ХАЛҚЫМ ДЕГЕН ҚЫРЫМБЕК
– Менің атымды неге Қырымбек қойдыңдар?
– Қырымда демалып едік сол жылы.
–Дубайда демалмағандарыңа шүкір…
Бұл – Қырымбек пен әкесі Елеудің арасында болған әңгіме.
Қырымбектің әкесі Елеу елжандылығымен ел ауызына ілінген тұлға болыпты. Қызыл саясат күйіп тұрған Кеңес заманының өзінде Қармақшы ауданын басқарып жүріп партия қаражатына Қорқыт ата басына кесене тұрғызады. Бұл оқыс қимылға, ең алдымен, жергілікті халық қуанады, ұлы әулие тіріліп келгендей. Бірақ оның бұл ұлтжандылығын қызыл саясат кешірмейді. Арыз Кремльге жетеді. Мәселесі облыстық партия бюросында қаралып, әупірімдеп аман қалады. Бірақ Қармақшыдағы қызметінен алынады. Осы оқиға бала Қырымбектің көз алдында өтіпті. Ұлт руханияты дегенде ішкен асын жерге қоятын Елеудей әке өнегесі бала Қырымбектің балғын санасында өшпес із қалдырыпты.
Арадан жылдар өтеді. Әке жолын қуған Қырымбек Қызылорда облысына әкім болып келеді. Іргесін әкесі қалаған Қорқыт ата кесенесінің керегесін кеңейтеді. Нәтижесінде, халықаралық даңғыл бойында айдыны шығып тұрған Қорқыт ата кесенесі бүгінде қарасы үзілмес көпшіліктің көзайымына айналған. Ұлы дала рухын паш етіп тұр. Сары дала қойнауынан самал сыңсыса қобыз көкірегінде күңіреніп сарын оянады. Ботадай боздайды. Көне тарих тілімен гуілдейді. Жан дүниеңді қозғайды. Шертолғау шертеді. Оны толық түсіндіруге, тіптен тіл жетпейді. Ұлы дала рухын тірілткен бұл ескерткіш маңызын сарқып айту қиын. Мүсіншілері – Б.Ыбыраев, С.Исатаев.
Біз Қырымбекпен осы тұста, яғни ол Қызылорданы басқарып тұрған тұста етене таныстық. Әкесі Елеуден қалған қарапайым котедж саябағында жертөсек үстінде отырып әкімнің әңгімесін тыңдадық. Осы әңгімеден есте қалғаны Қырымбек Елеуұлы Қызылордаға әкім болып келгенде жұмысты неден бастағаны туралы. Тікұшаққа отырады да облыстағы 200 ауылды түгел аралайды. Әр ауылдың мұң-мұқтажын өз құлағымен естиді. Біз бұдан Қырымбектің халықшылдығын көрдік. Ол Батыс Қазақстан облысын да басқарды. Ол басқа қызметке ауысқаннан кейін Оралға баруға жолымыз түскен. Сонда: «Жақсы әкім еді, әттеген-ай!» деп отырған оралдықтардың өкінішін естідік. Тағы бір есте қалғаны – тарихта Ресей басқыншылығына қарсы тұңғыш халық көтерілісін басқарған Сырым Датов сүйегі жатқан жерді экспедиция шығарып Өзбекстанның Хиуа маңынан таптырғаны, басын қарайтқаны және тарихи тұлғаға Оралда еңселі ескерткіш орнатқаны.
Ол Маңғыстауға да әкім болды. Осы тұста Бекет әулие басына баратын тасжол салынды. Әулие оқыған Хиуадағы Шерғазы хан медресесінде Бекет ата мұражайы ашылды. Қырымбек Елеуұлы Маңғыстауда әкім болып тұрған кезде біздің есімізде тағы бір қалғаны осы өңірдің даңқты тумасы абыз Әбіш Кекілбайұлының кең аталып өткен 70 жылдығы еді. Бұл шара абыздың бұ жалған дүниеде көрген тұңғыш та, соңғы үлкен мерейтойы екен, ойлап отырсақ…
Қырымбек Көшербаев Қызылорданы басқарып тұрған тұста, тағы бір елеулі оқиға болды. Ресейдің Байқоңырдан ұшырған зымыраны қазақ даласына құлап еліміз бен жеріміз гептилден зардан шекті. Сол тұста әкім Көшербаевтың үні қатты естілді. Бетің бар, жүзің бар демей Кремльге қаратып қатты айтты. «Біз Байқоңырды Кремльге жалға бергенімізбен, халқымызды жалға бергеніміз жоқ!» деп айтты. Бұл Көшербаевтың ғана емес, жалпы қызылордалықтардың жанайқайы еді.
Тағы бір оқиға. Көшербаевтың бастамасымен және оның тікелей қолдауымен, Мәскеу жақтан бораған сынға қарамастан 2017 жылы Қызылорда төрінде қазақтан шыққан тұңғыш диссидент түгел түріктің тәуелсіздігі үшін күрескен даңқты тұлға Мұстафа Шоқайға еңселі ескерткіш бой көтерді. Жоба авторы – мүсінші Көшер Байғазиев. Совет өкіметімен, Сталинизммен соңғы демі қалғанша күрескен осынау жаужүрек қазаққа Қызылорда төрінде монументтің бой көтеруі, сол тұста, бізге Қазақстан тәуелсіздігінің бір тұғырлы жеңісіндей көрінді.
Екінші жағынан бұл нені көрсетті? Бұл елге қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп өткен Елеудей әке жолын азамат Қырымбектің үзбей жалғастырып келе жатқанын көрсетті. Соған тағы бір рет көзіміз жетті, оның қаламынан туған «Зұлмат» кітабын оқығанда. «Зұлмат» деп аты айтып тұрғандай, бұл – Қазақстан тарихындағы ашаршылық және қуғын-сүргін тақырыбына арналған туынды.
Қырымбек Елеуұлы өздеріңізге белгілі 2022 жылдың қаңтарына дейін екі жылдай ҚР Мемлекеттік хатшысы болды. Ал 2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлкеттік комиссия құру» туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Комиссияны басқаруды Президент Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа тапсырды.
2019 жылы Қазақстан Президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауды неге қолға алды? Өйткені жалғыз Президенттің әулеті ғана емес, бұл зұлматтың құрбаны жарты қазақ болғаны белгілі. Ешқашан ел жүрегінен өшпес осынау қасіретті енді архивтік құжаттар арқылы зерттейтін, құжаттар арқылы дәлелдейтін мезгіл туған еді. Бодандық заманда советтік саясат ауызға ұрып айттырмаған тақырыпты енді шынайы тарихпен дәлелдейтін мезгіл жеткен еді. Қызыл қиянаттың құрбаны болып жазықсыз жапа шегіп сұраусыз атылып немесе аштан қырылған миллиондардың аруағы алдында біздің сонда ғана перзенттік борышымыз өтелер еді. Сондықтан да комиссия Мемлекет басшысының пәрменімен жүздеген тарихшы, архивариустардың басын қосып, осы тақырып ақиқатын ашуға жұмылдырылды. Комиссияны Қырымбек Көшербаев басқарды.
Қырымбек Көшербаевтың көз алдынан сұрапыл заманның қаны сорғалаған сұрқия шындығы қаралы көштей көлбеңдеп өте бастады. Бұл шындыққа үңілген жанның жаны шырқырамай, жүрегің болса жүрегі тітіркемей қалуы мүмкін емес еді. Қырымбек те осы күйді бастан кешті. Комиссия жинаған құжаттарды оқи отырып, осынау өзі бастан кешкен сұрапыл сезімді айдай әлемге айтпай қалу азаматтығына мін еді. Содан келіп сансыз құжаттарға негізделген «Зұлмат» атты кітапты жазды. «Зұлмат» атты жанайқайын жариялады. Бұдан біз нені көрдік? Нені байқадық?! Бұдан біз халқымыз бастан кешкен түбі жоқ теңіздей терең қасіретпен бетбе-бет келген кез келген тұлғаның жан тебіренісін жазбай, жарияламай отыра алмайтынын көрдік.
Сондықтан да автор бұл кітапта былай толғайды:
«Боз даланың төсінде кебінсіз, көмусіз сүйегі шашылып қалған боздақтарды ойлағанда, сай-сүйегің сырқырайды.
ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы үш ашаршылықты басынан өткізді.
1.1917 – 1918 жылдары Түркістан өлкесінде орын алған ашаршылық. Бұл зұлматтан қайтыс болғандар саны 1 млн адамнан асып түсті;
2.1921–1922 жылдардағы ашаршылық. Қайтыс болғандар саны 700 мыңнан асып жығылады. ( Осы ашаршылықпен күрес комиссиясын басқарған Мұхтар Әуезов 1922 жылдың аяғында шығын 1 млн 700 мың адам болды деп мәлімдегені бар. – С.Е. );
3.1931–1933 жылдардағы ашаршылық. Қайтыс болғандар саны 2 млн 300 мың адамның айналасында деп жүрміз».
Қазақ халқының жартысын жер жастандырған осынау үш нәубеттің шығу себебін Қырымбек Көшербаев былай түйіндейді:
«Субъективті себептердің ең бастысы большевиктердің халыққа, әсіресе шаруаларға қарсы жүргізген озбырлық және антигумандық саясаты болып табылады» дейді. Алайда Қырымбек Елеуұлы ашаршылық тақырыбын көтеріп жүрген кейбір қаламгерлермен келіспейді. «Ашаршылық туралы қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген азаматтар айтылған мәселелерге тереңдеп бармай, осы қайғылы тарихты жұртшылыққа көбінесе бұрмалап түсіндіріп, кеңестік биліктің, Сталиннің басты мақсаты – қазақ халқын қыру болды және сол үшін ашаршылықты қасақана ұйымдастырды деген сыңаржақ, арандатушы пікірді қоғамдық санаға тықпалап жүр» деп жазады. Бұл – ашаршылық тақырыбына байланысты «Зұлмат» авторының пікірі. Бұл тақырыпқа біздің де жарты ғасыр бойы қалам тербеп келе жатқанымыз аян.
Кеңес Одағындағы, әсіресе алапат 1931– 32 жылдардағы үшінші ашаршылыққа кінәлілерді іздегенде біз большевиктер партиясының бірінші басшысы Сталинмен, оның Қазақстанды басқаруға жіберген комиссары Голощекинді атап келеміз. Қазақты білмейтін Голощекинді неге Сталин Қазақстанға жіберді? Салдары не болды? Голощекиннің асыра сілтеуінен қазақ қара шыбындай қырылды. Торғайдай тозды. Ал қырғызды – қырғыз басқарған көршілес Қырғызстан, өзбекті – өзбек басқарған Өзбекстан ашаршылықтан дін аман қалды. Ендеше, жарты қазақты жер жастандырған бұл алапат ашаршылық авторы Мәскеуде – Сталин, Қазақстанда – Голощекин және бұл екі басшының бірі – грузин, бірі – еврей. Орыс халқына еш қатысы жоқ.
«1931–1933 жылдардағы ашаршылыққа Сталин басқарған большевиктік басшылықтың шаруалар мүддесін ескермеген қатал саясаты кінәлі» деп қорытады Қ.Көшербаев. «Кеңес мемлекетіндегі ұлттық саясат қазақты этнос ретінде жойып жіберуді көздемеген. Бұл мәселеге Ресейдің де, орыс халқының да еш қатысы жоқ» дейді. «Осы уақытқа дейін Білім және ғылым министрлігі әртүрлі ғылыми жобаларға 1931–1933 жылдардағы ашаршылық тақырыбын енгізбей келгені белгілі. Мемлекеттік комиссия бұны дұрыс емес деп санайды».
«Зұлмат» атты кітабында аузындағы нанынан, алдындағы малынан айырылған халықтың жаппай Қазақстан бойынша қару алып көтеріліске шыққаны, ондай көтерілістердің саны 372-ге жеткені туралы тарихи деректер келтірілген және мұздай қаруланған ОГПУ солдаттары отқарусыз көтерілісшілерді қара шыбындай қырғаны туралы деректер келтірілген. Көтерілісшілерге жаппай «бандиттер», «ұлтшылдар» деген саяси жалалар жабылған. Бұл саяси жалалар оларды сотсыз, тергеусіз кез келген жерде аңша ата беруге жол ашқан.
«Ержүрек қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресі бір сәт те тоқтаған жоқ. 1929 –1931 жылдардағы бас көтеру – соның айғағы. Кешегі кесір қоғам ол құрбандардың есім-сойын қолдан келгенше өшіруге, атамауға тырысты. Халық оларды еріксіз «ұмытуға» мәжбүр болды. Осы барыста қаншама ерлік тарихы желге ұшты. Соңғы демі қалғанша арпалысқан қаншама арыстан жүрек азаматтар атаусыз қалды. Тарихымыздағы үлкенді-кішілі әрбір көтеріліс – Тәуелсіздіктің бұралаң жолы, сол жолдағы ұлт күресінің құрамдас бөлігі. Тәу етуге тұратын асқақ ұғым. Көкірегің шымырлап, көзіңе ыстық жас келеді. Осыдан кейін өткенге, ата-баба рухына қалай тағзым жасамайсың?»
Бұл – тек ғана Қырымбек Көшербаевтың ғана емес, бүгінде тәуелсіз Қазақстан құрып жатқан кез келген азаматтың көкірегін шымырлатып, көзіне жас үйіретін ашаршылық тақырыбы. «Зұлмат» бұл тақырыпты осылай толғайды.
Көшербаев кітабының «Қуғын-сүргін» тарауы тағы да сол қызыл террордың халыққа жасаған хисапсыз қиянатын алға тартады. 1928 жылы басталған кәмпеске қазақтың қолындағы 40 миллион малдың 36 миллионын тартып алып Мәскеуді, Ленинградты, Куйбышевті аштықтан құтқарды. Қарақұрым малынан айырылған қазақ қынадай қырылды. ОГПУ 1932 жылы осы қырғынды «заңдастырып» «бай-кулактарды тап ретінде жою» туралы пәрмен шығарғаны тағы белгілі.
Сондай-ақ Қазақстандағы қызыл террор науқанын өз қолымен жүргізген Голощекин бастаған 100 шенеуніктің аты-жөні де аталып тізімі берілген. Оның ішінде, бір түйір де қазақы есім жоқ. Алайда Голощекин командасында болған Құлымбетов, Исаев, Меңдешев, Құрамысов, Жангелдин, Мүсірепов, Сейфуллин есімдері аталады.
Қызыл террор сондай-ақ қазақтың тектілерін теріп жүріп тұқымын тұздай құртуға кірісті. Егер Абай тірі болғанда, алдымен, оққа ұшатындардың бірі болар еді. Бірақ қызыл террор өшін Абайдан ала алмаса да ақынның көзі тірі ұлы Тұрағұлдан алды. Тұрағұлдың мойынына қызыл террор тұзағы түсті. ОГПУ оны алдына салып айдап, Оңтүстікке жер аударды. Ол сонда ажалынан бұрын ажал құшты. Абайдың ақын інісі Шәкәрімді де айдалада атып өлтірді. Денесін құдыққа лақтырды. Сотсыз, тергеусіз үкім шығару әйгілі «үштікке» берілді.
Голощекин Ұлы далада 5 мың жылға созылған көшті 5 жылда тас-талқанын шығарып, отырықшылыққа көшірді. Бұның салдары 1931–1932 жылдардағы сұрапыл ашаршылыққа ұласты. Егер көшпелілер «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» деп басы ауған жаққа боспағанда тұтас бір ұлттың тұқымы тұздай құруы әбден мүмкін еді. Голощекин осы топалаңның бәріне кінәлі өзі емес, қазақтың бас көтергендері кінәлі деп шыға келді. Ашаршылыққа да, 372 көтіріліске де, 1 миллиондай «откошевкеге де» кінәлі қала мен даладағы қазақ бас көтергендері деп байбалам салып шыға келді. Соның салдарынан Алашорда көсемдерінен бастап, қазақтың қызыл коммунистеріне шейін 25 мың адамды оққа байлады.
Қырымбек Көшербаев «Зұлматында» осынау отызыншы жылдары халыққа жасалған қара дауыл қанды қиянатты қабырғасы қайыса отырып толғайды. Кітапты сондықтан терең толқымай қызыл террор авторларына қарғыс айтпай оқу мүмкін емес екен. Осы кітаптың, «Зұлматтың» соңғы бетін жапқанда оқырман көкейінде де қиянатшыл қандыбалақ қызыл террор көсемдеріне деген қарғыстың қара дауылы да дүркіреп оянады. Рас. Сөз жоқ. Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау керек, осы мақсатпен құрылған Мемлекеттік комиссия жұмысын толық қолдау керек деген ой алдымен туындайды. Екіншіден, сол миллиондаған жазықсыз құрбандар рухын қалай ұлықтауымыз керек еді деген ой бас көтереді. Осы ойдың балалауына түрткі болған Комиссияның қыруар жұмысына да, «Зұлмат» авторына да оқырман ағыл-тегіл риза екенін айтып өту міндетіміз. Енді бізді не мазалайды? Қызыл террордан қиянат көрген, бір ғасыр бойы жоқтаусыз жатқан миллиондардың бүгінгі көзі тірі ұрпағы ретінде бізді не мазалайды? Бізді сол иманы үйірілмей, жаназасы оқылмай сүйегі сай-салада шашылып қалған миллиондардың рухын ұлықтау деңгейіміз мазалайды. Рас, үлкен қалаларда оларға арналып қалқиып бір-бір ескерткіш бой көтерді. Бірақ бір-бір ескерткіш миллиондар рухын түбегейлі ұлықтай ала ма?! Ондай ескерткіштер жеке адамдарға да қойылып жатқан жоқ па? Ашаршылық пен қуғын-сүргіннің миллиондаған құрбандары жалпыұлттық қасірет емес пе? Ендеше, жалпыұлттық қасіретті ұлықтау да ерекше болуға тиіс емес пе?! Бұл қасіретті ұлықтауға бірер ескерткіш емес, түгел бір кешен арналуға тиіс емес пе?! Мысалы, Алматы қаласында «Аза сарайы» салынса несі айып? Ол сарайға кіріп шыққандар ашаршылық пен қуғын-сүргін әлеметтерін өз көздерімен көріп шығып әлемет сезімге бөленсе несі айып? Жас ұрпақты «тарихпен тәрбиелеу» деген осы емес пе? Балауыз мүсіндер арқылы ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын «тірілтіп» көрерменнің көз алдына әкелуге болар еді ғой!
Біз осы идеямызды 2022 жылы тамыз айында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына айтқанымызда, бұл әңгімеге ерекше мән беріп: «Қазақстанда балауызбен жұмыс істейтін жалғыз ғана маман бар. Ол жігіт қазір Астанада тұрады», – деген еді. Мемлекет басшысы «Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі Жарлыққа 2020 жылы қол қойғаны белгілі. Комиссия жұмысы жүріп жатыр.
Ендеше, аталмыш Комиссияны екі жыл басқарған Қырымбек Көшербевтың осы Комиссия жинақтаған қыруар құжаттарға негізделген «Зұлмат» кітабы бүгінгі таңда ашаршылық және қуғын-сүргін мәселесіне келгенде, қазақ қоғамында толық түсіністік бар екенін көрсетеді. Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы осынау «Зұлмат» кітабы арқылы алда келе жатқан өзінің 70 жылдық мерейтойына ғана емес, жалпы ұлт қасіретін ұлықтау тақырыбына тамаша тарту жасады деп білеміз.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы