АЛТАЙ ДЕГЕН МЕКЕНІ АҚИЫҚТЫҢ
11.02.2024
479
0

Моңғолияның Бай-Өлке аймағында дүниеге келген. Ақын, журналист. Моңғолия­ның Мемлекет­тік университетінің журналистика бөлімінде қызмет атқарады. «Мөлдір тамшылар», «Ғашық жүрек», «Армысың, аппақ дүние» жыр жинақтарының және ондаған ғылыми кітаптардың авторы. Шығармаларын қазақ, моңғол, орыс тілдерінде жазады. Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер. Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 

Зүлкәпіл МӘУЛІТҰЛЫ

Мен неге?

Жерім жайлы, елім де бар егемен,
Шайқалған жоқ шаңырағым, керегем.
Ортайған жоқ дастарқаным, тегенем,
Қиял қуып, мұңаямын неге мен?!

Аталар бар ақылы – алтын, көреген,
Апалар бар жаны жайсаң, береген.
Ақыным бар жан жүрегі тек өлең,
Аласұрып, алқынамын неге мен?!

Жұлдыз құлап, күн күледі төбеден,
Тоқтым семіз, қозы-лақ жоқ көбеген.
Жарма азайып, құрт кеткен жоқ өреден,
Көңіл жүдеп, құлазимын неге мен?!

Өзгелермен теңдес менің терезем,
Шөлдегем жоқ, кеуіп бір күн кенезем,
Орман сиреп, тартылған жоқ кең өзен,
Ел көшкендей елеңдеймін неге мен?!

Бірақ көңіл көп нәрсеге толмайды,
Бәрі-бәрі ойлағандай болмайды.
Тілім азып, қазақтығым азайып,
Бара жатыр… Бәрінен де сол қайғы.

Айтарым көп, таусылмайды, қайтейін,
Мына жүрек қиналмайды жай тегін.
Жүдеу тартып бара жатыр күн санап,
Қазақ деген қасиетті бай тегім.

Сағыныш

Асқар тауларым, құба белдерім –
Көне көз қартым – куәгерлерім,
Сендерсің менің туа көргенім,
Төсіңде толқып жуа тергемін,
Қиялдың мініп құлагерлерін,
Абзал анамсың, асыл әкемсің сен менің.

Қыратта қызыл гүл бүрлегенде,
Көгілдір өзен күмбірлегенде,
Алысқа арман жүр-жүрлегенде,
Қиялмай саған қарағам сонда,
Көзімнің жасын білдірмегендей,
Үнсіз ғана ағамның артынан ергемін.

Бөленіп кейде жалынға жаным,
Төгіліп кетеді сағынған әнім.
Қолын бұлғайды сағым да қалың,
Жусан иісті самал соққанда,
Тулатып жүрек, дабыл қағамын,
Жайқалтып мынау жанымның жасыл терегін.

Бұршақтап қойдым төзім көгенін,
Көркің тұр көлбеп көзімде менің,
Көл болып жатыр сезім дегенің,
Алыста жүріп құдыретіңді ұқтым,
Жаныңда тұрып сезінбеп едім,
Түсімде, далам, өзіңді ғана көремін.

Ел жақтан жиі хат-хабар аламын,
Сырымды қалай ақтара аламын,
Сағынған шақта баққа да барамын,
Аққорым, бірақ кетпейді естен,
Аялы өлкем, ақ самал әнім!
Сен екеніңді ұқтым өмірде маған керегі…

Әкемнің қыстауы

Қыстауы анау, әкемнің қыстауы анау,
Көшетінбіз асыға қысқа таяу.
Соғым басқа жиналып кәрі, жасы,
Қыдыратын көршілер атты, жаяу.

Шөп жататын қорада маялаған,
Бөрібасар бар іргені саялаған.
Көңнің иісі аңқыған қыр астынан,
Ыстық маған, бұл қыстау сая маған.

Жалдап жиған қиы бар, тезекпенен,
(Қызуынан туады өзекті өлең).
Кереқапты жастанып қақпа алдында,
Қой күзеткен кез­дер-ай, кезекпенен.
Жетер-жетпес наз көңіл Наурызға,
Қарық болып қалушы ек сары уызға.
Жауқазынмен жарыса
«Жақсы ырым» деп,
Сырға тағып жататын ару қызға.

Қозы-лақтың дауысы көгендегі,
Ешбір сазгер айталмас өлең бе еді?
Түлкі қаққан саятшы «Айт!» дегенде,
Босағада ақиық елеңдейді.

…Әкем кетті оралмас мәңгілікке,
Ер салар да азайды сәйгүлікке.
Ие болар қыстауға жан қалмады,
Сенім-сырым айналды жай күдікке.

Жылдар өтті. Көп нәрсе өзгеруде,
Болмағанды өмірде көз көруде.
Қыстауды емес қаланы паналайтын,
Жастар үшін, білмеймін, кез келуде…

Мұра болған бабадан қыстау анау,
Аңырап тұр, салады жанға қаяу.
Көзден бұлбұл ұшыпты осы күні,
Асығатын қыстауға қысқа таяу.

Алтай деген…

Еске салар тізілген жүз ботаны,
Өркеш-өркеш бұл жақта құз жатады.
Құз етегін жайлаған ақсақал бар,
Ақсақалдан аласыз сіз батаны.

Асқарында ақ күміс мұз жатады.
(Көктем келсең келесің күзде тағы).
Алтай деген мекені ақиықтың,
Ақтанмен де әйгілі сізге атағы.

Ерекше бір ән тыңдап жыршы бақтан,
Сырласасыз жігітпен жылқы баққан.
Қанып ішіп өзеннен отырасыз,
Омырауын өркеш тау жұлқып аққан.

Тобылғыдан сап алып қамшыңызға,
Аттанасыз ғашық боп әнші қызға.
Ойда-жоқта жолыңыз болады да,
Өзді-өзінен түседі алшыңыз да.

Ақ бастауы аумайтын балмұздағы,
Биыл ерте көктеген жалбыз тағы.
Шұбат ішіп қайтасыз шұбатылған,
Ақ әженің үйінен андыздағы.

Жалғыз талы қанша мың татыр құнға,
Қожашөптей керемет әтір мұнда.
Өткен өмір куәсі секілді бір,
Бас сүйегі жатады батырдың да.

Серуенге шақырып теректері,
Сезім қылын шертеді серектері.
Әрбір талы пәлсапа заңдылығы,
Әрбір тасы тарих деректері.

Тойған қозы секілді төбелері,
Қардың шеті сөгіле көгереді.
Көкше белдің үстіне шыққан адам,
Күллі әлемді оп-оңай көрер еді.

Жолым көптен бұл жаққа түспеп еді,
Жиі-жиі жарықтық түске енеді.
Алтыбақан басында кез­дестірдім,
Атын қойған сонау жыл кішкенені.

Қуалаған көк-жасыл көбелек қыр,
Алтай деген жерұйық керемет бұл!
Шабытымды шалқытып, айхай дүние,
Жұпар иіс жаңбыры себелеп тұр!

Қайдасың қара шалдарым?

Қамшы өретін қара шал қайда бүгін,
Қомын жөндеп жүретін тайлағының?
Амандығын сұрайтын сәлем берсең,
Шеттерінен қырдағы, ойдағының.
Аңқылдаған қара шал бүгін қайда,
Ноқта түйіп жүретін құлын-тайға?
Кәрі, жасқа қарамай ақтарылып,
Толғап-толғап алатын сырын жайлап.

Тегіңді айтып береді әңгімелеп,
Әрбір сөзі шешіре-мәнді дерек.
Ақыл-ойы қиялға қанат беріп,
Өсиеті алатын жанды жебеп.

Пір тұтатын артығын, асылдарын,
Ұйтқы боп жинайтын шашылғанын.
Көпті көрген көненің көзі екенін,
Баяндайтын сары тіс, шаштағы ағы.

Қайсарлықты танисың қабағынан,
Жанарынан жылылық табады жан.
Әжім басқан жүзінен тарихтың,
Сырын оқи аласың сан алуан.

Жақсылықтың тілеумен гүлін жасқа,
Отыратын тисін деп тілім тасқа.
Аттамасаң алаштың ала жібін,
Табылады деуші еді білім басқа.

Құмалақ сап, тілесең бал ашатын,
Бал ашқаны өзіне жарасатын.
Аңыз десе болатын, абыз десе,
Жеткізе алмай отырмын парасатын.

Тірлігінде күйбеңмен болмай тыным,
Үзілгенді үмітпен жалғайтұғын.
Кеше бар да, бүгін жоқ қара шалдың,
Ойламаппыз орны толмайтынын.

…Қоштаса алмай көбімен кетіп едім,
Қаpс айрылды нала боп көкірегім.
Қара шалдар азайып бара жатыр,
Соны ойласам егілем, өкінемін.

Неге қалқам қарадың?!

Неге қалқам, маған сонша қарадың,
Жан жүйемді баурап алды жанарың.
Сенен келген жылылыққа ілесіп,
Он сегізге сапар шегіп барамын.

Неге қалқам қарадың?!
Неге жүрек аласұрдың, дір еттің,
Қанша жанды сағындырдың, жүдеттің.
Төлегеннің түн ұйқысын төрт бөлген,
Өзі ме едің, қиял қызы Жібектің.
Неге жүрек дір еттің?!

Өзегімді өртеп өттің сен менің,
Түсім бе әлде, өзіме де сенбедім.
Қозы-Көрпеш сағыныштан сандалған,
Аңыз болған Баян сұлу сен бе едің.
Мен өзіме сенбедім.

Шаттық екен тарқамайтын күлгенің,
Сөз таппадым, теңейін деп гүлге мың.
Талай арыс Мәжүнін боп шаршаған,
Пері қызы Ләйлі ме едің білмедім.
Мәңгі солмас гүл дедім.

Қарағаның айту қиын, ғажап тым,
Дауысыңнан таусылмайтын саз аппын.
Бар арудың қасиетін сақтаған,
Табынамын қыздарына қазақтын.
Сендер барда ғажаппын.

* * *
Уақыт көңіліңе қараған ба,
Қайрылмай алға жылжып барады анда.
Қартайып қалсаңдағы сәби сынды,
Келеді еркелегің жан анаңа.

Қиналып күйбең тірлік тұсауында,
Кез­дер бар малынатын құса мұңға.
Болсаң да өзің әке сағынасың,
Болуды жан әкенің құшағында.

Қиял көп тарқамайтын неше күнде,
Арман көп, жетпеймін бе, жетемін бе?
Болсаң да өзің аға сағынасың,
Жүруді жан ағаңның жетегінде.

Елес боп жырақ қалды бала шағым,
Күтеді жақсылыққа тола таңым.
Самайды ақ шалса да жанға ләззат,
Аңсайсың аяулы әпке алақанын.

Талай сыр өмір-ұстаз үйретіп ең,
Ілесіп сапар шектім жыр өтіне.
Жырақта ағалайтын інілердің,
Бөлеңгің кеп тұрады құрметіне.

Өмір бұл толқыны көп, арнасы мың,
Бермейді күйкі тірлік жанға тыным.
Жат жұрттың келіні боп кетседағы,
Аңсайсың мейірімін қарындасыңның.

…Жазбасын тағдыр бізді сағыныштан,
Өмірдің жолы ұзақ, таңы қысқа.
Бәріне жетпесем де бүгін менің,
Жүрегім сендер жақта, алып ұшқан.

* * *
Тереземнен сығалайды бозғыл ай,
Ой сорабын ұзартады созғылай.
Құлазыған көңіл күйім секілді,
Дала бүгін жабырқаңқы.
(Тозғын-ай).

Білтесіндей сығырайған майшамның,
Жамау-жамау жарым-жарты ой салдың.
Қайда кетті жадыраған шаттығым,
Қайда жүрсің салиқалы ой, байсалды үн?

Осылайша күйге батам кейде мен,
Жүрек сыймай алқынады кеудеме.
Шабыт қыран түспей менің шырғама,
Жыр аңсаған басылмайды шөл деген.

Тәтті қиял мазалайды шырқымды ап,
Ой толғаймын тезіге сап, сыр тыңдап.
Үркер ауып, шолпан туған шақтарда,
Әрең-әрең төгіледі бір шумақ.

Мен осылай өзімді-өзім қинаймын,
Өзіме-өзім сан мехнат жинаймын.
Өлең менен айналсоқтап шықпайды,
Мен өлеңді алтынға да қимаймын,
Осы болар мың қуаныш, мың қайғым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір