Дара тұлға Нұрғиса Тілендиевке 100 жыл
2025 жылдың 19 ақпанында Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Халық шығармашылығы орталығы және Н.Тілендиев мемориалды музейінің ұйымдастыруымен Қонаев қалалық мәдениет үйінде композитор, дирижер, күйші, Қазақстанның халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Біріккен Ұлттар ұйымынының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мамандандырылған мекемесі (ЮНЕСКО) биылғы жылды «Н.Тілендиев жылы» деп жариялағаны оның әлемдік маңызын айғақтайды. Бұл шараның басты мақсаты – қазақ музыкасының асыл қазынасы болған ұлы тұлғаның шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның өнерін ұлықтау болып табылады.
Нұрғиса Атабайұлы – қазақ музыкасының ұлы тұлғасы, өз өнерімен ұлттық мәдениеттің терең тамырларын жаңғыртып, оны жаңа деңгейге көтерген композитор, дирижер және орындаушы. Ол қазақтың сал-серілік дәстүрінің соңғы тұяғы ретінде, өзінің шығармашылығында ұлттық болмыс пен кәсіби өнерді үйлестіре білді. Өз заманының идеологиялық қысымдарының үрдістеріне қарамастан, Нұрғиса ұлттық музыкамыздың нағыз сақшысы, оны бұрмаламай, өзгертпей, заман ағымымен үндестірген.
Оның шығармашылығы – әрдайым терең ой мен шабыттың жемісі. Ол өз туындыларында суырыпсалмалық дәстүрді негіз етіп, көргенді күйттеп, естігенді жаттап алатын және қасаң оркестрлік құрылымнан аулақ болды. Қайта, Нұрғиса музыкаға еркіндік пен шексіз шығармашылық қуатын енгізіп, ұлттық өнердің кең ауқымын ашты. Оның әр шығармасы – қазақтың рухани тереңдігі мен шабытты еркіндігін бойына сіңірген, тыңдаушыға ерекше әсер ететін туынды болып табылады.
Н.Тілендиев – дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген композитор. Оның шығармашылығы қазақтың музыкалық мәдениетінің алтын қорына қосылған орасан зор мұра болып қалды. Ол өзінің рухани еркіндігін сақтап, ұлттық өнердің асыл қазынасын жаңаша, заманауи деңгейде ұсынды. Сондықтан да майталман шебердің ұрпақтарға қалдырған рухани мұрасы мәңгілік жасай беретіні сөзсіз.
Салтанатты кешті «Алтынай» Мемлекеттік халық биі ансамблі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі өз өнерлерімен ашты. Олар сахнада қазақтың дәстүрлі әні мен биін, Н.Тілендиевтің күмбірлеген күйлерін орындады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Дінзухра Тілендиева және басқа да танымал тұлғалар қатысып, кештің қадірлі қонағы болды.
Кеш барысында елімізге танымал өнер жұлдыздары, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Мадина Сәдуақасова, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мирас пен Құралай, Гүлнұр Оразымбетова өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар елімізге белгілі актерлер Ерлан Біләл, Еділ Рамазан және Ақбота Рахат театрландырылған үзінділер көрсетті. Бұл кештің мәнін арттырып, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Кештің әрбір өнерпазы Нұрғиса атамыздың рухын асқақтатып, «сегіз қырлы, бір сырлы» күй алыбының жан-жақтылығын, тереңдігін ерекше сездірді.
Ұйымдастырылған іс-шара өз деңгейінде өтіп, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Халықтың ілтипатына бөленген кеш Н.Тілендиевтің өнеріне деген құрметті тағы бір рет паш етіп, оның қазақ өнеріндегі орнының қаншалықты жоғары екенін айқындады. Осылайша, даңқты тұлғаның мерейлі мерейтойы қазақ музыкасының тарихында маңызды сәт болып, оның шығармашылығы насихатталды.
Концерт аясында Алматы қаласы әкімінің арнайы қаулысымен 2014 жылдың 16 мамырында Халықаралық музейлер күніне орай ашылған Н.Тілендиевтің мемориалды музей-көрмесі ұйымдастырды. Бұл көрмеге композитордың жеке заттары мен жылжымалы фотосуреттері қойылып, оның шығармашылық әлеміне терең бойлауға мүмкіндік берді.
Кештің ең маңызды қонағының бірі – Н.Тілендиевтің қызы, дарынды дирижер Д.Тілендиеваның қатысуы болды. Ол «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері ретінде әкесінің бай музыкалық мұрасын жаңаша өрнектеп, оның өнерінің мәңгілік құндылығын дәлелдеп келеді. Дінзухра әке жолын абыроймен жалғастырып қана қоймай, оның шығармашылығын келешек ұрпаққа аманаттау жауапкершілігін терең сезінетінін байқаймыз. Бұл сәт ұлы композитордың өнері уақыт өтсе де өшпейтінін тағы бір рет айқын көрсетті.
Н.Тілендиевтің музыкасы – қазақ халқының рухани жүрегінен тамыр тартқан мәңгілік мұра. Оның әрбір шығармасы – терең мағынаға толы шедевр, уақыт пен кеңістіктен биік тұрған өнер туындысы десек қателеспейміз. «Аққу» күйінің қанат қаққан әуені тыңдаушысын еркіндіктің самалына жетелесе, «Құстар әні» өмірге деген сүйіспеншілік пен үмітті шертеді, ал «Махамбет» оркестрлік поэмасы еркіндік үшін күрескен рухтың символына айналды. Бұл мерейтойлық кеш оның өшпес өнерін тағы бір мәрте ұлықтап, қазақ мәдениетінде алар орнын айқын көрсетті.
Назерке ҚҰМАРҒАЛИВА
өнертану магистрі