ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ҚАРМАҒЫНА ТҮСКЕН ҚАЛАМГЕРЛЕР
19.07.2024
228
0

Лудоманияның залалы ел жастарына тигелі қашан. Олардың алды қырықтан асып қалды. Қаланың әр түкпірінде жылт-жылт етіп тұратын букмекер орталықтарында спорт ойындарынан бастап, «ит-мысық» жарысына дейін бәс тігіп, бармағын тістегендері қанша. Жай ақшасынан айырылып қалғандарды айтпағанда, дүние-мүлкін түгел сатып, аш-жалаңаш зар еңірегендер де жетерлік.
Өз-өзін жегідей жеп, психологиялық қысымға шыдай алмай, отбасынан айырылып, өзіне қол салғандары да болды. Көбіне кейін психологиялық көмек көрсетілсе, біразы арнайы орталықтарда емделді. Жап-жақсы жұмысын тәрк еткендер де жетерлік. Бұлардың бәрі дерлік нағыз тепсе темір үзетін шағында ұрынды. Ел үшін еңбек ететін жастарында бойындағы қуатын ойынға жұмсады. Бұл лудомания зиянының бір парасы ғана. Шаңырағы шайқалып, балаларды тірі жетіп қалдырғандарды айтпай-ақ қойдық. Бұның зияны туралы айтылып та, жазылып та жатқалы қашан.
Бір қызығы аты шулы әдебиетшілердің де ойынқұмарлыққа шалдыққанын білетін шығарсыз. Олардың ішіндегі құмарға құныққаны Федор Достоевский болатын. Оның ойынға жақындығын «Қылмыс пен жазадан» білетін шығарсыздар. Өнердегі жағдайы өмірдегіден жақсырақ еді. Ф.Достоевский үнемі екі оттың ортасында жүретін. Ақшасынан айырылып, түгел ұтылып қалғанда, қаржы табуға тырысқанда жазуы мүлде жүрмей қоятын деседі. Ал қолы жүрмеген жазушы рулеткаға тайып тұрғысы келетін де тұратын. Кейін тіпті ол ұятты жағдайға қалып, жақын досы Полина Суслованың бүкіл ақшасын ойынға тігіп жіберген. Нәтижесінде Ф.Достоевский баспамен пайдасыз келісімге отырады. Егер ол бір айдың ішінде дайын кітап өткізбесе, баспа оның авторлық құқығын 9 жылға алып қоятын еді. Дегенмен жазушы бар күшін жинап, бір айда кітапты өткізеді. Осылайша «Ойыншы» («Игрок») кітабы жарық көреді.
Орыс поэзиясының жарық жұлдызы болған А.С.Пушкиннің де карта ойынына құмарлығы бар еді. Оның заманында ойнағандар көп болды, бірақ ақын секілді құмарлыққа салынып, көп ақша тіккендер сирек еді. Ол өзінің құмарлығын ақтап алу үшін: «Ойнамай кеткенше, өлгенім жақсы!» – дейтін. А.Пушкин тіпті «Евгений Онегиннің» шықпай қалған бөлімін ұтылып қалған, бірақ ақынның бақытына орай кешке дейін шығармасын қайта ұтып алған.
Лев Толстой да құмар ойынға жақын еді. Ол өте әділ ойнайтын деседі, қарызын да төлейтін. Бірақ карта ойнауын тоқтата алмайтын деседі. Дегенмен ол толық құрдымға ұшырай қоймаған. Себебі, біріншіден, ол Достоевскийге қарағанда дәулетті еді және бар жиғанын салып жібермейтін, екіншіден, оның әйелінің ықпалы басым болатын және ойыннан уақытында шығарып алатын, үшіншіден, ол жазу үстеліне отырғанда ойынға деген құмарлығы мазаламайтын. Бірде ол өзі туып-өскен ауладағы үйін ұтылып қалады да, жеңіске жеткендер оны бұзып алып, көрші аулаға тасып әкетеді. Ол өмір бойы соны қайта сатып алуды армандайды, дегенмен бұл қолынан келе қоймады.
Сондай-ақ жазушылардан И.Крылов, Н.Некрасов, В.Маяковскийлер де ойыннан кет әрі емес еді. Бұл дерт бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазір жалпыхалықтық сипат алып кетіп, жастарды құртып, шаңырағын шайқалтып жатыр. Осы тұрғыда пайда болған заң да осыған тұсау болады деген үміттеміз.
Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лоторея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Ақорданың ресми хабарламасында: «Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – деп жазылған.
Заң жобасына сүйенсек, енді ел тұрғындарының ойынға тәуелділігін азайту үшін шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Оның ішінде жаңағы құмар ойын ойнауға тиым салынған адамдар санаты белгілі болды. Олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізімінде тұрған азаматтар да қосылған. Ол аз десеңіз жауапты мемлекеттік лауазымдағы, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген және оларға теңестірілген адамдарға да құмар ойын ойнауға және бәс тігуге шектеу қойылды.

А.Әбитұлы 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір