САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ САПАСЫН КӨТЕРДІ
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы бері сот саласы да өзге салалар сияқты заман ағымына қарай реформаланып келеді. Жүргізілген реформалар мен оңды өзгерістердің нәтижесінде сот жүйесінің жұмысы жаңа сапалық дәрежеге көтерілді, халықтың сот билігіне деген сенімі артты. Соның нәтижесінде азаматтарымыздың сотқа қол жетімділігі артып, оның жұмысында ашықтық және жеделдік қағидалары орнықты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сот жүйесі мен қазіргі сот жүйесінің айырмашылығы жер мен көктей. Сот шығарған шешім, үкім, қаулыны машинкаға басып, хат-хабарламаларды арнайы барып табыс етуі тек өткен тарихта ғана қалды.
Сандық технологияның сот өндірісіне енуіне байланысты сот үкімдерін толығымен қағаз бетіне түсіру қазіргі кезде қажет етілмейді. Мемлекетіміздегі сот залдары түгелдей дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен жабдықталған. Барлық сот процесстері астанамыздағы ахуалдық орталықта жазылып, тіркеліп отырады. Сол себепті таспаны тоқтатуға немесе қалауынша редакциялауға судьяның құқығы да мүмкіндігі де жоқ. Сонымен бірге сот залын процеске қатысушы азаматтардың өзін-өзі ұстауы мен ортақ тәртіпке бағыну жауапкершіліктері жаңа сапалық деңгейге көтеріліп отыр.
Процесс барысы толық жазылған таспаны мүдделі тараптардың сұратып, қайта көру мүмкіндіктері артқандықтан судьяның әрекетіне шағым жасаушылар саны да кемуін аталған оң өзгерістердің нәтижесі деуге болады.
Сандық технология сот хатшыларының жұмысына да көптеген жеңілдіктер әкеліп, олардың жүктемесін азайтты. Яғни, сот барысына қатысты қысқаша анықтама беріліп, сот отырысының хатшылары сот процесін енді қағазға түсіру жұмысынан біржолата құтылды. Қаралған істің барысына қатысты қысқаша анықтама беріліп, процесс жазылған таспа сот мұрағатына тапсырылады.
Сандық технологияның сот өндірісіне толық енуі соттың ашықтығын, қолжетімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлыққа тиімді тосқауыл қойылуына мүмкіндік туғызды.
«Сот кабинеті» сервисінің көмегімен азаматтарымыз сотқа арыз-шағымдарын үйінде немесе жұмысында отырып-ақ жолдауға қолайлы мүмкіндік алды. Осы әрекеттерді жасау үшін бар болғаны жүгінуші азаматтың электрондық сандық қолтаңбасы мен ғаламторға қолжетімділігі болса жеткілікті. Аталған сервистік жүйенің қарапайымдылығы, ыңғайлылығы мен түсініктілігі себептерінен көрсетілетін қызметтердің саны мен сапасы артып келеді.
«Сот сервисі» жүйесі өмірімізге кеңінен енгелі бері сот саласы қағазбастылықтан арылып, азаматтардың уақыты мен қаржысы үнемделді. Сот пен кеңсе қызметкерлерінің арасындағы байланыс жойылғандықтан, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сенімді тосқауыл қойылды десек болады.
Сандық технология жетістіктерінің сот саласына тиімді әрі жүйелі түрде енгізілуіне байланысты өзге мекемелер жұмысы шектеулермен тоқтауға дейін барған пандемия кезінде де еліміздің соттары процестерді онлайн режимде қарап, әрбір істің белгіленген процессуалдық мерзімде қаралуына қол жеткізді.
Ғылым мен технология ғасырында сандық технология жетістіктерін тиімді, жүйелі және сауатты меңгерген сот жүйесінің қызметкерлері бүгінде қара қылды қақ жарған әділдіктің шынайы кепілі мен жаршысы болып отыр.
Гүлжан МҰХАМЕТЖАНОВА