«Сыйынар ем ана деген тәңірге»
Міне көңілімізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл мерекенің қашанда орны бөлек қой. Өйткені аналарға, аруларға, қыз – келіншектерге деген құрмет ешқанаш сөнген емес. Олар өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әрбір отбасының алтын діңгегі, ұйытқысы.
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Наурызбай ауданы Отбасылық оқу кітапханасы 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай «Сыйынар ем ана деген тәңірге» атты тақырыпта мерекелік әдеби – сазды кеш өтті.
Мерекелік шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Сауле Досжан; Наурызбай ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ескендірова Фариза Ыдырысқызы; жас қаламгер Гүлім Әскербек; Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер саласының үздігі, Қырғызстан Республикасының «Халық Құрметі» төс белгісінің иегері, Жамбыл атындағы халық театрының белді әртісі, әнші, ақын Ізбасар Бекзат Ринатұлы және аудан мектептерінің ұлағатты ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Мерекелік кешті №188 мектеп – гимназиясының оқушылары поэзиялық қойылыммен салтаннатты түрде ашып берді. Наурызбай ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ескедірова Фариза Ыдырысқызы келген қонақтарға ыстық лебізін білдіріп, қыз – келіншектерді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтады. Кешіміздің басты қонағы жазушы Сәуле Мағазбекқызы аналар, әйелдер тақырыбындағы өз шығармаларынан үзінділер оқып, оқушылардың қойған сауалдарына тебіреніспен жауап берді. №188 мектеп – гимназиясының 11 «Ә» сынып оқушысы Ғалымжанқызы Жаная қаламгердің көптеген туындыларын оқып, мол әсер алғандығын айта келе, жазушы Сәуле Досжанға: «Неліктен мектепті үздік оқи тұра, сыныптан – сыныпқа көшпей қалдыңыз?» деген сауалын қойды. Жазушы өзінің балалық шағын, ұшқан ұясын үлкен сағынышпен еске алып, балдәурен кезінде әділетсіздік пен қиянатқа көп кезіккенін баяндап берді. Өзінің «Біртуар» шығармасындағы басты кейіпкер Жақсылық Үшкемпіровтың өмір жолын насихаттай отырып, жас ұрпақты татулыққа, адамгершілікке, бауырмалдылыққа, үлкенді құрметтеуге және өмірдегі кездесетін түрлі қиындықтарға қарамай, биік белестерді бағындыруға болатындығын айтып, жігер мен рух берді. Әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің назарына түскен жас қаламгер Гүлім Әскербек басқа саланың маманы бола тұра поэзиядан қол үзбейтіндігін айтып, жырдан шашу шашса, Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер саласының үздігі, Қырғызстан республикасының «Халық Құрметі» төс белгісінің иегері, Жамбыл атындағы халық театрының белді әртісі, әнші, ақын Ізбасар Бекзат Ринатұлы «Қазақ әндерінен» попури шырқап, ән – шашумен әрледі.
Кеш соңында кітапхана меңгерушісі Исабаева Ләззат Нұрғалиқызы келген қонақтар мен өнер көрсеткен дарынды балаларға өз ризашылығын білдіріп, Алматы кітапханаларының басшысы Бектембаев Мейрам Еркенұлының Алғыс хатымен марапаттады.
Қазақ қыздарының ежелден жер қорғап, билік тізгін ұстағаны тарихтан белгі. Осы қасиет әлі де жалғасын табуда. Әрі отбасында бала тәрбиелеп, әрі мемлекеттік істерге араласып, бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетіп жүрген арулар қандай құрметке болса да лайықты.
Ләззат ИСАБАЕВА,
кітапхана меңгерушісі