ҚАЗАҚ ТЕЛЕӨНЕРІН ТҮЛЕТКЕН
Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы, телепублицист, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалының шығармашылық және қоғамдық қызметіне арналған Қазақстан Республикасы Мәдениет және Әділет министрліктері, Қазақстан Жазушылары мен Журналистер одақтары, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеттері бірігіп өткізген ғылыми-тәжірибелік конференцияға еліміздің көптеген ғалымдары мен жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, С.Оразалының шығармашылығын жан-жақты талдаған еді. Біз бүгін конференцияда сөйленген, бірақ бұрын ешқайда жарияланбаған, академик Серік Қирабаевтың және профессор Мұхтар Құл-Мұхамедтің ой-пікірлерін ықшамдап жариялап отырмыз.
Серік ҚИРАБАЕВ,
академик
Мен осы жасымда сыртқа көп шыға бермейтін адам едім, бірақ Сұлтанға арналған жиынға келмеуге болмайтын болды. Өйткені, онымен ешбір ағайындық, туыстық қарым-қатынасымыз болмаса да, азаматтық қарым-қатынасымыз бар. Сондықтан бір-бірімізді бауыр тұтып, біріміз аға, біріміз іні болып жүрген жайларымыз бар еді. Сұлтанға деген менің құрметім неден құралды? Ең алдымен айтарым, біздің басымыздан талай дәурен өтті ғой. Алпысыншы жылдардың бер жағы, бұл Сталиннің қайтқан, кешегі коммунистік партия режимінің сәл әлсіреген, басқа тілмен айтқанда, жылымықтың басталған кезі. Осы кезеңде қоғамда жаңа ұрпақ пайда болды. Мемлекеттік қызметте де, әдебиетте де, өнерде де, қай саланы алсаңыз да үлкен бір жаңаша қозғалыс пайда болды. Бұрын айта алмай жүргендерді ашық айтатын болдық. Бір кезде қазақ әдебиетінде махаббат лирикасы немесе табиғатты жырлау қажетсіз, саясаттан алыс деп саналатын болса, енді осылар туды. Кешегі Тұманбай, Қадырлар алдыңғы ақындарша жалтақтамай, ойына келгенін ашық айтатын болды. Міне, мен осындай жаңа өскен ұрпақтың ең мықты өкілдерінің біреуі Сұлтан деп ұғам. Бұлар алпысыншы жылдардың бас кезінде Мұхтар Әуезовтен оқып, Мұхаңның тәрбиесін алды. Мұхаң қайтыс боларының алдында, КазГУ-дегі шәкірттерімен кездесіп, солардың шығармашылығынан осы жаңа лепті сезгенін айтып, қуанып кетіп еді. Солар әр салада бой көрсетіп, біреуі ақын, біреуі жазушы болса, енді бірі журналистикаға барды.
Сұлтанды жарық дүниеге алып келген осы журналистика, соның ішінде тележурналистика. Телевизия өнерінің де неше түрлі саласы, неше түрлі жанры бар. Сұлтан осылардың бәрін игерді. Тіпті сценарийін жазып қана қоймай, өзі түсіретін күйге және режиссерлік мамандыққа да жетілді. Ол Ғабит, Ғабиден, Сапарғали, Ілияс сияқты ұлы жазушыларымызбен Азия-Африканың көрнекті суреткерлерін бейнетаспаға түсіріп алып, тарихта қалдырды. Бүгін солар деректі кино болып шығып жатыр. Бұл – Сұлтан тындырған істің өміршеңдігі дейміз. Ол теледраматургияның негізін салды. Телеэкранға көптеген жаңа түр енгізіп, мазмұнын байытты. Үнемі ізденісте болатын.
Сондықтан да Сұлтанды замандастары, алдыңғы ағалары ерекше құрметтеді. Бүгінгі күні ол телеөнердің қыр-сырын терең білетін көрнекті профессорлардың бірі. Екіншіден, Сұлтан әдебиет зерттеушісі. Ол Ғабдол Сланов жөнінде жақсы кітап жазды. Көптеген әдеби мақалалары, эсселері бар. «Диссертация қорғап ал» деп талай рет шақырдым, бірақ соған қолы тимей-ақ қойды.
Өйткені, ол ғылымды асығыс игеріп, қосымша олжаны қанжығаға байлап алайын деген ниеттен аулақ болды. Ол лауазымды қызметтер атқарды. Орталық партия комитетінде істеді, баспада директор болды, Республикалық Тіл комитетін құрды, содан соң Авторды қорғау жөніндегі агенттікке бастық болды. Осылардың барлығы Сұлтанның қажырлы еңбегі мен жаңадан бой түзеп, өзі қалпына келтірген мекемелер еді. Осы істердің өзінен-ақ оның зор қайраткерлігін танимыз. Сұлтанның ел таныған азамат болып қалыптасуына негіз болған – шыққан ортасы деп ойлаймын. Ол – Абай ауылында туып, Абайдың өлеңдерін жаттап, Абай туралы әңгімелерді естіп өскен ұрпақтың өкілі. Ағасы Кәмен Оразалин Абай елі мен Мұхтар жөнінде көп кітап жазған үлкен жазушы еді. Кәменнің шығармаларының бағасын енді танып жүрміз. Сол Кәменнің қолында тұрып, Мұхаңнан бастап, Абай еліне барған ақын-жазушылардың бәрін Сұлтан бала күнінде көрді. Алматыға оқуға келгенде кімнің-кім екенін жақсы білетін. Кейіннен үлкен қайраткер, жан-жақты қаламгер болып қалыптасуына осы ортаның әсері тиді деп ойлаймын. Сондықтан да мен Сұлтанды ерекше бағалап, өзіме жақын тарттым. Бауыр боп жүрдім. Оның үстіне жасыратыны жоқ, Сұлтанның үйінде Зәуреш деген келінім бар. Оны мен келін деген емеспін, өмірімде Сұлтанды «сен» деп сөйлесем де, Зәурешті «сіз» деп сөйлейтінім бар. Ол менің балаларымның, немерелерімнің оқытушысы болды. Қанша өсіп, биікке шықсаң да, алдында кішірейіп тұратын бір адам бар. Ол – мұғалім. Баланың артынан барған әке-шешеге мұғалімнен үлкен ешкім жоқ. Сен де оны құрмет тұтуың керек. Сондықтан да мен Зәурешті жақсы көремін, үй ішімізбенен сыйлаймыз. Міне, біздің Сұлтанның отбасына, адамгершілігіне, азаматтығына, шығармашылығына деген құрметіміз осындай.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,
заң ғылымының докторы, профессор
Өткен ғасырдың басында қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов әдебиетке байланысты өнердің бәрін жинақтап, «Сөз өнері» деген әдемі атау қалыптаған еді. Кейіннен өздеріңіз білетін, эпос, лирика, драмамен қоса, заманның көшіне қарай сөзді халықтың жүрегіне жеткізудің тың жолдарын тапқан өнердің өзгеше түрлері шықты. Ол әуелі радио арқылы, ал ғасырдың ортасында қазақ жерінде пайда болған теледидар арқылы халықтың жүрегіне жетіп жатты. Мінеки, сол кезде көгілдір экранда айрықша көзге түскен Сұлтан Оразалының есімін қазақ ұлттық теледидарының негізін салушылардың бірі деп біз бүгін нық сеніммен толық айта аламыз. Қазақтың ұлттық теледидары елуінші жылдардың соңында пайда болғанымен, алпысыншы жылдардан бастап көтеріле бастады. Алғашқы кезде бір сағат, бір жарым сағаттық хабарлардан бастаған жалғыз студия біртіндеп-біртіндеп дамып, көбейіп, қазір Қазақстанда 70-тен аса телекомпания жұмыс істеп жатса, солардың барлығының көш басында Сұлтан Оразалы сияқты қазақтың абзал азаматы тұр. Сұлтекең туралы баспасөзде кейінгі кезде жазылған дүниелердің біразын оқып шықтым. Шындығында, ол да достары Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин сияқты қазақ ұлттық руханиятының туын ұстап отырған азаматтармен университетте қатар оқып, бірге жүріп, бір ұстаздардан тәлім алып, тіпті, өнердің айдынына да өзінің желкенін қатар салған азамат. Менің ойымша, дәл сол кезде теледидар Сұлтекеңді халықтың алдында жаңағы екі досынан да артық танымал етті. Неге десеңіз, теледидарды халық күнде көріп отыратын, ал газет, журнал жеткенше, кітап оқылғанша, содан соң кітабын оқығанмен сол азаматтың түр-түсін білмейтін оқушылар алпысыншы, жетпісінші жылдарда көп болатын. Ал Сұлтекең күнде жарқылдап теледидардан шығып отырды. Жаңа жұмысқа жанын салып, барлық шығармашылық күш-қуатын беріп жүргендіктен, бәлкім оның жазушылығы, ғалымдығы өз мүмкіндігінен кемдеу болып қалған шығар, бірақ сол кездің өзінде Сұлтекеңнің ел ортасындағы танымдылығы ерекше болатын. Рымғали Нұрғалиев сияқты Сұлтекеңнің достары-ның аузынан талай естіп едім: «Осы Сұлтекеңнің арқасында жастау кезімізде талай кабинетті еркін ашып, талай басшының астындағы мәшинесін аударып мініп, талай командировкада сайранды салып едік», – деп. Сол айтқандай, алпысыншы, жетпісінші жылдарда Сұлтан Оразалы талантының жарқырап көзге түскен кезі еді. Қазір біз теледидарға көп сын айтамыз «анау жоқ, мынау жоқ» деп, бірақ сол алпысыншы-жетпісінші жылдардың өзінде, қазір ойлап қарап отырсам, Ғабит Мүсіреповтың театрдағы сұхбаты, Қарғалыдағы өзінің саяжайының түбінде Ғабиден Мұстафинмен болған сұхбат, Жазушылар одағының алдындағы паркте Ілияс Есенберлинмен өткен сұхбатқа, міне, 30-40 жыл өтсе де, әлі күнге дейін өзінің мазмұндылығымен біздің жүрегімізде жатталып қалды. Кейде, шіркін, Абай атамыздың бейнесі қандай болды екен деп, ол кісіден аман жеткен бір-екі суретті арлы-берлі төңкеріп қараймыз. «Шіркін, сол кісінің тірі кезіндегі бейнесі таспаға жазылып қалса ғой» деп армандайсың. Шәкәрім атамыздың Саятқорада жүргенде жетпістен асқан шағындағы суреті табылғанда ұлтымыздың ұлы қазынасы қайтып келгендей қуандық. Қазақша айтқанда, атамыз тіріліп келгендей әсерде болдық. Ал бүгін ортамызда жоқ сол ұлылардың бейнесін қайта көріп, олардың жан жүрегімен ашылып айтқан әңгімесін тыңдаған кезде бүкіл қазақ халқы осы еңбегі үшін Сұлтан Оразалыға алғысын айтады деп ойлаймын. Сұлтекең тек қазақтың ұлыларын ғана емес, жалпы түрік және мұсылман дүниесінің ұлыларын да экранға шығарып, қалың қазақтың жүрегіне жеткізді. Солардың ішінде Шыңғыс Айтматовпен болған керемет сұхбат, телеэкран тарихындағы жауһар туындылардың бірі дер едім. Қазір естелік жазушылар көп, бірақ солардың көбінде Зейнолла Қабдолов ағамыз айтқандай, өздерінің шляпасы қылтиып тұрады. Ал Сұлтекең соларды барынша ашылып сөйлету үшін, өзінің интеллектуалдық деңгейі, сұхбат құрып отырған адамымен деңгейлес болуы керек екенін жақсы біледі. Әйтпесе, андай-мұндай сұрақпен адамның сырын ашу мүмкін емес. Біз көрген Шыңғыс Айтматовпен, Қайсын Кулиевпен болған сұхбатта Сұлтекеңнің осы қасиеті ашылады. Ал бүгінгі ұрпақ Қайсын Кулиевтің кім екенін білмейді. Оның бәрі бізбен ағайындас, рухтас халықтардың өкілдері. Давид Кугультиновты алайық. Ол да біз сияқты киіз туырлықты халықтан шыққан әлемнің ұлы ақындарының бірі. Мінеки, қарап отырсам, Азия, Африка жазушыларының конференциясына келген, сол кездегі марқасқалардың көбі, Пәкістанның ұлы ақыны Файыз Ахмет Файыз сияқты азаматтар Сұлтекеңнің сұхбат сүзгісінен өткен екен. Бейнеқордан соларды көріп отырып біз осы еңбегі үшін бір өзі ұлттық теледидардың тұтас мектебін қалыптастырған Сұлтекеңнің үлкен еңбегіне басымызды иіп, рахметімізді айтамыз. Екіншіден, Сұлтан Оразалы теледраматургияның негізін салған адам. Біздің драматургиямыз Ойқұдықта Мұхаңның ұлы спектаклі «Еңлік–Кебектен» бастау алатын болса, ал енді теледраматургия алпысыншы жылдарда жазыла бастаған дүние. Мінеки, осы кезде теледраматургияның ой-қырын кәсіби маман ретінде түсініп, тұшынып отырып, негізін салған азаматтардың бірі осы Сұлтан Оразалы деп тағы да нық сеніммен айтамыз. Сұлтекең ғылымға да түрен салған адам. Ғабдол Слановтың шығармаларын түгел зерттеп, докторлық диссертацияға бергісіз дүние жазып, ғылыми зерттеулердің тұтас циклын жариялағандығы да есімізде. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін де Сұлтекең Орталық партия комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі сияқты үлкен қызмет атқарды. Бұл – бүкіл Қазақстандағы көркем әдебиетке байланысты жұмысты үйлестіріп отырған қайраткер деген сөз. Мінеки, сол қызметін совет заманында абыроймен атқарған ол, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін министр деңгейіне көтеріліп, Тіл жөніндегі комитетті басқарды. Ол бір министрліктің құрамындағы комитет емес, үкіметтің құрамындағы дербес министрлік деңгейіндегі комитет еді. Соның тұңғыш төрағасы ретінде, тіл саласындағы осы уақытқа дейін қолданылып келе жатқан Заңымыздың қабылдануына атсалысты. Біраз уақыт өткен соң, авторлық құқық қорғау жөніндегі агенттіктің төрағасы болып тағайындалды. Сөйтіп, екі министрліктің тізгінін ұстап, тәуелсіз Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарына қосылды. Сондықтан Сұлтекең туралы бүгін қалай айтсақ та жарасады. Оны ғалым, жазушы деп айтсақ та, теледраматург, ұлттық теледидардың негізін салушылардың бірі деп айтсақ та, мемлекет пен қоғам қайраткері десек те істеген қызметі, атқарған жұмысы, жазған еңбектері мұның айқын дәлелі болады.