ӨНЕ БОЙЫМДЫ ӨЛЕҢДЕЙ МЫНАУ, АҚТАРДЫМ…
13.11.2023
542
0

Қызылорда облысының 85 жылдық мерейтойына орай, Алматы қаласында Сырдың жас ақындарының поэзия күндері өтті. Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен, облыстық мәдениет және спорт басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен әдеби шара үш күнге созылды. Жазушылар одағының Әдебиетшілер залында жыр көшінің қорытынды кеші өтіп, бір топ қызылордалық ақын халықты поэзиялық туындыларымен тәнті етті. Сыр шайырларының сөзіне жазылған әндер орындалып, жиналған қауым ерекше күйге бөленді. Осы кеште оқылған өлеңдерді топтастырып, ұсынып отырмыз. 

Асылзат
АРЫСТАНБЕК

Бесінші маусым

Төрт-ақ маусым,
төрт мезгіл,
төрт құбыла…
Талайына пенденің
шақ ғұмыр, ә?!
Бір маусымнан көшкенше бір маусымға
Басыңнан да көшеді бақ құбыла.

Бақ көшеді, қонады қайда барып?..
Ақын отыр аларып, Айға налып.
Құлагер-қаламына мініп алып,
Қалыңдық іздеп кетті бойдақ әріп.

Аспанда алақанын жайған Ай-ды,
Алайда ол да бізді ойламайды.
Қаламын жетектеген әріп-ақын
Қағаздың аппақ тәнін аймалайды.

Тағдырдың тісін санап кетілмеген,
Келеді ақын тобыр, нөпірменен.
Екі ғасыр өмірге бұрын келіп,
Еліне жаны ашиды жетілмеген.

Ес – бүтін, ақыл – аман, сана – сергек,
Өмір өзі жүзіңе салады өрнек.
Бесінші бір маусымды күтіп ақын,
Бейітінің басында қала бермек.

Қыс өтер көрпелері құрақтанып,
Көктем келер көзінен шуақ тамып.
Жаз бен Күз, сонан кейін тұрады ылғи,
Тағы да бір маусым бар сияқтанып.

Төрт маусым жол тартады кезеңдерге,
Тағдырдың талқысына төзер мен бе?
Беу, ақын, бұ жақта емес, бақи жақта
Бесінші маусым барын сезем мен де.

 

Назгүл
БЕРДІҚОЖА

* * *
Өзгеге байлап өзімді
Өрісте
жағам жыртылды.
Күмілжіп
айтып сөзімді
Қызыл да тілім қырқылды.

Қағынан безген құландай
Жайрадық қанша жұтап кеп….
Қазақтың тілі – Құрандай,
Көктен бір түскен кітап боп.

Бүр жарып балғын бұтағым
Қосамын тілек тілекке.
Киелі киіз кітабым…
Күйдіріп басам жүрекке.

Оралып келсең өткенді
Өнеге сөзді талдайсың.
Тіліңмен байлап кеткенді
Тісіңмен шеше алмайсың.
Ақынмын мен де… Топқа сал…
Бұқардай бұрқап жырлайтын.
Анамның тілін жоқтасам,
Абылай бар ма тыңдайтын!


Толқын ҚАБЫЛША

Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та –
мәңгі емес,
Атақ та, даңқ та,
аярлық барда –
алдамшы.
Өткіздім жылдар, өткеріп келем сан белес,
Арқама тимей ар қамшы.

Самалы таңның, саумалы
жырдың – жұтқаным,
Құлқынның құлын,
сатқынның сырын ұқпадым.
Таңсәрідегі Тәңірдей құштым әлемді,
Жақсының туын жықпадым.

Отанды сүйдім, опасыз ойдан сақтандым,
Өмірді сүйдім, өртене жаздап, шақ қалдым.
Өзімдей көрдім, өзімдей сендім талайға,
Өне бойымды өлеңдей мынау, ақтардым.
Күңкілдеп күлген күншілдің өзін ақтадым,
Күдіктен ада бойтұмар болды таққаным.
Күнгей іздедім көлеңке достың өзінен,
Кінәсіз дедім, сақтадым.

Болмыспен осы бақ пенен сорды құшақтап,
Жалғанға сендім, арманға сендім түсі аппақ.
Адамның бәрі алғаусыз болса дедім мен,
Айналам түгел кеткен сәттерде ұсақтап.

Байлық та, бақ та, тұғыр да,
тақ та – баянсыз,
Атақ та, даңқ та алдайды кейде аяусыз.
Сағынып кешкен жылдардың самаласындай,
Көңілім ғана,
Көңілім менің – қаяусыз…
* * *
– Сені кейде грек сұлуларына
ұқсатам деді ол.
– Сен кейде сондай жұмбақсың! –
деді және біреу.
– Ақындар, сендер осы өлеңде
өліп-өшіп ғашық боласыңдар, иә?! –
деді әлдекім.

Білемін, кейде, болмысым көпке кереғар,
Тағдырым анық, түсіне алмайды мені олар.
Афродитадай Гефестті сүйген от болып,
Кеудемде ыстық жебе бар.

Афинадағы аңыздай жұмбақ есімі,
Ақынның жаны –
Тағдырдың қилы шешімі.
Гомерлер сүйген «Иллиада» сынды дастаны,
Ғұмырым менің – От пенен Судың кесімі!

Зевс те ұқпас, Ахиллес мәңгі құша алмас,
Мендегі сезім –
Тәңірдей тылсым, күш, алмаз.
Жер менен Көктің арасын кезген құдірет,
Тәнті еткен мені күш алғаш.
Қос қанатымен әлемді құшқан талайлар
Дәл мендей биік ұша алмас!

Сұлу да деме,
Мифтегі мүсін – кейіпкер,
Ұғынғың келсе, жанымды бір сәт сүйіп көр!
Нәркестеу мынау жанардың төзсең отына
Асқақтау мендік болмысты мына иіп көр!
Мендегі мұңның ұғына алмайсың киесін,
Дейсің бе маған
Өртеніп неге сүйесің?!
Алапат жанын алқаракөкке ұсынған
Мендегі тылсым күй – осы.
Адалдығымның, ғазал жырымның жердегі
Бір өлең – жалғыз иесі!

 


Мөлдір
АЙТБАЙ

Қонақ үй

Ең әуелі тоғыз айға
анаң – үй.
Ең соңында мәңгілікке
молаң – үй.
Ортасында –
пәтерлер мен
өз үйің…
Анда-санда тұрақ болар қонақ үй.

Маңдайымның бір тармағы жетелеп,
Қонақ үйге тұрақтадым, не керек?!
Қабырғаға жан бітсе егер бір күні,
Менен асқан ақын болып кетер ед (і).
Оң жағыма екі жас кеп түнеді,
Ақ сезімді аямады еш біреуі.
Түніменен ләззат үшін от кешті,
Таң атқанда танымасын біледі.

Сол жағыма келді ана бөпелі,
Бірақ жары көрінбеді некелі.
Ұйықтаған соң бар бақыты – сәбиі,
Қабырғаға ұрып шықты шекені.

Келесі күн көрдім келген отбасын…
Қыдырып кеп, бұрған шығар ат басын.
Жанжалдасты ұйықтамастан сол түні,
Қашап шықты махаббаттың көк тасын.

Көке келді кешкі тоғыз жарымда,
Он сегізден енді асқан қыз жанында.
Солқылдатып қабырғаны түнімен,
Таңға жуық басып кетті қорылға.

Әже келді, қолында – ауыр сөмкесі.
Аруанадай жүк көтерген өркеші.
Күн шыққанша өксіді де мейірімсіз,
Келініне қайта кетті ертесі.

Менің бөлмем – сәл жұмбақтау, өмірсіз.
Бақытты адам қоныстанса, неге үнсіз?
Мен сүйетін жалғыздық пен үнсіздік,
Кейбіреуге көрінеді көңілсіз…

Ақ парақпен сүртіп өмір батпағын,
Ессіз қалам есе берді шатпағын.
Қайдан білсін,
Ертең ұрпақ айқайлап,
Оқитын жыр үнсіз туып жатқанын!

Менің күйім

Әлсізбен де тіресіп, мықтымен де,
Орға түссем, шыға алдым ытқып өрге.
Бір жұмақты аңсайды елдің бәрі,
Оны ешкім көрмеген, тіпті мен де.
Сыбыр сыңсып сыртымнан, ішімнен де,
Дейді маған: «Жырыңды ұсын елге».
Маңдайында бес елі өлеңі бар,
Ең бақытсыз адам – мен түсінгенге.

Көзім – күлкі, көңілдің жанары – мұң,
Кәрілікті шақырып балалығым…
Аңғал елге арымды жоқтай алмай,
Ақымақ та етеді даналығым.

Қажығанда жетпейтін үнемдіктен,
Ырзығымды әр таңнан түгел күткем.
Қорқақтығым қайтарған кері мені,
Батырлығым апараған мың ерліктен.

Мейлі, әр түн от болып жансын денем,
Жүрмін тірі – абыз боп жан сүлдемен.
Сүйгеніме бір ауыз сөз айта алмай,
Ақындығым адыра қалсын дегем.

Біреулерге ақынмын – теңдесі жоқ,
Біреулерге пақырмын – теңгесі жоқ.
Жұртты жазып жырыммен сырқатынан,
Өзім жатам қансырап: «Емдеші», – деп.

Мазарымен жер беті – өлік мекен,
Ажарыммен әлемді көрікті етем.
Жаратқанға жүрекпен сыйынып ап,
Сайтаныма санаммен еріп кетем.
Бақытым да, жаныма жақпай қайғым,
Жанарыма тұманы қаптайды ойдың.
Мың бір сері болса да сырттай ғашық,
Жүрегі бар бір жігіт таппай қойдым.

Жайбарақат, жан тағат табар емес,
Есігімді тағы кеп, қағар елес.
Жүрегі бар жігіттің бәрі ғашық…
Алайда маған емес!

Шаттық
Қыстаубай

Досқа сыр

Қалай жағдай, алтындай жаным, досым?
Бірқалыпты шығар-ау халің, досым.
Баспалдақтан тұратын мына өмір,
Қайта баста, жаңадан бәрін досым.

Сыр білдіртпе сабырлық орын алып,
Сенің алда ең биік жолың анық.
Мықтылығың ұнайды, құласаң да,
Тік тұратын, өзіңді қолыңа алып.

Талант деген тұнып тұр тал бойыңда,
Бүгін саған ашылып арнайын ән.
Сынақ деген – сен үшін күрес, жеңу,
Көрініп тұр, жарқырап маңдайыңнан.

Шыдамдылық – өмірге керек ұғым,
Бұл құрбыңның өзіңе тілегі мың.
Жыр жазады білесің, жанын беріп,
Бәрін беріп, болмаса жүрегінің.

Сағынышты бұл жырым, саған деген,
Биік досым мен үшін бағаң деген.
Айтпасамда алдыңда қарсы отырып,
Жүрек жарды жыр жаздым қаламменен.

Аппақ қар

Қар жауып тұр, мендегі аппақ көңілдей,
Әрдайым досқа жүрегін кең ақтарып,
Аппақ қарлар жерге қарай төгілмей
Жүрегіме кұйып жатыр ақ мамық,
Тал бойыма бақ дарып.

Аппақ қарлар – менің аппақ пейілім,
Жанарымда жылулық пен мейірім.
Шешіп оңай әр ісімнің түйінін,
Шүкір Алла, маған берер сыйың мың.
Шынайылық бейнесімен өлшенген,
Бар өзімнің биігім.
Аппақ қарлар – сұлулығым, ол менің,
Аққу қанат секілденген көлдегі.
Көңіліне қаяу түссе кей жанның,
Күлімдеген көз жанарым емдеді
Ең үлкен күш мендегі.

Жырларыма шабыт берді жазар шын,
Ал ақындық алға шығып, сөз алсын.
Аппақ қардай аппақ болып жуылып,
Жердің беті арамдықтан тазарсын.

Аппақ қарлар – ақ моншақтар шашылған,
Жақсы көрем бала күнгі жасымнан.
Жауып жатқан әр тамшысы мөлдіреп,
Бетімді өбіп, сипап жатыр басымнан.

Аппақ қарлар – асқақ менің арманым,
Сол арманмен көкке алыс самғадым.
Әр ісімді кұрметпенен, сыйменен,
Жақындарым әрқашанда қолдады.

Аппақ қарлар, мен таңдаған жол аппақ,
Алға қойған ақ арманым, талап, бақ.
Аппақ болған өнегелі өмірмен
Бакытты адам, тек шуағын таратпақ.
Жан-жағымыз арамдықтан жуылып,
Шүкір Алла, адалдықтың таңы атпақ.

Айдар
САЙЛАУОВ

Күлше нан

Ауылға,
Батыр боп таңын
атырған шыдар,
Жарқырап сонда от ұлдан шынар.
Күлше пісіріп анам тағы да,
Отынын бұтап отырған шығар.

Күлшедей жанды суреттеп бақшы,
Күлшелі бала – сүймекке жақсы.
«Күлше наным» деп атайды бізде
Ұлтымның тілін сөйлеткен асты.

Қалада бұным күнә болған ба?
Ауылда басқа шұға қонғанда…
Жеті үйге ыстық нан таратамын,
Аптаның күні жұма болғанда.

«Сәлем бердіктен» жалықпай жағым,
«Ас болсын» деп мен халыққа айтамын.
Жеті үйдің қымбат батасыменен
«Қабыл болсынын» алып қайтамын.

Ойлы едім. Атам ерке еткенімен,
Үлгі алдым ана үрпек демінен.
Сауапқа байып қалушы едім,
Шешемнің жеті шелпектерімен.

Құлдилап жардың ұшындағы арман,
Бұл – өмір дейтін құсым ба, қарғам?..
Балалығым әлі ішімде жатыр,
Тоқал ошақтың тұсында қалған.

Ауыл деп тағы ежекте, тілім,
Өмір ғой мынау – кезек келетін.
Бейсенбі сайын бауырларым да
Шелпек нан үшін тезек теретін.

Болса да мұнда қауымдап адам…
Жауында қалам, дауылда қалам.
Амандық үшін күлше пісірген
Аман жүр ме екен
ауылдағы анам?..
Күлшенің, ойға түйші, берері –
Ұлтыңды мәңгі сүйші дегені.
Шелпек пісіріп жатыр-ау шешем,
Мұрныма елдің исі келеді.

Биболат
СӘТЖАН

Ойханадағы әңгіме

Бұл өлеңнің
Қарапайым ырғағы –
Жүрегімнің
Баяу соғып тұрғаны.
Қаперіне алмаса да басқалар,
Тек ырғақта болмаса да жыр мәні,
Бұл – өлеңнің қарапайым ырғағы.

Мін іздесең,
Табу оңай, мінсіз кім?!
Мән іздесең, мәнсіз күнім – жырсыз күн.
Сен айтарың жоқ болған соң көпірдің,
Мен айтарым көп болған соң үнсізбін.

Есім түзу, тым ақылды емеспін,
Айтпайды ғой ақымақпын деп ешкім.
Сен де мендей жалғыздықтың мұңысың,
Мен де сендей бір-ақ сәттік елеспін.

Бар еді ғой бәрімізге тең өлшем,
Бірақ маған жат көріндің неден сен?
Мұңыңды айтшы, мұңдасуға лайығым,
Шыныңды айтшы,
жылайсың ба мен өлсем?..

Сырып тастап перделерін қайғының,
Сырласайық, сырым ғана – байлығым!
Байқар дейсің тек біз білген жайды кім,
Айтар дейсің тек бізде бар ойды кім?

Сыртымыздан айтылса да көп кесім,
Бұл ойымнан бар ма басқа нақ шешім?
Сырымыз жат, мұңымыз жат боп жүріп,
Бостан босқа өмір өтіп кетпесін.

Аружан
ОРАЛБАЙ

* * *
Сақ-сақ күлген
жек көріп
сағатты әр күн,
Ақ қағазға шерімді сан ақтардым.
Ал сонан соң…
Сонан соң құлағымда –
Жанайқайы жыртылған парақтардың.

Жапырағын жанымның қырау басқан…
Түнерді әлем беймезгіл, түн аумастан.
Көшіп келген бұлттардың көңілі бос,
Жұбата алмай, қосылып жылауда аспан.

Көңілімнің аша алмай не түндігін,
Мен отырмын, жанымда жетім мұңым.
Көзімді ілсем – Қорымдар… Адасам кеп.
Өліарада қап қойған секілдімін.

Мына тырсыл ұзамай тынады анық.
Мынау аспан шыққанша күн ағарып
Менің жаным секілді өздігінен
Жұбана алса жақсы ғой, жылап алып.

Жұбана алса жақсы ғой, жұбана алса,
Жылай берді-ау, бұлттарда кінә қанша?
Тәңір жазған… аспаннан қара жерге
Тамшылардың ғұмыры – құлағанша.

Қанық шығар мендегі сырға түн-ақ,
Бұлттар көшті, көз жасын құрғатып ап.
Жалғыз қайың басында, тағдырласым –
Үзіле алмай тұр әлі бір жапырақ.

Жеткенімше сөндірме шырағыңды, үй.
Мең-зең қылып жіберді мына бір күй.
Әр түсімде әлдекім бейіт жақтан
Құлпытасын көтеріп шығады ылғи.
Өзім шығармын…

* * *
Ішім – қамау, шаршадым, сырт та – қамау,
Өлең өшті…
Ал хаттар…
Жыртпағам-ау.
Түйдек-түйдек қалдырып көңілге мұң,
Көшіп кетіп барады бұлттар анау.

Күрең күздің күрсініп шығар демі,
Есеңгіреп, еске сап тұр әрнені.
Сол бұлттарға өтініш айтар болсам,
Сенің барып, төбеңе жылар ма еді?

Жылуы жоқ, барады жат боп қала,
Көңілсіз бір орнаған сәт, баққа да.
Төбеңе кеп төгілген жүрегімнің
Тамшыларын кетпеші таптап қана.
Ол – мендік жас, түн куә, жан көрмеген,
Ол – мендік жай, бейшара хәл меңдеген.
Алақанды жай-дағы, аспанға тос,
Жан жараңды жууға жәрдем берем.
Естеліктің әлі жүр есте дені,
Еш қаламай жалғаннан ештеңені…
Менің соқыр сезімім жылап жатыр,
Сенің керең күйіңді кешпегелі…
Ал жүрегім…
Жүрегім не істер еді?..

 

Ақжол
ТҮМЕНБАЙ

Сенің жаныңда…

Сенің жаныңда
ұмытқым келеді
барлығын.
Ойлағым келеді,
Қарындастарымның тағдырын.
Ойнағым келеді махаббат.
Ойнағым келеді, Тәңірім.
 
Сенің жаныңда құлағым келеді биіктен,
Жылағым келеді күйіктен.
Сұрағым келеді сансыз сұрақтың
жауабын
Қатты құшақтап, иіскеп.
 
Айтқым келеді, өмір сүрудің қыр-сырын,
Тағдыр-тәлейдің қырсығын.
Тыңдағым келеді, басымды қойып кеудеңе,
Жан дүниеңнің дүрсілін.
 
Бұралаң, бәрі – бұралаң
Жалғыз қалғанда, Құдайдан сені сұрағам,
Жалғыз жалғанда Ұмайдан сені сұрағам.
Сен екенсің ғой – түпсіз тұңғиық
түнекте
Жап-жарық болған бір адам.
 
Жап-жарық болған періштем,
Жазмышымның балы мен уын тең ішкем.
Аспан мен жерді, ай менен күнді бөліскем.
Жұлдыз жүрегің ағып түскенше сүйемін,
Көзімнен үміт тамып түскенше сүйемін,
Құдаймен солай келіскем.

Ұлықбек ТӘҢІРБЕРГЕНОВ

* * *
Алға қарай
талпындым,
Сан жығылдым,
сан тұрдым.
Қиял құсы жеткізбей,
Аласұрдым, алқындым.

Сағым қудым, сандалдым,
Барлығына таңғалдым.
Жүйрік жылдар уақытты
Ұрлағанын аңғардым.

Төніп келсе түндей мұң
Үміт шоғын үрлеймін.
Өмір-сапар жолда әлі
Не күтерін білмеймін.

Жан дүнием, жайнашы,
Бал күндерді ойлашы.
Жүректегі тұмарым,
Үмітіңді жоймашы.
Қаншама рет сынса да,
Көңіліңнің айнасы.
Келіншегіммен аттас қыз
Сүюге сезім бет бұрсын,
«Аға!» деп ару шеп құрсын.
Жоғалтып алған кешегі,
Он сегізім боп кеп тұрсың.

Сұлуға дәйім жақтаспыз,
Не зиян одан таппақпыз?
Жарқырап туған ай ма едің,
Келіншегіммен аттас қыз?..

Махаббат – жұмбақ аралдай,
Жүреміз жолын таба алмай.
Келмейсің, бірақ тербейсің
Жанымды кешкі самалдай.

Алыстау жеңіл желіктен,
Жанымды менің еріткен…
Оралтып алып өткенге,
Қол бұлғап қалдың неліктен?

 

Мақсат
ДАУЫЛБАЙ

* * *
Тап келдің мынау қағынды кезге,
Безбендей берген бағыңды көзге
Бездірген шығар безбүйрек тірлік,
Ерте өлдің, қасқа Табылды жезде…

Ерте өлдің!.. Қасқа Қазағың қалды,
Қазақ деп өткен азабың бар-ды…
Құдай-ау, неге мұнарды алып,
Қалдырдың бізге таза мұндарды?!.

Ерте өлдің!.. Қасқа гитараң қалды –
Төрден түйреген қитабандарды…
Бір саз келеді Иіндөрдегі,
Ескерткішіңді сипағанда әлгі…

Ерте өлдің!.. Қасқа жанапам қалды,
Күйретсем бе екен қаратауларды?..
Сен кеттің, төрге ұмсынды бәрі,
Ысқылай беріп алақандарды…

Ерте өлдің!.. Қасқа Алматы қалды,
Есенғалидың бар даты қалды.
Сахнадан күнде көретін болдық,
Сайқалсаздардың солдатын әлгі…

Түс болып бәрі, мен тұрып алсам,
Фариза менен сен тірі болсаң…
Марту басқанның зәресін алып,
Әбішке қарай жөнкіле барсаң!..

Оянып кетші, ұйқыбас жездем,
Жалғанның мынау құлпын аш сөзбен!
Прокат тірлік, сұрқай сұмдық
Шоршып қашсыншы күйкі, лас, көзден!..

Жабығып, жанып, жарылмау үшін,
Өзіңдей болып жалындау үшін
Гитара тартып үйренгім кеп жүр,
Сенің әніңді орындау үшін…
(Темекі тартып үйренгім кеп жүр,
Сен батқан мұңға малынбау үшін!..)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір