АЛТАЙ БИГЕ ОРНАТЫЛҒАН АЛЫП ЕСКЕРТКІШ
02.10.2024
597
1

Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтың әрбір руының ұранына айналып, тіпті тайпа атына ие болған өзі батыр, өзі би, ұлт қайраткері аз болған жоқ. Сол дарабоздардың бәрі ел мен жердің бақ-берекесі, гауһарлары еді.

Би әрі батыр Алтай туралы «Алтай би» ат­ты көлемді дастан жазған дәстүрге даңғыл, тарлан тарихшы, ақын Дүкен Мәсімханұлының тілі шұрайлы, ойы құнарлы екені бірден аңғарылады. Алдымен, мына жолдарды мұқият оқып көрейік:
Асаудай құрық тимес бұла заман,
Алды – ор, атырабы жылан аран.
Құландай тарпаң өскен өр қазақтың,
Басы бар ма аранға құламаған?!

Бұлдыр да, бұлдыр-бұлдыр,
бұлдыр заман,
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
тұлдыр заман.
Алтайдан «Елім-айлап» ел көшкенде,
Көздерден көл ағызған құрғыр заман.
Ұлт уызына жарып өскен дүлдүл ақын Дүкен Мәсімханұлы жорық жылдарында жолбарысша жорытқан, саны көп деп сескенбеген, қаруы көп деп тайсалмаған тарландардың кейпін:
Жалаң төс жауға шапқан серілерім,
Жау көрсе, жұлқынатын перілерім.
Жалғыз сүйем жер үшін
жан пида қып,
Жапанда жалғыз жортқан бөрілерім.

…Жылаған қасқа бұлақ, көлдер аз ба?
Қасірет­тен бүгілген белдер аз ба?
Бүгілген сол белдерді қасірет­тен,
Азат қып ел қондырған ерлер аз ба? – деп жігерлі қуатпен құлшына сурет­тейді.
Жетісуды, Түркістанды, Сырдария, Еділ-Жайық, Ертіс-Есіл бойларын тұтастай жаулаған жойқын жоңғарларды тізе бүктіруге қатысқан мыңдаған батырлардың ішіндегі бас кейіпкер Алтай батыр тұлғасы да айрықша сипат­тарға ие:
Жауды көрсе Ер Алтай батыр еді,
Дауды көрсе данышпан, ақыл еді.
Алтай десе Алтайдай асқақ еді,
Мың жауға жалғыз өзі татыр еді.

Халқына дауыл тұрса қалқан еді,
Жауына арыстандай тарпаң еді.
Жай күнде күзететін ел бірлігін,
Ол келгенде дау өзі-ақ тарқар еді.
Құдай берген ақылы, дарынымен
Жұртының көшін өрге тартар еді.
Ақылгөй, данагөй Найманбайды ел сыйлаған. Алтай батыр Сыр елінде жарық дүние есігін ашқан. Дүкен Мәсімханұлының көрсетуінше, Арғын Алтай ортасында туғандықтан, ата-анасы нәрестесіне Алтай деп есім беріпті.
Д.Мәсімханұлының «Алтай би» тарихи дастаны тәуелсіздік алғалы бері отыз жылдан астам уақыт ішінде, композициялық құрылымы аса шебер өрілген әрі тілі өте көркем бейнеленген тың туынды деп бағалауға толық негіз бар.
Дастанның өзі үлкен-үлкен 11 бөлімнен тұрады:
Дастанның алғашқы бөлімі «Мына заман қай заман» деп аталады. Бұл бөлімде дастанды көсілтіп өлеңмен бастап кетпей, бұрынғы батырлар жыры мен тарихи жырларда кез­десетін дәстүр бойынша әуелі «Әлқисса» деп қарасөзбен бастап, Алтай батыр әрі бидің өмір сүрген дәуірі туралы тарихи тұрғыдан жылдарын анықтап, кезеңін келістіріп, кіріспесін бастайды. Ке­йіннен көркем тілмен көмкеріп, замана күйін көрсетіп көсілген жыр жолдары өріледі. Мұнда «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңіндегі қазақтың қасіреті, «Елім-айлап» еңіреген елдің мұң-зары шынайы сурет­теледі.
Өмір сүрген дәуірі күрделі, оқиғалар желісі қым-қиғаш, әрі батыр, әрі шешен, әрі би, әрі елдің тізгінін ұстаған тарихи тұлға туралы мынадай ауқымды әрі өте көлемді шығарманы Дүкен Мәсімханұлы сияқты әрі ақын, әрі ғалым, әрі әлем әдебиеті мен мәдениетін терең меңгерген аудармашы әрі шебер ұйымдастырушы майталман мамандар жазбаса, өлең құраған екінің бірі жаза алмайтыны айдан анық. Талай ғасырлар бойы бабаларымыздан жалғасып келе жатқан жыр айту дәстүрінің қаймағын бұзбай, хандық дәуір әдебиетіне тән жанрды жаңаша жаңғыртып, ерекше құбылтып, оқырманын бірден баурап алады ол.
Алғашқы бөлімнің соңына қарай балиғат жасына жетіп, он беске толған, қару асынып, ат жалын тартып мінген бозбала Алтай батырдың бейнесін керемет көркем тілмен сурет­теп, көз алдыңа әкеледі.
Қара нардай тұлғасы,
Қарағайдай сұлбасы.
Жауырыны қақпақтай,
Білектері тоқпақтай,
Аймүйіз арқар құлжасы.
Ақылын оның сұрасаң,
Сап алтынның тұнбасы.
Айласын оның сұрасаң,
Сунь Цзыменен бір бәсі.
Шешендігін сұрасаң,
Жиреншенің шыңдасы.
Мұндай сұлу сурет дастанның басты кейіпкері Алтай батырдың болмыс-бітімін толық ашып тұрғандай. Одан бөлек, тың теңеулер мен ерекше салыстырулары автордың білім-білігін көрсетіп тұр.
«Қара нардай тұлғасы,
Қарағайдай сұлбасы» – деген ішкі ұйқаспен өрілген көркем тіркес бұрын-соңды ақындардың аузына түсе қоймаған, халықтық тұнық тілмен өрілген өте сәт­ті жолдар деп білеміз.
«Айласын оның сұрасаң,
Сунь Цзыменен бір бәсі.
Шешендігін сұрасаң,
Жиреншенің шыңдасы» –
деген жолдар бір қарағанда, бұрынғы батыр жырларында кез­десетін жыр жолдары сияқты көрінгенімен қытайтанушы синолог-ғалым Дүкеннің терең білімімен астасып өлеңге айналғанда, мүлде басқаша құлпырып шыға келеді. Бұл жерде бірден Алтай батырдың соғыстағы тәсілқой айлакерлігін анықтау үшін мысалға алып отырған Сунь Цзы кім екенін білгің келіп, ізденіске түсесің.
Сунь Цзы – Сыма Цянның «Ескертулерінде» Хо-луй тұсында (б.з.д. 514–495 ж.) У княздігінің қолбасшысы болғаны айтылады. Әлемге әйгілі «Соғыс өнері туралы трактат» жазған қытай ойшылы, философ, әскери стратег.
Атқа қонған Алтай батырдың бейнесі сомдалған бұл бөлімнен ке­йін азамат­тығы мен ерлігін баяндайтын «Алғашқы жорық» ат­ты тарауы:
Заманның он сегізінші
ғасырында,
Қалмақтар жай жатпады
шатырында.
Қазаққа көз алартқан
хандар біт­ті,
Қалмақтың қатынының жатырында –
деген жолдар арқылы қазаққа қас-дұшпан қалмақтардың күш алуын жырлай бастайды. Ынтымағы ыдыраған қазақ хандарының берекесіздігінің кесірінен қалмақтар бас қосып, бірлігін арт­тырып, Ұлы далаға жорық жүргізеді. Сол кезеңнің шынайы әрі өте аянышты сурет­теріне дастаннан жеткілікті мол орын берілген.
Өлең сөздің бірегей жүйрігі, даңғыл дастаншы Дүкен ақын толғағандай, сөзі кесек, жүріс-әрекеті бөлек, бітімі де ірі Алтайдың (он бесте болса да) оғландардың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдырып, ата жаумен арпалысуға ат ойнатып, алдаспанын жарқылдатып, қара дауылға қарсы ұшқан қырандай тәуекел деп, Сары биден бата алып, аталы елді қорғауға, «жұлдызды-бағдар» етіп, ырысты-рыздықты Алатау баурайына жетеді. Отан үшін отқа түсуге дайын жас жауынгер елу шақты жігерлі жігітімен келіп, қазіргі Қаскелең өңірінде қамал құрып, сайран салып жатқан жоңғарларды қара түнде қапелімде келіп шауып, Келең ат­ты батырын жер жастандырады. «Жетісудың жұпар ауасына» аңсап жетіп, еркін сімірген қазақтың қайсар ұлдары таң ата Райымбек батырдың қосынына тартады. Қалмақтың қамалын қиратып, бетін қайтарған жалынды жастар «Алғашқы жорықта» өздерін көрсетіп, қосынға қосылуға лайық екендерін дәлелдейді. Алтайдың ерлігі мен батырлығын сурет­тейтін келесі бөлімдер «Қосынға қосылу» және «Соңғы жорық» деп аталады. Бұл бөлімдерде Алтай ердің ерен ерліктерімен қатар, қазақтың қайсар да қаһарман ұлдарының кескін-келбетін жасайды.
Тарихи дастанның негізгі бөлімі, яғни композициялық шарықтау шегі «Алтай би» тарауынан басталады. Бұл бөлімде Алтайдың батырлықтан гөрі қара қылды қақ жарып, ақиқат­ты ақтарып, елге билік айтып, төрелік жүргізген ел ағасы, халықтың данасы жасына жеткен кезін баяндайтын тараулардан тұрады. Алтайдың би болған кезеңін ке­йінгі тарауларда жан-жақты сурет­тейді. Билік айтуға жол бастаған «Алғашқы адым», «Тұңғыш төрелік» тарауларында әкесі Найманбайдан үйренген өнегесі мен көрген көсемдігіне табан тірейді. Елге әділет­ті би болу үшін «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп аталарымыз аманат­таған дала заңын қатал ұстануды өзіне қағида қылады. Соңынан ерген ержүрек батыр бауыры Әжібайдың қалмақ қолына тұтқынға түскен кезінде, інісін азат ету үшін қонтайшымен сөз қағысқан шешендігі көрініс табатын тарау «Қалмақ келеңімен сөз қағысу» деп аталады. Бұл тарауда аға мен іні арасындағы жанқиярлық жақындықты шебер сурет­теп, ке­йінгі буынға өнеге ретінде көрсете білген.
«Алтай би» тарихи дастанының «Соңғы жорық» тарауы жанды, тірі көркемдік сурет­терге, тапқыр поэзиялық сипат­тамаларға бай. Сондай-ақ Алаштың тұтастық-бірлігі, ірілігі, қаһармандық қимылдары келісті айшықталады.
Дастандағы Алтай бидің халықтық фәлсафа негізінде тоқыған ой шумақтарын және төрелік айту мәдениетін (Аралбай мен Сауранбек байлардың дауын шешіп, бәтуаластыруы) ел тарихындағы айтулы даналық дәрістер деуге болады. Сондағы Алтай бидің дауды шешкендегі айт­қанын ақын былайша өреді:
Қайырсыз болса ағайын,
Қайырусыз малмен тең.
Қайғысыз қара су ішсең,
Қара түнің таңмен тең.
Он екі мүшең сау болса,
Қара басың ханмен тең.
Жер бастырған екі аяқ
пырақ емей немене,
Маңдайдағы екі көз
шырақ емей немене.
Денің сауда бұл өмір
жаннат емей немене,
Адам үшін екі қол
қанат емей немене.
Жыбырлаған екі қол
наның емей немене,
Қыбырлаған он саусақ
малың емей немене.
Еңбек етер екі қол
ырыс емей немене,
Сермеп салар екі қол
қылыш емей немене.
Сөз маржанын тереңнен теріп, қиыннан қиыстырып, өлеңмен үйлестіріп, көркемдігін келістіріп жазу ақын Дүкен Мәсімханұлының толағай табысы, шығармашылық шеберлігі деп бағалауымыз керек. Мына заманда көркем шығармаға жан беріп, қан жүгірту үшін тарихи шындыққа қиянат жасап, тарихи деректен мүлде алыстап, қолдан батыр жасап, жоқтан кейіпкер ойлап шығаратын қаламгерлер аз емес. Дүкен Мәсімханұлының «Алтай би» тарихи дастанын бұлтармас тарихи шындық пен шынайы деректерге сүйенген нағыз ғалымның дәйекті еңбегі, кең көсілген ақынның кеңістігі үйлесім тапқан көркем тарихи туындысы, Алтай биге орнатылған алып ескерткіш деуге әбден лайық.
Қорыта айт­қанда, ақын Дүкен Мәсімханұлының «Алтай би» тарихи дастаны – шығарманың тарихилық, әлеумет­тік, көркемдік, ғылыми-танымдық деңге­йін аспандатып, өскелең ұрпақ үшін тағылымға бай оқу құралы болып қала бермек.

Серік НЕГИМОВ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

ПІКІРЛЕР1
Аноним 08.10.2024 | 15:22

Құтты болсын!
Тарихи еңбек екен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір