АЛҒАШҚЫ ОҚЫРМАНЫ МЕН ЕДІМ
Дидахмет Әшімханның ұлы Дәулет Әшімхан әкеден қалған шығармаларды ерекше қадірлеп, биылғы көктем екі бірдей кітабын шығарып жатыр екен. Әке жүріп өткен жолды ерекше құрметтеген ұлмен аз-кем әңгімелескен едік…
Дәулет ӘШІМХАН
– Әкені түсіну мен жазушыны түсінудің арасында айырма бар ма? Осы күні өзіңіз де әкесіз, «Әкемнің осы бір мінезін, мейірімін бағаламаппын-ау» деген өкініш бола ма?
– Әркім өз әкесін жақсы көреді ғой. Біз де кішкене кезімізден әкемізді қадір тұтып өстік. Дегенмен, бала күнімде әкемнің кейбір мінезін түсінбей қалатын кездерім көп болатын. Баламыз ғой, ел қатарлы қалта телефон ұстағымыз келеді, оны сатып алу керек дегендей. Әрі кейбір қатарластарыма қарасам, әкелері айтқандарын екі етпейді. Ал әкем болса бізге материалдық дүние емес, рухани байлық туралы көбірек әңгімелейтін. Ар, ұят, жауапкершілік туралы айтқанды жақсы көретін. Біз аса бай да болмадық, кедей де емес едік. Байлықтың кітапта, жақсы шығармада екенін үнемі айтатын әкем, «мен мынандай әңгіме жаздым, оқып көр» деп бала күнімнен өзі жазған дүниелерден бастап, үйдегі кітаптарды оқуға итермелейтін. Жасыратыны жоқ, ол кезде әке сөзін жете түсінбеппін. Үйде әкем жинаған жеті мыңға жуық кітап бар. Өзі оқығанымен қоймай, әкем сол кітаптарды бізге де ұсынатын. Ал біздің есіл-дертіміз – дала. Әкеміз сияқты әр кітапты қуалап оқығанымыз жоқ. Бірақ кейін келе, кітап оқуды үйрендім. Жалпы, әкемнің жазғандарын жиырмадан асқан шағымда жете түсініп, бойлай бастадым деп ойлаймын. Сол кезде өз ой-пікірімді айтып, әкемнің жазғандарын аздап «сынап» отыратын болдым. Сондағы айтатыным: «Мына әңгіме ең қызық жерінде үзіліп қалыпты, одан әрі не болғанын неге жазбайсыз?», – деймін. Әкем: «Шығарманы ұзын-сонар қылып баяндаудың қажеті жоқ, оқырман соңын өзі тұспалдап сезеді», – дейді. Әкемнің шығармасын осылай жиі талдап, талқылап отыру әдетке айналған-ды.
– Әкеңіздің шығармаларын қазір қайталап оқыған сайын не ой түйесіз?
– Әр жаста оқыған шығармаңды әр түрлі қабылдайды екенсің. Әкемнің жазғандарын қазір қайталап оқығанда, сол уақытта жете түсіне алмаппын-ау деген ойлар келеді. Осы күні әрбір шығармасы арқылы әкеме жақындай түскендей боламын. Сол шығармаларын өзі әңгімелеп беріп отырғандай сезімді бастан кешем. Әкемнің мінез-құлқы, бүкіл болмыс-бітімі әр шығармасында тұнып тұр. Әкемді қатты сағынған сәтте дереу шығармасын оқи бастаймын. Әр сөзі мен сөйлемінен, әрпінен әкеміздің иісі аңқып тұрғандай.
– Дидахмет Әшімханұлының замандас қаламгерлермен жазысқан хаттары, жеке мұрағаты сіздің қолға өткенін білеміз. Әке мұрасын сақтап, кейінгіге жеткізу үшін не істеп жүрсіз?
– Әкем қайтарынан бірер ай бұрын қолжазбаларын маған көрсетіп, аманаттап кетіп еді. «Бес күнделігім осында, өлеңдерім, хаттарым мынау» деп әрқайсысын түсіндіріп, қолыма ұстатқандай болған. Әкем эпистолярлық жанрға өте мұқият болды. Біз телефонмен хабарласып отырсақ, «Сендер «смс» жазасыңдар, ол өшіп қалады, ал менің хаттарым әлі күнге сақтаулы», – дейтін. Шешемізбен жазысқан хаттары да бар. «Лизаның папкасы» деген бөлек екі папка. Оның ішінде қыз-жігіт болып жазысқан хаттарынан өзге, түрлі мерекелерде бір-бірін құттықтаған ашық хаттары да мұқият сақталыпты.
Әкем әңгімені қолмен, әрі 4-5 рет қайталап көшіріп жазатын. Ең соңғы таза нұсқасын бастыруға ұсынатын. Соңғы жазған әңгімесі «Кеш» деп аталады. Әкемнің сол соңғы әңгімесінің тақырыбымен «Кеш» деген кітабын және әкем жайлы естеліктерді жеке құрастырып, екі кітап шығарып отырмыз. Әкемнің қайтқанына жыл толғандағы еске алу отырысында осы екі кітапты достары мен қаламдастарына, замандастарына ұсынбақпыз.
Шыны керек, жұмысбастылық қол байлау болып тұр. Бірнеше айлық демалыс алып, қолжазбаларды реттесем деген жоспар бар. Әкемнің жазушылармен, ғалымдармен жазысқан хаттары, «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп жүрген кезде Шерхан ағаның газет версткасындағы түзетулері, т.б. материалдары түгел сақтаулы. Жалпы, әкемнің шығармашылығы поэзиядан басталған. «Кішкене кезімнен өлең жазғанмын» деп отыратын. Өлеңдерін жинақтап бөлек кітап етіп шығарсам деген де ойым бар. Күнделіктерінің өзі бірнеше кітап болады-ау. Қолжазбаларын қолыма алған сайын жүрегім езіледі…
Бірақ бәрін де реттеу керек.
– Әкеңіздің қуанған сәттері мен ренжіген уақыттарындағы мінез ерекшеліктері қандай еді? Жазу жазар алдындағы және жазып болғаннан кейінгі көңіл-қошына назар аудара алдыңыз ба?
– Әкем сәби мінезді еді, қуанса шын көңілмен қуанады, балаша өкпелейді. Күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі кейбір кикілжіңдерге аса мән бермесе де, ұлттың мәселесіне келген кезде, ұлттық мүдде тұрған сәтте өз позициясынан еш ауытқымайтын. Кейде қатты ашуланған кезде арлы-берлі шапшаң адымдап, көкейіндегілерін төгіп салатын…
Табиғатында өзі жинақы болған соң, айналасындағыларын да сол жинақы болуға үгіттейтін. Ал жазуды таңғы алтыда тұрып бастайды. Сегіз жарым шамасына дейін өндіртіп жазып алады да, жарты сағаттай көз шырымын алады. Содан қайта жазу үстеліне отыратын. Шағын ғана жазу үстелі болды. Соны көтеріп алып, күннің көзін қуалап жүріп жазатын. Жазғанда тиянақты, бір жазғанын бірнеше мәрте көшіріп, тап-тұйнақтай, таза ұстайтын.
Соңғы уақытта жазғандары туралы әуелі маған әңгімелейтін әдет тапқан. «Жынды жел», «Көкперінің кердеңі», «Ақшоқы», «Құдайсыздар» деген әңгімелерінің алғашқы оқырманы – мен. Әсіресе, «Ақшоқы» деген әңгімесін оқығанда қайран қалдым. Сондай керемет, өлер алдындағы адамның психологиясын аша білген. Басын қалай бастап, аяғына қалай жеткенін білмей қаласың. Әрі қызықты, әрі аянышты оқиға.
Әкем дүниеден қайтар алдындағы екі жылда біраз әңгіме жазды. Бітіре сала: «Мойнымнан ауыр жүк түскендей болды ғой», – деді. Біраз уақыттан кейін қайтадан жазуға кірісетін. «Қызыл бейіт» деген бір әңгімесін бастап еді. Бұл шығарма да сол қазақтың бір дертін қозғайды. Қысқаша мазмұнын маған айтып берген еді: «Бір шал өмірбақи руға, жүзге бөлініпті. Кезінде бастықсымақ болған. Сол кісі өмірден қайтқанда, не ана рудың, не мына рудың бейітіне жерлетпей, жеке жерленген екен». Сол әңгімесі аяқталмай қалды…
– Әкенің орнын қазір қалай сезінесіз? «Әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей достарының бүгінгі ықыласы қандай?
– «Әкенің жақсысы балаға қырық жыл азық» дейді ғой. Әкемнің жақсылығын әлі көріп келемін. Жазушылар одағы кішкене күнімізден таныс, түрлі мерекелерге, жаңа жыл шыршасына, әкемнің жұмыс орнына жиі келетінбіз. Талай ақын-жазушы біздің үйде дәмдес, дастархандас болды ғой. Шерхан аға, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбековтерді көріп өстім. Таныс ақын-жазушылар көзіме жылыұшырап тұрады. Жұмабай Шаштайұлы, Нұртөре Жүсіп, Шәмшидин Пәттеев сынды ағаларымды көре қалсам, олар менен елжірей амандық-саулық сұрасып жатады. Мұның бәрі әкемнің қадір-қасиетін бағалаудан деп білем, олар «асылдың тұяғы» деп, менің де болашағымнан үлкен үміт күтетіндері анық. Менде әке есімін ұлықтап, ұятқа қалдырмауға тырысып келем.
– «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген мақал жиі есіңізге түспей ме?..
– Ес білгелі әкемді ренжітпеуге, көңілінен шығуға тырыстым. Иә, Астанада алты жылдай жұмыс істедім. Сол алты жылда әкемнен жырақ кетіп қалдым-ау дейтін өкініш те жоқ емес…
Мен оның өмірдегі ең жақыны болдым. Өзі де: «Менің ең жақын адамым – сенсің» дейтін. Бала күнімнен мені қасынан қалдырған емес. Қайда барса да өзімен ертіп жүрді. Ойымдағыны іркіп қалдым-ау дейтін де жөнім жоқ. Әкем екеуміз сырлас дос та едік. Бала күнімнен ойымдағыны бүкпесіз ашық айтуға үйреткен. Өзі де менен ештемені жасырып, жауып жатпайтын. Қайтарынан екі жарым жыл бұрын Алматыға оралдым. Сол екі жарым жылда тіпті жақын, тонның ішкі бауындай болдық. Үйде де, жұмыста да бірге жүрдік. Үйден күлісіп, қалжыңдасып шықсақ, түскі асқа әңгімелесіп бірге баратынбыз. Кешке қарай сол көңілді қалпымызбен үйге қайтамыз. Әкеммен өткен осы соңғы екі жарым жыл жадымнан еш ұмытылмайды деп білемін. Әкемнің сол мінезі, күлкісі, қалжыңы ылғи да жанымда жаңғырып, бүкіл болмыс-бітімімен рухымды биіктете береді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.