құрылған кезде заңгерлерге құқықтық алаң ашуды көздегенбіз. Бірақ құқықтық білімді тек заңгерлер ортасында ғана емес, тұрғындардың, оқушылар мен студенттердің, мұғалімдердің арасында да дамыту керегін түсіндік. Адамдардың жемқорлыққа қарсы білімін жетілдіруге кірістік. Өйткені әр адам оны білу керек», – деп құқықтық сауаттылықтың қаншалықты маңызды екенін айтты.
Қазылар алқасы әр жауапты мазмұны мен логикалық жүйелілігіне, сондай-ақ құқықтық сауаттылығына қарай бағалады. Бұған қоса, қатысушылардың ойын анық жеткізуі, сөз саптауы мен сөйлеу мәдениеті де ерекше назарға алынды.
«Мен ораторлық, актерлік шеберлік бойынша дәріс оқимын. Бүгін балалардың өз-өзін ұстауын, ақпаратты, ойын дұрыс жеткізуін қадағалаймын. Балалардың жемқорлық туралы біліміне тәнті болып отырмын. Заңнаманы да, халықаралық тәжірибені де жатқа біледі. Ойларын жинақы, саспай айтады. Біз студент кезде мұндай сайыс­тардың болмағаны қынжылтады», – дейді қазылар алқасының мүшесі Дана Базанова.
Заң мен тәртіп берік орнаған жерде бейбіт өмір мен қауіпсіздік те мығым болады. Заңның бұзылуы түрлі кереғарлық пен хаостың тууына әкеледі. Сол үшін де мемлекеттің әр мүшесі заң талаптарына мұқият зер салып, ел Конституциясына құрметпен қарағаны жөн.
Қоғам тыныштығының, мемлекеттің өркендеп дамуының басты кепілдерінің бірі – заң мен тәртіп. Заң – мемлекет қабылдаған барлық азамат орындауға міндетті ережелер жүйесі болса, тәртіп сол заңдардың бұлжытпай орындалуын, әрбір адамның іс-әрекетінің қоғам талабына сай болуын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Конституциясында әр адамның құқығы мен бостандығы анық белгіленген. Бұл құқықтарды сақтау – бәріне ортақ талап. Полиция, сот органдары заңның орындалуын қадағалағанымен, қоғамдағы тәртіп үшін әр азамат жауапты, мүдделі.
Заң мен тәртіпті сақтау — елдің дамуына, халықтың әл-ауқатына және болашақ ұрпақтың жарқын өмір сүруіне кепіл болады. Қоғамда әділдік үстемдік құрған кезде ғана адамдардың бір-біріне деген сенімі артады. Сенім орнаған жерде ынтымақ, татулық және бейбіт өмір болады. «Құқықтық мемлекет ұстанымын берік ұстанып келе жатқан Қазақстанда билік пен халық тең құқылы.
Осындай құқықтық нормаларды жастардың, жалпы қауымның санасына сіңіру барысында түрлі шаралар өткізіліп келеді. Соның бірі – осы зияткерлік сайыс алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жиі өткізілмек. Білім, ой сайысына колледж студенттерімен қатар мектеп оқушылары, сондай-ақ түрлі ұйым қызметкерлері де қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық бағыттағы мұндай шаралар жастардың азаматтық санасын қалыптастыруға айтарлықтай ықпал етеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір