ҚАЗАҚ АРДАҚТЫСЫН ҚАСТЕРЛЕЙДІ
28.10.2022
664
0

Шерағаның сыртқы түр- тұлғасы теңіз деңгейінен 1003 метр биікте жатқан Жуалының табиғаты сияқты қатал көрінгенмен, жүрегі мейірімге, шапағатқа толы ерекше жан еді. Жүрек кілтін тауып, жанына терең үңіліп, түсіне білсең, айналасына жан шуағын төгіп, жадырап жүре беретін.

Біз Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекет­тік сыйлықтың иегері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына бір күн қалғанда туған жері – Жуалыға ат басын бұрғанымызда, күзгі ауа-райы қабағын түйіп, жаңбыр сіркіреп жауып тұрды. «Ойпырмай, ертең жаңбыр төпелеп тұрса, талант­ты қаламгердің көптен күткен торқалы тойы қалай өтер екен?» деген ой бізді іштей мазалағаны рас. Ертесіне тұрсақ, күн шәйдай ашық, Жуалының күзгі тамаша сұлу табиғаты сап-сары әсем түске бөленіп, қияға қанат қаққан біртуар перзенті – Шерхан Мұртазаны сағынғандай мұңая қалыпты.
2000 жылдан астам тарихы бар көне де, мәңгі жас Тараз қаласының қабағы жадырап, бізді күндей күлімдеп қарсы алды. Қаланың орталық көшелерінің бірінен саналатын Жамбыл даңғылында орналасқан Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студент­тер үйінің алдында бой көтеріп, Шерхан Мұртазаның тұлғасын шебер сомдаған еңселі ескерткіш салтанат­ты жағдайда ашылды.
Алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге беріліп, ол Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт мақтанышы, талант­ты қаламгер Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдығына арналған құт­тықтау хатын оқып берді.
Осы бір жүрек тебірентер сәт­те ақын, Қазақстан Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин, Қазақстанның Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, ақын, Қазақстан Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты Аққұштап Бақтыгереева, ақын, Қазақстан Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов және басқалар сөз сөйлеп, тұлғаның елі үшін сіңірген орасан еңбегіне үлкен баға берді.
Мәртебелі қонақтар мен облыс жұртшылығының өкілдері жаңадан бой көтерген қаламгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Торқалы той Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде өз жалғасын тауып, «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» ат­ты ғылыми-практикалық конференция үлкен дәрежеде өт­ті. Есте қалатын бұл басқосуға белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері, депутат­тар, ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергенов ашып, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге алғашқы сөз беріліп, ол бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияның маңыздылығына тоқталып, Шерхан Мұртазаның қазақ әдебиеті мен журналистикасының өркендеп дамуына қосқан еңбегін ерекше атап өт­ті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Құт­тықтау хатын Сенат депутаты Абдалы Нұрәлиев жеткізді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан құзырлы орынның төрағасы Ерлан Қошановтың ыстық ықыласқа толы құт­тықтауын жеткізгенде, жиналған қауым бір серпіліп қалды.
Ғылыми-практикалық конференцияда Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, көрнекті тарихшы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиев, жазушы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, әдебиет­танушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, ақын Мейірхан Ақдәулет және басқалар сөз сөйлеп, қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртазаның еліне, халқына, отанына сіңірген еңбегіне жан-жақты жоғары баға берілді.
Осы күні даңқты қаламгердің таңдамалы шығармалары топтастырылған көптомдықтың тұсаукесері өт­ті.
Практикалық конференциядан соң, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар Жуалыға жол тартып, Шерағаның туған ауылы – Талаптыдағы Шерхан Мұртаза әдеби мемориалдық үйінің ашылуына қатысты.
Жазушының торқалы тойы Жуалы жерінде өз жалғасын тауып, жиналған жұртшылықты Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов шын жүректен құт­тықтады. Қаламгердің тойында сахна төрінде республикалық қаламгерлер байқауының жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, сыйлық тапсырылды.
Киелі топырақта Кеңестер Одағының батыры, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының інісі, шындықтың алмас қылышы Шерхан Мұртазаның ағасы, көрнекті ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Мекемтас Мырзахметовке үлкен құрмет көрсетіліп, ағайындар сәйгүлік тарту ет­ті.
Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық мерейтойына төрт мыңнан астам қонақ қатысты. Талант­ты жазушы – драматургтың шығармасының аясында театрландырған қойылым көптің көңілінен шықты. Сен тұр, мен атайын деген дүлдүл айтыс ақындары сахнаға суырылып шығып, көрермендердің көңілінен шықты. Жуалыдағы Талапты ауылында осы қуанышты күні – күй күмбірлеп, әсем ән қалықтады.
Қоңыр күздің осы бір күні бүкіл ғұмырын қазақ халқының ертеңі мен келешегіне арнаған, сол үшін отқа да, суға да түскен Шерағаның, Шерхан Мұртазаның аруағы асқақтап тұрды.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір