Өнерге деген іңкәрлік сахнаға алып келді
20.12.2023
611
0
Салмақты әзілі мен ойлы оралымдары арқылы көрерменнің көзайымына айналған «Өнер қырандары» театрлық ұжымының құрылғанына он бес жыл толды. Алғашында КВН құрамасы ретінде құрылып, көңілді тапқыр жастар арасынан оқ бойы озып шыққан таланттар бүгінде уақыттың өзі екшеп шығарған іргелі театрға айналды. Әр көрінісі көпшілікті шынайы күлкіге көмілдіріп қана қоймай, көңіл тереңіне сүңгіте түсетін ұжымның бүгінгі беталысы мен алдағы жоспарларын білмекке театр әртістерін әңгімеге тартқан едік. 
– Театрлық ұжымдарыңыз алғашқы сәтінен-ақ көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы, топ қалай құрылды? Идея кімнің тарапынан болды?
Мадияр Серікбаев:
– 2005 жылы бәріміз жан-жақтан келіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстік. Дана, мен, Мэлс, Әнуар – төртеуміз жоғары оқу орнының табалдырығын бір жылда аттап, «Қуыршақ театры артисі» мамандығы бойынша бірге оқыдық. Біз екінші курсқа өткенде Сырымбет, Құдірет, Жанболаттар «Драма және кино артисі» мамандығы бойынша оқуға жаңадан түсіп жатты. Драма артистері абыройлы саналады да, қуыршақ театрында қызмет атқаратын артистердің еңбегі бағалана бермейді көбіне. Соған қарамастан, осы бағытта жүргендердің жүгі ауыр. Мұндағы мамандар кейіптейтін рөлін бірінші өзі сомдап алады образына толықтай еніп, сосын барып өзі өткерген сезім, күй құбылыстарын қуыршаққа сіңіре отырып жұмыс істейді. «Драма, кино артистерінің түрі хит болса, қуыршақ театры артистерінің қолы – хит», – деп қалжыңдаймыз өзара. 
Барлығымыз дерлік өнерге сол тұста жұлдызы жанып тұрған КВН ойындарына қызығып жүріп келдік десем, артық айтқаным емес. Арамызда Әнуардың КВН-нің айналасында жүргеніне біраз болған. Есен Елеукен ағаның көмекшісі болды Шымкент қаласында. Әнуар, Құдірет, Сырымбет, Жанболат бар, бесеуміздің той-томалаққа шығып, асабалық етіп кішкене тиын-тебен тауып жүрген шағымыз. Бірде Әнуар: «Осы КВН-ге шықсақ қалай болады? Есен ағамен өзім сөйлесіп көрейін», – деген ұсынысын айтты. О бастан ықыласымыз зор болғандықтан қуана келістік. 
Міне, осылайша КВН сахнасына қадам бастық. Алғашында тобымызда тағы біршама әртістер, академияда оқып жүрген өзге де жігіттер болатын. Солардың ішінен сылынып-сылынып, сайдың тасындай әбден қашалып шыққан бесеуміз қалдық. Мэлс, Даналар бізге көмектесіп, КВН-ге шығарда сценарийді жазысып, қолдау көрсетіп, бір жағымыздан шығысып жүретін.
– Яғни «Өнер қырандары» бірінші КВН командасы ретінде құрылды ғой?Ал құрама атын бұлай атауларыңыздың мәні неде?
– Иә. Бастапында КВН ойыншылары ретінде ұжымдастық та, академияны бітірген соң бір жылдан кейін барып театрымыздың іргесі қаланды. Бірақ ол кезде театр деп бірден атаған жоқпыз.
КВН командасы ретінде тобымыздың атын қоюға тиіс едік. «Қандай ат қоямыз?» деп әбден ойландық. Өзіміз оқып жүрген оқу орнының атынан шығатын болғандықтан, Өнер академиясының логотипіне зер салдық. Онда «Өнер» деп жазылып тұрады да, сол жазудың бойымен самғап ұшқан қыран бейнеленген. Ойлана келе, тобымыздың атын «Өнер қырандары» деп атауды ұйғардық.
– Өнер жолына түскен бастапқы кезеңде қандай да бір қиындықтар кездесті ме? Ол күрделі шақтарды қалай өткердіңіздер?
– КВН командасы болып құрылғанымызда, әлі студентпіз ғой, мәселе қаражатқа келіп тірелетін. Жоғары лигаға ойнау үшін Есен Елеукен Астанаға шақырды. Өнер академиясы кәсіби артистерді, нағыз өнер майталмандарын даярлайтындықтан, КВН-шілерге түбегейлі қарсы болатын. Яғни біздің тобымызға да қолдау көрсетіле қоймады. Сондықтан, амал жоқ, демеуші іздеу, қаражат іздеу проблемаларынан қиналатынбыз. Компания басшыларымен сөйлесуге, ана кісіге бір, мына кісіге бір барып: «Елу мың теңге бере тұрасыз ба?», «Жүз мың бере тұрасыз ба?» деп қарыз сұрауға мәжбүр болдық. КВН-нің әр шығарылымына шығу үшін жарнасын төлейтінбіз. Оны да аннан-мыннан сұрастырып табатын едік.
Шығармашылық тұрғыдағы қиындықтарға тоқталсақ, өзіміз – Өнер академиясының студенттеріміз ғой, көріністерімізді спектакль ережесімен, театрлық көзқараспен жасайтынбыз. КВН деген – қысқа да нұсқа болу керек. Біздің дайындаған нөмірлеріміз 40 минутқа дейін созылып кететін. Есен Елеукен басын ұстап отырып: «Ойбу-у, мынаның қай жерін қысқартамыз? Қай жерін қысқартамыз?» – деп миы қататын еді. Көріністің әр тұсы қысқарған сайын біздің жүрегіміз езіліп отыратын (күліп). Өйткені түнімен ойластырып жасаған дүниеміз ғой, не дегенмен. 
Ал театр болып құрылғаннан кейінгі қиындық жайлы айтсақ, ол кезде өзімізше кішігірім нөмірлер дайындап қоятынбыз да, бірақ шығатын жер таппай әбігерге түсетін едік. «Қай жерге шықсақ болады?», «Қай жерге барып өнерімізді көрсетсек екен?» деп басымыз қататын. Ана театрға бір барып, мына театрға бір барып, қандай да бір әншінің шығармашылық кеші өткелі жатқанын естісек, оларға жүгіріп баратынбыз: «Біз шықсақ бола ма? Мынадай нөміріміз бар еді», – деп… Солардың арасында Қыдырәлі мен Қарақаттың ән кешіне шықтық алғаш рет. Қуыршақтарды өзіміз тігіп, «Балбаланың» қуыршақтарының образын жасағанбыз сонда. 
Бастапқыда кездескен қиындықтар көп енді, оның бәрін айта берсек, қазір жылаймыз отырып… (күліп).
– Театр ұжымының қазіргі толық құрамы қалай жасақталды?
Әнуар Шымырқұлов:
– Жаңа Мадияр айтып өткендей, КВН командасы болып жасақталдық. Ол жерде жеңіске жетіп, чемпион атанғаннан кейін, одан жоғары белес жоқ ары қарай ойынды жалғастыра берейік дейтіндей. Дегенмен ең үлкен белесті бағындырғандықтан, өнерді тоқтатпайық, ұжым тарамасын, тарқамасын деп театр ретінде қайта құрылдық. Осы шақта ортамызға Дана мен Мэлс сынды таланттар қосылды. 
– Бүгінде театрдың жанкүйерлерінде есеп жоқ. Сіздермен қатар жүріп, сахнада бірге өнер көрсетсек, ұжым құрамына енсек дейтін талапты жастар да аз емес шығар.
Мэлс Жақыпберді:
– Дәл қазір актерлық құрамды толықтырып немесе жастарды алып жатқан жоқпыз. Себебі осы «үлкендердің» өзіне рөлді әрең тауып жатырмыз (күліп). 
Мадияр Серікбаев:
– Жейтін тамақтары да көп болғаннан кейін… (күліп). Әсіресе Мэлстің шығыны өте көп болғаннан кейін… (күліп).
Мэлс Жақыпберді:
– Иә, жас дарындарды алып алып, бекерге бағын байлап қоймайық деп, ынталанып келгендерге икеміне қарай жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсетіп жібереміз. Театр құрамында актерлардан бөлек, әншілеріміз, администраторларымыз бен дыбыс режиссері бар. Жалпы он-он екі адам жұмыс істейді ұжымда. 
– Бертін келе діни бағыттағы қойылымдармен ғана сахнаға шыға бастадыңыздар. Бұл бағытты көрермен әрқалай қабылдаған секілді. Кейде бір тақырып қайталана берсе, көрерменнің жалығыңқырап кететін жағдайлары кездеседі. Сіздер бұл жағына қалай қарайсыздар? Сондай-ақ шектен тыс діндарлық та халық ішінде жағымсыз сипатқа ие болып тұр. Діни көріністерден гөрі, жалпықоғамдық сипаты басым тақырыптар да көп қой, әзіл қоржындарыңызды неге түрлі тақырыптармен толтырмасқа?
Мадияр Серікбаев:
– Дін мен дәстүрді ұштастырған «Берекелі мереке» атты кешімізді өткізгенімізге биыл он жыл болған екен. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында ұйымдастырылған кештегі нөмірлердің жыл сайын сахналауымызды сұрап отыратын тұрақты көрермендері бар.
Адам баласы үшін басты құндылық – руханият қой. Руханияттың басты негізі – ақиқат. Ал ақиқаттың тамырын дәстүрлі дінімізден табатынымыз хақ. Бұл топтамадағы көріністерде адами құндылықтарға назар аудартқымыз келген. Дінге ондай бір қатты екпін бердік деп айта алмаймыз. Мейірімділік, адамдық, адамгершілік, кешірім, сабыр, ізгілік сынды ең құнды қасиеттерді басты идея етуге талпындық. Ал осынау құнды қасиеттерді бәрібір Алламен, Құдаймен ұштастырамыз ғой. Бұндай асыл ұғымдарды, сол ұғымдарға тән мінез, болмысты адамның өзі ойлап тапты десек, нанымсыз болатын шығар. 
Яғни «Берекелі мереке» аталатын серия арқылы көпшілікті ізгілікке, жүрек тазалығына, мейірбандылыққа шақыруды мақсат тұттық. Осы атаудағы кешті көрермен назарына ұсыну туралы идея да табан астында пайда бола салған жоқ. Жоспарлы түрде, жүйелі түрде, ҚМДБ, Дін істері агенттігі, телеарна басшылығы бар, төрт жақты меморандум жасасып, «Қазіргі қоғамға не жетіспейді?», «Бүгінгі әлеумет қандай проблемалармен бетпе-бет келуде?» деген сияқты сауалдар төңірегінде ақылдасып, жүзеге асырған жобамыз еді – бұл. Өз жемісін берді деп ойлаймын.
– Халықты күлдіре алатын, күлдіре отырып ойландыратын, ой түйгізетін мәтін табу оңай емес екенін білеміз. Сахналық туындыларыңыз қалай өмірге келеді? Қойылым тексті қалай жазылады?
– Әуелі қойылымдардың идеясы туындайды. Идеяның тууына өмірдегі, қоғамдағы әртүрлі ахуалдар, тап бүгінгі уақыттың актуалды тақырыптары әсер етуі мүмкін. Немесе ұжым құрамындағы жігіттердің кез келгені оқыған кітабынан, шығарманың белгілі бір тұсынан, қараған фильмінен ерекше әсер алып, ортаға сол мазмұнда әлдене жазуға болатынын айтып жатады. Тарихи оқиғалардың да ықпалы зор. Осындай сан қилы ойлар жүлгесінен тақырып тауып аламыз. «Бұл тақырыпты аша аламыз ба?» деген талқылау жүреді өз арамызда. Содан кейін барып, нақты идеяға тоқталғанымызда, айтуымыз бойынша сценаристер мәтінін жазып шығады. Сценаристер жазып болған соң, дайын сценарийді аламыз да, театр актерлары – бәріміз бірге отырып, қойылым желісінің әзіл-сықақтық жағын толықтырамыз. Сценарий, міне, осылай келеді өмірге.
– Өз ойлағандарыңыздан да асып түскен көрсетілімдеріңіз бар ма? Құдірет Топаев:
– «Заман-ай» қойылымын атар едім. Бір жылдары біраз азаматтарымыз радикалдық көзқарасқа таңылып, адасып, шетел асып жатты. Соған тосқауыл болу бағытында көрініс әзірлеуге мемлекеттен тапсырыс түсіп, елді алаңдатқан түйткілге тереңнен үңілген едік. Негізі, бір ғана қойылым дайындауымыз керек болған, біз бірнеше көріністі жымдастыра әзірледік те, нәтижесінде онымыз екі жарым сағаттық – кіріспесі, шиеленіскен тұсы, қорытындысы бар керемет туындыға айналды. Халықтың да ойынан шықты. 
– Өз орталарыңызда, гастрольдік сапарлар барысында, тіпті сахнада қызық, әсерлі оқиғалар болып тұра ма? 
Мэлс Жақыпберді:
– Бірде мынадай қызық оқиға болған. Сахнада айтысқа пародия жасап тұрғанбыз. Мен Балғынбек Имашевтің, Жанболат – Айнұр Тұрсынбаеваның образында. Екеуміз айтысып отырмыз. Менің кезегім келгенде әуелгіде: «Е-е-е, ағайын!» деп бастауым керек те, келесі қайырымда: «Е-е-е, Айнұржан!» деп айтатын жерім бар, сосын келесісінде: «Е-е-е, Жүрсін аға!» деп айтуым керек болған. Үш кезең. Қойылым барысында «Е-е-е, Айнұржан!» деп айтатын жерімде шатасып: «Е-е-е, ағайын!» – деп айтып жіберіппін. Бірақ ары қарайғы сөздерім ағайынға қатысты емес қой… Іштей өзімнің шатасып кеткенімді білдім де, тығырықтан шығу үшін: «Е-е-е, Жүрсін аға!» – деп жалғастырдым, одан кейін «Е-е-е, Айнұржан!» деп айтқалы отырғам. Сөйтсем, тап сол тұста Жанболат тұрат та: «Е, Балғынбек, ты определись! Кім?» – дейді ғой сөзді жұлып алып. Халық деген ду етіп күлсін. Мен қателесіп кетіп өзімше жол табуға тырысқаным ғой, оны байқаған Жанболат та тек тұрмай, сол сәтте-ақ әзілді үдете түскені. Сөйтіп, қателіктен пайда болған осы детальды келесі концерттердің бәрінде сценарийге қосып алғанымыз бар.
– Қайырымдылық қор құрып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, халықтың алғысына бөленіп жүрсіздер. Бұндай оң қадамның жоспары қалай құрылды? Қаржы қалай жиналады?
Мадияр Серікбаев:
– Осыдан алты жыл бұрын қазан айында Гүлмира Мұқанқызы деген апайымыздың фейсбук парақшасындағы бір оқырманы: «Мә, үш мың адам екенбіз. Мың теңгеден жинап черная касса ойнасақ, күшті болады иә?» – деп қалжыңдап жазған екен. Сонда Гүлмира апай: «Мың теңгеден жинап, одан да бір отбасыға баспана алып берсек болады екен ғой», – деген ой тастады, оны бәріміз құптап, осы бағыттағы жұмысымыз басталып кетті. Алты жыл ішінде «Харекет» қоғамдық қоры мың сексенге жуық баспана табыстапты. Ары қарай да кезекте тұрған қаншама отбасы бар. Әр өңірде, аймақтарда, ауыл-аудандарда қордың өкілдері, көмекшілер, еріктілер жұмыс істейді. Көмекке мұқтаж отбасыларды тіркейді. Көрші-қолаң, туған-туыстардың арасында қиналып жүрген жандар болса, жалғызбасты ана немесе әке болса, көпбалалы көмекке зәру отбасылар болса, соларды ескеріп, іріктеп, расында жәрдем берілуі қажет дегендерге халықтың қолдауымен осылай көмек көрсетіліп келеді.
– Бүгінде театр құрамында өз алдына халық көзайымына айналған актерларыңыз да бар. Әртүрлі фильм, киноларда да жарқырап көріну қуанышты екені сөзсіз әрине, дегенмен мұндай жайлар ұжымға кедергі келтірмей ме?
– Рас айтасыз. Киноға түсіп жүрген, той басқарып, асабалық қызмет көрсетіп жүрген актерларымыз бар. Өнермен қатар спортты алып жүрген Сырымбет бар. Ол жылына екі-үш мәрте Өнер барысы жобасына қатысады. Басқа да қосымша жобаларға актерларымыз барып, қатысып тұрады, оған ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен театрмен бәріміз де келісімшарт жасасқанбыз. Бірінші театрдың жоспары құрылады. Жылына екі рет гастрольдік сапарға шығып, екі мәрте кеш өткіземіз. Міне, осы сәттерге кедергі келтірмейтін шаралардың қай-қайсысына да актерлерымыз еркін бара береді. Тек, бірінші орында – театрдың кестесі ғой бәріміз үшін де.
– Ұжымдарыңыздың бір ерекшелігі – Мадияр мырза мен Дана ханымның отбасы екені халыққа аян. Екеуіңіздің қалай отау құрғандарыңыз да оқырмандарымыз үшін қызық екені сөзсіз.
Мадияр Серікбаев:
– Дана екеуміз бірге оқыдық. Группада ең үлкені мен едім, басқалардан алты жас үлкенмін. Сол үшін де шығар, группада староста болдым. Ал Дана ол кезде небәрі он жеті жаста, группадағы ең кішіміз. Бірінші курста оқып жүргенімізде Дананың анасы оқуға келген болатын. Бәрімізге өзі пісірген бәліштерін үлестіріп, қызының группаластарымен танысып жүр ғой. Сөйтіп, маған: «Сен старостасың ғой, Мадияржан балам, қызымды саған тапсырайыншы. Сен ағасы сияқты қарап жүр. Менің қызым – кішкентай, аңқау өзі», – деп, Дананы әбден табыстаған. Уақыт өте, екінші курста үйлеріне құда түсуге барғанбыз, сонда ол кісінің: «Мен саған қарап жүр дегенде олай қарап жүр деген жоқпын ғой», – дегені бар еді (күліп).
– Ал, міне, театр ретінде жеке отау болып, халықтың қошеметіне бөленгендеріңізге де он бес жыл толыпты. Осы он бес жылдық қарсаңындағы көңіл күйлеріңіз қалай?
Мэлс Жақыпберді:
.– Көңіл күйіміз өте тамаша. Он бес жылдыққа орай ұйымдастырған гастрольдік сапарымыз да түгесілуге жақын қалды. Алда Астана қаласын бетке аламыз. Қорытынды кешіміз Алматы қаласында өтеді. Сахналық қойылымдарымыз, нөмірлеріміз тыңғылықты түрде пісіп, дайын тұр. Алматы шаһарының тұрғындары мен қала қонақтарын Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Республика сарайында өтетін кешімізде күтеміз.
– Әңгімелеріңізге көп рақмет! Сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан 
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір