ЖАТ ЖҰРТ­ТА ҚАЗАҚ ҚАЛМАЙДЫ!
05.09.2022
333
0

«Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділет­ті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында.
Аталған Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлт­тық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», – деді.
Демек, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы 12 сәуірдегі «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да» деген уәдесін бүгінгі Жолдауында қайта жаңғыртып, Ұлы көшке серпін беретінін аңғарт­ты.
Қай жағынан алсақ та, Ұлы көшті жалғастырудың және оған басымдық берудің тарихи және стратегиялық маңызы зор.
Өкінішке қарай, Президент­тің сол кезде айтқан «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиет­ті парызымыз» деген сөзі өз деңгейінде орындалған жоқ. Оған басты кедергі Пандемия болғанын бәріміз көріп отырмыз.
Енді, міне, Алла қаласа, Ұлы көштің екінші «Алтын дәуірі» басталады деп сенемін.
Сол үшін Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі Жолдауында ортаға қойған кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын өз басым қолдаймын.
Сондай-ақ шекара сыртында қалып бара жатқан алты миллион қазақтың тағдырына қатысты мәселе президент­тік деңгейде айтылып жатқан кезде, Мемлекет Басшысының бұл бастамасын Ұлы көшке мүдделі қауымның да ыстық ықыласпен қолдайтынына сенемін!
«Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік», – деді, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ендеше, біз үшін де сол мемлекет­ті құраушы ұлт­тың тағдыры мен біртұтастығы бірінші кезекте тұрады.
Тәуелсіз мемлекеті, Тоқаевтай президенті және қара орман қандасы тұрғанда, жат жұрт­та қазақ қалмайды!

 

 

Ауыт МҰҚИБЕК, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір