ДОН КИХОТ ДЕГЕН – ҚАҢБАҚ ШАЛ…
Орғып секірген қоянның соңы, желтоқсанның 27-28-29 күндерінде Бішкектегі Тоқтаболат Әбдімомынов атындағы қырғыз ұлттық академиялық театры «Адилеттик издеген рыцарь» атты спектакльдің премьерасын сахнаға шығарды. Бұл – белгілі қазақ драматургі Асылбек Ихсанның «Дон Кихот» пьесасы бойынша дайындалған қойылым. Қоюшы режиссері – Еркін Егембердиев. Пьесаны қырғызшаға қотарған және Дон Кихотты сомдаған Қырғызстан халық артисі – Бұсырман Одуракаев, ал Санчоның образын сахнаға Арнис Қыдырмашев алып шықты.
Мен осы премьераның үшінші күнгі көрсетілімін пьеса авторы Асылбек Ихсанмен бірге Бішкекке арнайы барып тамашаладым. Қойылымның алғашқы күнінде қырғыздың игі жақсылары театрға жиылып, пьеса авторы мен спектакль режиссеріне, киімі испанша, тілі қырғызша, пәлсапасы қазақша актерлерге сәт-сапар тілепті.
Премьераның үшінші күні болса да бауырлас халықтың біздің Алматыдағы драма театр ғимаратындай ғимараты көрерменге толуға сәл қалып тұрды. Бұл қырғыз жұртшылығының театрға деген ықыласын танытса керек.
Шымылдық түрілгенде көргеніміз – жер шарының жоғарыдан салбыраған әжептәуір үлкен үлгісі. Айналып тұр. Бұл, сірә, Мигель де Сервантес заманынан бері төрт ғасыр бойы Жердің мігірсіз айналып тұрғанын, осыншама ұзақ уақытта Дон Кихот та, ол айқасатын құбыжықтар да арамызда әлі сол қалпы өзгермей жүргенінің ишарасы болса керек. Ал жер үлгісін қос қапталынан қаусырған қалқа әлемді қорғаушы әлдебір күштің барын аңғартады.
Сол сәт сахна төрінен найзасын сорайтып, үш аяқты қалтылдақ белсебет – мәстекке мінген өзімізге жақсы таныс, санамызға сурет боп сіңген Дон Кихот жылжып келе жатты. Одан сәл кейін екінші бұрыштан Кихоттың белсебетіне қарағанда қораштау белсебет – есегі бар Санчо Пансо көрінді. Ол да – бізге таныс бейне. Жазушы Мигель де Сервантес роман жазып отырғанда Дон Кихотты қалай елестетті екен, біз оны білмейміз, біздің білетініміз – ілгерінді-кейінді түсірілген фильмдердегі мұрты әнтек едірейген, мойны соншалық сорайған ебедейсіз рыцарь. Қырғыздың халық артисі Бусырман Одуракаев сол халық санасындағы Дон Кихотты айнытпай кейіптепті.
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын дүние жүзінен жүз жазушы бір жерге жиналып, «Дон Кихот» романын әлемдегі ең үздік туынды деп таныған екен. Оған біздің алып-қосарымыз жоқ. Себебі роман кейіпкерінің сөйлеген сөзі, әрекеті біздің дүниетанымымызға жат емес. Тосындығы жоқ. Дон Кихоттың болмысынан ата-бабаларымыз тудырған ертегі-аңыздардағы кейбір кейіпкерлердің мінезі, керек болса пәлсапасы менмұндалап тұрады. Ол пәлсапа беріде сопылық ілім ретінде жалғасын тапқан. Оның жарқын бейнесі Қожанасыр деуге болады. Қожекеңнің арғы жағында өзіміздің «қаһарлы» Қаңбақ шалымыз тұр. Ондай образ бізде адам бейнесінде ғана емес, сөз түрінде де кездеседі. Мысалы, «әпербақан» деген сөздің мағынасын қазақ жақсы түсінеді. Ауыз әдебиетіміздің өн бойында ондай бейнелер құмның арасында жарқырап жатқан кесек алтындай жиі ұшырасады. Асылбек Ихсанның Дон Кихотты нағашысындай жақын тартып, жиендік дәстүрмен емін-еркін пайдалануы содан. Өйткені автор Сервантестің дайын кейіпкерлерін алғанымен, оларға испанның емес, ежелгі ата-бабаларымыздың тіршілігін, тапқырлығын, тіпті кейбір аңқаулығын сіңірген. Демек әлемдегі ең үздік романыңнан біздің фольклорлық кихоттарымыз осал емес дегенді меңзейді.
Қырғыз актерлері Асылбек Ихсанның осынау меңзеуін тамаша түсініпті. Олай болатыны – қырғыз бен қазақтың жеген тамағы, қылған кәсібі, түйген танымы бір. Сондықтан да Жиренше мен Қарашашқа, Аяз биге және қазақ ертегілеріндегі жекелеген өмір көріністеріне қатысты пәлсапалық аңыздарға телінген Дон Кихот пен Санчо Пансоны және басқа кейіпкерлерді қырғыз тілінде шебер сомдап шықты.
Пьесаны сахналаудың бір ерекшелігі – оны әрбір режиссердің өзіндік сезуінуі мен өзіндік дүниетанымына қарай көрерменнің көз алдына алып келуі. Сондықтан бұдан жүз жыл бұрынғы пьесаны да әлі күнге дейін қойып келеміз.
Спектакль фильм емес, спектакльде сахналық безендіру режиссердің қиялына қарай өзгеріп отыратыны сияқты, туындының идеясы да өзінше шешек атуы мүмкін. Көркемөнерді түсінетін, одан ләззат алатын көрермен бір қойылған спектакльге қайталап бара беретіні содан. «Пьесада қалай жазылса, сахнада солай шығару керек» деген заң жоқ.
Қырғыз режиссері де Асылбек Ихсанның «Дон Кихотына» сондай көзқараспен қараған. Автордың өзі де соны жақсы білгендіктен, «Сервантестің «Ла-Манчадан шыққан Дон Кихот» шығармасының және қазақ фольклорының желісімен» деп ескертіп, пьеса атын «Дон
Кихот» деп қысқа қайырып қоя салыпты. Спектакльді қалай атауды қоюшы режиссердің еркіне қалдырған. Ал режиссер Еркін Егембердиев оны «Әділеттілік іздеген рыцарь» деп атапты. Келесі бір режиссер басқаша атаса, оған да мақұл.
Осы арада бір айта кетерлік сөз, режиссердің спектакль атын осылай деп қойғаны – автордың көкейіндегі ойын дөп басқаны деуге болады.
Мигельекеңнің Дон Кихоты романның өн бойында құбыжықпен шайқасып өтеді. Автор мұнымен Испаниядағы мемлекеттік құрылымның дұрыс құрылмағаны сол құбыжықтардың кесірі деген ойға шылбыр тастайды. Сол үшін құбыжық атаулыны (қара ниет адамдарды) шабуылдап, найзамен түйреп жою идеясын көтереді. Ал Асекеңде олай емес, оның Дон Кихоты – бұл әлемнің құбыжықтан арылмайтынын мойындаған, оларды шайқасып, найзалап тауыса алмайтынын түсінген Дон Кихот. Сондықтан ол бұл әлемнен әділеттілік іздейді. Санчо Пансо: «Әділет деген не?» – деп сұраса, «Әділет – биліктен де, байлықтан да жоғары!» – деп долбарлап жауап береді. Өзі де нақты мәнін таппағандықтан дәл сипаттап айта алмайды.
«Қорқаулардың ең ауыр қылмысы – халықтың Әділетке деген сенімін өлтіруі!» – дейді есі бір кірген жерде нақтылыққа бір табан жақындап. Шайқастан әдеттегідей қирап жатып: «Әділдік үшін соғысып, қанжоса болған қандай рақат!» – дейтін әпенділігі тағы бар.
Донекеңнің басты мұраты – естіген құлаққа жағымды сол әділеттілік атты қастерлі дүниені адам баласының жүрегіне қондыру. Құбыжықпен шайқасып жоюды емес, жүрегіне әділет сезімін егіп, құбыжықтық дерттен емдеп жазуды көздейді. Сөйтіп, сол әділетті іздеп сапарға шығады. Жанында, әрине, Санчо Пансо бар. Онсыз бола ма? Жол ұзақ, сапар ауыр. Неше түрлі қиындықтарға, кедергілерге тап болары анық. Неше қилы дүлейлер мен сиқырларға, сиқыршыларға ұшырасуы да мүмкін. Біздің қазақтың ертегісіндей ғой… Ер Төстіктегі көріністер еске түседі. Осыны көрермен қауым қойылымды тамашалап отырып, өзі сезіп, түсіне бастайтыны қызық. Дон Кихот бірте-бірте, Мигельекең романның алғашқа тарауында жазғанындай, «Ламанча аймағындағы атын атауға көңілі онша соқпай тұрған әлдебір» ауылдан емес, мәселен, Бішкек көрермені үшін Тоқмақ жақтан төтелеп тартып келе жатқандай әсерге бөлейді. Алматы көрермені үшін Ұзынағаштан немесе Талғар жақтан тепеңдеп шыққандай.
Солайша, темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей боп келе жатса да, жолшыбай әлдебір кіріптарлыққа ұшыраған жандар мен аңдарға, тіпті қапасқа қамалған құмырсқаға да, ауға оратылған сазанға да жаны қалмай жәрдемдеседі. Оларды зұлымдықтан құтқарады. «Жақсылыққа – жақсылық…» деген қазақ ертегісіндегі пәлсапа осы көріністен аңғарылады.
Екі автордың да Дон Кихотының өмірлік мұраты – жәбір көрген жандарды қорғау, алайда ХVІІ ғасырдағы Дон Кихот пен ХХІ ғасырдағы Дон Кихоттың мақсатқа жету жолдары екі басқа.
Сонымен бірге біздің Кихотымыз әрбір шайқасқа шығар алдында әуре-сарсаң ерліктерін қиялындағы ғашығына арнаумен ерекшеленеді. Оның барлық ерлігінің астарында «әйел деген сұлулыққа, әйел деген құдыретке бас ию» деген бекзаттық ой жатыр. Найзасын көкке шаншып: «О, Теңдессіз ару Дульсинея! Саған деген ақ махаббатым үшін…» – дейді қышқырып. Актер Бұсырман
Одуракаев осы арасына келгенде көзі от болып жанып, Дон Кихоттың өзі болып кетеді. Негізі актердің образға қаншалықты енгені көзінен аңғарылады. Көрермен кейіпкердің шын кейпін актер көзіндегі жазудан оқып біледі. Актердің көзіндегі жазу анық болса – өнерде бағы жанғаны. Бұсырман Одуракаев сөзбен айтқанын көзбен ұқтыратын актер екенін танытты.
Пьесадағы ауыз әдебиетіміздің жауһарлары спектакльге түгел сыймаған. Алайда ол, ілгеріде айтқанымдай, айып та емес. Ең бастысы, Дон Кихот жолында кездескен зұлымдықты жеңіп, іздеген әділетін табады. Ал тапқан кезде не көрді десеңші? Жүзін жасырған жамылғыны ашып қалғанда, қиялындағыдай сұлулық емес, көргені – мүлде басқа нәрсе. Өңсіз, ұсқынсыз әлдене. Есеңгіреп тұрып: «Түрің неткен қорқынышты еді!» – деп жылап жібергенде, көрерменнің жайланған көңілі күтпеген төңкеріске ұшырайды.
Осы көріністі көргенде:
Тағы да бағы жанды «Дон Кихоттың»,
Кетпесін шаттық атты сол күй көп күн.
Кихотты қазақ қылып сөйлеткенде,
Пьесашыл кіл дәлдүріш шоңқиды оптым, – деп бұдан бұрын жазған өлеңім дұрыс екеніне көзім жете түсті.
Режиссер де, актерлер де осы тұсына, автордың басты идеясына баса назар аударып, бар күшін салған. Сахна сценографиясы да ұтымды шешіліп, дөңгелекке орнатылған жел диірмен сияқты жеңіл декорациялар оқиға орнын жылдам өзгертуге, нәтижесінде көрермен санасына көп аса салмақ салмауға жәрдемдесіп тұр. Спектакль соңында сахна түкпірінен көк-сары нұрын астастырып прожектор жанды. Әрі ол шымылдық жабылғанша сөнбеді. Бұл не? Бұл Дон Кихоттың әділетті тауып жайланған көңіл күйін бейнелейтін қуаныш белгісі – кемпірқосақ па? Әлде әлемдегі тыныштық сүйген Украина халқының әділетсіздік құрбаны болып жатқанын ишаралағаны ма? Дәу де болса, осы соңғысы шығар-ау! Соған қарағанда, Дон Кихоттың сапары ХХІ ғасырда да аяқталар түрі көрінбейді.
Бұдан бұрын «Хақ жолы», «Соңғы мамонт» пьесалары сәтті сахналанған, «Зор Білгамеш һәм Қорқыт ата» пьесасы «Дала дауысы» бәйгесінің жүлдегері атанған автордың халықтық інжу-маржаннан тірнектеп сүзіп алғаны бар, өз жанынан толғанып қосқаны бар, әділеттілік туралы саф алтындай кесек-кесек ойлар «Дон Кихот пьесасында андыздап тұр. Оның бәрін бір спектакль көтере алмастай… Келесі бір режиссер керегінше пайдаланса, оған да молынан жетердей.
Иә, иә, келесі режиссер кім болар екен?
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
республикалық «Таң-Шолпан»
журналының бас редакторы
ПІКІРЛЕР1