Әлия БӨПЕЖАНОВА. ҚҰРЫШ ТҰЛҒА ТАРАЗИ
13.04.2026
53
0

Қазақ руханиятында 60-жылғы буынның орны қашан да ерекше. Кеңестік саясаттың бел ортасында өмір кеше отырып ұлттық әдебиетімізде реннесанс жасаған бұл буыннан алтынның сынығындай, мықты рухтың көзіндей, өткен мен бүгінді жалғастырған бір тұлға бар. Ол – көрнекті суреткер, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази. Туасы прозашы болғанымен, драматургияда, аударма өнерінде үлкен шаруа тындырған, рухани әлемі, шығармашылық аясы кең суреткер.

Тарази прозасы – заманның көркем бейнесі

Әсілінде, заманның көркем бейнесін жасау оңай шаруалардан емес. Өйткені өзің өмір кешіп отырған орта, қоғамның шын бет-бейнесін тану, оның даму заңдылықтарын зерделей отырып, жинақтаулар жасау – бірте-бірте, тәжірибемен келетін шеберлік. Әдетте, бұрқырай жазылып, жарияланып жататын прозалық шығармалардың бірталайы бір оқылымнан артылмайтыны осыдан болса керек. Ал өз прозасында заманының көркем бейнесін оның шын тынысы мен астарлы ақиқаттарын аша отырып өрнектейтін жазушының өнерлі сапары мазмұнды да нәтижелі. Мұның бір айқын көрінісі – жазушы Әкім Тарази шығармашылығы. Жазушының алғашқы әңгiме-повестерi бейнелер динамикасымен, кейiпкерлері сан қырлы көзқарастарға мүмкiндiк тудыра бiлуiмен, бұл ретте қоғамдық-әлеуметтiк факторларды алдыңғы планға қоя алуымен ерекшеленсе, кейiнгі шығармаларында айқындала түскен новеллистикалық сипатты қоса айтқанда, жазу машығы бірден бөлектеу көрiнген. «Құйрықты жұлдыз» повесiнен кейiн Таразидың қай шығармасы да әдеби ортада пiкiрталастарға мұрындық болып, темiрқазық идеяларын танытатын кейiп­керлерi шығармадан-шығармаға өсiп отырды. Жазушының уақыт шындығын бейнелеген шығармаларының бiрi — «Тасжарған» романы.
Бас кейіпкері Омар — «Құйрықты жұлдыздағы» Сәнжанмен рухтас, бiрақ одан гөрi әлеуметтiк белсендiгi жоғары, рухани бiтiмi келiскен, түп негізі мықты кейіпкер. Көпке сыйлы, сегiз қырлы, бiр сырлы Омар аяқ астынан iстi болады. «Бала өлiмiне кiнәлi» деген күдiкке iлiніп, басына күн туғанда көп нәрсеге көзі ашылады. Сан шытырман оқиғаларға да тап болатын Омар, ақыры, үлкен сыннан сүрiнбей өтедi, әдiлдiк салтанат құрады. Жазушы кейiпкерiн көбiне қимыл-қарекет үстiнде көрсетеді. Оқиғаларының географиялық ауқымы кең романдағы тартыс адамдардың дүниетанымдық тартыс-қақтығыстары болып жүлгеленедi. Бүкiл қоғамды жайлаған көзбояушылық, мансап пен билiк алдында бас ұру; әлеуметтiк топтардың тұрмыс-тiршiлiгiндегi жер мен көктей алшақтық – бәрі-бәрi романда қоғамның шағын моделi отбасылардың тыныс-тiршiлiгiнен аңдалады. Омар – Сәуле, Досым – Ұлмекен, Альберт Исаевич – Валентина, Жексен – Разия, Әли – Әлия, Мұса – Торшолақ, Әбiлез Кенжеевич – Рауза Ахатовна, Мамыржан – Қадиша, Мәтеков – Қаншайым отбасыларының әрқилы мiнез-құлық, ниет-пиғылдары, өзiндiк тағдырлары бар. Жазушы қаламы, әсiресе тоғышарлық, мансапқорлық, арызқойлық, күншiлдiк, қысқасы, рухани мешеулiктi суреттеуге келгенде жүрдек. Бұл орайда оның кейiпкерлерi тип деңгейіне көтеріледі. Кейiпкерлерiнiң болмысын өз қимыл-қарекеттерi, психологиясын деталь арқылы да ашуға салмақ салады. Мысалы, қалалық атқару комитетiнiң орынбасары, яғни Омардың орынбасары Әбiлез Кенжеевич Омар шырғалаңға түскенде оның орнынан қатты дәмеленедi. Дәмесiнiң зоры сонша, ол қызының жоғалып кеткенi туралы тiрi жанға тiс жармайды. Әбiлез Кенжеевич – отбасының сырты бүтiн, iшi түтiн, әйелi Рауза бақытсыз, төрт түлiгi сай, тұрмысы баянсыз жан. Оның үнемi балконға шығып, телескоппен жұлдыздарға қарайтыны бар. Басқаша, рухани таза өмiрдi аңсайды. Аяғын жоғары көтерген Әбiлез телескоптың шынысын көлегейлеп тастаған тұста: «Миллиондаған жұлдыздарды Әбiлездiң аяғы басып қалды» дейдi жазушы. Әбiлез отбасына байланысты автор деталь ретiнде жұлдызға иек артқанын байқасақ, әйелiнiң «iшкi жұмысына қол сұқпайтын, мәдениеттi» Мәтековтiң әйелi Қаншайым мен Мамыржанның байланысын айғақтайтын деталь етiп кiлттi (шкафтың кiлтi) ойнатады.
Жазушы Ә.Таразидың өзiндiк жазу машығы ерекшелiктерiнiң бiрi ретiнде кинематографтық стильдi атау керек. «Әдебиетке кинодан келдім» дегенді өзі де айтады. Ал жазушының әдебиетке кинодан келуі – өзіне де, ұлттық әдебиетімізге де үлкен олжа салды. Бүгінде жаңа ғасыр әдебиеті ашқан жаңалық ретінде айтылатын жинақылық, характерлердi бірер штрихпен ашу, оқиғаларды анық-қанық бейнелеу, аз сөзділік, сөздің ішкі қуатын ашу, яғни артық-ауыс ой, шұбалаңқы сөйлемдерге жол бермеу Таразидың сонау 70-80 жылдар белесіндегі шығармашылығының негізгі сипаттарының бірі болды. Кейiпкерлердiң үлкен тобын, олардың бойындағы пендешiлiк пиғыл, қылықтарды сипаттауға келгенде жазушы юморы, әсiресе ирониясы мен сарказмы қамшы салдырмайды. 80-жылдар бедеріндегі қазақ әлеуметiнiң өмiрiн бейнелей отырып, тоғышарлық, әлеуметтiк бей-жайлық, рухани зерде қалғуының тарихи, қоғамдық-әлеуметтiк себептерiн тереңнен іздестіреді…
Жалпы, жазушы шығармашылығында бүгiндi кешемен, кешегi уақыт тарихпен себеп-салдарлы тығыз байланыстарда береді. Айталық, «Әулет», «Ақбердiнiң ауласы» повестерi мен «Бураштың әңгiмелерi» циклы оқиғалық, кейiпкерлердiң қалыптасу-даму жағынан бiр-бiрiмен тығыз байланысты. «Әулет» повесiнiң құрылымдық бiтiмi ондағы оқиғалардың тұтастығына нұқсан келтiрмейдi, керiсiнше, Қараспан әулетiнiң кешегiсi, ал негiзiнен, бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiн қамтитын оқиғаларды шашыратпай жинақтап беруге септiгiн тигiзедi. Әр кейiпкерiне жеке-жеке тоқталып, отбасылық, адамдық қарым-қатынастар негiзiнде әлеуметтiк мәселелерге тереңдейтiн повесте қамтылар оқиғалар ауқымы кең.
«Ақбердiнiң ауласы» повесi мен әңгiмелер циклына автордың басынан өткен кейбiр өмiрбаяндық жайлар да негiз болғандай. Оның кейде жекелiк сипаттары сақтала отырып, өзгеше идеялық-эмоциялық қуат алады. Өзiнiң жазу мәнерiне сай автор бұл шығармасында да уақыт, әлеумет шындығын нақты, жекелеген тағдырлар — Ақбердi ауласының тұрғындары: бала Хантай, Ақлима, Сапар, Әлiм, Бүбiсара, Шура, Жәдiл, т.б. арқылы бейнелейдi. Повесте, сондай-ақ «Дүниенiң шетi», «Қара таңба», «Көпесбай» әңгiмелерiнде кейiпкер «менiнде» авторлық «мен» елеулi үлесi болса, «Жүрек пен штык», «Жаңбырлы түндер», «Шұнақ құлақ», «Батыр болмақ ойдан-ды», «Сарманқұлда» автор әңгiмешi рөлiн қанағат тұтады. Бiрақ қай шығармасында да, жазушы, сыншы Р.Нұрғалиев атап көрсеткендей, адамның мiнез-табиғатын әлеуметтiк факторлармен тығыз байланыста алады. Кейiп­керлерiн даралауда көркемдiк тәсiлдердi талғап қолданады, түрлi стилизацияға барады; бейнелiлiк кiлтiн контекстен iздейдi.
Таразидың көркем тiлiндегi iшкi ырғақ, үндестiк-үйлесiм, поэзиялық тыныс шығармаларының өнбойынан тым жақсы сезiледi. Жазушы кейiпкерi Бураш сияқты әр құбылыс-жайға теңеу iздейдi және тым оқыс, жаңа да сәттi теңеулердi мол табады. Мысалы, «мәңгiлiк көзi — Айға» жазушы теңеулерiнен көптеген мысал келтiруге болар едi.
Дүниежүзiлiк әдебиетте бiр әулет төңiрегiнде жазыла отырып-ақ өз уақытының қасіреттерін, қоғамдық-әлеуметтiк шындығын өзгешелеу бiр ракурста көрсететiн шығармалар аз емес. Шартты түрде жүйелегенде, Т.Манның «Будденброктар», Д.Голсуорсидiң «Форсайттар хикаясы», У.Фолкнердiң Сартористер әулетi туралы трилогиясын әулеттік романдарға жатқызуға болар едi. Ә.Таразидың «Кен» романын аталған шығармалардан көркемдiк принципi, жазылу тәсiлi мүлде басқа екенiне қарамастан, шартты түрде әулеттiк роман деуге болады. Жазушының өз сөзiне сүйенсек, «дүниеге өзi әкелген Қараспановтар әулетiмен бiржолата қоштаса алмапты». Бұл романында жазушы өзі айтпақшы, «дәстүрлi романға қарсы соғысып, сюжетке, тартысқа басқаша келген», бұл сипаттар «Тасжарған» романында да қылаң берген-дi.
Шындығында да, «Кен» романында тартыс характерi басқашалау; жазушы уақыт қойып отырған сауалдарға жауапты жекелеген тағдырлар, жеке адамдардың болмысына, жан дүниесiне үңiле отырып iздейдi; романда шебер дәнекерленген хронологиялық сюжет жоқ, жазушы ассоциативтi-фрагментарлық суреттеу арқылы көркемдiк жинақтауға, бiртұтастыққа жетеді. Сюжеттерi бiр-бiрiмен байланыссыз жатқандай оқиғалардан, эпизодтардан тұратын романды тұтас оқып шыққанда ғана әлгi оқиғалар, күтпеген жағдаяттар, тосыннан пайда болған кейiпкерлер жинақтала келе белгiлi бiр тұтас картина жасап, көркемдiк-әлеуметтiк жүк көтередi.
Романдағы оқиғалар Қаратау аймағында өтедi. Автор Қаратауды әлеуметтiк-гео­графиялық ұғым тұрғысында алады да, ондағы адамдар тағдырына, сан алуан адамгершiлiк-әлеуметтiк қарым-қатынастарға ден қойғызады. Пiрәли шал мен Ақлима кемпiрдiң отбасы-ошақ қасынан, олардың алтын тойын өткiзу қарекетiнен басталатын роман сан тарау оқиғаларда да сол әулет төңiрегiне қайта айналып соғып отырады. Пiрәлидiң қызы, тағдыр талқысына түскен Мәрзияның өлiмiне байланысты өтпей қалған той, төрт жылдан соң, романның соңына қарай өтедi. Осы төрт жыл iшiндегi оқиғалар негiзiнде Қараспан әулетiнiң тарихы, саясат диірменіне түскен кешегiсi, ал негiзiнен бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi, қам-қарекетi, осы отбасына туысқандық, дос-жарандық, жегжаттық, ауыл-аймақтық ретпен қатысы бар кейiпкерлер, олардың да өзiндiк жеке дара тағдырлары — бәрi-бәрi жинақтала келе, жоғарыда айтқанымыздай, үлкен бiр әлеуметтiк орта тынысын береді.
Романда кейiпкерлер көп. Олардың әрқайсысына жеке тоқталып жатпай-ақ, Қараспановтар әулетi, Ботабай және ағайынды Кәкiш пен Мәкiш төңiрегiнде аз-кем пiкiр таратып байқасақ, бұл кейiпкерлер бiр-бiрiмен еш қатынассыз, өз бетiнше күн кешiп жатады. Бiрақ шығармадағы негiзгi тартыс осы кейiпкерлер арасында өтедi. Автор психологиялық-әлеуметтiк параллельге ден қоя отырып, Қараспановтар, Ботабай — Кәкiш, Мәкiш Асабаевтар линиясын роман соңына дейiн шашау шығармай алып шығады. Бұл тартыс — кейiпкерлер дүниетанымындағы, өмiртанымындағы, көзқарастарындағы кереғарлықтар, қарама-қайшылықтар күресi. Романда ерекше бiр көңiл аударарлық бейне бар, ол – Балбала. Мәскеудегі Сауда институтында оқитын, үлкен бастықтың қызы Маринаға үйленген, өз есебiне мықты, iскер, ол өз туыстарынан басқаша, жақсы, еркiн өмiр сүргiсi келедi. Дегенмен де қолы жүрiп тұрған жас жiгiттiң мұндай мақсаткерлігі оқырманын екіұдай ойға қалдыратын. Ал, бүгінгі күн биігінен қарағанда, жазушы осы бейнесімен елімізге келер нарықтық экономика мен оның жағымсыз құбылыстарын осы кейіпкерімен болжағандай көрінеді.
Романның екiншi дәптерiнен бастап аренаға Ботабай, Кәкiш пен Мәкiш шығады. Ботабай — мейлiнше адал, тыныш та қоңырқай тiрлiгiн дәтке қуат етiп жүрген жан. Баладай аңғал, жан дүниесi бай, өмiрдiң қарапайым философиясымен күн кешетiн бұл кейiпкер адамгершiлiк күш-қуаттың трансформаторы сияқты. Шығармада бедерлi суреттелген екi бейне — ағайынды Кәкiш пен Мәкiш. Екеуiнiң негiзi бiр болғанымен мiнез-құлықтары мүлде басқа. Кәкiш — кезiнде комсомол қызметiнде жолы болмаған, өзi оны кездейсоқтық деп есептеп, ендi тек өмiрден алып қалуды дiттеген, айлалы, өзiнше ақылды жырынды. Ен орманда, тау-тастың арасында еркiн сайраңдап жүрген ағайынды екеу: сырт көзге сыр алдырмайтын, iшкi есебiне мықты Кәкiш пен оның айтқанына көнiп, айдауына жүретiн, ақылы шамалы Мәкiш, сондай-ақ осы Асабаевтар әулетiнiң тағы бiр «жас перiсi» Қайыржан Көпбаевтың өз «философиялары» бар. Жалпы, Ә.Тарази қаламы мұндай бейнелердi сомдауға келгенде аса ұшқырлық танытатынын тағы да айту керек.
Романының эпиграфын «Әр адамның жанында ашылмай жатқан кенi бар» деп алған жазушы сол кендi iздейдi, мейлiнше әр қилы мiнез-құлық, характерлер галереясын жасайды. Бұл орайда Таразидiң көркем тiлi, образды ойлау жүйесi көмекке келедi. Жазушы тiлiнде iшкi кеңiстiк, поэзиялық тыныс қуат, көзге ұрмайтын, бiрақ бiрте-бiрте дәм алдыратын әсемдiк, кербездiк бар. Жалпы, баяндауға «жаны қас» жазушы ненi айтса да, кiмдi көрсетсе де мейлiнше даралауға, жаңа бiр қырынан ашуға ден қояды. Роман тiлiнен уақыт белгiлерi, көркем тiлiмiздiң қазiргi даму заңдылықтары да байқалар едi. Жалпы, Таразидың көркем тiлi, образды жүйесi әдебиетшi, тiлшi ғалымдардың заманауи зерттеулеріне жақсы қорек.
Суреткер Тарази шығармашылығының келесі кезеңі күрделене түседі «Жаза», «Қорқау жұлдыз» романдары тақырып сонылығы өз алдына, ізгілік әдіра қалғанда адамды қорлаудың, зұлымдықтың салтанат құру «пәлсапасын» ашады.

Тарази драмалары – уақыт квитэссенциясы

Таланты өз алдына көркем киносценарий заңдылықтарын, теориясын меңгерген Таразидың драматургияға келуі заңдылық еді. Оның алғашқы драмаларының өзі әдеттегі ақ пен қара тартысы емес, көзге көрінбейтін ішкі бір тартыс-қақтығыстарға құрылды, жаңа кейіпкерлерді шығарды. Уақыттың өзекті мәселелерін көтере отырып тартыс ұштығын жеке адамдардан да, қоғамымыздың тарихи даму жолдарынан да iздедi. Ә.Таразидың қаламдас досы Қалихан Ысқақпен бiрiгiп жазған «Апа, апатай», «Жәке, Жәкетай», «Кемпiр iздеп жүр едiк» комедиялары қоғамдық-әлеуметтiк сатира деп тануға лайық болса, өзiнiң «Жақсы кiсi», «Тыныш көшедегi көгiлдiр үй», «Жолы болғыш жiгiт» атты драмалық шығармаларында да қоғамға, әлеуметтiк ортаға деген сыни көзқарасы жүлгеленді. Мәселен, «Жақсы кiсi» пьесасына «жеке бастың күлкiлi трагедиясы», «Тыныш көшедегi көгiлдiр үйге» — «күлмейтiн комедия» деп жанрлық анықтама беретiн автор бұл драмаларында «бүгiнгi қазақ зиялылары» аталып жүрген ортаның қорқынышты болмысына үңiледi. «Жақсы кiсiде» «жақсы кiсi» Ахмет Хазин үшін бастық болу — адам болу, қатарға енумен
пара-пар және де қанша аяныш тудырғанмен де оның «пәлсапасында» өмiр шындығымыз бар. Драматург — адам, жеке тұлға бағалан­баған қоғамда оның психология-танымындағы қандай да ауытқулардың рухани бишаралыққа әкелiп соғарын осы Ахмет Хазин бейнесi арқылы бередi. Пьеса соңында тек жүрген, тоқ жүрген Ахмет Хазиннiң бүкiл болмысы, «жақсы кiсiнiң» жақсы өмiрiнiң бағасы сараға түседi. Кроссворд шешкiш көршiнiң: «Ә! Ойлану керек екен-ау, ә! Рас-ау. Ойлану керек. Ойлану, ойлану… ойлану…» деуiмен аяқталатын шығарма Хазиннiң ғана емес, бүкiл әлеу­меттiң трагедиясы; кроссорвд шешпек боп бас қатыратын, бiрақ әлеуметi, қоғамы туралы ойлап бас қатырмайтын, мүмкiн оған өресi жетпейтiн ұрпақтың трагедиясы туралы спектакль болуға сұранып тұрған пьеса. «Жақсы кiсiнi» Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында сахналаған сол кездегі бас режиссер Ерсайын Тәпенов те «жеке бастың күлкiлi трагедиясы» деген анықтама берген. Бұл анықтама автор үшін де, театр үшін де цензураны айналып өтудің бір жолы болған сияқты. Әйтпесе көрнекті актер Р.Баймағамбетов орындаған кейіпкер Хазин жеке бастың ғана емес, қоғамның үлкен трагедиясы ғой. Кейініректе Ғ.Мүсірепов театрында көрнекті режиссер Ж.Хаджиев сахналаған драмада да жекелік сипаты басымдау шықты.
Жалпы, Тарази пьесаларын кілтін тауып сахналау оңай емес-ті. Бұл – драматург стилистикасынан туындайтын қиындық. Бiр қарамаққа диалогтарында күнделiктi өмiр, тыныс-тiршiлiгiмiз. Мысалы, «Тыныш көшедегі көгілдір үй» пьесасының кейiп­керлерi үшін өзара қарым-қатынастары әбден үйреншікті. Тыныш көшедегі көгілдір үй иесi, өзінше баянды өмiр кешiп жүрген Асанға тыныштығы бұзылмаса болғаны. Ол өз мүддесi үшiн неден болса да, тіпті қаза тапқан курстасының атағын пайдаланудан да тартынбайды. Ал ең сорақысы – айналасындағылардың оның бұл қарекетiне үлкен адамгершiлiк сипат берiп, қолпаштауында, яғни көзбояу, өтiрiк, жасанды өмiр-тiршiлiкке өздерiнiң әбден бой үйретiп, белшесiнен батып кеткендiктерiнде; бiр сөзбен түйгенде, жалғандықтың, көлгiрсудiң, өз-өздерiн алдаудың күнделiктi өмiр нормасына айналып кеткендiгiнде. Көрнектi режиссер А.Эфросша айтсақ, «Өмiрлерiнiң драмалық мән-мазмұны күнделiктi әдет-қалыпқа айналып кеткен». Сондықтан да мұндай шығармаларды сахналау­дағы «сверхзадача» – осы тұрмыс-тiршiлiктiк сипатты емес, оның астарынағы драманы, тiптi трагедияны ашу болса керек.
Комедия соңында тыныш көшедегi көгiлдiр үйде кезектi бiр жауапты сынақта қаза тапқан Сәнжанды еске алу кешiне жиналған топты тағы көремiз. Бұл соңғы сахнада кейiпкерлердiң рухани жадаулықтары мейлiнше анықтала түседi. Әр кейiпкер өзiн, өресiн өз сөзiмен әшкерелеп бiтедi. Көңiл қойсаңыз, осы кеште Сәнжан достарының денсаулығы үшiн де, Асанның денсаулығы үшiн де, Райдың денсаулығы үшiн де арнайы тост көтерiледi. Ал Сәнжан туралы сөз — осы тостардың экспозициясы ғана немесе Асан үшiн Сәнжанның өлiмiнен гөрi Сегiзбаевтың ауырып қалғаны барып тұрған трагедия. Тiптi өздерiн зиялы санайтын осы топта «аздап бас терiсi келiскендеу» жазушы Бұланның өзі Сәнжанды еске түсiру кешiне емес, туған күнге келгендей-ақ қайтарда: «Жақсы отырыс болды. Дем алдық» десе, оған әйелi Руфь: «Сый көрдiк. Үй иесi жалбақтап жатыр» деп қосамжарланады. Драматург сол бір өзінше зиялы ортаны суреттей отырып қоғамдағы ахуалға, адамгершiлiк-имандылық параметрлеріндегі үлкен мәселені сынаға алады. Осыдан жарты ғасырдай бұрын жазылған драмадан бүгінгі ахуалымыз да танылмай ма…
«Жолы болғыш жiгiт» драмасы
М.Әуезов атындағы театрда қойылыпты. Спектакльдiң режиссерi Р.Сейтметов болғанын, Асау Бөкен — Танаш — жолы болғыш жiгiт рөлiнде Әнуар Молдабеков ойнағанын
театр сыншыларының (Ә.Сығаев, Қ.Уәлиев) кiтаптарынан оқып, бiлдiк. Спектакль бiрер премьерадан соң жоғарыдан нұсқаумен «жабылып» қалыпты. Драмада тартыс Асау Бөкен мен Асан, ғалым Кiрпiшбай, Алтынтістердiң, яғни жаңа және ескi көзқарастардың арасында өтедi. Мұның өзi де, түптеп келгенде, көзқарас, концепциялар қақтығысына саяды. Пьеса туралы ғалым-сыншы Рымғали Нұрғалиевтiң пiкiрлерiне негiзiнен қосыла отырып («Телағыс», «Жазушы» баспасы, 1987) Асау Бөкен бейнесiнiң ерекшелiгi неде деген сауал төңiрегiнде ойланып қарасақ, ғалым-сыншы айтқандай, «ноқта, жүген тимеген шу асау, қалтқы, тiреуiш дегендi бiлмеген, басы бос, кеудесi толық, аршынды жас айла-шарғыны ойламайды, қулық жасамайды, нысанаға тура тартады». Асау Бөкен екi жердегi екi төрт екенiн дәлелдей алмай пәткерде. Кiрпiшбай, Асандар – жазушы-драматургтің дәстүрлi кейiпкерлерi, ал «халықтың өкiлiмiн» деп байбалам салатын арызқой Алтынтiс – бишара, кiрпiштей қатқан сананың көрiнiсi.
Алтынтіс психологиясының шегіне жеткен көрінісі – Әзберген Шерәлиев. Драматургтің ерекше бір шығармасы – «Індет не­ме­се жаңа адам жасай­мыз» трагикомедиясының бас кейіпкері. Атауынан көрініп тұрғандай, еліміз тарихындағы рухани індеттің генезисін, қазақ сахнасы үшін тың тақырыпты зерттеген шығарма. Кеңестік большевиктік идеология­ның құрбаны болған қоғамның, тұтас бір ұрпақтың трагедиясын берудің көркемдік әдісі сәтті табылған. Жасы сексенді алқымдап қалған Әзберген Шерәлиев – қызыл идеологияның мейлінше берілген әскері, драматург­ше айтқанда: «партия мен социализмнің төрт бұрышты кірпіші». Оның есі, жады, иманы осы идеологиямен әбден уланған. Ол көрер көзге ешкімге қиянат жасап жүрген жоқ, сондай байсалды, байыпты, салқынқанды жан. Алайда ол жасырын жасаған қара тізім талай атпал азаматтың түбіне жеткен. Тіпті ата-анасын, әйелін, жалғыз қызын өлімге қиған Әзбергенді мәңгүрт, мәңгүрттіктің ең шектен шыққан түрінде бейнелеген автор (оның есімін осылай деп алуы да бекер емес) үлкен ой жинақтауларға барады. 1994 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер Е.Обаев қойған «Індет» трагикомедиясы  қазақ  театрының үлкен табысы болды.
Таразидың тәуелсіздік кезеңіндегі драмалары дегенде, жыр алыбы Жамбыл мен көрнекті ақын Мұқағали Мақатаев туралы пьесалары ойға оралады. «Алатау сынды алыбым» драмасын әріптес-досы Қалихан Ысқақ екеуі бірігіп жазды. Кезінде кеңес жыршысы атанған Жамбыл драмада өзге ракурстан көрінеді. Аурухана палатасында өң мен түстің, жарық пен түнектің арпалысына түскен кейіпкер. Жыр алыбының шынайы болмысын ашуға ден қойған авторлар ақынды белгілі бір тарихи-саяси кезең аясында қалдырмай, шек-шекараға сыймайтын қуатты талантын, халықтық даналығын ашады. Бұл драма Жамбылдың 150 жылдығына орай 1996 жылы М.Әуезов театрында сәтті сахналанды.
«Ақын. Періште. Махаббат…» драмасының басты кейіпкері – Мұқағали ақын. Автор мен кейіпкер замандас. Демек, тағдыр әртүрлі болғанымен өмір кешкен заманы, белгілі бір деңгейде арман-аңсарлар мен әлеуметтік-рухани ортада ұқсастық бар. Пьесаның негізгі ұстыны да осы сипаттар. М.Мақатаев өмірінің соңғы кезеңін арқау еткен, көркемдік шарттылығы мол драмада ақынның жан дүниесі қоғамдық ахуал, қоғам мен жеке адам арасындағы ашық та жабық қарама-қайшылықтар арқылы танылады. Сонымен қатар драмада пьеса авторының сол кезеңге көзқарасы, өзінің жан дүниесі бар. «Ақын. Періште. Махаббат…» көп жылдардан бері М.Әуезов театры репертуарында. Режиссер Ә.Рахимовтің қойылымындағы спектакль кейінгі ұрпақтың Мұқағали ақынды тануы, кезеңнің көркем сипаты ретінде бағалы.
Көрнекті драматургтің осы театр сахнасында М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» қойылуына мұрындық болғаны, сахналық нұсқасын жазғаны жақсы есте. Талантты режиссер Қайрат Сүгірбеков сахналаған бұл спектакль театрдың жаңа бір көркемдік-эстетикалық ізденістерге шыққанын анық танытқан туынды болды.
Драматург шығармалары – өз уақытының шынайы көркем бейнесі. Сыни көзқарас приз­масынан өткiзе отырып тартыс ұштығын жеке адамдардан да, қоғамымыздың тарихи даму жолдарынан да iздейдi. Бұл орайда оның тағы бір қызғылықты драмасы – Қ.Қуанышбаев атындағы театрда қойылған «Үкілі жұлдыз» атты фарс-трагедиясы. Бас кейіпкерлері өмірін сахнаға арнаған қос құрбы Ай мен Би. «Өнерім – өмірім» – кеңестік кезеңде көп мақаланың тақырыбы ғана емес, өмірін өнерге арнаған көптеген актрисалардың өмірлік қағидасы болды. Өнер мен өмірдің аражігін ажыратпаудың трагедиясын драматург Ай мен Бидің тағдырлары арқылы бағамдатып, тағы да қоғамымыз үшін үлкен мәселе көтереді.
Жас кезінен үлкен орта көріп, корифейлерден тәлім алған Таразидың ұлттық кино өнеріне сіңірген еңбегі мол. Ұлттық киноны әдебиетпен құнарландырған, халықпен қауыштырған ұрпақ, 60-жылғылардың бастауында тұрған Тарази – көптеген киносценарий авторы. Айталық, оның сценарийлері бойынша кинорежиссер М.Бегалин түсірген «Тұлпардың ізі», Ш.Бейсенбаевтың «Арман-атаман», Б.Шамшиевтің «Қараш-Қараш оқиғасы» фильмдері ұлттық киноөнердің алтын қорына енді. Тарихымыздағы ақтаңдақ тақырыпты көтеріп, көрнекті тұлға Мұстафа Шоқай туралы фильм түсіру идеясының авторы Ә.Тарази сценарийін өзі жазды. Тағдыры талайлы Алаш зиялысы Мұстафа Шоқай бейнесі кинорежиссер С.Нарымбетов түсіріп, 2008 жылы экранға шыққан екі сериялы фильм­де тұлғаланып, халқына оралды. Жазушы киносценариймен шектелмей, Мұстафаның тағлымды тағдыры туралы роман жазуы суреткерлік-азаматтық борышын орындауы болса керек.

Таразидың аудармадағы дара жолы

Көрнекті суреткер Ә.Таразидың шығармашылығы жан-жақты. Оның бір елеулі саласы – аудармашылығы. Ал осы саладағы үлкен бір еңбегі – көрнекті қытайтанушы ғалым Н.Бичуриннің «Собрание сведении, о народах обитавших в Средней Азии в древние времена» атты көлемді еңбегінің аудармасы — «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы». Жазушы Н.Бичуриннің «История первых четырех ханов из дома Чингисова» еңбегін де аударған. Қазақша атауы – «Мыңқолдың төрт ханы». Олар – Шыңқұз хаһан, Үкүтай хаһан, Күйүк хаһан, Мөңкө хаһан.
Н.Бичурин Алғысөзінде «…Бұл кітап – қытай тілінде жазылған екі шығарманың қажет деп тапқан тарауларынан құрастырылған ғылыми еңбек. Бірінші шығарма – Шыңқұз хан әулетінің тарихы. Қытай империясының тарихында Юань деп аталған кезеңді баяндайтын жазбалар. Екінші кітап – Қытай тарихында аса белгілі Түн-Сән-Га-Му кітабының кейбір тұстарынан алынған оқиғалар» деп анықтама береді. Ол өзі жазғанындай, бұл еңбегі де – аударма ғана емес, шын мәнісіндегі ғылыми еңбек. Көрнекті шығыстанушы сонау ежелгі замандардағы шым-шытырық тарихты таңбалаған көне дереккөздерді зерттеп-талдаумен қатар ғаламат еңбек жасап, объективтілігі аздау, субъективті көзқарастардан аршып, өзінің пайымдауларымен байытып отырған.
Бұл күрделі еңбекті қазақша сөйлеткенде суреткер Ә.Тарази да Н.Бичурин принципін ұстанаған. Н.Бичурин еңбегін қазақ оқырманы үшін түсінікті етіп, барынша таратып, таразылап, өз зерделемелерін жасап аударады. «Никита Бичуриннің көзі тірісінде, ол дүниеден өткен соң да, «оның кітаптары мыңқолдардың тарихын дұрыс жазбаған, ол қытайларға, мыңқолдарға іш бұрады, сондықтан да ол көп жағдайды жанынан шығарып жаза берген…Шындыққа ұқсамайды, жалған жазылған» деп Никита Бичуринді де, қытай жылнамашыларының еңбектерін де жоққа шығаруға тырысқан мақалалар көп болған…Соны білді ме екен, әйтеуір жарықтық Никита Бичурин өзі аударған кітаптардағы барлық қала аттарын, тіпті кішігірім қамалдардың аттарын, соғыстарға қатысқан баһадүрлердің, генералдардың аты-жөнін, тіпті олардың қандай сөздер айтып өз ойын дәлелдегені туралы анық жазған. Сондықтан да оқуға қиын болса да мен де Никита Бичурин ақсақалдың сол аудармасын әдейілеп «Ган-Му» кітабымен салыстырған тұстарын да мұқият, қиянат жасамай, аударуға тырыстым» дейді аудармашы Ә.Тарази. Еңбектің өнбойында Н.Бичурин өз сынасөзін, яғни өткен тарихи оқиғаларды пайымдап, өзінің таным-түсініктемелерін беріп отырады, мұның өзі оқырманына үлкен көмек. Еңбектен оқырман Шыңғыс әулетінің төрт ханы және олардың тұсындағы күрделі де шым-шытырық тарихтан және өз халқын тарихының ежелгі бастау көздерінен көп мағлұмат алады.


Қазақ тіліндегі «Мыңқолдың төрт ханы», яғни аударма нұсқаның да өнбойында аудармашының, яғни Ә.Таразидың сына сөздері аз емес. Біз бұл тұста аударманың көркемдігі өз алдына, аудармашының тарихи объективті танымға жүгінетінін, халқымыздың кезінде шетел дереккөздерде ғана таңбаланған тарихын толымды, объективті түрде беруге деген құлшынысын көреміз. Аудармашы – әлемге Шыңғыс хан атымен белгілі тұлғаның неге Шыңқұз хан аталатынынан бастап, Жошы, Құбұлай, Төле есімдерінің этимологиясы өз алдына, Наймангүл – Үкүтай хаһанның тоқалы Турахын қатын екені, айта берсе мысал көп, ақыр соңында Ғұндар қағаны болып есептелетін Мөденің есімі Мөде емес, ол – Қараханның ұлы Бота екеніне дейін өз нұсқаларын ұсынады. «Шыршық қаласы деген Ташкент қаласы болу керек, Да-ли қаласы қазіргі Дели» дейді.
Түгелімен танымдық маңызы өте үлкен, оқырманның ежелгі тарихқа деген қызығушылығын тудыратын еңбекте нақты тарихи оқиғалар жыл-жылмен берілген. Мұның өзі жеңіл қабылдауға белгілі бір деңгейде әсер етеді. Айталық, «1220 жыл. Сол жылдың сәуір айында Шыңқұз хан Бұқараны алды. Маусым айында Самарқандты алды. Қыркүйек айының орта кезінде қоршауда жатқан Отырарды алды. Солтүстікке көшіп барып, Есіл өзенінің жағасында жайлауда отырды… 1221 жыл. Сол жылы көктемде Шыңқұз хан Бұқара мен Самарқандты қоршады. Ал оның үлкен ұлы Жолшы Әндіжан мен Баршынды басып алды» сияқты баяндаулар тарихтан аян екеніне қарамастан, әсері басқаша.
Аудармасының ара-арасында, аудармашы өз сынасөзін қосып отыратынын жоғарыда айттық. Ал еңбектің, соңғы 60 шақты беті аудармашы Ә.Таразидың өзіндік жеке зерт­теулері деуге болады. Мұнда ол Н.Бичурин және оның өмір жолы, ғылыми жолы туралы кеңінен толғай баяндап, тарих жасау ісіндегі саясат туралы да сөз қозғайды. Бұл бөлімдегі ең маңыздысы – суреткер Ә.Таразидың қазақ тарихына деген өзіндік көзқарасы, ой-пайым­дары. Ұзақтау болса да үзінді келтірейік:
«Бірнеше жылдан бері өз еркіммен, ешкімге айтпай, білдірмей көне тарихпен шұғылданып жүргенімде, менің бір аңғарғаным, ұлы моғолдар осы Маңылай Іле-су деген сөзге тығыз байланысты ұғым сияқты. Қазіргі қазақ тілі 2500 жылдар бұрын қалыптасқан мыңқол тілінің тарихи кезеңдерде өзгеріске ұшырап, өзінше дами түскен заңды жалғасы болып саналады.»
«…XIX ғасырда Еуропа ғалымдары тұрұқ халқы деген ұғымды жасанды түрде «түркі» деп өзгертті. Біздің көк тұрұқ деген атымыздан қашырып, алыстатып, адастырып алып кету үшін…»
«Біздің жыл санауымыздан 202 жыл бұрын Қытай тарихшыларының қаламына ілінген күн халқының алғашқы көсемінің аты Бота. Ол Ботаның қасындағы ержүрек жігіттері де өздерін күнбіз деп атады. Яғни, «күнге табынушы» деген мағынада» (Бота – Қараханның ұлы..)
«Никита Бичурин, жарықтық мыңқолдар да, күндер де, сақтар да, үйсіндер де, көк тұрұқтар да, одан кейін тарих бетіне ілінген басқа халықтар да «суть один народ» деп қайта-қайта айта береді. Оған біз мән беріп жүрген жоқпыз. Біз сол мыңқолдарды, күндерді, сақтарды, үйсіндерді, көк тұрұқтарды, осы кітапта аталатын Суандарды, (Бай ұрығын) біз әртүрлі халық деп жазамыз. Ол еш уақытта дұрыс болуы мүмкін емес…»
Аудармашының соңғы түйін зерттеулерінде бұдан басқа да көптеген өте қызғылықты ой-зерделемелері мен ұсынатын балама нұсқалары жеткілікті. Бұған тарихшыларымыз назар аударса құба-құп. Бұл аудармалар өте үлкен білім, жігер мен рухани қуат нәтижесі, бір есептен, Ә.Таразидың тарихқа суреткерлік-тұлғалық көзқарасы деу керек. Ал ең бастысы, қалың оқырманның тарихи санасын орнықтыра түсуге ықпал етеді және аударма іліміне ден қоятын таланттар үшін жақсы әдіснама. Тағы бір айтарымыз, Ә.Таразидың терең тарихи танымы өз алдына аударма саласындағы осы үлкен еңбегінің әсері соңғы кезең прозасында сезіледі.

* * *
Бүгінгі таңда Әкім Тарази – руханиятымыздың үлкен тұлғасы. Оның ұстаздық жолы бөлек бір әңгіменің арқауы. Қазақ әдебиеті мен өнерінде алпыс жылдан аса талмай еңбек етіп келе жатқан Тарази – заманымыздың көркем бейнесiн жасау арқылы қоғамдық тарихи үдерістерді зерделеу-зерделетуде үлкен биіктерге шыққан суреткер. Оның тереңнен тартатын озық идеялары қоғамның өзін-өзі тануына, жаңғыруына ықпалын тигізсе, тек өзіндік, дара стилі төл әдебиетімізді көркемдік-стилистикалық жағынан байытты, поэтикасын құнарландырды. Кейінгі сан ұрпақ ұлтымыздың ғасырлар толқынында өзгеру, түлеу, жаңғыру үдерістерін, уақыт идеялары мен қоғам мүшелерінің арман-аңсарларын, жан дүниелеріндегі нәзік қалтарыстарын суреткер Ә.Таразидың бірде байыпты да мөлдір, бірде мысқылды да сыншыл көркемдік әлемі арқылы да таныры анық. Ал шығармашылығы мен өнегелі өмірі – өнер жолына аяқ басуды ойлайтын жас өскін үшін жақсы бағдаршам.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір