«Қазақ газеттерінің» қос қуанышы
30.05.2025
136
0

«Ана тілі» газетіне – 35 жыл

Ұлт апталығы «Ана тілі» газетінің жа­рық­қа шыққанына биыл 35 жыл. Осыған орай Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында ұлттық баспасөздің қара шаңырағының мерейтойына арналған «Егемендік пен елдіктің еңселі мінбері» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараға Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров, «Қазақ газеттері» ЖШС бас дирек­то­ры, академик Дихан Қамзабекұлы, басылымның алғашқы бас редакторы ақсақал Жарылқап Бейсенбайұлы, «Ана тілі» газетінің 1997–2006 жылдардағы бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, басылымның 2006 жылдың қараша – 2009 жылдың наурыз аралығындағы бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат, газеттің 2009 жылдың наурыз – 2018 жылдың шілде аралығында бас редакторы болған Самат Ибраимның үйіндегі апамыз Сәуле Ысқаққызы, басылымның 2021 – 2023 жылдар аралығындағы бас редакторы Қали Сәрсенбай, Ұлттық кітап­хананың директоры Ғазиза Құдайберген және ұлт басылымының әр жылдардағы орынбасарлары, ардагер журналистер, қоғам қайраткерлері мен тіл мамандары, жазушылар, БАҚ өкілдері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара барысында ҚР Президентінің кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінің мерейтойына арналған құттықтауын оқып берді.
«Егемендіктің елең-алаңында құрыл­ған басылым осы уақыт ішінде төл руханиятымыздың жаршысына айналды. Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы сынды белгілі ғалымдардың бастамасымен ашылған газет ұлт баспасөзіне мүлде жаңа леп әкелді. Алғашқы бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы бастаған журналистер кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл әрі ашық жазған, елдің рухын көтерген газет ұжымы қалың оқырманның зор қолдауына ие болды. Қазірде басылым қызметкерлері алдыңғы буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келеді. Апталық бетінде үздіксіз жарияланып жатқан тіл мен діл, руханият пен мәдениет жөніндегі тұшымды мақалалар соның айқын дәлелі.
Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Озық ойлы оқырмандарыңыз көп болсын! Баршаңызға толағай табыс, бақ-береке тілеймін!» – делінген Президенттің құттықтауында.
Бауыржан Омаров биыл мерейтойы өтіп жатқан «Ұлан» газеті мен «Ақ желкен» және «Мысль» журналдарының ұжымына да Мемлекет басшысының құттықтау­ын табыстады. Сонымен қатар тұңғыш бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлы басшылық еткен кезеңде (1990–1997) жарық көрген мақалалар топтастырылған кітаптың тұсауы кесілді. Жинақтың демеу­шісі – «Атамұра» баспасының басшысы Рақымғали Абрарұлы. ҚР Ұлттық кітапханасы «Ана тілі» газетінің 1990 жылғы бір жылдық шығарылымын қайта түптеп, жинақтаған еді. Кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы аталған жинақты газеттің бас редакторына табыстады. Ұлт басылымының мерейтойында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, «Ana tili» газетінің қоғамдық пікірді қалыптастырудағы және қазақ тілін қолдаудағы маңыздылығын атап өтті. Ж.Түймебаев «Қазақ газеттері» ЖШС қызметкерлерінің көпшілігі университет түлегі екенін зор мақтанышпен айта келіп, серіктестіктің бірқатар журналистерін ҚазҰУ-дың «Farabi» алтын медалімен және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапат­тады. Басылым мерейтойында әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі және Майра Тінәлі «Анамның тілі» әнін орындап, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, күйші Нұркен Әшіров күмбірлете күй шертіп, мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің бишілері өнер көрсетті.
Бұған қоса Ұлттық кітапхана төрінде басылымның тарихынан сыр шертетін шежірелі суреттер топтастырылған көрмелер ұйымдастырылды. Көрмелердің бірі қазақ руханиятының шежіресін объектив арқылы өрнектеген белгілі фототілші, «Ана тілі» газетінің қызметкері Азамат Құсайыновтың «Ұлттық рух және бір сәт» жеке шығармашылығына арналды. Екінші көрме «Ана тілі» газетінің архивіндегі тарихи және құнды суреттерге арналды. Басылымның өткен күндердегі естеліктерінен, ел егемендігінің қалыптасу кезеңдерінен, ұлттық мәдениет пен тілдің дамуынан сыр шертетін суреттер көпшілік назарына ұсынылды. Көрме «Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы кезеңдер және елдің тарихи сәттері», «Ана тілі» газетінің алғашқы нөмірлері мен дамуы», «Қазақтың атақты қайраткерлері мен мәдени тұлғаларының бейнелері» және «Тіл мен ұлттық сана, руханиятқа қатысты тарихи фотосуреттер» тақырыптарын қамтыған. Мұнда «Ана тілі» газетіндегі жарияланымдардың тарихын, мәдени құндылықтар мен ұлттың жадын сақтап қалудағы рөлін көрсететін жәдігерлер топтастырылған. Үшінші көрме «Ана тілі» газетінде қызмет еткен ардагерлердің мақалалары мен шығармашылығына арналған. «Ұлт­тық баспасөздің алтын қорынан» деп аталатын көрмеде газеттің алғашқы жылдарынан бастап, қазіргі күнге дейін еңбек еткен журналистердің, қаламгер қауымның тарихи мәні бар мақалалары мен туындылары ұсынылған.

«Ұлан» газетіне – 95 жыл 

Биыл республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газеті өзінің 95 жылдығын атап өтуде. Ғасырға жуық тарихы бар басылым әр заманда өскелең ұрпақ үшін сүйікті газет қана емес, сырлас дос, ақылшы серік әрі рухани ұстазға айналды. Тырнақалды туындысы «Ұланда» жарияланған талай дарынды жас – бүгінде елімізге танымал журналист, ақын-жазушы, қаламы қарымды қаламгер. Ұлттық кітапхана ғимаратында өткен басылымның мерейтойына арналған салтанатты шара «Ұланда» әр жылдары мақаласы жарияланған және газет редакциясында әр кезеңде қызмет атқарған бірқатар шығармашылық буынның басын біріктірді. Салтанатты шарада сөз сөйлеген «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлы басылымның ұлт тарихындағы рөліне ерекше тоқталды.
«Құрметті «Ұлан» газетінің жанкүйерлері! Бүгінгі той бір басылымның немесе «Қазақ газеттері» серіктестігінің ғана тойы емес, осында отырған баршамызға ортақ мереке. Үлкен классиктерімізден бастап, бүгінгі қазақ әдебиетінің, ой, ақыл-парасат, философия, педагогика, психология секілді түрлі әлеуметтік ғылым салаларының басында жүрген азаматтардың көбі «Ұланның» шекпенінен шыққан. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. 95 жыл, бір қарағанда, үлкен абыз аталарымыздың ғұмыры секілді. Бірақ біздің «Ұлан» бүгінге дейін қаншама қиын кезеңдерді бастан кешірді. 30-жылдары газет шығып жатқан кезде Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялылар түрмеде отырды. Тарихқа көз салсаңыздар, кейін алаштықтар атылды. Қырқыншы жылдар соғыс кезеңі, елуінші жылдар қайтадан аяққа тұруымыз, 60–70-жылдар осында отырған көптеген азаматтарымыздың балалық шағы өткен кезең. Қандай қилы кезеңдер өтсе де, «Ұлан» ұлтпен бірге жасап келе жатыр. Бұл басылым еліміздің бір ғасырлық тарихын шежіреге айналдырған ұлт айнасы», – деді Дихан Қамзабекұлы.
Сондай-ақ мерекелік шара аясында келген қонақтардың назарына бірнеше қызықты көрмелер ұйымдастырылды. Газет тарихынан сыр шертетін «Ұлан» – ұлағатты үнпарақ» фотокөрмесі басылымдағы жарқын сәттер, әр кезеңнің бас редакторлары мен журналистері, жас тілшілердің естеліктерін қамтыған. Ал екінші көрме Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларынан құралған Cristabol командасының робот техникасына арналды. Cristabol командасы жуырда ғана АҚШ-тың Хьюстон қаласында 110 елден 50 мыңнан аса оқушы қатысқан халықаралық First Championship 2025 инженерлік турнирінде 3-орын алған. Балалардан құралған команда бұған дейін де Женева, Сингапур және Афинада өткен First Global халықаралық жарыстарда жеңімпаз болған.
Сонымен қатар мерейтой аясында «Тастүлек» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапат­талды. Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен өткен байқау биыл осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Байқаудың мақсаты – жазушы, баспагер әрі этнограф Зейнолла Сәніктің ізін жалғайтын шығармашалық өкілдерін қалыптастыру, оқушылардың шығармашылығына қолдау көрсетіп, балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газетін насихаттау. Байқаудың ережесі бойынша 7–11 оқушылары шығармашылық жұмыстарын «Ата-апамның әңгімесі», «Жеті қазына», «Біздің үйдегі дәстүр» номинацияларына жолдауы керек. Байқауда «Жеті қазына» номинациясы бойынша Құлахмет Есияр, Жадыра Жарқынбекқызы, Орынбасар Ердәулет жеңімпаз болып танылды. Ал Болат Ахметов, Батыр Рауанұлы, Өмірбек Саят, Ұлжан Накипбекова, Назерке Серікбай секілді оқушылар ынталандыру сыйлығын иеленді. Ал «Ата-апамның әңгімесі» номинациясы бойынша Айзере Мұратқалиева, Альфина Асанджанова, Жаңыл Ауесханқызы жеңімпаз болса, ынталандыру сыйлығын Айбарыс Бекмырза, Райымбек Сағыныш, Карина Болатбек, Қайсағали Ілияс, Айсұлу Кармисовалар иеленді. «Біздің үйдегі дәстүр» номинациясы бойынша Үзілхан Бердімұратова, Айсара Мейрамбекова, Әмина Смағұлқызы топ жарып шықса, Айзат Бақберген, Әбдірахман Қайрат, Күнес Меруерт, Қуанышбай Ақарыс, Нұрғали Нұрайым ынталандыру сыйлығына ие болды. Жеңімпаз оқушылар арнайы ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ шара барысында Жұбанов мектеп-интернатының, Абай атындағы мектептің, №143 мектеп-лицейдің және №58 мектеп оқушылары өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір