«МЕН ДЕГЕН ӨЛЕҢ ЖАЗҒАН ПЕРІШТЕМІН…»
26.10.2023
461
0

Жасанып, жасарып, жаңғырып жататын жазиралы жасыл мекен, мәңгілік көктем – қазақ поэзия әлемінде, алтын жалды толқындарымен толығып, молығып жататын әдебиет айдынында сонау өткен жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары кербез Көкше жақтан жұртты елең еткізіп, сыңғыры ерек, дауысы айрықша, нәзік үн естілді. Ол үннің иесі – ақын Марфуға Бектемірова еді. Алтын өмірлі өлең өлкесіне кейбіреу­лер секілді дауылдатып, жауындатып, сырнайлатып, кернейлетіп келмей-ақ, Көкшетаудағы сексен көлдің күнмен шағылысқан майда бұйра толқынындай әсер қалдырған Марфуғаның үнін естімеу мүмкін емес еді. Әдебиеттің абыройы артып, бағы шалқып тұрған осы бір керемет кезеңде сөз өнеріне – қайырлы, зайырлы іске үлес қоссам деп, қолына қалам ұстауға бел байлаған сол толқынның ішінде біздің де құлақ түрулі болатын. Мен ақынмен көзі тірісінде көрісіп, кездеспесем де арамызда үзілмес нәзік жібек жіп байланыстырып жатыпты. Ол – ақындық рухани байланыс болуы керек. Біз әдебиетке, өлеңге бір қиын, тарихи кезеңдерде, саяси құрылымымыз, Үкіметіміз қайта құрылып, қоғамымыз бір формациядан екінші формацияға өтіп жатқан кезде келдік. Марфуғаның да дауысы бұқаралық ақпарат құралдарынан естіліп жататын, кейде газет-журналдарға қатар шығып қалатынбыз. Өйткені қатарлас, қанаттас едік. Сол аумалы-төкпелі жылдары Көкшетаудың Зерендісінен шыққан поэзиядағы арудың сондағы сыңғыр үні әлі күнге дейін жадымда сақталып қалғандай. Оның қолымда тұрған «Еңлікгүл» (2001 ж.) жыр жинағын кітап дүкенінен сатып алып, оқып, «Марфуға, сен, шын ақын екенсің, алтыным!» деп жазып қойыппын.
Қазақ қызының қырық сандыққа сыймас мұңы мен сырын мөлдіреген өлеңге сыйдырып, қыз бұрымындай сұлу ғып өрген Марфуға Бектемірованың поэзиясы ғаламат әрі қызықты. Сонау Көкшетауда, ақ қайыңдар арасында сексен көлдің жағасында жүріп-ақ оқырманның ойынан шыққан өлең жазған Марфуға шығармашылығы поэзияда жердің қашықтығы болмайтынын дәлелдеп берді. «Арқа жақта елеусіздеу жыр жазып, Аспан жақты аңсап жүрген бір қыз бар» деп ағынан жарылуы көзінде оты бар ақынның шет жақта жүрсе де әдеби ортаны іздеуі, кілең жампоз-жайсаңдар, ақын-жазушылар тұратын ақбас шыңды Алатау етегіндегі Алматыға жетуге асыққаны, биік мұраттарға қол созғаны аңғарылады.
Ақынның өлеңдері менің пайымдауымша, көбелектің гүлге қонғандағы қанатының діріліндей нәзіктігімен ерекшеленеді, шынайылығымен жүректі тербейді, сезімге бөлейді. Сондықтан мен оның өлеңдерін жақсы көрем, әлі күнге қолыма алып, оқып жүрем, тіршілік шаңын қағып сілкініп, тазару үшін қайта-қайта мағыналы жыр жолдарына үңілемін.
Марфуға Бектемірованың шығармашылығына тоқталу үшін тамырын тереңнен алатын ұлттық поэзиямыздың ерекше алтын тарауы, көктегі жұлдыздардай жарқырап, бір-біріне сәулесін шашып, бірі-бірінен нәр алып, құнарлы топыраққа дән егіп, өсіп-өркендеп жатқан қыздар шоғырына шолу жасамай кету әбестік болар еді. Ешкім де қанша дарынды болса да аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Марфуға да осы қасиетті құнарлы топыраққа дән болып түсіп, нәр алып, әр алып, жұлдыздардың алтын сәулесіне сан шомылып, от алып, отынан шоқ алып, үйреніп, жетіліп, бой көтерді. Бұл өзі ұлы ғаламның бардан жоқ болмайды, жоқтан пайда болмайды деген ұлы заңдылығы болса керек.
Мәңгілік даму, толығу, молығу процесінде болатын әдебиетке сән берген, дән берген әбзелі әдемі қыздардың сыңғыр үнді, күміс күймелі керуен көшінсіз өмірді елестету мүмкін емес. Бұл күміс күйменің көш басында терең тамырлы қазақ руханиятының бастауында тұрған жауһарлар арасында ақ селеуі желбіреген байтақ далада бұлдыраған сары сағым арасынан ақ шәйі орамалы желбіреп, күміс білезігі жарқырап, барқыт қызыл бешпеті көз тартып, сұлулығы көз суырып, үкілі домбырасы қолында, сөз зергері – суырыпсалма Сара ақын менмұндалар еді. Оның бер жағында жазба ақын өнеріне боразда салып, замананың ақ қар, көк мұзында қасат қардан жол ашқан ақындар Шолпан Иманбаева, қазақ совет әдебиетінің кәсіби ақыны Мариям Хакімжанова, Зияш Қалауова, Әмина Шалабаева, ғылым докторы, ғалым ақын апамыз Тұрсынхан Әбдірахманова, Марфуға Айтхожина, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Мағираш Сарикова, Гүлсім Сейілжанова, Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Ханбибі Есенғараева, Тұрсынай Оразбаева, Заида Елғондинова, Қатира Жәленова, Гүлзакира Әбілдаева, Жадыра Дәрібаева, Нәзікен Алпамысқызы, т.с.с. бүгінгі Мақпалдарға дейін жалғасып жатқан үркердей лек қазақ даласының сәнін келтіріп, желдің уілін, шолпының нәзік сыңғыр үнін ілестіріп келе жатқан үзілмейтін күміс күймелі керуен көш. Бұл көш-керуен қазақтың шетсіз-шексіз дариядай даласында ұлтымыз барда одан да сұлуланып, одан да мерейленіп, жолын әрі қарай мәңгілік жалғай бермек.
Осы көште жоғарыда айтқандай, Марфуға Бектемірованың күмістей сыңғырлаған өзіндік үнін айнытпай тануға болар еді, өзіне ғана тән өрнекпен өлеңге келген ол былайша жырлайды.
Қанша сүйіп,
қанша рет көрем сені,
Көкше,
Көкше – төгілген өлең селі.
Ақында не арман бар
«Кербез сұлу…
Арқаның Көкшетауы» деген сені.

Ғашық қып қойдың жаным
туғанымнан,
Толқындай көліңдегі тулады да ән.
Сұлу боп кетеді екен көріктеніп,
Мойынын киіктер де мұнда бұрған.
Шын жүрегімен төгілген ақын қыз әрі қарай туып-өскен жерін жәннат бағына теңейді. Рухы Алаштан асып, ел ішін шарлап кеткен аяулы Ақан серінің қасиетті табаны тиіп, жырлаған жұмақ жер екенін меңзейді. Өлең қысқалығымен, ойлылығымен ерекше! Сұлу сурет! Табиғаты ерекше жаратылған осынау Көкшенің көз суырар тұнық сұлулығын сурет етіп көз алдыңызға келтіре салады. «Толқындай көліңдегі тулады да ән» деген жолдар сәтті шыққан. Әннің толқындай тулауы – экспрессивтік қуат.
Айнадай жалтыраған сексен көлі мен ақ қайыңы бұралған, айдынын аққу сызған сонау Көкшетаудан ескен жылы леп, жыр лебі, жыр самалы сізді де желпігендей болады. Даланың айдай дидарына, Көкшенің көкшіл көлдеріне, көктемнің жауынды селдеріне үңілдіріп, сезім шуағына бөлеген шынайы шумақтар көкейге күй бітіріп, биязылығымен, шынайылығымен баурап алады.
Қарамай өте берер қайда амалың,
Бұлбұлдың естір құлақ сайрағанын.
Жаңбыр қыз көз жасымен Көкшедегі,
Жуады Айнакөлдің айналарын.
Іші де, сырты да қабысып, жұп-жұмыр болып тұрған жоқ па, жаңбырды қызға теңегенді кімнен оқып едіңіз? Менің алғаш қолыма тиген Марфуға Бектемірованың «Еңлікгүл» жыр жинағындағы өлеңдер осылай баурай берген.
«Ақын – туған топырағынан» деп жатады. Иоганн Вольвганг фон Гете «Егер ақынды білгің келсе, оның туған жеріне сапар шек» депті. Жұмақтай жайнаған табиғаты сұлу жерде өсіп, ақын болмау да қиянат секілді, Марфуғаның жанына да, тәніне де сол сұлулықтың бояуы жұққан сияқты. Тіпті оны табиғат-ана өзінің тұмса сұлулығына малып алғандай, сөйтіп жан сарайын керемет көріктендіріп жібергендей.
Марфуғаның суретіне қарап, мойылдай жанарынан, аясы үлкен тана көздерінен, ашық маңдайынан, толқынды бұйра шаштарынан сұлулық сырын ұғатынмын. Әрі бұл сонау Көкшетау мен Қаратаудың, асқар-асқар тауларымыздың ар жағында, теңіздер мен көлдердің жағасында, ормандардың арасында қалып қойған, қайта қайтара алмас жастық шаққа деген, өзіңе деген, қайран жастық шақтағы көз жасындай мөп-мөлдір, тұмадай таза өлең туғызған албырт сәттерге деген қимас сағыныш сезімі болса керек.
«Ақындық жолы – ауыр жол», «Ақындықтың басы – бейнет, аяғы – азап» екені ежелден белгілі. Ал мұндай азабы мен «ғажабын» қатар тосқан ақындық жолға жүрек жұтқандар ғана баратын шығар. Марфуға ақын осы жолға қатарластары сияқты өз еркімен барды. Бірақ ешкім мен атым шыққан ақын бола қояйын деп бармайтыны да белгілі ғой.
Өлең деген – кейде асау өзендей алабұртқан, кейде көз жасындай мөлтеңдеген пәк әлем. Осы әлемге жан дүниеңмен ғашық болып, өлеңді өлердей сүйгендер, өмірім деп түйгендер ғана бұл сұлу да пәк әлемге бет түзейді деп ойлаймын. Марфуғаның ең біріншіден өлеңге, сұлулыққа өлердей ғашық болуы да бәлкім содан шығар.
Марфуға жастайынан жетім қалған соң туған жері Ақмола облысындағы Бурабай ауданының Көрнекті ауылында тұратын нағашы атасы Серік пен нағашы әжесі Торғай өз бауырына басады. Әрине, әке-шешенің орны бөлек қашанда, жүрегінде ата-анаға деген сағыныш, бәрі бар дүниенің бір кетігі толмайтын, «бірі кем дүниеде» өмір сүрген бала көңіл алаңдаулы, көкіректі арман-шер басып жататыны белгілі емес пе? Оның өлеңдерінде үзілмейтін мұңның уілінің болуы заңды да. Сағынышқа толы құмбыл көңілден жанарына жас іріккен, мұңлы, ойлы сезімге құралған өлеңдер өрілері заңды. Ол жанын толқытпаған, жүрегін елжіретпеген сәттерді жырға қосам деп мазасыз күйге түспейді, ақ парақты босқа шимайламайды. Көңілінен шыққан көріністер, сезім тудырған құбылыстар қауырсын қаламынан өлең болып дүниеге келеді.
Жүректен шықпаған сөздер жүректерге жетпейді. Бұрыннан айтылып келе жатқан осы қағиданы мен Марфуға қаламдасыма да қаратып айтар едім. Әсілі бұл түйін, шынайы ақындарға тән қасиет пен шынайы поэзияға тән сипат болуы керек. Сөзіміз дәйекті болуы үшін мысал келтірейік.
Әке де жоқ құласам, сүйеп қалған,
Жетім өсіп жетілді жүректе арман.
Білсең досым бір кезде менде нәзік,
Жұлдыздардай жап-жарық
жүрек болған.

Кеудемді ашып көрсеттім досқа талай,
Көзін бітеп, жолына тас қаламай.
Сол жүрегім бір күні жылап жатты,
Жамандықты сезінген жас баладай.

Білмедім мен қаншалық кінәм барын,
Кімді қинар жабырқап мұңайғаным.
Кінәм менің шындықты сүйгенім бе,
Шындық жоқта масайрап
тұра алмадым.

Өмірімнің өткердім талай таңын.
Көңілім – көл, қалайша азайтамын?
Өзгермейтін өзгеше мінезіммен,
Өміріме өзімдік бар айтарым.
Қандай жағдайда да ақын оқырман көңілін ағынан жарылуымен жаулайды ғой. Өлеңінде ағынан жарылған ақжармаға айналады үнемі, бұл ақын болмысы! Алдымен ақын адал болуы керек. «Сол адалдық алып шығады өмір-өзеннің алапат тасқындарынан, шындық – толқынның басын тасқа ұрғанынан», деген өлең жолдары еріксіз түзіледі екен. Туралық пен адалдық Марфуға Бектемірованың өмірі мен өнерінің кредосы десе де болғандай. Жап-жарық жұлдыздай жүрегі бір күні жас баладай неге жылады, неге жылатты? Шындықты сүйгені үшін ғана өмір оны осынша жазалады, бірақ әділдік пен шындықты ғана ту еткен ақын жаны «сендер қанша жаныштасаңдар да мен өзгермеймін, мінезім өзгермейді, осы күйімде өз айтарымды айтып кетем» деген өзінің қатаң ұстанымын, нәзіктігімен қарсылық қайсарлығын танытады. «Әділдік жеңеді» дейтін классикалық ғажап түйінді ойды көркем өлеңмен алдыңа тастай салады. Ақ пен қараның, зұлымдық пен мейірімнің, адалдық пен аярлықтың, шындық пен өтіріктің күресіндегі жүректің жаралануы, көңілдің кірленуін, жүректің жас баладай жылауын ақындық шеберлікпен өреді.
«Өлең ақыл айту үшін, яки үкім айту үшін жазылмаса керек, оның стихиясы – сырын ақтару, шерін шығару» депті бір сын мақаласында марқасқа қаламгер, әдебиет абызы Марал Ысқақбаев. В.Белинскийдің «Дидактика басталған тұстан, поэзия таусылады» дейтіні де сондықтан шығар. Ақыл айтудан ақын бойын үнемі аулақ салады.
Лиризммен жан тербеу – Марфуға өлеңдерінің негізгі үзілмес тіні. Енді мына өлеңіне назар аударайық.
Сусын құйсаң ей, өмір тұрам ішпей,
Жауып өткен жауындай жұбаныш кей.
Бақытымның «қазасын»
естірте алмай,
Жылдар өтіп барады жылап іштей.
Алдым – сағым,
қарасам – артым сағым.
Сар сағымға қор болған алтын шағым.
Жұтқаныммен шөлім бір қанар емес,
Тіршіліктің суыған салқын шайын.
Өз жанымды сақтармын қайда да мен,
Сенің күнің не болар қайран өлең? –
деп суыған шайға қанбаған ақын өзінен өлеңінің тағдырын жоғары қояды. Бұл жерде ол параллелизммен көп дүние­ні меңзеп, жыр салмағын арттыра түседі. Біріншіден, ішкі мазасыздығы, өлең тауы ешкімге байқалмай, алды артының бәрін белгісіз сағым орап тастағаны, қай ақынның басында болмайтын мұң-дүние… Екіншіден, сол бір өтпелі кезеңнің, рухани дүниенің, құндылықтарымыздың құлдырап бара жатқанына алаңдап, уайым шегуі оның жеке басының мұңын ұлттық мүддеге көтеріп жіберетін ұтымды сәт!
Марфуғаның өлеңдерінен сары даланың уілдеген желіндей мұңлы үн, сарғайған сағыныш, үкілі үміт үзілмейді, тіпті творчествосының лейтмотиві секілді. Тасын түртіп қалса, тарихтан сыр шертетін шіркін Көкшенің жері сұлу ғана емес, сыр мен жырға толы қасиетті өлке ғой. Осы тарихты көзбен де, көңілмен де шолатын ақынның қыран жанары қайсысын да қалт жібермейді.
Елес тұнған…
Тауы, тасы, көлдері,
бұлтының да тас төбеден төнгені.
Бір құпия сыр айтардай тіл бітсе,
Аққуың да жүзіп жүрген көлдегі.
Қара тастың бәрі-бәрі адамдай,
Қайдан іздеп көңіліме табам жай.
Елеңдеймін қара орманды кезгенде,
Ағалармен ұшырасып қалардай.
Үй тігетін Сәкен аға мына жер,
Дүниеге туған тұлпар Құлагер,
Ақан басқан ыстық маған топырақ,
Сері кезген армансыз ғой құба бел.
Дала ұйқыда, мен ояумын, түн жарым,
Жұлдыз кезіп айдын көлдің
жүр маңын.
Күтем, күтем, неге екенін білмеймін,
Кездейсоқта кездесер деп Біржаның.
Осы өлеңде ақын шынайылығы айқындалып, биік деңгейде көрінеді: «Аққудың өзі сыр айтар еді, тіл бітсе» дейді, қара тасты тірі адамға балайды, Ақан серімен, оның Құлагерімен, Біржан ақынның елесімен түнімен тілдесіп шығады, бұлтына дейін бұған тірі жандай тіл қатады. Ақын қиялының шексіздігі байқалады.
Жұмыр жер үстінде алғаш рет сөз ұйқастырып, әуеніне елітіп, өлең жазған әйел затынан шыққан тұңғыш ақын біздің дәуірімізге дейінгі VII ғ. Элладада өмір сүрген, қазіргі гректер «Оныншы Муза» деп атайтын Сапфо, өз өлеңінде тілі жоқ тасбақаға кеп, «Оживись, о, священная, спой мне, черепаха» «қасиетті тасбақа, ән салшы» деген ғой. (Ол өзі бір қалыпқа сыймайтын ақын. Ол бөлек әңгіменің желісі.) Мен Марфуғаның осы өлеңі туралы да тілсіз аққуға тіл бітіріп, қара тасты адамға айналдырғаны ақынға ғана тән қасиет дер едім. Осы тұста өлең жазудың қилы әдіс-тәсілдері мен адам тілі жетпейтін құпиялары бар ғой, оны ақындар ғана біледі. Абзалында өлеңнің мықты өзегі тікелей емес, тұспалмен, меңзеумен, баламалап айтуымен ерекшеленбей ме?
Олай болса Марфуға Бектемірова – өлең компонентіне қажетті, үндесу, күшейткіш, аллитерация, ассонанс, шарықтатқыш, теңеу, пішіндеу, ажарлау, құбылту, меңзеу, бейнелеу, баламалау, айшықтау, астарлау секілді әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдаланып, түрлі тәсілдерді тиімді қолдану шеберлігіне қол жеткізген ақын.
Күміс-күміс көлдердің
Күлкісіне көмілген,
Көркем-көркем жер көрдім,
Көз алдымда өмірден.
Саны сексен екен-ау,
Санаусыз-ақ білемін,
Сол көлдердің көркемі-ай,
Ғашық болды жүрегім.
Ішкі-тысқы ырғақ, екпін мейлінше еркін, үсті-үстіне құйылып кеткен. Осы жерде метафораны қолданған. Көлдердің күміс күлкісін естіңізші… Күміс күлкі қыздарда ғана болушы еді ғой… «Сол көлдердің көркемі-ай» деп аталатын бұл өлең болмыс-бітімімен әнге сұранып тұр, артық ауыс бір сөзі жоқ, құйылып түскен сәтті туынды. Жыр болып жазылып, ән болып таралдың ба? Осы бір қымбат сөзімді Марфуға қаратып айтар ем. Өйткені Марфуғаның алғаш 14 жасында жазған, елді елең еткізген «Аққуым менің қайдасың?» атты өлеңі қазір әсем әнге айналыпты. Оның өлеңдерінде әнге сұранып тұрған сәулелі, ойлы мәтіндер жетерлік. «Жер жұлдызы – Зеренді» «Қош, ауылым», «Абылай хан алаңы», «Шортанды көл», «Келермін аралап Көкшені», «Қалғандай бір сырлы әнім Бурабайда», «Айнакөл» өлеңдері мен баллада жүгін көтеріп тұрған «Аққу атқан» туындысы – кесек те ажарлы дүниелер. Ақын туған жерінің тауы мен тасын, өзен-көлдерін, аппақ аққуы мен сұлу еліктерін, ойға батқан ормандары мен тобылғылы тоғайларын, ақ армандай ақша бұлттарын бар жан жүрегімен төгіле-егіле жырлайды, оның теңіздей шалқар махаббатына бөлене отырып, өзі де оны жүрек махаббатының отына орайды, сұлулығын жырлау арқылы көңілді шарықтатып, түу көк зеңгірге көтеріп жібереді, сағынышының сары буына малындырады, сезімге шомылдырады, жаныңа жарық сыйлайды, қуанышқа бөлейді. Еркін елдің еркін ақынымыз деп, уәжсіз өлеңдермен өзін де, өзгелерді де шаршатқандар қатарынан емес… Нені жырласа да уәжді сөзімен буыныңа салмақ түсіріп, иландырады, өкінсе, өзімен бірге қиналдырады, қынжылтады. Оу, бұл не құдірет, не қасиет дейсіз, кітаптың соңғы бетін жауып жатып. Бұл көркем сөздің, уәжді, қисынды сөздің іші мен сырты жұмыр келіп, өлеңге айналған сіз бен бізді баурап алған шабытты шақтың ғаламат энергиясы болуы керек. Бұл туралы «О Марине Цветаевой» деген туындысында Михалков былай деген екен: «Вдохновение – та внутренняя сила, которая и нас читателей, зара­жает волнением художника, заставляет сопереживать ему, воспринимать стихи безоглядным доверием. Это пик творческого самочувствия и самоотдачи поэта». Өнерге, шынай өнерге ешқандай шекара қойылмайды, мыңжылдықтар бұрын бағзы замандық элладалық қыз Сапфо да, Марина да, қазақтың мықты ақын қыздары да, Марфуға да өлеңді осылай туса керек.
Жауын да жоқ,
Дүние жыламаған,
Түн қарайды, тұнжырап мұнарадан.
Қоштасатын күндерді есіме алып,
Ешкім тимей ақырын жылап алам.
Мұхиттарға мұңымды төгем келіп,
Жылатқаның не деймін, өлең беріп.
Қара түннің көздері алаяды,
Өлеңімді өзінен төмен көріп.
…Сезіміме табынған жапырақтар,
Жүрегіңе келмейді жара салғым.
Жалғыз сөзді айта алмай тұншығамын:
«Құшағыңнан мәңгілік кетем», – деген.
Өлең беріп, мұхиттарға мұң төккізген Тәңірге ме, тағдырына ма базына айтып отыр. Қайшылығы шаш-етектен, алаяқтардан аяқ алып жүре алмайтын, қайырымы азайған қатыгез қоғамда ақын болмақ түгіл, сүрінбей қарапайым әйел болып өмір сүрудің өзі қиын екенін ақын қыз қандай қуатпен жеткізеді десеңізші.
«Ақын – ақыл» дейді, әулие деп те жатады. Соңғы шумағы жүректі дір еткізеді, өлеңімді оқитын адамдардың орнына, сезіміме табынған жапырақтар, құшағыңнан мәңгі кетемді айта алмай тұншығамын дейді. Мүмкін, Құдірет кетерін сездірді ме екен, кім білсін?
«Өлеңін өзінен төмен көріп, қара түннің көздерін алайтуының» ар жағында талай сыр менмұндалайды, қара түн қара ниет қой, қызғаныштың қызыл итіне таланатын кей адамның қара ниеті. Осы ойды күшейту үшін «қара түнді тұнжыратып», дайындайды адамды, қара түнді жамандықтан хабар бергізіп, символ ретінде алып отыр.
Марфуға да барлық ақындарға тән бұралаңы мен шырғалаңы көп ақындық соқпақты – бастау, өсу-өркендеу жолынан өткені белгілі жайт. Жоғарыда айт­қанымыздай, біздің толқын әдебиетке қиын кезде келді, жұрт өлең оқымақ түгіл, балаларына тамақ тауып берудің өзі мұң болып, қазақ әйелі қап арқалап базарға шыққан күрделі кез болатын. Оның үстіне ескі үкіметпен бірге идеология да жойылып, рухани дүние тосырқаңқырап тұрған кез еді. Дәл осы кезде қазақтың қара өлеңі мен әдебиеті жол көрсетті, ендігі идеология ұлттық болуы керек деп еркіндіктің Туын көтерісті, өлең өрнегімен шындығы шыңғырған ащы жырларын төгілтті. Соның ішінде Марфуға да болды, оның туған жерін, ұлтын, қазақ деген елін, оның батырларын, мықты ерін сүюге үндеген тамаша өлеңдері осы кезде туды. Бұл дегеніміз, оның өзі тұстас қаламдастарымен бірге Тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында қалам қайрап, күрескер болды деген сөз. Осыдан былай оның шығармашылық тынысы ашылып, ақындық тегеуріні күшейе түскен секілді. Оған дәлел, ақынды еске алуға байланысты әр жылдары жазылған атақты ақын-жазушылар мен белгілі тұлғалар, мықты-мықты ғалымдар мен сарабдал сыншылар жазған мақалалар топтастырылған «Қызғалдақ ғұмыр» кітабындағы талдаулар мен эсселерде ақынның оттай ыстық жүрек тербер ойлы жырлары мен әсіресе азаматтық тақырыпты батыл көтерген рубаяттар-төрттағандарында алтын құмда қалдырғандай өшпес іздері сайрап жатыр. Әсіресе белгілі сыншы Айгүл Кемелбаева, ақын сіңлісі Жанат Әскербекқызының мақалаларында азаматтық тақырып тұщымды талданған. Ол өлеңдерді қайта талдап жатуды жөн көрмедік.
Марфуға Бектемірованың махаббат тақырыбындағы өлеңдері адам жанының нәзік қылын «дың» еткізбей қоймайды, одан әрі дауыл соққандай, көңіліңнің астан-кестенін шығаратыны да бар. Жұрттың бәрі мен секілді сентимент емес шығар, бірақ көкірегінде саңлауы бар адам абыржымай қала алмайды.
Кешегі арман,
Бәрі жалған…
Қайтер едік, сол махаббат келмесе,
Дүниеден табылар ма кең көше,
Өткінші боп қалар болса, сол сезім,
Өліп-өшіп неге сүйдік ендеше?
Неге, неге жылап тұрдық күлмедік,
Бір-бірімізді тоя алмадық күнде өбіп,
Бірімізге келсе ажал дәл қазір,
Қол ұстасып кететіндей бірге өліп.
Қай қыздың, қай пенденің басындағы болмаған сезім дауылдары бұл? Бірақ бұл сезімді ол майдан қыл суырғандай нәзіктікпен, бейнелеумен жеткізіп, қаншама қатпар ой айтады десеңізші. «Осы кейбір қыздар өлең жазса, Айса Пайғамбардай аспан астындағы бүкіл дүниенің қайғы-қасіретін бір өзі арқалап жүргендей, көз жасын көл ғылып, шаршатады» дейтіндерді де тіпті өз арамыздан да естіп жүрміз ғой, жасыратын не бар?
Асылында, өлең жазу – тағдыр, ол бірден үйреніп немесе академияда оқып алатын мамандық, не кәсіп емес. Ол өзі Тәңірден берілетін, екінің біріне немесе егіздің сыңарына беріле салмайтын сый дейміз.
Десек те осы сыйды одан әрі дамыту керек, білім- ілімнен келетін тағы бір сый бар ғой. Ақын қыздың олжалы болған жері Астанада «Аударма» баспасында редакторлығымен орыс, шетел классик ақындарын аударып, қазақ тілінде сөйлетуге атсалысқаны, олардан еркін сусындап, білім қоржынын үлкейткені. Бұл оның қазақтың қара өлеңі, фольклорынан басқа әлем классиктерін игеріп, тәлім алғанын дәлелдейді. Өйткені оның өлеңдерінің тереңдігі мен палитрасының алуандығы, өлеңді түрлі-түсті бояуларын көкзеңгірге шашып жіберіп, көкжиекке кемпірқосақ құрғандай етіп өретіндігі осы ойымызды бекіте түседі.
Марфуға көп журналист қыздар секілді қызмет жолын корректорлықтан бастап түрлі қызметтер атқарып, газеттің бас редакторлығына дейін көтеріліпті. Оны ешқандай қуатты қол жұмсақ креслоға апарып отырғыза салмаған. Осы қилы өмір жолында қызметте жүріп, қолынан жыр жазатын қаламын тастамай, өлеңін өбектеп, өсіре беріпті. Ол қыз – қияға салған үйін құс ұясына айналдырып, перзентін ел қатарына қосқан ардақты ана, Есенгелдідей өзін терең түсініп, қолдау көрсеткен журналист ақын жігітке сүйікті жар болған, үш перзент сүйген бақытты әйел болды. Ол осындай бақытына қоса, әйел болу жүгімен бірге жыр жүгін қатар көтерген мықты тұлға, Құдайдың қалауымен қасиетті қауырсын қалам ұстап, өзі жырлағандай, «өлең жазған періште»!
Ақын қыздар «Өкпек желдің өтіндегі жалаңаш сәби секілді, қара жел мен қара жаңбырға маңдай тосқан қарағай, қайың секілді, нәзік иығына қанша жүкті салсаң да қиналмай көтеріп алар толағайларым секілді», қайсарлықтан да күшті нәзіктік күш иесі дегім келеді. Марфуға Бектемірова да осындай рухани күш иесі, жарқын талант еді. Ортамыздан ертерек кетіп қалды, артында алтындай ұрпағы, өлеңдері қалды. Өзі де, жаны да өлеңдері де соншалық сұлу еді. Табиғаты сұлу Көкшетауын, Зерендісін, гүлдерінің сұлулығын, тауларының асқақтығын, қайыңдарының ғажаптығын, өзі тұрған қазыналы Қостанайын, толқынды Тобылын, дәл ортадан ордасын тіккен Астанасын, ерке Есілін, жалпы жасампаз Қазақстанды жырлап өтті. Осындай өзін жоқтатпайтын ғажап өлеңдерімен ол қаламдастарының, қазақ халқының есінде мәңгілік сақталады.
Бүгінде бұл дүниені тәрік етіп, «Осының бәрін өздеріңе-ақ қалдырдым, мен шығанға шығып кеттім, өз миссиямды орындадым, енді өздерің біліңдер» деп Марфуға көктен қарап тұрғандай көрінеді маған.
Биыл тамылжыған тамыз айының 15-де Алматыда Ұлттық кітапханада көрнекті ақын, аудармашы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Марфуға Бектемірованы еске алуға арналған «Ғажайып ғұмыр» атты шығармашылық кешке қатысып, толқынысты күй кешіп, сөз сөйледім. Зал ішінде экраннан Марфуғаның үнін естігенде көңілім босап кетті. Ол жанды даусымен, ерекше мәнермен ортамызға оралып келіп, өлеңдерін оқып жатқандай, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болды. Өйткені ақынды еске алу кешінің осындай ұлт руханиятының ұясы – Ұлттық кітапханада өзінің қаламдас қанаттас әріптестерімен, аға-апалары, іні-сіңлілерінің қолдауымен өтуі осыған меңзейді.
Марфуға тудырған «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Аққуым менің қайдасың?», «Тобылғы түн» және басқа да кітаптары, жүрегінің лүпілімен, қос жанарының нұрымен жазған көз тамшысындай, таңғы шықтай кіршіксіз мөлдір өлеңдері, әлеуметке, қоғамға ой салатын салмақты жақұт жырлары Қазақ елімен, туған халқымен бірге жасайды деп ойлаймын. Дегдар ақын Марфуға Бектемірова мәртебелі поэзия аспанында жұлдызы ерекше жарқырап, түу көктен сәуле шашып тұра бермек.

Баян БЕКЕТОВА,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір