Күздің мынау реңсіз аспанындай…
30.11.2023
516
0

Шаяхмет АЛЖАМБАЕВ

Анамның таба наны

Дүрр құлпырған сай-сала шілде кіре,
Не жетеді жаз жайлау күндеріне?
Жатушы едік төрінде киіз үйдің,
Ашып тастап түңлікті, іргені де.

Қыстан әзер шыққан мал тоңып, арып,
Семіретін жайлауда қоңын алып.
Біз келгенде үш ай жаз демалысқа,
Әкеміздің қалатын қолы ұзарып.

Жүрегімен ойлайтын бала қамын,
Ұқпап­пыз-ау, ол кез­де Ана жанын.
Дастарханға бәйек боп қоятұғын,
Жаңа піскен, ып-ыстық таба нанын.

Ып-ыстық нан, сары май дәмің қандай,
Жез самаурын ішуші ек шайын балдай.
Ал содан соң, доп қуып көк майсада,
Ойнаушы едік ешнәрсе уайым болмай.

Көңілдердің базарын гүл-гүл ет­тік,
Осылайша шадыман күлдік,өстік.
Өт­ті өмірден анамыз, әкеміз де,
Қарс айырып кеудені бір-бір өксік.

Мені ешқашан көрмеген өкпелетіп,
Қос ағам да өмірден кеткен өтіп.
Алматылық боп кет­тім менің өзім,
Анда-санда жыр жазам төкпелетіп.

Жадымда ғой балдәурен шағым әлі,
Жайлау бардым, қу көңіл сағынады.
Ақшоқы тұр, Нарын тұр қарағайлы
Көзіме ыстық көрінді бәрі, бәрі.

Бәрі де тұр тек қана Нарындағы,
Киіз үйлер көзіме шалынбады.
Құлағыма таныс жел сыбыр ет­ті,
Өткеніңнің дегендей сағым бәрі.

Бесін де өтіп, мезгілге екінді еніп,
Біз де өмірдің келеміз көшінде еріп.
Дөңгеленді қызыл күн қыр үстінде,
Таба наны анамның секілденіп.

О, Жаратқан, мен де бір өмір-кітап…

Албырт шақ өмір жолын таңдағанда,
Жетеледі ақ қанат арман алға.
Арпалыстым тіршілік майданында,
Ақиқат­тың жолы ауыр әр заманда!

«Періштемін!» деп айтсам, нанба бұған,
(Бірақ тағы белгісіз бар ма күнәм.)
Кез­дерді ойлап жастықта шалыс басқан,
Жаратқанға тәу етіп, жалбарынам!

Бәрі әу баста жазулы-ау, пешенемде,
Шықтым аман қатерден неше жерде.
Қанағатпын қара су, қара нанға,
Тек пендеге тәуелді ете көрме!

Тек пендеге тәуелді ете көрме!
Ісің түссе, шіренер «көкелер» де.
Қақпайландым сан мәрте сыбағамнан,
Жүрмесем де бөтен жер, бөтен елде.

Сәт­тілік пен сәтсіздік мол әлемде,
Адамдықты қашан да қоям өрге.
О, Жаратқан, мен де бір өмір-кітап,
Ал әзірге нүктемді қоя көрме!

Сол бір той…

(Ж-ге)

Оңаша ойға батып мен,
Шығарман сол бір тойды естен.
Көңілге шуақ шашып сен,
Жарқ ет­тің қызыл көйлекпен.

Жарқ ет­тің, қызыл көйлекпен,
Құлпырған бейне қызыл гүл.
Ортаға шықтың жайнап сен,
Алаулап жанған жүзің нұр.

От­ты ұшқын ойнап көзіңде,
Шалқыған тұрдың күйге еніп.
Мас болып шәрбат сезімге,
Биледік біздер, биледік.

Сыр толқын қалай іркілмек?
Жыр етем сені, ән етем.
Кеудемде қалды бір сурет,
Қып-қызыл Әлем… және Сен!

Мен жүрмін «ұлы ақындар» арасында

Көріп жүрміз ақынның кәрі, жасын,
Құлақ салсаң, сөзіне бәрі «ұлы ақын».
Лепірген шалқымасын тыңдап тұрсаң,
Көпірген қызыл сөзден жалығасың.

Алкеуде кішіктікті ұғына ма?
Шетінен бірі – от ақын, бірі – дана,
«Мен, мен!», – деп жар салады даңғазалар,
Тек үнсіз жатыр тыңдап ұлы дала.

Өлең деп, әр жайды бір сөз етеді.
(Әркімнің ішінде ғой өз есебі.)
Жеңұшынан әккілер сыбайласса,
Жібек емес, бәрібір бөз өтеді.

Шама-шарқы, әліне қарасын ба?
Бәрі де ұлылыққа таласуда.
Зар болып, жақсы жырға жаным шөлдеп.
Мен жүрмін «ұлы ақындар» арасында.

* * *
Қуаныңдар, өмірге сәби келді!
«Дүниеге келген сәбидің іңгәлағаны –
өмірдің гимні!»

Түсті ана толғақ қысып, әлекке бір,
(Босану – әйелге азап әдет­те бұл.)
Келгенін бұл дүниеге паш еткендей,
«Шыр-р-р» еткен үні естілді нәрестенің.

Маңайды баурады үні іңгәлаған,
Әлемді тербегендей бір ғажап ән.
Нәресте «гимніңді» шырқап жатыр,
Тыңда ана, тыңда әкесі, тыңда ғалам!

Бүрісіп кіндік шеше уысында,
Әнеки, алды алғашқы тынысын да.
Өмірге қуаныңдар, сәби келді!
Сұрама түрін, түсін, жынысын да.

Патшадай қарсы алыңдар, сәби келді!
Іңгәлап, тағы бір жан фәниге енді.
Шат­тыққа шаңырағым бөленді деп,
Той жасар ата-анасы әрине, енді.

Гүл етіп алаңдаған көңілдерді,
Жарық күнге тағы бір өмір келді.
Қиналғанын ұмытып асыл ана,
Сәбиіне шуақ боп төгілді енді.

«Шүкір», – деп, ұрпақ жайдық өсіп-өніп,
Туғандар атап жатыр бәсірелік.
Ал сәби ештеңемен шаруасы жоқ,
Ақ төсін анасының жатыр еміп.

Пенделерге таңғалам жылап өткен

Өмірімнің әр жарық таңы атқанда,
Қуанамын, шүкір деп Жаратқанға.
Місе тұтпай базарын тіршіліктің,
Таңғаламын түнерген қабақтарға.

Жайнаған күн, жайнаған мына көктем,
Байлық бар ма, жаным-ау, бұдан өткен?
Дүниеге бір тоймай бұл жалғаннан,
Пенделерге таңғалам жылап өткен.

Жоқшылықта тағдырға ашынбағын,
Тоқшылықта тайраңдап, тасынбағын.
Жаз артынан ұмытпа күз келерін,
Сағыныш боп сарғаяр жасыл бағың.

Тұрар дейсің басыңда тұрақтап не?
Күйрей беру жөн емес сынаққа әсте.
Күнің жетіп, дәм-тұзың таусылғанда,
Қалар бәрі жайына бір-ақ сәт­те.

Жайнаған күн, жайнаған мына көктем,
Бақыт бар ма, жаным-ау, бұдан өткен!
Күйбеңімен жүргенде қу тірліктің,
Өте шығар дүние бұлаң еткен.

Тырналар
қайт­қанда

Денені түршіктіріп, сыз деміне,
Жаз өтіп, келіп қапты-ау, күз де, міне.
Тыраулап аспанға алқа жасап ұшқан,
Көз тігем тырналардың тізбегіне.

Ұзын көштен аумайды-ау, керуені,
Қиқуынан қимас ән төгіледі.
Сапар шегіп, алысқа барады олар,
Алып-ұшып көктемде келіп еді.

Асқар-асқар таулардан асып әрі,
Алыс айдын көлдерге асығады.
Қоштасқандай қол бұлғап қанат­тары,
Мені мұңды ойларға батырады.
Шат­тық нұры жанымды құшып төккен,
Сонау-сонау есіме түсіп көктем.
Келді бір сәт жастық шақ елес болып,
Жыл құсындай қол бұлғап, ұшып кеткен.

Жауқазындай құлпыртқан сезім гүлін,
Жастық жалын аңсамас өмірді кім?
Күздің мынау реңсіз аспанындай,
Құлазиды-ау, шау тартқан көңіл бүгін.

Сағыныштың қалдырған әнін маған,
Хош, тырналар, қимайды сағым далам.
Қатыгездің сақтасын оқтарынан,
Жылы жаққа жетіңдер бәрің де аман.

Зымыраумен күн мен түн жарысуда.
Бір-бірімен жыл, мезгіл ауысуда.
Хош тырналар, Жаратқан жазсын бізге,
Келер көктем аман-сау қауышуға!

Ұмытпайық ауылды, ұмытпайық!

«Әлемдік өркениетке қадам бассақ та, шалғайдағы ауылдардың кейбірі айлап, жылдап электр жарығына зар болып отыр»
(Газет­терден)

Сабантойлар өтетін дүркіреген,
Бір кез­де ауыл өмірі шын түлеген.
Тіршілігі қайнаған сол шақтарды,
Еске жиі аламын күрсіне мен.

Қалай ғана болмайын бүгін алаң,
Батпайды деп ойлама мұңы маған.
Неменеге жетісіп, мәз боламыз?
Ауылдардың болса егер күні қараң!

Көңілімнің түйткілін шертші жырым,
Ауылды айтсам, жаным да дерт­ті бүгін.
Бойыңа тіршіліктің берер нәрін,
Ауылда ғой берекең, төрт түлігің.

Бата берген ауылдан ат­танарда.
Ақсақалдар үміті ақталар ма?
Ұмытпайық ауылды, ұмытпайық,
Өркендемес ауылсыз астанаң да.

Бәзбіреулер құптасын, құптамасын,
Ысыласың, ауылда ұшталасың.
Тау өзені секілді екпіні бар,
Арынды ғой ауылдан шыққан ақын!

Жүдеу тірлік бүгінде күйін кешкен,
Көп ауылдың жағдайы қиын неткен!
Көксесек те қаланы көркейтуді,
Шығармалық ауылдың мұңын естен!

Үлесіне жемқорлар аран ашты,
(Әкімқара, демеңдер жала жапты.)
Ей, басшылар салынбай ашкөздікке,
Елге бөлген жемеңдер қаражат­ты!

Тірлік кешкен ауылда азабы мол,
Бәрінен қиындықтың табады жол.
«Кім олар?» – десең айтам, –
жатың емес,
Ауылда өмір сүрген қазағың – ол!

Жайлауымен қашан да көңілді елім.
(Жайлаусыз қазаққа
өмір – өмір ме бұл?)
Қаланы бұл ауылдан бөлем десең,
Ежелгі дәстүріңнен бөлінгенің!

Адам төзбес байқайды азабын кім?
Ауыл, кетіп тұрғаны-ай, ажарыңның!
Қалай ғана көтермен мәселеңді?
Ауыл жайы – жайы ғой Қазағымның!

Мейлі біреу сөзімді қате десін,
Ойланыңдар ауылдың жат емесін.
Сөзбұйдаға салумен ертең емес,
Дәл бүгін шешу керек мәселесін!

Ауыр оймен текке емес күрсінуім,
Ойсыздарды қамшыла,
сілкі жырым!
Көркейеді елім деп айта алмаймын,
Көркейтпесек, ауылдың тіршілігін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір