ТЕҢIЗДI ҚАРМАҚПЕНЕН IЛIП АЛЫП…
20.05.2016
2364
0

О.ТұржанОңайгүл ТҰРЖАН

 

СЕНІМ

Кейде ешкім сенбейді жан-жағына,

Түн бар десем, сенбейді Таң да мына.

Көл сенбейді әлемде Шөл бар десем,

Шөл сенбейді әлемде Көл барына.

 

Сенгім келеді тайызға, тереңге де,

Сенгім келед тауға да, белеңге де.

Кәдімгідей, шынымен сенгім келеді,

Осы өмірдің мәні бар дегенге де.

 

Сенім деген сезім бұл – табандаған,

Соған еріп бұл көңіл амалдаған.

Үміттерің үзілі-і-іп кетер шақта,

Сенім келе жатады қараңдаған.

Тірлікті жеңілдету үшін адам,

Сенгеннен басқа амал таба алмаған.

 

Қасыңда – арман атты құсың ғана,

Сол құсың аман жүрсін, түсін, бала!

Әйтеуір біз ертеңге құштармыз ғой,

Құштармыз…

                   жұмбақтығы үшін ғана.

 

АКВАРИУМДАР ТАЛАСЫП ТЕҢІЗДІККЕ

Ұлы армандар көз iлмей негiздiкте

Жалғыздықтар құмартар егiздiкке.

Балықтарын баптайды күндiз-түнi,

Аквариумдар таласып теңiздiкке.

 

Ал теңiз ше? Шағала  үнi қарып,

Керi қашар толқыны күлiп алып.

Отырады жағада ерiккен жұрт,

Теңiздi қармақпенен iлiп алып.

 

Құм жатар мiне шабар құр атыңдай,

iштен тынған iшқұса сұрапылдай.

Жата-жата жалыққан көк теңiз де,

Орнынан қазiр атып тұратындай.

 

Атып тұрып, сөйлердей тасқынменен:

– Толқынымды үркiттi қашқын кемең.

Қасарысқан қағида қайдан шықты,

Теңiздер бiр орнында жатсын деген, –

 

деп тулап… ортамызға кiретiндей,

адами тiрлiк кешiп жүретiндей.

Бiр өкiнiш iшiнде жатса-дағы,

Сырт көзге сырын бермей, күлетiндей.

 

Жүргенмен адам-тiрлiк ұнайтындай,

Бiр күнi өксi-i-iп, өксi-i-iп жылайтындай.

Толқып жатқан күндерiн аңсап барып,

Арнасына қайтадан құлайтындай.

 

Иығымыздан түспейдi шекпен – егес,

Мұны көзбен көрген жан – тек мен емес.

Адамдардың бейнетiн арқалауға,

Ешқайсысының батылы жеткен емес.

 

КАСПИЙ КҮНГЕ ҚЫЗДЫРЫНЫП ЖАТАДЫ…

Каспий күнге қыздырынып жатады,

Тоңып қалған екен ғой деп ойлайсың.

Каспий кейде қозғалмастан жатады,

Өліп қалған екен ғой деп ойлайсың.

 

Кеме көрсе, қуып бара жатады,

Кеме мініп кетіп қалсам дей ме екен?

Көз жасымен жуып бара жатады,

Көкбөрі елге жетіп қалсам дей ме екен?

 

Сағыныштан сапырылысып өрт үні,

Кейде даусы ентігеді желем деп.

Кейде оның қарғиды асау толқыны,

Алыстағы Алатауым көрем деп.

 

Қарап жатып шағалалар көшіне,

Тұтқиылдан тап беруін қоймайды.

Бала кезі түсіп кетсе есіне,

Толқындары Айды доп қып ойнайды.

 

Жата қалып жұлдыздарды санайды,

Көк Тәңірді жорамалдап табарға.

Толқын сосын жүз бұрылып қарайды,

Жағадағы жалғыз тұрған саған да.

 

Сосын сен де сол толқынға жанисың,

Теңіздейін өрілетін сөзіңді.

Сонда ғана, сонда ғана танисың,

Көкбөрі-оймен толқып тұрған өзіңді.

 

ҚАРА ТАСТАР – ДАЛАДАҒЫ ТАС-ҚОНАҚ…

Бозторғайдың әуенінен аспан ап,

Жусан жатыр қырды жасыл шашқа орап.

Бір келген соң кетпейтұғын ешқашан,

Қара тастар – даладағы тас-қонақ.

 

Тас-қонақтар ұйықтап жатыр оянбай,

Өздерінің тау-мінезін баяндай.

Біз де – қонақ бұл өмірге келетін,

сосын бірақ кетер аз-маз аялдай.

 

Иә, біз де – қонақ, бірақ жолды іркіп,

Қала алмаймыз.

Рух жолын салдыртып,

аттанамыз көз ұшында баратқан,

бабалардан қалған ізді жаңғыртып.

 

Бабаларым – замандарға төзген мың,

Иесі олар сөнбес рух-көздердің.

Иесі олар сөйлемдердің бойымен,

қашықтыққа жүгіретін сөздердің.

 

Мың ғасырлық қашықтық ол, жебе – мың,

Толқынымен жарға ұрса да кеме-күн,

Көз жазбауға, адаспауға сол ізден,

Ақ қағазда суыт жүріп келемін.

 

МЕН

Жаз ортасында жауды қар,

Шілде тұр тоңып, қалтырап.

Түймедей көңіл – тау құмар,

Шақырды мені жарты бақ.

 

– Жарты емес, бер, — деп – бүтінін,

Ерегес салып мен  тұрдым.

– Түзу ұшпастай түтінім,

немене… кімнен кем тұрмын?

 

Қиналды мына жан-тұмар,

Сонда да сормен егестім:

– Қар жауды екен деп қалтырар,

Мен саған шілде емеспін.

 

Маңдайдың сорын сылып ап,

өкініп тұрмай өткенге,

жұбаныш айттым шығып ап,

өксіп бір жатқан көктемге.

 

– Шерімді қалай жат тыңдар,

мені де жұбат, – деп қалмай,

соңымнан жал-жал ақ құмдар,

шұбырып келе жатқандай.

 

Қурап бір құм боп тусаңдар,

Турап бір тастар тұғыр күн.

Бір нәрсе деді жусандар,

Естімесем де ұғындым.

 

Бір бақыт алда бары анық,

Қасқайып соны күткеймін.

Бір шаршы түнге оранып,

Ойымды қырық бүктеймін.

 

Ой деген – жегі,

Тау-шыңдай,

Шығам деп ауа қармадым.

Таусайын десем, таусылмай,

Толтырам десем, толмадың.

 

Ой деген – терең, шыңырау,

Түбіне тоқсан түскенмін.

Бір ұрттам ғана ғұмыр-ау,

Осылай сенде түстендім.

 

Шаңқай түс, саған қарадым,

Аңғал ем, кеттің есті ғып.

Түстеніп кетіп барамын,

Алда тұр енді кешкілік.

 

АҚТАУ

Мәрмәрдей әппақ қала, шөлдi мекен,

Түнiң де мойылдайын мөлдiр екен.

Алматыны мақтайды жұрттың бәрi,

Солар осы Ақтауды көрдi ме екен?

 

Бұрынғы дала емес бұл қурай басқан,

Iргесiнде теңiз боп тулайды аспан.

Асфальт жол түйелерден үркiп кетiп,

үй-үйдiң арасымен зулай қашқан.

 

Өр толқынға құмарта қарағам мен,

Бабалар рухына балағам мен.

Бiреулердiң тiлi өтiп кете ме деп,

Теңiзiңдi бүркеймiн орамалмен.

 

Ал теңiз  шапшаңдықты құптайтындай,

Толқындары жүгiрер құйттай тынбай.

Мұнда ғажап жайдары сергектiкпен,

Қара түн түрегелiп ұйықтайтындай.

 

Алыстан қарап тұрар таулар күндiз,

Көшеде самсай өскен баулар құндыз.

Бағандардың басына қалған iлiнiп,

Авторы жоқ аспаннан жауған жұлдыз.

 

Тұрғындары – ғажайып кеншi халық,

Алматыға елiктер өршiл алып.

Ақтауың да ержеттi.

Келер жазда,

Алатау-ай, Ақтауды көршi барып.

 

ЖҰБАТШЫ, АЛ, МЫҚТЫ БОЛСАҢЫЗ

Өткерер бастан не күйді,

Сөнгенше ғұмыр жалыны.

Тепкіні көріп бекиді,

Тастардың қара тамыры.

 

Ей, тағдыр! Дүлей толқының,

Ой-кеме сенде адасты.

Сәнімді мұзбен шарпыдың,

Есікті мұң да сан ашты.

 

Сен емес бізді кемітер,

Жүзіңді көрдік жүз үнді.

Бір тамшы бақыт ерітер,

Шеңгелдеп берген мұзыңды.

 

Талайлар өтті тау сынды,

Қасқайып шыдап кәріңе.

Батырдым кермек даусыңды,

Гүлдердің қызғылт дәміне.

 

Ақ сәуле іздеп түнектен,

Сандалып ойым сан барды.

Нәзіктігі жоқ жүректен,

Мықтылық іздеп нем барды.

 

Рас, сен ійдің менменді,

Мұң жайлы қалды қанша аңыз.

Жылаттың қанша пендеңді,

Жұбатшы, ал, мықты болсаңыз.

 

АҢДАРДЫ АДАМ ҚЫЛАМ ДЕП…

«Цирк артисiн өзi үйреткен
алып пiл көрермендердiң көз алдында
тапап өлтiрдi».
Телехабардан.

Құмар ғып көлiң, шөлiң де тiптен,

Табындық құлан, қыран деп.

Цирктер басын өлiмге тiккен,

Аңдарды адам қылам деп.

 

Мың тiрiлiп, сосын…

мың өлерi шын,

Өр сезiм қайда қамалмас.

Адамға керек ұлы өнер үшiн,

Ұлы аңдар бодан бола алмас.

 

Аз емес менiң күйiнiшiм де –

Өмір де  – цирк алаңы.

Адамдар киген киiм iшiнде,

Аңдар да кетiп барады.

 

ҚАЛЫҢ ОЙДЫ ҚАЛЫҢ ШАШТАЙ ТАРАЙМЫН

Қалың ойды қалың шаштай тараймын,

күдiктердi қара түнге қамаймын.

Санадағы жалғыз түйiр үмiттi,

қайта-қайта санаймын.

 

Таң атады күлiмдей,

Күн батады бiлiнбей.

Шимай-шимай қағаздарды лақтырдым,

Жанып-жанып бiткен ойдың күлiндей.

 

Жанып бiткен.

Қалар емес сонда да.

Ақ қаламым жүгiретiн қолбала.

Қара түндi қағаздайын умаждап,

Отыратын мен ғана.

 

ТАҢНАН ТҰРЫП, КЕШКIЛIККЕ ЖҮГIРЕМ

Үмiттенем, мың сан рет түңiлем,

өтiрiк пен жалғандыққа iлiгем.

Қашықтыққа жүгiретiн жүйрiктей,

таңнан тұрып, кешкiлiкке жүгiрем.

 

Жүгiремiн, жалпылдайды жантымақ.

Дүбiрлерден жердiң шары қалтырап.

ұмтыламыз аласұрып, анды үгiп,

тәуекелдi бiреулерден тартып ап.

 

Асығыс жұрт.

Уақыт бiздi үптедi,

Шатасады айқай-шудың жiптерi.

Аптығады сөздер сөзден озам деп,

Сөйлем кеттi теуiп өтiп нүктенi.

 

Кешкiлiкке жетем ақыр ентiгiп,

әлiм құрып, ақыл-есiм мертiгiп.

Сағыныштың сау-тамтығы қалмайды,

Сезiмдерiм отырады көн тiгiп.

 

Сонда-дағы қайтпақ емес меселiң,

Ұйықта, әлем, шексiз әлi кешерiң.

Оятады бiздi тағы таң атпай,

Мәшинелер тәнiн жуып көшенiң.

 

Өмiр солай!

Ұнат мейлiң, ұнатпа.

Оны ешкiм жатқан жоқ қой сұрап та.

Жыла!

Шыда!

Адам деген ұлы есiм,

ұлы есiмнiң тiршiлiгiн құлатпа!

 

ТОЛҚЫНДАР ТҮНДЕ ҰРЛАНДЫ

Көк теңіз жатты жалқын көк,

Шулап бір толқын тұрған-ды.

Таңертең тұрса, толқын жоқ,

Толқындар түнде ұрланды.

 

– Кім алып кетті? Кім көрді?

Айқай сап теңіз сұрады.

Жартастар айтты:

– Түн көрді!

Көк теңіз жасын бұлады.

 

Ал түннің жайы белгілі –

Тірі жанға айтпас көргенін.

(сезеді бірақ ел мұны),

Айта алмас шындық өлгенін.

 

Талқан ғып таңды жеңсе де ол,

Ештеңе айтпас далаға.

Көргенін айта берсе ол,

Онда ол өр түн бола ма?

 

Жүрегі түннің от-көрік,

Тек өзі азап шекпек ол.

Сұмдықты мұндай көп көріп,

Қап-қара болып кеткен ол.

 

СФИНКСТІҢ ТАС БЕТІН ОЯТЫП АП…

Ерегесiп өлең де жатып алар,

Аң емес оғың болса, атып алар.

Шақырсаң да кей кезде келмей қойып,

Күн сияқты кетедi батып олар.

 

Абыр-сабыр жүгiрер қала-тұрақ.

Шам жанады түнге нұр таратып-ақ.

Өлең оқып отырам түсiмде ылғи,

Сфинкстiң тас бетiн оятып ап.

 

Тастық сертiн сақтап ол түк ұқпайды,

Бiз құсап тiршiлiкке құнықпайды.

Бiр жылатып,

Сонан соң бiр жұбатар,

Күлкiлi оған бiздегi үмiт, қайғы.

 

Бiздегi көңiл-дағы кiршең едi,

Қирайсың. Жұбанасың – кiм сенедi?

Жүрмiн әлi үмiттiң шамын ұстап,

Ол шамым бiр жанады, бiр сөнедi.

 

Сағындырды ауылдың алтын әнi,

Жүректе соған тартар жол тұрады.

Адам жаны жамалар сағынышпен,

Тауларды да тас қана толтырады.

 

ТҮСІНІП КӨР МЕНІ ДЕ

Уақыт жүйрiк.Не iстейтұғын мұршаң бар,

Күн мен түндi есептейдi кiл сандар.

Құйындарға аң-таң болып қарайды,

Қыдыруға қолы тимей жусандар.

 

Жусандардың iшкi iсiне кiрiспей,

Құм жатады шаршап, тынған ұлы iстей.

Бейнетқор да, адал құмырсқалардың,

Iзi жатыр құмға түскен тiгiстей.

 

Кейде нөсер жауады бiр төпеп кеп,

Таңдамайды – тау үстi деп, етек деп.

Шырмауықтар шырматылып тағдырға,

Өзендер жүр бiрiн-бiрi жетектеп.

 

Қара жолдар елсiздiкке айдалып,

қаңбақтары жүгiруден бәйге алып.

Шөл даланың ыстығына кепкендей,

Күлкiлерi мумиеге айналып.

 

Соның бәрiнкөңiлiммен шарлаймын,

өмiр көшер шаттығына жалғай мұң.

Өлеңiмнен көмек сұрай келедi,

Теңiзге өзiн түсiндiре алмай Құм.

 

Сары Құм-ай, қинайды өмiр сенi де,

Не айта алам сенiң бұйрат белiңе?

Адамдар да түсiнбейдi бiр-бiрiн,

Мықты болсаң, түсiнiп көр менi де.

 

НАРЫН ҚҰМ

Нарын құм бұрқырап,

Дүниенi үптердей,

Өзiн-өзi жүн етiп түткендей.

Кейде құйын боп түрегеледi,

Махамбеттен бiр хабар күткендей.

 

Тарамыс бұталарының,

Саусақтары сақ-сақ күлгендей.

Сол күлкiсiмен жiгерсiздiктi бүргендей.

Осы құмды бiр-бiрiне қосып, көбейтiп,

Кейде желге ұшырып, азайтып,

Дала есеп шығарып жүргендей.

 

Дала ненi есептейдi?

Оны ешкiмге айтқан емес.

Ал құмдары

айтқанынан қайтқан емес.

 

Көшем десе, көшедi,

Таудай боп өсем десе, өседi.

Жарты әлемдi ап жатам десе, жатады.

Кейде таулардан зор,

Бұл құмдардың атағы.

 

Құм арқалаған ана қыр,

Қазаққа пана-дүр.

Бабаның батихасымен,

Құмдардың математикасымен,

Өрiлген дала бұл.

 

Мәрттiктiң ұясы,

Аптапқа да кеппей жатқан

қанды жорықтың сиясы.

Бұл дала – қуаныш пен қайғының

Географиясы.

 

Тарихымның қапиясын,

Көзiмен көрген от-ұясын.

Ауыр денемен жеп-жеңiл көшiп жүретiн,

Түсiнбейдi ешкiм

бұл құмның философиясын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір