Батыл едім кеше мен…
23.04.2024
373
2

Әлия ІҢКӘРБЕК

Үрей

Жүрегімді тыңдашы сен өзі
Шын –
бас бермейтін асаудай,
өзімді алып қашардай,
Сенемісің?!

Жүрегімді тыңдашы… зымырандай,
Мен осылай жүрем бе тыныға алмай?
Тасқынына жанымның төтеп беріп,
(Түннен аман шығам ба бүгін, Алла-ай).

Жүрегімді тыңдашы, мен тыңдадым,
Онда менің айнымас сертім бар мың.
Өзімді-өзім жүргенде жоғалтып ап,
Көріндің де көзіме, еркімді алдың.

Жүрегімді тыңдашы, мұңды менің,
Туласын деп мен оған түнді бердім.
Білмейсің ғой, сәт сайын қорқам, күнім,
Тоқтап қалар секілді жыр-жүрегім…

Адасу

Табатұғын таудан мін,
Тамшыдайын тамдым ба?
Мен жоғалтқан жандардың
Жүрегінде бармын ба,
Тілегінде бармын ба?
Естимісің үнімді
Бұл өмірде бармын ба?

Жүзе алмасаң, ой – теңіз
Батырады құрдымға.
Көз алдыңда күлімдеп
Не мұңайып тұрмын ба?

Сабылдырған сезімді,
Батыл едім кеше мен!
Танымаспын өзімді
Көріп қалсам көшеден…

Күндер өт­ті, мен өт­тім,
Маңайынан сәт­тердің.
Қашып жүріп қауымнан,
Жалғыздыққа тап келдім.

Жазылады жыр тағы,
Күтпесе егер қайғы алдан.
Жүректің бір сұлтаны –
Менен теріс айналған,

Мәңгі мені жоғалтып
Алатынын білмеді…
Таныр екен кім мені,
Табар екен кім мені?!

Гүл

Мәңгілік жадымда бала күн,
Екеуміз ойнаған қыр есте.
Жүрегін жаралап даланың,
Сыңарын жұлып ең бір өскен.

Мен сонда шат­тыққа бөленгем,
Сезінбей сол гүлдің соларын.
Ал саған білмедім өлеңнен
Өзге не сыйлауға боларын.
Жұлдызды жылдарым – бөтендей,
Беймезгіл көгімнен Ай қашты.
Өмір деп атайды екен ғой –
Жалғыздық жеңетін шайқасты.

Қызғалдақ көп бүгін, белес көп,
Уақыт қой бәріне кедергі.
Сүйікті болудан емес тек –
Сүюден қорқамын мен енді.

Бір шоқ гүл – парағы үміт­тің,
Мен жүрмін сырымды жазып тек.
Құшақ гүл сыйлаған жігіт­тің,
Кім айт­ты жүрегі нәзік деп?
Ескірмес естелік – бала күн,
Қорғаным сен едің мұң ессе.
Мен жиі жеңіліс табамын
Осынау күресте.

Мәскеуден хат

Ләйләнің сөзі

Ғазалды ғазиз ғұмырдың,
Тұмасы болдым тап-таза.
Жұпарын сездім жырыңның,
Оқымасам да жастана.

Дәуір мен ғасыр тартысты,
Неше жыл мені жыр ет­тің?!
Мәскеуде соқты жартысы,
Сендегі сырбаз жүректің.

Жырыңды сүйем, өзіңді,
Жалғанға жанын жықпаған.
Көзіңе тұнған сезімді –
Айыбым шығар ұқпаған.

Жоқ еді түк те бүлінген,
Қарамап едім асқақ тым.
Ғарышқа кеткен күніңнен,
Өмірден мен де бас тарт­тым.

Жұматай-жүрек лүпілі
Естілді маған шалғайдан.
Тәңірдің осы үкімі…
Кім асар дейсің маңдайдан!..

Сабылған сағым санамда,
Тонады көптен күлкімді ой.
Жар салмай жарты ғаламға,
Үнсіз сүюім мүмкін ғой!

Үкім

Тоқтатпай сезім көшін,
Соңынан ілбіп келем.
Өлең, мұң, төзім – досым,
Жауым бар тірлік деген.
Жүрегім тез кешірер,
Сәт­терді көңіл арбар.
Күтпеген кез­десулер,
Мезгілсіз қоңыраулар…
Күткенім осы менің,
Болмас еді теріс түк те.
Мен бәрін кешіремін,
Сен кешпе!
Келістік пе?
Бекіндім күрсінбеуге,
Бәріне айыптысың!
Кеудемде дүрсілдеуге
Сен өзі лайықпысың?!

Сценарий

Саған келе жатырмын сезімді ертіп,
Шуақ шашқан көктемдей кезімді ертіп.
Естеліктің есігін ашпай жүрмін,
Жүрек батыр болғанмен, өзім қорқып…
Жол, жыр, шаһар – бәрі де неге бөтен,
Көрген кезде өзіңді не дер екем?
Жауап таппай іштегі сан сауалға,
Көңілдегі қоламта сөнер ме екен?..

– Ал өзің ше? Не дейсің жолыққан шақ,
Мың бір дауыс ойыңды бөліп сол сәт:
Үнсіздіктің ерімей қасат қары,
Сағынышқа біз сонда тоңып қалсақ…

Өмір емес, неліктен Мұң сүресің?
Жүз оқталып, жүз мәрте іркілесің.
Сұрағыңның жауабын біліп тұрып,
«Қалың қалай?» – деп, бәлкім, күрсінесің…

ПАГАНИНИ

«Паганини настолько виртуозно
играл на скрипке,
что многие считали что он подписал
договор с дьяволом..»

Паганини,
сыр ақтардым нотаға,
Шағынбассың жолдады деп кеш сәлем.
«Бұрын неге білмедік, – деп, о, тоба»,
Әуеніңе елең етсін есті әлем!

Зұлымдықтың соңы да жоқ, басы да,
Бәрі сені қара жынға теңейді.
Қажып біттім, барайыншы қасыңа,
Себебі, жұрт мені де ақ демейді…

Ел айтпаған ертегідей болсақ деп,
Қиялыммен қашап тұрдым тасқа жыр.
Бес адым боп көрінді ғой сол сәтте,
Арамызды бөліп жатқан бес ғасыр!

Мені тағы мұңға орайтын кеш күтті,
Бәлкім сенің осы шығар үкімің.
Сен ұстаған скрипка естіртті –
Иесіне жүректің әр лүпілін!

Паганини, сен неғылған бақытты ең,
Жер үстінде оңбай қойды-ау күйім бір.
Сен ешқашан бағынбаған уақытпен
Арпалысу маған ауыр тиіп жүр!

Ақындардың қашаннан да соры – бақ,
Ал өзгесін мінезімнен көрермін.
Аспабыңа қарап тұрмын қолыма ап,
Арасында әуен менен өлеңнің…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 23.04.2024 | 16:46

Тамаша! Әлия, үлкен поэмалар жазыңыз

Аноним 23.04.2024 | 21:14

Керемет! Алия қаламыңыз ұштала берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір