БЕКЗАТ БІТІМДІ АКТЕР
«Ол халқының кумиріне айналды»
Шаңдыкөлдің тұңғиық аспанына көз талдыра қарап, іңкәр сезім, ұшқыр қиялмен пейіштен төгілгендей жарық сәулелерді көктей өтіп, сонау ғарыш тереңіне қарай самғай ұшқан сол балаң армандарым жүрегімде тұнып тұр, мөлдіреп.
(Н.Есімғалиев, «Шаңдыкөл аспаны»,
«Бабамұра — М» баспасы,
Алматы, 2018 жыл).
Орыс телевизиясында бұрыннан келе жатқан озық дәстүр бар. Кино тарихы, кино, театр актерлері туралы хабарларды жүйелі беріп тұрады. Ел есінде қалған үздік фильмдердің қалай түсірілгені жөнінде қызықты мағлұматтар аламыз. Кешелі-бүгінгі талантты актерлердің өмірбаянымен танысамыз. Ешкімді ұмыт қалдырмайды. Еш нәрсені бүгіп қалмайды, шыжғырып шындықты айтады. Қуғын-сүргінге ұшыраған немесе кинодан әдейі шеттетілген, кешегі тоқсаныншы жылдардың қиыншылығында мемлекетке, киноға да керексіз болып қалып, аштықтан ескірген тонын сатып, қоқыстан шиша жиып, сатып, нан алып жеген, жоқшылықтан өлген белгілі актерлердің тағдыры айтылады. Кәсіби шеберліктері, өзіндік жолы, келбеті туралы да жан-жақты талданады. Ойланасың, тағлым түйесің.
Оларда өнерге, киноға қатысты қаншама басылымдар, қаншама кітаптар бар!
Мойындау керек, тәуелсіздіктен кейін тегеурінді жас буын өкілдері көріне бастағанмен, казақ кинотануы бұрынғысынша тым кенжелеу қалып жатыр. Басқасын былай қойғанда, кино өнерінің іргетасын қаласқан алыптар туралы мынадай-мынадай іргелі еңбектер бар деп айта алмай, тосыласың. Олардан бергі киноға лек-легімен келген ұрпақтар жалғастығы, дараланған тұлғалар туралы зерттеулер көзге шалынбайды.
Ал, енді қарайық. Осы күнге дейін Нұрлыбай Есімғалиев туралы не айтылды? Белгілі киносыншы Гүлнара Әбікеева 2010 жылы «Территория кино» журналына жариялаған мақаласында, өткен ғасырымыздың 70–80-жылдарында танымал болған кино актерлерді атай келіп, олардың ішінде Нұрлыбай Есімғалиев те бар, «халқының кумиріне айналды» деп жазды. Әділ баға. Күлбілтесіз шынайы пікір. Өкініштісі сол, сондағы жалпылама аталып өткен дарындар шоғыры туралы мардымды зерттеулерді еш жерден таба алмайсыз.
Көрермен біледі, Оралхан Бөкейдің повесі желісімен түсірілген Дәмір Манабайдың «Сайтан көпір» фильмі әлі күнге дейін теледидардан көрсетіліп тұрады. Осындағы Аспан образы Мәскеуден ВГИК-ті жаңа бітіріп келген жас Нұрлыбайдың актерлік шеберлігін, ішкі әлеуетін танытқан айрықша рөл еді. Түрлі драмалық, трагедиялық жағдайларды бастан кешетін кейіпкердің жан дүниесін қапысыз ашты. Тіпті атақты актер Ыдырыс Ноғайбаевпен бәсекеге түсірген осы рөлі оның жарқын болашағына кепілдік беріп еді.
Бәрі адамның ойлағанындай бола бермейді. Сол 1986-жылы Американың атақты әншісі, режиссері Дин Ридтің кино сынынан сүрінбей өтіп, үндістің рөліне Нұрлыбай бекітіліп («Жалғыз қасқыр»), Голливудқа ұшатын билет те алынып қойылған… Әттең, кенеттен Дин Рид қазаға ұшырады.
Кино солай. Дәмелендіреді, күттіреді. Ақыр аяғында, міне-міне, қол жеткізгелі тұрған еншіңді ала алмай, әлдебір кездейсоқ жағдайдың құрбаны болуың кәдік.
Әйтеуір, биік талғам барда бірегей талант назардан тыс қалмайтыны рас. Қанымбек Қасымбековтің «Қызыл отау» фильміндегі комиссар Айдосовтан бастап, осы режиссердің кешегі «Жамбылдың жастық шағы» фильміндегі Сүйінбай образына дейінгі жолда Нұрлыбай Есімғалиевтің кинодағы айшықты ізі жатыр. Киноға байланған бүкіл өмір жолы жатыр. Өрлеген кезі де, өкінішті сәттері де бар. Бастапқы ойымызға тағы да қайырылсақ, тұлғалы актердің кинодағы жолы, шеберлік қыры зерттеліп, зерделенуі, әділ бағалануы қажет-ақ. Біздің қаламға жүгінуіміздің де бір себебі – осы.
Әлбетте, заманға өкпе жүрмейді. Кешегі құндылықтардың бәсі түсіп, мәні жоғалмаса да бейне бір көнеріп, көмескі тартқандай болуы – көзден кетсе көңілден кетедіге саяды. Ақпараттар тасқынына көмілген жас ұрпақтың танымын өзгертіп, талғамын түзеу – оңай іс емес. Олардың кумирі – бүгінгі геройлар, кешегілерді танымай қалуы, айып та емес. Миллиондарды дуалап алғандай көзсіз табындырып, таң қылып, еліртіп, есінен айырған, ән дискілері киелі кітаптардан артық басылған «Битлзді» қазір кім біледі, кім тыңдайды?.. Ән тарихын зерттеп жүргендер, талғамды әнқұмарлар болмаса, қалың көрермен санасында, бәлкім, аты ғана еміс-еміс сақталған-дүр. Көктөбенің басындағы «Битлздің» ескерткішін көргенде, жұртшылық әйтеуір қызық үшін суретке түсіп жатады.
Бүгінгі көрермен сұранысы теле-киносериалдарға қарай ауып тұр. Бұл ретте де Нұрлыбай ағаның уақыт ағымынан қалмай, сүбелі образдар жасап жүргені (басты рөлдер: «Дүрдараз ғашықтар» – бизнесмен, «Қанатсыз құстар» – әке т.б.) – көңілге медет. Кинода үлкен, кіші рөл болмайды деген ұғым бар. Дарынды актер қайсыбір рөлдің де маңызын арттырып, дәрежесін көтеріп әкетпек.
Тегеурінді талант, шоқтықты тұлға деп көтермелей айтып жатсақ, ол әшейін қолпаш сөз ғана емес, тегінде, Нұрлыбай Есімғалиев – өнер және ұлт мәселелеріне бей-жай қарай алмайтын, осы бағыттағы қай-қайсы іске де қызуқандылықпен белсене араласатын қоғам қайраткері, кемел пайымды көшелі азамат екенін баса айтқымыз келеді. Табиғатынан көпшіл, қауымшыл. Анау бір аласапыран заманда актерлер құқығын қорғауға күш салды, біраз шаруалар атқарды, күні кешеге дейін кино қорын түгендеп, жүйелеуге атсалысты. Ол баспасөз беттерінде қоғамдық санаға ой салар мақалаларын үзбей жариялап тұрады.
Киноның кәсібилік деңгейін көтеру мақсатында тікелей Республика басшысы Д.Қонаевтың ұсынысымен, Ш.Аймановтың ұйымдастыруымен Мәскеуге арнайы жіберілген тұңғыш қазақстандық актерлер сапында Бүкілодақтық кинематографистер институтын (ВГИК) бітіріп, білім алып келді. Білімін тәжірибеде шыңдады. Актер өмір бойы білім қууы, үйренуі, ізденуі керек. Біз білетін Нұрекең осы ұстанымнан айнымайды. Жан-жақты терең білім мен іс жүзінде шыңдалған тәжірибе оны парасат биігіне шығарды. Қалам қарымын танытқан «Шаңдыкөл аспаны» кітабы – осы сөзімізге толық дәлел. Өмірбаян желісімен жазылған кітап автордың жан дүниесінің тазалығын, өмірге құштар, өнерге іңкәр болмысын, ешқашан төменшіктеп қалмаған өр намысы мен ізгілік биігінен қарайтын асқақ арманын паш етеді.
Жан-жағыңа жақсылық шуағын шашыратып жүргенге не жетеді?! «Күліп қарағанның өзі – садақа» демекші, мүбада, жанарынан мейірім төгіліп тұратын, жарқын жүзді жайсаң ағаның жан сырына үңіліп көрсек…
Актерлер гильдиясы. Алмағайып кезең
…Тағы бір кездесу өтті. Елге танымал бір актрисамыздың (атын айтпай-ақ қояйын) сауық кешін келісті қылып өткізіп (бұл кезде өз бизнесіміздің жағдайы түзеліп келе жатыр еді), қарауыл жігітке бәрін тиянақтап тапсырып, ертеңге дейін деп тарастық. Таңмен Артур (қарауыл бала) звондайды үйге: «Нұрлыбай аға! Мен кинозалда ұйықтап қалыппын. Кафеміздің терезесінде трактордың ізі жатыр, темір құрсауын тростьпен тартып жұлып алып, көп нәрсені қолды қылып, ішіне от тастапты», – деп қарап тұр.
Бұл енді 1995 жылдың көктемі еді… Ешкімге айтқаным жоқ. Түк болмағандай жүре бердім. Адам баласынан мүсіркеу күтпедім. Ішім қыз-қыз қайнап жатты. Өзім іштей кімнің жаулығы екенін біліп, болжап жүретінмін. Жылдар өткенде көбі жазаларын алды ғой. Менен емес, әрине, Алланың көзі бар ғой, өзі біледі де… («Шаңдыкөл аспаны»)
Қанша жерден кино үшін шырылдап, пәруанадай отқа түскенмен, сонау тоқсаныншы жылдардың алмағайып кезеңінде киногерлердің жан айқайы жаңғырық құрлы қайтадан қаңқ еткен дыбыс шығара алмай, қабырғаға бір соғып, кеңістікке қаңғып жоғалатын-ды. Теріс баққан түрлі топтардың, киностудияға, одаққа басшы болып келгендердің қателіктерін бетке басып айтудан, тығырықтан шығарар тура жол сілтеуден тартынған да, тайсалған да емес. Амал не, нәтиже – нөл. Кино үйінің жартысы кәсіпкерлердің қолына өтті, «Қазақфильмнің» көліктері, түрлі құнды дүние-мүкамалы су тегін бағаға сатылды, киноқор базасын біреу жекешелендіріп алды, балаларға арналған демалыс үйін тағы біреу иемденді… Жанына қаттырақ батқаны – адамның, актердің құнсызданғаны. Голливудтың, Болливудтың деңгейіне жетпесе де, қазақ актерінің еңбегі өз дәрежесінде лайықты бағалануға тиіс қой-ау! Олардың талап-тілегіне кім құлақ салады, мұң-мұқтажын кім тыңдайды?!
Бірақ өліара кезең ешкімді аяған жоқ, басқалар секілді актерлер де бір мұрсатта керексіз болып қалды.
Оларға заңдық тұрғыда қорған болу, жиі-жиі басын қосып, талап-тілектерін тиісті орындарға жеткізу, түрлі мерекелік салтанат, жиын, форум, фестивальдар өткізу үшін актерлер гильдиясын құруды ойға алып, көп қажыр жұмсаумен ол ойын жүзеге асырған еді. Алматы қаласының сол кездегі әкімі Заманбек Нұрқаділов бұлардың өтінішін жерге тастамай, бір кинотеатрды берген. Мәскеудегі белгілі актер Евгений Ильич Жариков сынды бірқатар білікті азаматтардың жанашыр достығымен, ақыл-кеңесімен ұйымның жұмысын жолға қойып, алғашқы іс-шараларын іске асыра бастағаннан-ақ, көлденең тосқауылдар килікті. Оның бәрін айта берсе, ұзақ хикая!.. 1991 жылы Шымкентте Қазақстан, Орталық Азия және Әзербайжан кино актерлерінің аймақтық кинофестивалын он күн қатарынан дүрілдетіп өткізгенде, бұдан былай алдынан даңғыл жол ашылғандай көрінгені де рас. Қазір ойлайды, өзінің де албырттығы, асығыстығы бар шығар, ең басты кедергі – қатарлас әріптестері, жалпы киногерлер қауымы ертең-ақ өз мүдделеріне жұмыс істейтін ортақ іске ықылассыз болып шықты. Оның сыртында мен неге болмаймын деген өпірем көкірек, көреалмаушылық, қызғаныш деген бар…
Ойлайды, табиғатында актер – жалғыз жортқан аш қасқыр. Жеке, дара жүргенді қалайды. Оған тобырдың, үйірдің қажеті жоқ. Мұңын тек аспандағы айға (бәлкім, Тәңірге) шағып, ұзақ-ұзақ ұлып алады да әрі қарай жележортып кете барады. Арып-ашып, аштан бұратылған сәтте аузына іліккен бір кесек ет болса да қылғытып жұтып, қанағат табады. Айларға, жылдарға созылған үзілістен кейін бір рөлге жетсе, соны айналшықтап, алданып, басқа дүниені ұмытып кететін актердің өмірі қасқырдың жортуылына ұқсайды. Ау, дегенмен қасқыр екеш қасқырдың да қажетінде қауымдасып, топ құрап, жемтігін бірлесе торуылдайтыны бар емес пе еді? Актер ше?! Жоқ, олардың басын қосып, ортақ мүддеге ұйытып, алға түскен арландай алшаңдай басып, жорыққа бастай жөнелу мүмкін емес екен. Әрқайсысы – бөлек әлем, саяқтанған, оқшауланған осынау қауымды бір үйге қамап, бір мақсатқа жұмылдыру, мүлде икемге келмейтінге ұқсайды. Әлде, дамыған елдерде оларды ұжымдастырып, жұдырықтай жұмылдырудың әлдеқандай тәсілі бар ма екен? Әй, қайдам, оған да сенбейді. Әлемнің басқа бір қиырында актерлер қолдары қалт еткенде алқа-қотан жиылып, бір табақтан ас ішіп, бір шәйнектен шай ішіп, арқа-жарқа кеңінен кеңес құрып отырады дегенді бәрібір қисынға жыға алмайды.
«Қазақстан кәсіпқой актерлер гильдиясы» деген аты дардай ұйым құрғанда, бұл іске үлкен жүрекпен келгені – ақиқат. Бар білігін, жастық қайратын сарп етуге бейіл қызу басталған әрекеті адыр аспай арынын тежеп, баяулап, бәсеңсіп, ақыры асау арманы қозданып барып күлге айналған шоқтай сөніп тынды. Бәрі елеусіз қалды ғой, әне!.. Ештеңе болмаған сияқты, ұйқы жоқ, күлкі жоқ, жанұшыра жанталасқан күндер сағымға айналды. Қазіргі бас көтеріп жатқан кино төңірегіндегі түрлі ұйымдардың да әлеуетін, пәрменін байқаған емес. Кино туралы әділ заңның өзі қолға тимеді. Аққу, шортан, шаянның тірлігі, баяғы…
Бір ауыз жылы сөз…
Осы жылдары кезекті іссапарда жолым түсіп, Өскемен қаласына бардық. Облыстың сол кездегі басшысы өте бір алғыр, жұмысқа берілген азамат Бердібек Сапарбаев еді. Қабылдауында болып, барған шаруамызды аяқтап шыққанымызда, адамдар фойеге жиналып қалған екен. Солардың бірі мені әңгімеге тартып, шүйіркелесіп қалдық.
– Ой, сізді жақсы танимыз. Сіздің ойнаған Аспаныңызды біздің өлке ұмытпайды, актерлік шеберлігіңізді жоғары бағалайды.
– Жарайды, жарайды, – деп жатырмын.
– Сіз «Халық артисі» атағын қай жылы алып едіңіз, аға? – дейді.
– Ой, айналайын, маған әлі берген жоқ қой, – десем, аңтарылып қарайды маған.
– Ол уақыттың еншісіндегі нәрсе ғой, – деймін.
– Жоқ, аға, олай емес, Алматыға барған соң басшыңыздан біздің әкімге, марапаттау бөліміне өтініш хат түсіртіңіз. Содан кейін «біз өлкеміздің геройын сомдады» деп, барлығын өзіміз реттейміз, – деді. Ішім жылып қалды («Шаңдыкөл аспаны»).
Мәңгі бітпестей көрінген өтпелі кезең қиыншылықтарын ойласа, жүрегі ауыра бастайды. Үйреніскен бұрынғы кеңестік құрылымнан буалдырлы капитализмге өтіп жатқан замандағы дағдарған елім-селім елдің, қапыда бағдардан жаңылған кейбір жора-жолдастың қасіретті жайы еске түссе, тереңде қамалып жатқан жан жарасы сыздайды. «Қауымыңмен бірге сынаймын» деген Құдай сөзі екен. Сол сынақты көзі көрді. Нанын тауып жеді ғой, қарны тоқ, киімі бүтін болды, жеке адам түгілі мемлекеттің өзі тоқырауға ұшыраған қиын кезеңде де, Құдай берген дарынына сенім, кәсіби мамандығына сұраныс болғанына шүкірлік етеді.
1995 жылы қырғыз әріптестермен бірлікте «Катарсис» киностудиясы түсіруді қолға алған «Боранды бекет» фильміне шақырылды. Әр тұста жылт-жылт етіп көрініп өтетін қатардағы рөлдің бірі. Алайда актерде әу бастан таңдау жоқ және кинода қалпақпен ұрып алатындай кішкентай образ деген ұғым болмайды. Кәсіби машығыңды, табиғи дарыныңды бар қуатымен сарқып салмасаң, сол кішкентай образ да өз дәрежесінде сомдалмайды. Кейін фильмді көріп шыққан Шыңғыс Айтматов қоюшы режиссер Бақыт Қарағұловқа бұрылып: «Бір мүлт кеткен жерің, басты рөлге мына артисті алуың керек еді», – деп Еділбай – Нұрлыбайды нұсқапты.
Көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтен ертеректе алынған бейнесұхбаттың бір үзігін интернеттен көріп қалғаны бар еді. Ол әңгімесін әдемі әдіптей келіп, «Адамға керегі – бір ауыз жылы сөз ғой» деп күлімсірей тұжырады. Рас-ау. Анау заңғар Шыңғыстың өзі кейде әдейі ескерілмей, кейде түрлі себептермен еленбей де қалатын талант қуатын сұңғылалықпен аңғарып, сондай пікір айтыпты дегенді естігенде, жанарында еріксіз жас толқыған-ды. Көңілінде сүйініш, һәм күйініш сезімі қатар қабындаған.
1996 жылы Қанымбек Қасымбековтың «Жамбылдың жастық шағы» фильмінің директоры болды әрі Сүйінбайдың рөлінде ойнады. Фильм түсіріліп бітті. Тұсаукесер жасалды. Көрсетілімге келген ресми адамдардың да қарасы көп еді. Кенет алдыңғы қатардағы алып денелі бір кісі орнынан оқыс көтеріліп, Нұрлыбайға қарай құшақ жая ұмтылып: «Ой, қарағым, айналайын, сен менің бабамды асқақтатып ойнадың ғой!» – дейді еміреніп. Сұлтанғали Садырбаев екен.
Актердің ең жоғарғы марапаты – көрерменнің ыстық ықыласы және нағыз кәсіби маманның аузынан шыққан бір ауыз әділ сын.
1986 жылы белгілі режиссер, сценарист Болат Мансұров Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» хикаятының желісімен киносценарий жазып, Дәмір Манабайға ұсынғанда: «Нұрлыбайды қалдырма!» – деп ескертіпті. Оның бұл игі ниетінде тамыр-таныстық емес, талантты тап басып тану жатқан еді. Киносынақтан мүлтіксіз өтіп, басты рөлге бекітілген сәтте, кейін фильм экранға шыққанда да сол сөзін еске алып, үлкен жүректі режиссердің үмітін ақтағанына қуанған. Ол келесі жылы «Сұлтан Бейбарыс» фильміне шақырғанда басқа жобадан қолы босамай, классикалық картинаға қатыса алмай қалғанына әлі күнге дейін өкінеді.
«Кездеспей кеткен бір бейнедегі» Нұрлыбай сомдаған Мырзагелдінің қарны қабақтай, беті табақтай, табақ толы етті көсіп асап, езуінен майы сорғалаған томырық байдың келбетінде емес, елдің жайын ойлаған көзі ашық, көкірегі ояу зиялы, көреген болыс образында көрінуі – сол замандағы коммунистік идеологияға онша сыйымды болмаса да қазақтың тектілік табиғатын танытқан өрнекті ойын, тіпті өзіндік ерлік екен, қазір бағамдаса. Жазушы, драматург Сәкен Жүнісов сонда қанаттандыра мадақтап: «Бәлі, Нұрлан, сен анау қырғыздың мықтысы Советбек Жұмаділовті мысыңмен басып тастадың ғой, әй!» – дегені бар еді.
«Адамға керегі – бір ауыз жылы сөз». Тұмағаң дұрыс айтыпты.
Күтумен өткен өмір
Өзіңді сақадай сай ұстап,
ылғи да күте беру – үлкен қиямет.
(«Шаңдыкөл аспаны»).
Кино қуғанға жеткізбейді, қашқанды құтқармайды.
Өз өмірімен бірге алуан мінезді, алуан тағдырлы кейіпкерлер өмірін қоса сүретін актердің маңдайдағы жазуы – шимай-шатпақ, шытырман, дәл бүгін дәурені жүріп, даңқы асып бара жатса да ертеңгі күнге ешқандай кепілдігі жоқ, алысты болжамақ түгілі иек астындағы жақын болашақты анық бажайлай алмайды. Қалың тұман басып қалғандай қапалы кездерде соның бәрін әп-сәтте жел көтеріп әкеткендей көңіл көгінде жарқырап күн шыға келетіні тағы бар ғой. Бақ та – тосыннан, сор да – аяқ астында.
Кейбір жағдайларды кездейсоқтық деуге келмейді. Бәлкім, орайымен сәтін салатын киноның киесі шығар.
1989 жылы Кинематографистер одағы мен Актерлер гильдиясының шаруаларымен Мәскеуде бір конференцияға бара қалып, сол жерде бурят режиссері Барас Халзановты жолықтырды. Ол бірден жата кеп жабысып, Свердлов киностудиясында өзі түсіргелі жүрген «Нет чужой земли» фильміндегі Доржи Банзаровтың рөліне кино сынақтан өтуді ұсынды. Сценариймен танысты. Кейіпкер – еуропалық үлгіде жоғары білім алған, бурят халқынан шыққан тұңғыш ғалым, Императорлық орыс географиялық қоғамының Сібір бөлімінің корреспондент-мүшесі болған ориенталист кісі екен. Монғолтану бойынша бірқатар еңбектер жазған. Оқиға 1839 жылы каторгіге айдалып барған декабристер – ағайынды Бестужевтермен арада өрбиді. Ағартушылық жұмыстар жүргізген ағайындылардың бірі Николай ақыры селенгі жерінде қалып қояды… Келісім берді, кино сынағынан өтті, бекітті, фильмге түсті. Екі сериялы фильм желісінің ұзына бойында емес, қайсыбір тұсында көрінетін кейіпкерінің образын үлкен жауапкершілікпен, жоғары шабытпен сомдап шықты. Енді ол бейнесі сондай да бір бурят ғалымы болған екен ғой деген ой түйгізіп, көрермен назарында мәңгі қалды!..
Иә, Нұрлыбай Есімғалиевтің шынайылық, өрелі өнер үдесінде сомдаған қадау-қадау тарихи тұлғалар образынан бүгінгі һәм ертеңгі көрермен адамдық ажар, сұңғыла ақылмандық, әрі-беріден кейін танымдық мән түйетіні – ғанибет. Олай болатыны, кейіпкерге көшетін асыл қасиеттердің бәрі бекзат бітімді актердің өз бойында бар ғой. Ең бастысы – оған біткен алапат қуат, асау сезім, адуын ынтызарлық!..
Күтумен өтетін өмір ғой, бұл. Жалпы адамзат баласы бүкіл ғұмырын бір нәрсені күтумен өткізеді десек, солардың көбі нені күтетінін өзі де білмеуі мүмкін. Актер не күтетінін біледі.
Жаз өтіп, жомарт күз келді, міне. Нұрағаң да бір жақсылықты аңсай күтіп жүр. Көп ұзамай сол жақсылық келгей деген тілектеміз.
Болат ЖЕТЕКБАЙ