Саяси реформалар жыл сайын қарқын алып келеді
12.01.2024
113
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатын талдап-таразылау мақсатында Қазақстан Жазушылар одағы алқалы жиын өткізді.
Жиынға Қазақстанның Халық жазушысы Ахметжан Ашири, М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыш, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы Серік Асылбекұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Қуандық Түменбай, көрнекті әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке, халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әділғазы Қайырбеков, халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Маралтай Райымбек­ұлы, жазушы, философ Дидар Амантай қатысып, ел Президентінің сұхбатта келтірген ойлары жайында пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

«Мен қазақ елінің жастарына сенемін»

– Жазушылар Одағының басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов жиынның модераторы ретінде тізгінді қолға алып, әуелі Президенттің сұхбатынан алған әсері туралы айтты:
– Президентіміз берген осы көлемді сұхбат туралы пікірімді 4-сұрақтан бастағалы отырмын. Бұл сұрақта журналист жұрт айтып жүрген қосарланған билік жүйесі туралы әңгіме қозғайды. Өз басым Мемлекет басшысының берген жауабына толық қанағаттандым. Өйткені 2022 жылғы 5 қаңтарға дейін бізде қосарланған билік болғанын кім білмейді. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мәселені егжей-тегжейлі түсіндіре келіп: «Елімізде Президент әрі Жоғары Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды…», «Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет Министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны есіңізде шығар…» – деп шындықты жайып салады.
2022 жылдың 5 қаңтарына дейін елдегі биліктің жағдайы солай болатын. Ал 5 қаңтар күні теледидардан сөйлеген Президент сол күннен бастап қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы міндетін өз мойнына алатынын және ешқайда кетпейтінін халыққа жариялады. Осы мәлімдемені естігенде өз басым қатты қуанып қалып едім. Алайда ел басына сын түскен қатерлі шақта Президентке қысым жасалғаны кейін белгілі болды ғой. Болашақта анықталатын шығар, бәлкім сол кезде алдына келген қара ниетті жандардың тарапынан «билікті тастап кет» деп күш те көрсетілуі әбден мүмкін. Сындарлы сәтте басын қауіп-қатерге тігіп тұрып, елі мен жерін мемлекеттік төңкерістен аман алып қалған Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл шешімін ерлікке пара-пар емес деп кім айта алады?!

Еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігіне төнген қауіпке жалғыз өзі қарсы тұрған Ел басшысы мына сұхбатында айтқанынан қайтпайтын азамат ретінде халықтың назарын тағы бір маңызды мәселеге аударады: «Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтың тұтастығы және басқару туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген», – деп кесіп айтты.
Сұхбатты оқып отырып Саяси жаңғыру жыл сайын қарқын алып келе жатқанына көзіміз жете түсті. Айталық, осы жылдары аты да, заты да түбегейлі өзгерген Конституциялық сот қалпына келді. «Конституциялық Сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешімдеріне, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты байламдарына күмән келтіруге Президенттің де еш қақысы жоқ…» – деп тұжырымдайды Президент. Бәрекелді, бұндай реформалар бұрын-соңды болып па еді!?
Халық елде болып жатқан жаңалықтарды біліп отыруға тиіс, алайда көбіне керісінше ештеңеден хабарсыз қалады. Мысалы, «сыртқа кеткен ақшаны қайтару керек», – деп оппозиция күні бүгінге дейін қақсауда. Ал, шындығында, бұл өзекті мәселе – 2019 жылы саяси реформалар басталғанда қолға алынған жұмыс. Сол кезде олигополиялық диктатура туралы ашық айтыла бастады. Ол туралы бір кезде былай деп жазылған: «Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев олигополиямен күресті бастады. Оған да себеп жеткілікті. Сарапшылардың есептеуінше, соңғы 25 жылда елден заңсыз түрде 140-160 млрд. АҚШ доллары көлемінде мемлекеттік активтер шығарылған. Еліміздің өткен жылғы ішкі жалпы өнімі 200 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Бұдан тұтас елдің бір жылдық табысының үштен екі бөлігі заңсыз сыртқа шығарылған деп қорытынды жасауға болады».
Ел Президентінің келелі әңгімесінде саяси, құқықтық, әлеуметтік, мәдени реформалар жан-жақты қозғалған. Айталық, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толып отырған датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынғанына қалай қуанбайсың. Өзіміздің 200 тарихшымыз, шетелдің 60 ғалымы жұмылдырылған Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмысының аяқталып қалғаны да – үлкен оқиға. Президент: «Мен қазақ елінің жастарына сенемін», – деген жүрекжарды сөзін үнемі айтып келеді. Бұл сөздің айқын дәлелі ретінде жастардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын көлемді шараларды да атап өтті. Соның ең маңыздысы – Президенттік жастар кадр резерві. Бұл дегеніңіз – болашақта елдің экономикасы мен саясатын, мәдениеті мен тарихын толық меңгерген жастар билікке келеді деген сөз.
Әділғазы Қайырбеков: Президент жастарға сенетінін, білімді жастарға сенетінін, еліміздің болашағын солармен байланыстыра қарайтынын айтты. Иә, жастардың жан-жақты білім алуына жол ашылды. Қазіргі жас ұрпақ шетел тілдерін еркін меңгеруде. Шетелдің жазушыларын сол тілден тікелей аударуға қол жеткізуде. Бұл – жақсы. Енді соның сапалы болуы үшін тағы да ана тілін білу міндет. Қазір менің немерелерім білім алатын Алматыдағы қазақ мектептерінің бірінде бір сыныпта қырық бала оқиды. Бұдан білім алу сапасы күрт төмендейтіні анық. Ендеше, ең алдымен балабақшаларды, мектептерді заманауи талаптарға сай салайық, жабдықтайық. Бұл – күн тәртібінде тұрған өткір мәселе.
– Одақ Төрағасы мен Әділғазы Қайыр­бековтің сөзінен кейін әңгіме ауаны басқосуға жиналған өзге де қаламгерлердің ой-пікіріне ұласты.
Қалам ұстаған қауым ең әуелі еліміздегі саяси реформалардың қалай жүзеге асып жатқанынан бастап, халықаралық саяси-стратегиялық қатынастарға дейін толық қамтыған сұхбаттың қалай әсер еткеніне тоқталды.
Ахметжан Ашири: Мереке Әбдешұлының пікірі өте дұрыс. Өз басым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған толғамды сөзін оқып, еліміздің болашағы туралы мол мағлұмат алдым. Еліміздің Президенті көпшіліктің пікіріне өз ұстанымын білдіріп, бірқатар мәселелердің дұрыстығын дәйектеді. Онда Қаңтар оқиғасы, билік пен ескі жүйе арасындағы қайшылық туралы 50-ге жуық түрлі мазмұндағы сөз, сыбыстарға нүкте қойды. «Бұрын кім едік, қазір кімбіз, ең бастысы, болашақта кім боламыз? – деді ол. – Біз өткенмен өмір сүреміз. Керісінше, болашағымызды нұрландырып, ұлттың ұлылығын еңбекпен, тәжірибемізбен дәлелдеуге ұмтылуымыз керек», – деді тағы да. Мемлекет басшысы еліміздің болашағы жастардың қолында екенін айтты. Тәуелсіз елдің іргетасы – білім десек, жаңа дәуірдің күн тәртібіндегі ең маңызды да негізгі мәселе – білім мен ғылымды дамыту.
Нұрдәулет Ақыш: Байқап отырсақ, саяси мәселелердің алдыңғы қатарға шығуы – заңды. Бүгінгі таңда саяси мәселелер ушығып тұрған кезде, саясатты айналып өту мүмкін емес. Әсіресе, сыртқы және ішкі саясат туралы өрбіген әңгімеде көп нәрселер қамтылған. Оның кейбіреуі бір сөйлеммен айтылған күннің өзінде де астары бар деп ұға білуіміз керек. Президентіміздің кәнігі дипломат екенін еске салған жөн болар. Өйткені бұл кісі Сыртқы Істер Министрлігінде он жылдан астам уақыт жұмыс істеген, бірнеше тіл біледі, көптеген шетелдегі адамдармен қарым-қатынас жасаған. Сол тәжірибенің бәрі бүгінгі таңда сыртқы саясатты жүргізуге ықпалын тигізіп отыр деп айта аламыз.
Сұхбаттың көңіліме қонған тағы бір тұсы – Президенттің: «Біз озық ойлы ұлт болуға тырысуымыз керек, соған ұмтылуымыз керек!» – деген сөзі. «Озық ойлы ұлт» деген үш сөзден тұратын тіркестің астарында көптеген мән жатыр. Бұл сөз – «әрбір іске ғылыми жағынан келу керек, ғылыми тұрғыдан пайымдап, соның шешімін табу керек» дегенді білдіреді деп түсіндім. Сыртқы саясатымыз, ішкі экономикалық жағдайымыз, сыртқы сауда қатынастары, әлеуметтік мәселелер «озық ойлы ұлт» болсақ, оңай шешімін табуы әбден ықтимал және ол – шетелдің тәжірибелерінде бар нәрсе.
Серік Асылбекұлы: Сұхбатта Президент еліміздің қазіргі таңдағы саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайына жан-жақты тоқталған екен. Сұхбатта жария етілген соңғы бір-екі жылдың көлемінде жүзеге асырылған төмендегі өзгерістер қоғам тарапынан барынша қолдау тапты. Оның біріншісі – мемлекетіміздегі педагогтар мен денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақыларының айтарлықтай өскендігі. Бұл еліміздің саяси басшылығының ең алдымен елді дамытудың ең басты факторы адам капиталының дамуына басымдық бере бастағанын көрсетсе керек. Екінші, мәслихат, мәжіліс депутаттарының бұрынғыдай тек партиялық тізіммен емес, бір мандатты округтер арқылы да сайлануы. Соның арқасында еліміздің заң шығарушы билігінде қазіргі кезде парламенттік оппозиция қалыптаса бастады. Үшінші, еліміздегі бірсыпыра ауыл, аудан, қала әкімдерінің осы өңірлердегі барлық сайлаушылардың тікелей дауыс беру арқылы сайлана бастауы. Осы арқылы қазір сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде Қазақстанда оң демократиялық үрдістер орныға бастады деп айтуымызға болады.
Қуандық Түменбай: Қаламгер деген – әр таңнан жаңалық күтіп, аузын ашып отырған бір тілеуқор пенде. Ұлудың таңы атысымен ел Президентінің берген сұхбаты көңіл күйімізді көтеріп, көкейде жүрген көп мәселені көзге шұқып көрсеткендей әсер етті. Әсіресе идеология саласы жайлы айтқан ой-пікірлері мен белгілеген мақсаттары көкейге қонымды әрі бүгінгі күннің бағдары дер едік. Ұлттық Құрылтайдың кезекті отырысы өткізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату мәселесі – нағыз бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Себебі қазір қылмыс ауырлап, жаза жеңілдеген заман боп тұр.
Әмірхан Меңдеке: Халықпен осылай ашық сөйлесу керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстанда» жарияланған осы жолғы сұхбаты маған айрықша ұнады. Несімен? Ашықтығымен, анық-қанықтығымен, нақтылығымен. Ештеңені бүркемелемеді, ештеңені жасырып-жауып қалмады.
Маралтай Райымбекұлы: Бұл ел күткен, уақыт талап еткен жанды сұхбат болды. Сұхбаттағы әр сөйлемнің жүгі ауыр, салмақты, салиқалы. Тек қана Президенттің аузымен айтылып ақ-қарасына жететін жұмбақ жағдайлардың тұманы сейіліпті.
Дидар Амантай: Бұл дамудың экономикалық тетіктерінен ұлттық құндылықтарға дейінгі аралықты қамтыған, саяси-идеологиялық тұрғыдан халық мүддесін, ұлт мұратын айқындаған, кешенді сұхбат болды. Мемлекет Басшысының қаңтардағы сұхбатының, біріншіден, шыншылдығы әрі шына­йылығы таңғалдырды. Соңғы төрт-бес жыл ішіндегі Қазақстан тарихын нысанға ала отырып, келешектегі дамуын талқыға салған әңгіме кім-кімге де ұнағаны анық.
Екіншіден, Президенттің сұхбаты – қасаңдықтан қашқан, халықтың тілінде сөйлеуге тырысқан сұхбат. Үшіншіден, осы уақыт ішінде қазақ елі бастан кешкен, әсіресе 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы туралы тура айтқан сұхбат. Төртіншіден, сұхбатта Президент қазіргі экономикалық, идеологиялық, ұлттық құндылықтардың мәнін табуға, сырын ашуға тырысады.

«Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұру керек»

– Президент дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген Ұлттық Құрылтай отырысының ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылар алаңға айналғанын айта келіп, 2024 жылы іске асырылар ауқымды жоспарларға тоқталды. Солардың негізгілері жайлы айтып өтсек?
Ахметжан Ашири: Әңгімеде руханият тақырыбы да назардан тыс қалмады. Президенттің сөзіне назар аударайық: «Жат мәдениетке бой алдырудан, жалған патриотизмнен, жалған адалдықтан сақ болайық. Ұлтымыздағы кемшіліктерге көз жұмып қалмауымыз керек». Бұл тұжырым да бүгінгі қиын-қыстау кезеңде өмірді өзгерткен Қазақстанның болашағы үшін өте маңызды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, біз өркениет жолына қосылған елдердің емес, бастаған елдердің қатарында болуымыз керек. Ұлттық құндылықтарға келсек, әділ адамның бойында әділдік, қамқорлық сияқты ізгі қасиеттер бар деп есептейміз. Әділ Қазақстанды салихалы адамдар құрды. Олай болса, салих деп отырғанымыз – салих жазушы, салих ғалым, салих ұстаз, салих шәкірт.
Нұрдәулет Ақыш: Ендігі мәселе – дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу. Біздің ел үшін бұл жаңа, тың мемлекеттік деңгейдегі іс-шара болады. Бірақ мұны қырғыз елінің өткізіп жүргеніне біраз болды. Олардың тәжірибелерін ескеру қажет. Артықшылықтары мен жетпеген жерлеріне назар аударған дұрыс. Және біздің елдің форматында мұны басқаша жасауға мүмкіндік табылады. Әрине, мұның бәрін жалғыз Президент шешпейді, сол кісінің пәрменімен осы шарамен айналысатын тиісті тұлғаларды іске тартып, тарихшыларымызды, этнографтарымызды, жазушыларымызды, сонымен қатар спорт, туризм, мәдениет саласының айналасында жүрген көптеген жауапты адамдарды осы іске араластыру керек. Ол біраз қаржыны талап етеді. Мұның бәрі тек декоративтік жағдайда емес, қазақтың өзінің ұлттық менталитетін көрсететін, ескіден келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды көрсететін шара болғаны жөн.
Тағы бір айтатын нәрсе, «Ұлттық Құрылтайда ұлттық мәселелерді көтеру керек», – деп Президентіміз айтып қалды. Ұлттық құрылтай былтыр өте жоғары деңгейде өткенін БАҚ-тан біліп жатырмыз. Алда да осы деңгейінен түсіп қалмаса екен.
Қуандық Түменбай: Енді біз жаңа заманның жаңа әдебиетін жасау үшін сапқа тұруымыз керек. Қабырғасы қатпаған қоғамға жақсы сөз айтып, қалам-кетпенімізді адал шабатын сәт туды. Жақсы сөз алға бастайды. «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек», – деп ел басшысы атап айтса, біздің болашақ кейіпкерлеріміз де осы үлкен жолдың бойында қол бұлғап тұр.
– «Ұлттың саяси сана-сезімі мүлде өзгерді», – деген Ел басшысы әңгіме барысында сайлау, саяси партиялар, Парламент туралы заңдарға елеулі өзгерістер енгізілгені турасында да сөз қозғап өтті. Мәжіліс және барлық деңгейдегі депутаттардың сайлаудың жаңа ережелері бойынша сайланғанын халық та жақсы біледі. Сайлаудың жаңа ережелері оң өзгеріске ықпал ете ала ма?
Нұрдәулет Ақыш: Өткен – 2023 жыл өте жемісті жыл болды деп жатырмыз. Соның негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде Президенттің айтқаны – қала әкімдерінің, аудандық деңгейдегі әкімдердің, ауыл әкімдерінің сайлануы. Осы сайлаулар егер әділ өтетін болса, бұл тұрғыда халықтың қолдауына ие болары сөзсіз. Төменгі деңгейдегі әкімдерді сайлау керек те, ал жоғары деңгейдегі әкімдерді тағайындау керек деп ойлаймын. Өйткені төменгі деңгейдегі әкімдерді халықтың ортасына талқылауға салса, дұрыс кандидатураны өздері таңдап ала алады. Өздері күнде қарым-қатынас жасап жүрген адамдар немесе жиналыста көрген, іскерлігімен көзге түскен азаматтардың арасынан халық өзі таңдай алады. Лауазымы жоғарылаған сайын, оған қуып жету қиын да және оны таңдау тек ақпарат құралдары арқылы жүргізілетіндіктен кейде дөп баса алмай қалатын жағдайлар болып жатады. Жоғары деңгейдегі әкімдерді тағайындау үрдісін ары қарай жалғастыра беру керек деп пайымдаймын. Әдебиетші, тілші ретінде айтар болсам, «ауыл әкімдері» деген тіркесті «ауыл округтерінің әкімдері» деп қолдану керек деп есептеймін. Себебі бір ауыл ғана емес, үлкен елдімекенге бірнеше шағын ауылдар қарайды. Округ деген сөз – біздің сөздік қорымызға ресми түрде дендеп еніп кеткеніне біраз болды. Сондықтан тек «ауыл» демей, «ауыл округі» деген тіркесті қолданса, абзал болар еді.
Серік Асылбекұлы: Біздіңше, енді алдағы уақытта осы саяси үрдістер тек жекелеген бірнеше ғана емес, еліміздегі барлық аудан, қала басшыларының, одан соң мегаполистер мен облыс әкімдерінің тікелей халықтың дауыс беруі арқылы сайлануына жалғасады. Сол кезде еліміздегі барлық экономикалық, әлеуметтік проблемалардың шешімі бұрынғыдай тек Президент пен Үкіметтен ғана емес, әлгі халықтың өзі сайлап қойған әкімшілік институттарының басшыларынан тікелей сұралатын болады. Бұл, әрине, өз кезегінде Президент пен Үкіметтің барлық ақыл-ой ресурстарының мемлекет алдында тұрған ең маңызды саяси-экономикалық стратегиялық мәселелерді шешу істеріне жұмылдыруына мүмкіндік берер еді. Міне, алдымызда тұрған күрмеуі сан салалы осы проблемалар шешілген жағдайда Президент Қ.К.Тоқаевтың есімі Қазақстан тарихында елдегі шынайы демократиялық реформаларды жүзеге асырған жаңа форматтағы саяси көшбасшы ретінде қалары сөзсіз.

«…Кері кетуге халықтың өзі жол бермейді»

– Сұхбаттағы көптің көңілін аударған ең негізгі мәселелердің бірі – қасіретті Қаңтар оқиғасының шындығы мен ақиқаты. Екі жыл бұрынғы қанды Қаңтардың жұмбақ тұстары жұрт көңілін әлі де тыныштандыра қойған жоқ. Сондай-ақ қосарланған билік жүйесі нышандарының аңғарылуы да жұртты түрлі көңіл күйге салып келді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы не дейді? Одан жазушылар қауымы қандай ой түйді?
Әмірхан Меңдеке: Сұхбат барысында Президент Қ.К.Тоқаев «қосарланған билікке» қатысты өз ойын да бүкпесіз, ашық айтты: «Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!». Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс».
Менің өз ойымша, дипломатиялық тілден гөрі халық осылай ашық, кесіп айтқанды жақсы көреді. Бұдан тиісті қорытынды шығарады. Сабақ алады. Демек, бізге сақтық керек. Бұрынғы билікте болғандарды көзден таса қылмауымыз керек. Бұлар еліміздің тас-талқанын шығарудан қайтпайды да, қаймықпайды да.
Маралтай Райымбекұлы: Қасіретті Қаңтар оқиғасы туралы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы былай еске алады: «Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы «Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады» деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді…»
Былайғы жұртқа Қаңтар оқиғасы әлі де анық емес. Халықтың көкейінде Қаңтар оқиғасына байланысты алуан пікір бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осынау бұлдыр күндер жайлы, сол кездегі орын алған келеңсіз жайды халыққа барынша ұғынықты сипатта жеткізіпті. Қалай болғанда да, Мемлекет басшысы түйіндеген пікірдің салмағы орнықты, көңілге қонымды болмақ. Халық көкейіндегі көптеген күпті сауалға салауатты жауап алды. Бұл сұхбатта бүгінгі қоғамның талма тұсына дөп келер қыруар мәселе қамтылған.
Президенттің елді ел қылам деген асыл мұраты осынау сұхбаттың өң бойында айқын аңғарылып тұр. Елдің де мұраты сол – өз несібесі өзінде, көйлегі көк, тамағы тоқ, бейбіт, алдынғы қатарлы халықтар санатында ғұмыр кешу емес пе?!
Кешегі қанды Қаңтарда ел басына алмағайып күн туды. Әзер жеткен Тәуелсіздігімізге қатер төнді. Алаш баласы тізерлеп барып, қайта түрегелді. «Өмір бойы жығылмай тік жүрген адам күшті емес, сүрініп барып қайта бойын түзеп, бастапқы жолына қайта түскен адам – ұлы» деген даналардан қалған сөз бар еді. Талауға түскен жұртымыз, талқыға түскен ұлтымыз есін тез жиып, пайым биігінде тез топтаса білді. Ақ-қараны безбендеу әуелгіде тұманды болды. «Біріңді – қазақ, бірің – дос, көрмесең істің бәрі – бос!» деген дана Абайдың байламы тағы да дараланып алға шықты. Алматыдай Арудың қара шашы жайылып, кірпігіне қан қатты, жүрегінде мұз тоңды. Қаншама қалаларымыз қара түтінге оранды. Қазақ дейтін әзіз xалықтың жанына әуелі елдің бірлігі, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының пайымды шешімі мен парасатты байламы медеу болды. Шындық – қай кезде де қымбат. Осынау сұхбатта көп дүние ашық айтылыпты. Халық шындыққа көз жеткізген сайын билікпен екі ортадағы сенім нығая бермек.
Серік Асылбекұлы: Енді сөз соңында еліміздегі осы шын мәніндегі саяси оң үрдістерді берік қалыптастыру үшін ел басшылығына республикамыздың сайлауға және сайлануға құқы бар азаматтарының бірі ретінде төмендегідей ең маңызды екі аманатты айтар едім: 1. Сот шешімдері шыққаннан кейін Қаңтар трагедиясына кінәлілердің аты-жөндері республикамыздың басты ақпарат құралдарында кеңінен жарияланса. Себебі нақ осындай нақты жариялылық елімізде болашақта осындай преценденттердің қайталанбауына кепілдік бола алады. 2. Активтерді шетелге заңсыз шығарып, халық байлығын тонағандардың арам капиталдарын тезірек елге қайтарып, оларды заң талаптарына сай жауапкершілікке тарту ісі нақты жүзеге асырылса. Сонда халықтың қазіргі билікке деген сенімі толық қалпына келері хақ. Жалпы алғанда, Президенттің сұхбаты өзіме ұнады. Әсіресе оның: «Азаматтарымыздың қазіргі таңдағы құқықтық сауат­тылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді», – деген қорытынды пікірі көңіліме үлкен үміт ұялатты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір