Мәншүк
өлеген Тәжібаевтың алғыр шәкірттерінің бірі еді
Мәншүк (Мәнсия) Жиенғалиқызы Мәметова (23 қазан, 1922 жылы Жиенқұм, Бөкейордасы ауданы, Батыс Қазақстан облысы – 15 қазан, 1943 жылы Невель, Калинин облысы, РКФСР) — 100-атқыштар бригадасының пулеметшісі, 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген тұңғыш қазақ қызы. Ол 1922 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Анасы еркелетіп, Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп атап кеткен.
Мәншүктің өз әкесі – Жиенғали Мәметов, туған шешесі – Тойылша. Бірақ Мәншүкті 1925 жылы әкесінің інісі Ахмет Мәметов бауырына басады
Ахметтен бала болмаған. Мәншүктің туған әке-шешесі қызы зиялы отбасында өссе, жоғары білім алады, биік шыңды бағындырады деген ниетпен қызын туысының қолына берген екен.
Ахмет Мәметов – Батыс Алашорда жетекшілерінің бірі, жұқпалы ауруларды емдейтін дәрігер. Ахмет Саратов қаласында оқып жүргендіктен, Мәншүкті сол жаққа алып кетеді. Көп ұзамай аласапыран заман басталғанда, Ахмет бірнеше жыл ағасымен хабар алыса алмай қалады.
Саратовта, Маңғыстауда, Орал қаласында жұмыс істейді. Тек 1931 жылы Алматыға келгеннен соң, жылдың соңында бір-ақ естиді: ағасы Жиенғали аштық жылдары отбасымен түгел аштықтан қайтыс болыпты. А.Мәметовтің өзі Халық жауы деп қараланып, 1938 жылы ату жазасына кесілген…
Ахметтің әйелі Әмина Мәметова – Әбілқайыр ханның ұрпақтарының бірі. Атасы молда, әкесі елге сыйлы адам болған, өзі патша заманында әйелдер гимназиясында оқыған, Саратовта аспирантура бітірген, елге келген соң әдебиет пәнінің мұғалімі болып, сол кездегі газеттерге әртүрлі сыни мақалалар жазыпты.
Мәншүктің Алматыдағы өмірі аса жемісті болыпты. Қазақ республикасы астанасы Алматыда Мәншүк жұмысшы факультеттегі оқуын бітіріп, медициналық институттың екі курсын оқып шығады. Мұнда Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесі төраға орынбасарының хатшысы болып қызметке араласады. Ол кезде осы аталған қызметте Төлеген Тәжібаев болған еді. Қайда жүрсе де қазақ баласын оқу мен білімге жетелейтін қазақтың біртуар ұлы Төлеген атамыз «Жалғыз Рабфакпен қалып қойма» деп оны Алматы Мед.институтіне түсіреді. Әрине, Төлеген атамыз болмағанда Мәншүк сияқты халық жауы болып сотталып, атылып кеткен адамның қызына Совнаркомның қызметі де, Медицина институты де бұйырмас еді…
1938 жылы Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметовті НКВД тұтқындап, ату жазасына кескен еді. Анасы Әмина бүкіл құжаттарда Мәншүктің туған әкесі
Жиенғали деп жаздырып, халық жауы деп айыпталған Ахмет Мәметовтің зияны тимесін деп алдын алса да Мәншүк өз бетінен қайтпай, тегін ауыстырмайды. Мәншүк әкесі Ахметтің кінәсіздігіне сеніп, оның адал есімі үшін көп күресіпті. Коммунистік көсем Сталинге үш хат жазып, әкесін ақтауға тырысқан, алайда ешқандай нәтиже шығара алмаған.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде, Мәншүк Алматы медициналық институтында оқып жүрді және Совнаркомдағы секретарлық қызметін атқарды. 1942 жылғы тамызда өз еркімен Қызыл Армия қатарына жазылып, Алматыда құрылған 100-атқыштар бригадасының алғашында кеңсе хатшысы және медбикесі болып қызметтер атқарған. Өзі сұранып атқыштар курсына қатысқан. Майданда пулеметтік курста жүргенде мергендігімен көзге түседі, әрине, курсты бітірген соң, қан майданға қатысты.
Мәншүктің соғысқа өз еркімен жазылып баратынына қатты қайғырған адамдар – белгілі қоғам қайраткерлері Т.Тәжібаев, А.Қойшығұлов және
С.Баишев екен. Жалпы, Мәншүктің қысқа өмірі мен тағдыры осы аталған кісілерге байланысты болған екен. Олар осынау аса білімді қазақ қызының соғысқа кетуіне, шын мәнінде, қарсы болған. Біріншіден, Мәншүк аса білімді жас маман, Қазақстанның өзінде де ондай мамандар өте тапшы еді… Екіншіден, Совнаркомның өзіне де ондай білімді хатшы өте қажет еді.
Ахметжан Қойшығұлов майданға барарда Мәншүкті Сақтаған Баишевке мықтап тапсырған. Ал С.Баишев соғыс басталғалы 100-атқыштар бригадасының саяси бөлім бастығы (Политрук) еді. Майдандағы дивизия штабтарына Мәншүк сияқты сауатты писарь-хатшы мамандар өте қажет болды. Сондықтан Мәншүк майданда жауынгер емес, штабта кеңсе хатшысы болып қызмет етуге міндетті еді. Алайда батыр қыз Мәншүк майданға қатысқысы келіп, атқыштар курсына сұранады.
Ол аға сержант болып әскери қызмет етті. Ерекше мергендігімен назарға ілінді. Сонда Невель қаласы үшін болған шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Соңғы минуттарына дейін қақтығысып, 70 солдаттың көзін жойған.
Мәншүкке ерлікпен қаза тапса да, Отан үшін жанын қиса да «Совет Одағының Батыры» атағын алу оңай болған жоқ… Соғысқа бір миллионға жақын қыз-келіншектер қатысқан, соның 86-сы ғана «Совет Одағының Батыры». Жоғарыда көрсеткеніміздей Мәншүк майданда 1943 жылы 15 қазанда ерлікпен қаза болған. Ал оған «Совет Одағының Батыры» деген атақ бір жылдан кейін, яғни 1944 жылы берілген. Батыр деген үлкен атақты беру үшін Мәскеудегі басшылар Қазақстандағы билікпен формалды болса да ақылдасатын болған. Сол сияқты әлдеқашан қаза болған М.Мәметова мен басқа да батырларға осы құрметті атақты беру үшін «Қолдайсыздар ма?..» деген сұрақпен Алматыға ресми хат жіберген. Осы кезде Қазақстан билігіндегі адамдар кәдімгідей сасып қалады. Мәншүк күні кеше ғана айыпталып, атылған халық жауының қызы, оны қолдап істі болып қалармыз деп көптеген адамдар қолдаудан бас тартқан…
Мәншүктің әке-шешесін және өзін жақсы білетін Ахметжан Қойшығұлов бұл мәселеге қызу кіріседі. Сол кезде ол, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің қорғаныс өндірісінің
секретары еді. Нағыз патриот, жалынды қоғам қайраткері А.Қойшығұлов өзінің лауазымды үлкен қызметіне қарамастан, қарсы шыққан адамдарға:
– Жарайды, оның әкесі «халық жауы» болсын делік. Бірақ оның өзі халық жауы емес. Кеудесін оққа төсеп, елімізді қорғаған Совет жауынгері емес пе және өз еркімен майданға аттанған қас батыр еді ғой?! Оған батыр атағын бермегенде кімге береміз?» – деп айтып, осы аса көкейкесті мәселені ойдағыдай шешкен еді. Әрине, көптеген қызметкерлер бірдеңе айтудан қорқы, бұғып қалғанда А.Қойшығұлов осы мәселені, яғни Мәншүкке батыр атағын беруді батыл шешкен еді. Шын мәнінде, ол өз басын қатерге тіккен еді… Оны осы мәселеде қызу қолдаған адамның бірі, әрине, Төлеген Тәжібаев сол кезде Совнарком Председателінің орынбасары еді. Осындай аталарымыздың жанкешті батыл қимылдарының арқасында Мәншүкке батыр атағы берілген еді.
Өмірі қысқа болса да, Кеңес өкіметінің асыра сілтеушілік қанқұйлы саясатының құрбаны болса да, аса жемісті өмір өткізген Мәншүк сынды батыр қыздың тағдырына тікелей қатысы бар Т.Тәжібаев, А.Қойшығұлов және С.Баишев сынды Қазақ елінің біртуар азаматтарымен бүгінгі жас ұрпақты таныстырғанымыз жөн болар.
Төлеген Тәжібаев (1910, Сүткент ауылы, Шардара ауданы, Түркістан обл. — 1964, Алматы қаласы) — ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан FA академигі (1954), 1935 ж. Мәскеудегі коммунистік тәрбие академиясын, аталған академияның аспирантурасын бітірген. 1938–1940 жылдары ҚазПИ-де кафедра меңгерушісі, 1940—1944 ж. Халық ағарту комиссары, 1944–1957 ж. ҚазКСР-нің Сыртқы істер министрі,
1948—1953 ж. ҚазМУ-дың ректоры, 1957–1961 ж. КСРО-ның Үндістандағы елшісі, 1961—1964 ж. ҚазМУ-да педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ол педагогика ғылымы саласында Қазақстандағы тұңғыш доктор және академик. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі II–IV шақырылымдарының депутаты. Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерімен марапатталған.
Бүгінде Қожатоғай ауылында Т.Тәжібаев атында көше бар, Шардара және Шымкент қалаларында ескерткіш қойылған. Өзі бес жыл ректор болып басқарған қазіргі әл-Фараби атындағы университетте 1991 жылдан бері Т.Тәжібаев атындағы Республикалық этно-психологиялық ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Осы Орталықты ашқан оның талантты шәкірттерінің бірі – Құбығұл Жарықбаев еді…
Т.Тәжібаев БҰҰ жиналысында алғаш рет ағылшын тілінде баяндама жасаған қоғам қайраткері. Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуын талап еткен жалынды қайраткер. Себебі ол тұста БҰҰ-ға мүше болған тек Ресей мен Украина ғана еді. Осы мәселе үшін оны Сталин жек көріп Қазақстан Сыртқы Істер министрлігінің штатын қысқартып және Қазақстан Компартиясына бағынатын етіп қояды. Қорыта айтқанда, мүмкіндіктерін мейлінше шектеді. Себебі бұл министрлік бұрын СССР Сыртқы істер министрлігіне тікелей қарайтын еді…
Ақметжан Қойшығұлов (13 қаңтар 1905 жылы, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы – 17 тамыз, 1983 жылы) – Қазақстанның партия, кеңес қызметкері, 1932 жылдан КОКП мүшесi. 1918–1925 жылдары Қаратөбеде, Ойылда Алашорданың кезінде поштада телеграфист болды. 1925–1926 жылдары өз еркімен Қызыл Армия қатарында болды. 1926–1929 жылдары Ойыл ауданы, халық тергеушiсi. 1929–1938 жылдары Мемл. сыртқы қауіпсіздік барлау органдарында iстедi. 1933–1935 жылдары Ауғанстанда ағылшындардың Шымкентте салынып жатқан қорғасын зауытына арандатуға дайындап жатқан бандыны талқандауды ұйымдастырып, соғыс жылдары жауға атылған он оқтың тоғызын Қазақстан, ал жетеуін сол зауыт қамтамасыз етті. Алты ай Ауғанстанда зынданда жатты. 1935–1937 жылдары Қытайда гоминдан мен компартияның ара қатынастарын түзетіп жапондық интервенттерге бірге қарсы соғысуын ұйымдастырушылардың бірі болды. Екі жыл гоминдан түрмесінде жатты. 1937 жылдың аяғында елге қайтып, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталып, барлау бағытынан ел ішінде басқару істеріне бағытталды. 1938–1943 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы аткомының председателi, Қаз.КСР Автомоб. транспорты халкомы, Қаз.КСР халкомсовы председателінің орынбасары және Бақылау халкомы болды.
1943–1947 жылдары Қазақстан
К(б) П ОК соғыс өндірісінің секретары. Өте ауыр да қауіпті кезең. Мәскеуге жиі барып Сталин мен Берияның алдында есеп беретін. Екі рет атылып кете жаздаған. Бірінде Лениннің соратнигі А.А.Андреев, енді бірінде Каганович ара түсіп аман қалған.
1942 жылы соғыста жарақаттанған болашақ атақты автоматтың авторы Матайға емделуге келген Калашников депода жасаған өзінің макетін Алматының военкоматына көрсеткенде қамауға алынды. Оны естіген Қойшығұлов Калашниковті қамаудан босатып, бар мүмкіндігін салып, қайтадан дұрыс макетін жасатып, өзі ресми түрде сынайды… Калашниковті Самарқанттағы эвуакациядағы артилерия академиясының академигі Благонравовка жібереді. Сол автомат әлі күнге дейін дүниежүзінде теңдесі жоқ… Сонда Калашников 22 жаста, ал Қойшығұлов 37 жаста еді…
Одақтық дербес пенсияға шыққаннан кейінде Д. Қонаев онымен көп кездесіп, жауапты және күрделі мәселелерді ақылдасып отырған. Соның бірі – 1963 жылы тамыз айында Чехословакияда бүлік шығып жатқан кезде, Қонаев үйіне барып: «Брежнев бізден бір әскери құрама сұрап жатыр. Не істеу керек?» – деп кеңес сұраған. «Сіздер бұл істі бүгін «интернационалдық борыш» деп есептейсіздер. Бірақ уақыт өтіп, заман өзгереді. Мұның бәрі қараланады. Сонда Қазақстанға қара күйе болып жағылады, сондықтан бізден құрама емес, тіпті бір адам ол елдің жерін баспау керек», – деп Қойшығұлов тоқтау айтып, Брежневпен телефонмен сөйлесіп, келісімге келеді.
Қойшығұловтың адам танығыштығы, болашақты көргіштігі ерекше еді…
1947–1954 жылдары Қызылорда обл. аткомының председателi, Қаз.КСР Коммуналдық шаруашылық министрінің орынбасары, Қаз.КСР Мин. Советі жанындағы су шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары,
Қаз.КСР ауыл шаруашылығы министрлігінің көшіру-қондыру бас басқармасының бастығы. Еңбек Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Құрмет Белгiсi ордендерімен және медальдармен марапатталған.
А.Қойшығұлов Алаш өкіметіне жас бала кезінен бастап қызмет еткен. Ол жас та болса аса білімді болғандықтан Алаш өкіметінің Батыс бөлімі Қаратөбеде, кейін Ойылға көшіп келгенде телеграфист болып жемісті қызмет атқарды. Алаш көшбасшылары жауапқа тартылғанда ол жас болғандықтан қара тізімге ілінбей қалған. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің секретары болып тұрғанда Мәншүк Мәметоваға «Кеңес Одағы Батырын» алуға көмектескені үшін «Халық жауының қызына батыр атағын беруге көмектесті» деп Мәскеуге шағымдар түскен… Алайда Мәншүктің шынымен ерлік көрсеткені ескеріліп, А.Қойшығұловты қаралай алмады…
Жалпы, майдандағы ерлік көрсеткен жауынгерлері үшін награда сұрау басқа республикаларда біздікінен бұрын басталыпты. Қазақстан басшылары Мәскеуден «запрос» келмесе өздері ештеңе сұрамапты. Мысалы, Мәлік Ғабдуллин атамыз Мәскеуді қорғаған 316 дивизияда болып, көп ерлік көрсеткендердің бірі еді. Алайда оның 1942 жылы қаңтар-наурыз айларындағы Новгород аймағындағы майданда көрсеткен ерлігіне бір жылдан аса уақыттан соң, яғни 1943 жылы Кеңес Одағы Батыры атағы берілген. Осынау процес Мәлік Ғабдуллин атамыздың 1942 жылы ауыр жараланып, Алматыға келгеннен кейін басталғаны ақиқат… Алайда Мәскеу запрос жасамаса біздің басшылар арасында өзі қимылдайтын басшылар бола қоймаған сияқты. Әрине, осы мәселеге қызу кіріскен адам Ақметжан Қойшығұлов екені сол заманның ақиқаты…
Бұған мысал ретінде Бауыржан Момышұлының «Менен басқа батырлардың бәрі Қойшығұлов жасаған батырлар» деген әзіл сөзі шындықты меңзейді…
Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев (1.10.1909 жыл, Ақтөбе облысы Байғанин ауданы, Ақжар ауылы, 18.6.1982. Алматы) – қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор (1962), Қазақстан Ғылым академиясының академигі (1956), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). 1937 жылы Алматыдағы Марксизм-ленинизм институтын бітірген, 1937–1938 жылдары Қазақстан марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтының директоры, 1938 – 1941 жылдары «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы қызметтерін атқарған, осылармен бір мезгілде Алматы жоғары оқу орындарында дәріс оқыған. Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан (100-атқыштар бригадасының, 364-атқыштар дивизиясының саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясы Саяси Бас басқармасы аппаратында жауапты қызметкер болды). 1946–1956 жылдары Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтының директоры, 1956 –1968 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының вице-президенті қызметімен қатар, Экономика институтының директоры (1963–1967), 1968–1982 жылдары осы институттың бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Осы жылдары ол елімізде ғылыми кадрлар даярлау, жаңа ғылым салаларын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Қазақстандағы социал-демократиялық қозғалыстың тарихын жазу, марксизм- ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, басып шығару жөнінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізді. Оның ұсынысы бойынша Партия тарихы институтында арнаулы аударма секторы құрылды. Мұнда көптеген әлеуметтік-экономикалық ұғымдардың қазақ тіліндегі баламалары тұңғыш рет тілдік айналымға енгізіліп, әлеуметтік-экономикалық әдебиетті ғылыми тұрғыда аударудың негізі қаланды.
Бәйішевтің ғылыми еңбектері Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың тарихын, республика экономикасының даму кезеңдері мен саяси экономика мәселелерін зерттеуге арналған. Ғалым 300-ден аса ғылыми мақала, 7 монография жариялады. Бұл еңбектер сол кезеңмен үндес, республиканың әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуындағы шұғыл қажеттіліктер талабына сай келді. Бәйішев Қазақстанның өндіргіш күштерін орналастыру, республика еңбек ресурстарын саралау және оларды қоғамдық өндіріс мақсатына тиімді пайдалану, республикада экономика ғылымын дамытудың ірі де келешегі мол бағыттарын тұжырымдаудың көш басында болды.
Міне, осындай ұлы адамдардың Мәншүк секілді батыр қыздың өмірі мен тағдырына қатысы бар еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген оймен сөз шығарып отырмыз.
Сансызбай ҚУАТОВ,
Самат ӨТЕНИЯЗОВ