ЕЙ, САПАРЛАС, МЫНАУ СЫРЛЫ ҒАЛАМДЫ ҰҚ
26.05.2025
48
0

Көбен Асқарұлы – ақын, жазушы, зерт­теуші. 1938 жылы қараша айында ҚХР, Алтай қаласында дүниеге келген. Шынжаң университеті химия факультетінің түлегі. «Жыр — махаббат», «Алқа», «Ер кешуі», «Ұрпаққа қалған ұлағат», «Шолпан», «Шәріпхан», «Бүркітбай» ат­ты кітаптардың авторы. ҚХР мемлекет­тік Жазушылар одағының, Шынжаң Жазушылар одағының, Шынжаң Фольклор қоғамының мүшесі.
2000 жылы ҚХР, Шынжаң «Дүлділ әдебиет — көркемөнер» сыйлығын, 2011, 2015 жылдары екі рет Қазақ – Қырғыз «Дүлділ әдебиет» сыйлығын алған. Қазақ­станда өткен бірнеше жыр мүшәйралардың жүлдегері.
Көбен Асқарұлы – драматург, тарихшы, Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ҚХР-дың халық жазушысы Асқар Татанайұлының ұлы.
Ақынның бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Көбен Асқарұлы

Киесісің, осы жердің пірісің

Атамекен! Өзің мекен болғалы,
Қанша дұшпан саған ойран салмады.
Ұлы Отанның бір бөлшегін айырып,
Жалмауыздар жалмап кете жаздады.

Сонда кімдер қорғап еді бұл жерді.
Қорғап кет­ті деп танимын кімдерді?
Батырларым, қиыпсың-ау, жаныңды
Бірақ сенен қалмағаны-ай бір белгі.

Боздақтарым, қайда қаның құйылды,
Қай жылғадан саған орын бұйырды?
Қорғап жүріп қай шет, қай бір қиырды,
Шыбын жаның қыршынынан қиылды?

Таба алмаймын, таба алмаймын іздесем,
Бірақ барсың, жүздесем де, тілдесем.
«Туған жерді қорғаңдар» деп ұрандап,
Қарсы алдымнан кез­десесің күнде сен.

Мұнарланған ұлы таулар – ата шың,
Сен мекендеп соның жақпар тасасын.
Сағымдардың арасында бұлдырап,
Соған қарай шауып бара жатасың.

Осы өлкеде батыр да сен, ер де сен,
Қанжүрегім қақ айырылар сен десем.
Туған жерді қорғамасаң, сүймесең,
Қыршын жанды құрбандыққа бермес ең.

Сен қалайда туған жерде ұлысың!
Киесісің, осы жердің пірісің!
Тарихтың қанды күрес жылының,
Құламасқа тігіп кеткен туысың!

* * *
Сүйемін мен дала әнін, дауыл әнін,
Бостандықтың көтерер ол ұранын.
Тарихына қанменен даңқ жазған,
Ата-баба рухына шомыламын.

Сүйемін мен тауымды көк орайлы,
Сүйгендіктен жыр жазам дала жайлы.
Сүйемін мен жым-жырт
түн, тыныштықта,
Күркіреген от күнді найзағайлы.

Сүйемін мен жайнаған жазын соның,
Мен – бірімін, сол жерді сағынса кім.
Ұшпа бұлт­тар үстінде қыранға ұқсап,
Жүр шарықтап әлемін жаным соның.

Бұлт

Кейбіреулер мекенсіз деп сынайды,
Расында, оның көші тынбайды.
Одан мәңгі арылмайды мұң-қайғы,
Бұлт жырласа, жылап тұрып жырлайды.

Оның неге ашылмаған қабағы?
Жақындаса мынау жерге жаралы,
Адамдарға ашулы ма, тағдырға?
Жылап келіп, жылап кетіп барады.

Жанып жатқан ормандарға төгіліп,
Күйіп жатқан шөлді көріп егіліп.
Жас бұлаған жалын атып жанары,
Қайыса ма қабырғасы сөгіліп?!

Адамдар-ай, жұмыр жерді бөліскен,
Бөле жүріп, келіскен де тебіскен.
Бөле жүріп келешегін ұмытып,
Жәбірлеген жер ананы, өліскен …

…Жерді айналып бұлт­тар көшіп барады,
Жазам дей ме, адам салған жараны.
Ал адамдар бұлт­тарды ойласа,
«Мекенсіз» деп жабады оған жаланы.

Бұлт­тар-ай, безіп жүріп мекенінен,
Жерді сүйіп бұлт болып кетер ме ең!
Бар мейірін жұмыр жерге қалдырып,
Жұмыр жердің бар қайғысын көтерген.

* * *
Бұл дүние жаралыпты сен үшін,
(Құрту емес, гүлдендіру борышың).
Болғанымен бәрі саған тәуелді,
Құрт құртады деген сөздің тегі шын.

«Құрт» деп оны бабам бекер қоймаған,
Құрт­ты – «құрт» деп атағалы қай заман.
Сол кезінде осы жұмсақ ыңғыру,
Ұңғи-ұңғи құртады деп ойлаған.

Табиғат­ты гүлдендіру керек пе,
Өзгерту ме? Демігің бас желөкпе!
Сырын білмей гулегенің не керек,
Арадайын түсіп алған көнекке.

Ей, сапарлас, мынау сырлы ғаламды ұқ,
Адамзатқа жолдас емес надандық.
Дүниені жасартатын, сені де,
Тек құдірет – ғылым, еңбек, адалдық.

Ал тағдырдың адамзат­тан ойы ары,
Тас төбеңде оның әмір таяғы.
Дүниеде астым деген мықтының,
Бір жаманға күнін салып қояды.
Бұл не деген таңғажайып іс еді,
Пілдің-дағы тышқанға ісі түседі.
Темір торда жолбарыстар ширықса,
Батырлардың салдырлайды кісені.

Арыстан, кит секілденген сан алып,
Жер бетінен бара жатыр жоғалып.
Дүниенің ең әлсізін құрт десек,
Барлығын да бітіреді сол алып.

Әлділердің көп көргенмен тәсірін,
Әлсіздердің құдіреті жасырын.
Асау дауыл қарағайды мерт еткен,
Боз көдеге жоғалтады асылын.

Біреуінсіз біреуінің жоқ күні,
Біреуімен біреуінің шоқтығы.
Бірі күні біреуіне салулы,
Дап-дайын тұр достығы да,
қастығы.

Уа, Жер-ана, сен аман бол түбінде,
Тікенің де, үлбіреген гүлің де.
Сөз бергенде заңдылыққа білімге,
Біреуінің тіршілігі бірінде.

* * *
Албырт көңіл сан-саққа алып ұшқан,
Жаралғанмен адамдар сағынштан.
Бақ таласар өмірге келгеннен соң,
Бір-бірімен кейде дос,
кейде дұшпан.

Адамдардың жүрегі – от­ты жүрек,
От­ты жүрек махаббат, кекті білед.
Өмір – майдан,
Майданда дес алғанның,
Ептілігі басқадан жетігірек.

Шынтуайт­қа келгенде, бетпе-бетке,
Бетпе-бетке жігер мен от керек де.
Жеңгені хан, жеңілген қарақшыны,
Өткелектен өткізіп өткелекке.

Бас алдырмай, дес бермей қуып жүріп,
Қуып жүріп мұқатар, туын жығып.
Бірінен-бірі асып ақырында,
Қатарынан шығады суырылып.
Бірі мінсіз боп тұрғанмен қарамаққа,
Өмір деген итеріп салады отқа.
Бірін-бірі жүргенмен жақын тартып,
Өлтіріп те кетеді, жаралап та.

Өмір деген майданға араласқан,
Талай адам дерт тауып жағаластан.
Өзгенікін «өзімнің» деп айтым деп,
Ел-жұртын да ойрандап қара басқан.

* * *
Өтіпті өкінішпен Қайран жастық,
Беріпті, оны да екі айналмас қып.
Тағдырдың насырынан жасыл түсіп,
Табымды ақыл,
тартымды ойдан «Қаштық».

Уа, муза – жыр тәңірі қаштық сенен,
Қуғын көріп, қоштасып жастықпенен.
Оралып қайта өзіне соғам десем,
Бұл тағдыр айырылмайды тас қып менен.

Кетсе де қайран жастық, жырақ менен,
Үзбеймін үмітімді бірақ сенен.
Өзіңнен жыр тәңірі – сұлу муза,
Аспанның ақ жаңбырын сұрап келем.

Оралмас өтіп болды өтер көктем,
Әуремен оны қуып жетем деп мен.
Сар жайлау, сары жұрт­тың қозғап күйін,
Сары күздің жаңбырын бер, нөсерлеткен.

Махаббат

Махаббат деген пәктік пе екен,
бақ па екен?
Махаббатсыз, жалпақ дүние жат мекен.
Іздедім оны, Ай болса қалай бат­ты екен?
Көк болса толқып, қайсы бір ойда
жат­ты екен?!

Махаббат деген тікен бе екен,
гүл ме екен?
Сұлулықтың сыңары ма екен, бір ме екен?
Мен оны күтіп сарылып таңды атырсам,
Ол мені іздеп, сарғайып күтіп
жүр ме екен?

Жап-жаңа өткен ұрланып қарап өзіме,
Махаббат деген қыздардың қара көзі ме?
Қалтықсыз айт­қан әзілі ме еді құрбының,
Сұлулықтың, сыңары ма, әлде өзі ме?!

Балаға деген талабы кескін, қатал-ақ,
Әкемнің маған ашуы ма еді махаббат?
Алтайда жатқан сағынышы ма еді
анамның,
Тәңірге мені тапсырып еді тапалап.

Махаббат сені жүргенде таппай мен
іздеп,
Екеуіміз бірге өмірге келген егіз бе ек?
Жүрегін жарып мен туған
шақта анамның,
Мейірімінен жаралдың ба екен теңіз боп?!

Махаббат, сені іздеймін,
жалғыз сұраймын,
Қашан мен саған қалаулың
болып, ұнаймын?
Он сегіз мың ғаламды тақсыз жаратып,
Жалғыздыққа жаралыпты өзі Құдайдың.

Бұлақ жыры

Мөлдіреген тамшысы бұлақтың – мен,
Мөлдірімді төменге құлат­тым мен.
Табиғат тамырына қан боп кіріп,
Көрік беріп әлемге ұнаппын мен.

Бағым басқа болғанмен, қайғым басқа,
Аға, келе қан мен тер, толдым жасқа.
Күліп шығып, мұң менен ашу жиып,
Бет түзедім екінші қайырылмасқа.

Мен кет­ті деп қайғырып жыламаңыз,
Шыққан жерім ұлы тау, құлама құз.
Алтын таудан аққан деп кәусар бұлақ,
Халқымның жүрегінде туады аңыз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір