Қызғыш құсың мен едім…
Баян БЕКЕТОВА
Бәйшешек
… Көктем міне, келді! – дейсің,
Кімге қарап елжірейсің.
Көзді тартып күлтелерің,
Желп-желп етіп елбірейсің.
Лүп-лүп етіп жүрек болып,
Жел өтінде желбірейсің,
Қар астынан шыға келген
Көзмоншақтай мөлдірейсің.
Қыр төсінде қылтиясың,
Бүршік байлап бұлтиясың…
Көрген көзге нұр құясың,
Көктеменің хабаршысы –
Жұқтырып ап Күн сиясын.
Дір-дір етіп сабақтарың,
Қарш-қарш қар да – қасат қалың,
Қатты боран болады дейд,
Аяғында осы аптаның.
… Дала суық, жерде сыз бар,
Таудың басы – қалың мұз-қар.
Күн күлгенмен шуақ шашып,
… Қалада – ызғар, жаның мұздар.
Қыстан кейін, көктем күз бар…
( Кей қыз көріп қаладағы,
Тәнің шошып, жаның мұздар).
… Неге ерте аласың бой?
Қарға үсіп қаласың ғой,
Неге асықтың әйтеуір бір?
Бақыт-тойға барасың ғой…
Бәйшешек — қыз,
Бәйшешек — қыз…
Ақынмен қоштасу
(Есағаңмен қоштасу жыр)
Аңырамын айырық су сағасында,
Тамшы болып ту көктен тамасың ба?
Аспан асты жарылып күркіреді,
Жай түскендей адамның санасында…
Адасқандай ақ бұлттар арасында,
Қалықтайсың Көк пен Жер арасында.
Қош деуге де үлгермей, қайран ақын,
Қанат қағып көкке ұшып барасың ба?
Мұнартауға бұлт болып байланасың,
Қырантауға қар болып жайланасың…
Білетінім, жоқ боп кетпейсің ғой,
Қиялымда сен құсқа айналасың.
Қайтқан анау тырналар арасында,
Түу алысқа ұзап, ұшып барасың ба?…
Көкірегі күркіреп, қақ айырылып,
Көк те сені қимайды, нанасың ба?
От ойнайды аспанда, жер тітіреп,
Найзағайдан от сурет саласың ба?
Арпалысып ақшулан теңіз – бұлттың
Толқынымен алысып барасың ба?
Шырқау шыңның айналып асқар басын,
Қоңыр белдің қойнына қонасың ба?
Қасқалдақ боп қазаққа қаласың да.
Асықтың ба ақ күміс ақ кемеңе?
Сені күткен көк мұхит жағасында.
Оу, дүние-ай, шаршадың ба,
мәңгілік дем аласың ба?!
«Жайлы ұйықта», – деп айтудан басқа амалым жоқ,
Есаға-ау, нанасың ба..?
Қыс. Ой ұшығы
Қалықтаған қыранмен ұшты бір ой,
Төменде қап қарлы Жер, үсті – қыр-ой…
Тағдыр тағы соқты ма аямастан,
Құламаспын, көтерем… күштімін ғой!
Мына өмірдің ойыны көп сияқты,
Қуыршақтай да көретін жоқ сияқты…
Соққан сайын өршимін, биік ұшып,
Футбол алаңындағы доп сияқты.
Адамдарға тән емес, аяушылық,
Көзбен көрдім, тауларға жаяу шығып.
Адам қолы аралап… Арша Аруды,
Бара жатты беймезгіл баяу сынып…
Ой ұшығы омбылап орман-қарды:
Балта шауып құлатса армандарды.
Гүрс еткенде қара ағаш қара жерге,
Сай-сүйегі сырқырап орман қалды!..
Қуа алмайсың қоғамнан таяқ алып,
Алға озасың бас шайқап, аяп алып…
Күннің өзі қызарып бататындай,
Аярлардан жүре алмас, аяқ алып…
…Су құямын ертеңмен ерке гүлге,
Қай бетіммен қараймын ертеңіме?..
Сендіріп ем, сенгенбіз, жұмақтайын,
Ұқсайды деп ертеңім ертегіге…
Сізді сүйіп ем…
Күзді сүйіп ем, күңірендім де
күліне айналдым,
Гүлді сүйіп ем,
сұлулығынан басым айналды,
Құзды сүйіп ем, биігіне қызығып,
құзынан ұштым,
жер құштым.
Сізді сүйіп ем…
мұң сыйладыңыз ғой,
мәңгілік айықпайтұғын,
жаным – дария, Жайықтай-тұғын.
Көктемді сүйіп ем, көкке ұштым,
көзім байланып,
артынан жер шұқыдым,
көпке ойланып…
Жазды сүйіп ем,
тез өтті өртентіп, жандыртып,
өкінішке қалдырып.
Жырды сүйіп ем, шоғына аунадым,
жонымды шыжғырып,
сонда да сүйдім үздігіп,
Күнді сүйіп ем, шуағына шомылып,
аздан соң, қарсы алды Түн күліп…
Түнді сүйіп ем, дүнияға тыныштық сыйлайды деп,
қараға жұртты қимайды деп,
Түн түнекесін түріп кетті,
алды-артына қарамай жүріп кетті.
Таң атты. Таңсұлу сүй дейді мені тек,
сылаңдап, сыр тартып күлімдеп.
Сенен мен сұлумын дедім де,
Өзіме дедім мен – «Егілме!!!»
Өзімді сүйіп ем, өзгелер өзегімнен
тепкендей болды ма,
мазасыз дұния – не деген сор мына?..
Көп пенде секілді көк қағазды да сүйгем,
ақ қардай көңіліммен,
қоңырқай өміріммен…
бір жерлерге жеткізер деп,
өткелдерден кездейсоқ өткізер деп,
Көк қағазы көптің – көңілі тоқ,
Табанының асты көк кілем деп…
Сұм екен, соңынан, салпақтатты кеп,
өкпемді өшіріп…
Бір күні аузымды ұрып, біржола қашып кетті ,
бұралаңдап түлкідей
сайқал екен, сатып кетті!
соған ғана жалпақтаппын көп!
…Сізді сүйіп ем, жұпарыңа еліттім,
жаным жайланып.
Кеттім бұ дүнияны сүйіп, мың рет айналып,
Сенсің, баяндым,
саған ғана барымды жая алдым,
О, Жаратқан ием!!!
Қызғыш құсың
мен едім…
Мен.. мен – бал-балауса қыз едім,
Судан таза, қардан аппақ жүрегім.
Мен мөп-мөлдір шық едім,
Сол жүректен күміс тамшы үземін,
Сөзден маржан түземін.
Мұхит мұңға батам көп.
Сен – батыр да, мен – ақын,
Сөз рухы – Махамбет!
Ер Махамбет сен едің,
Қызғыш құсың мен едім.
Жеткізетін Алашқа
Махамбеттің сәлемін.
Қауырсыны – қаламым,
Нұрға малып аламын,
Жырға малып аламын.
Аламын да жүрек боп,
Лаулап-лаулап жанамын.
Жалт-жұлт етіп жанарым.
Әр қазақтың жүрегін
намыс болып қаримын.
Жігер болып жанимын.
Қайрақ болып қайраймын.
Семсер болып суырылып,
О, Махамбет бабам, арызыңды
Ұрпағыңа аман-есен күйінде
Ғасырға алып барамын.
Сәлемің боп жетем де,
Отты осып, тас жарған
Тілің болып қаламын.
Сәулесіндей еркін Күн,
Нұрың болып қаламын.
Нұрдан тамған ақ тамшы
Жырың болып қаламын.
Айдыныңды айшықтар
Қуың болып қаламын.
Күйге бөлер көліңді
Дуың болып қаламын.
Ал, сен болсаң, ұлы рух –
Дүние тұрғанша тұратын
Қазағымның қайраты –
Нуым болып қаларың
Ғасырлардың арманы
Бостандықтың байрағы –
Туым болып қаларың,
Ақиқат қой, Махамбет бабам!
Сайын дала сәйгүлігі
(Бүгінгі жастар жыры)
«Гүлің болып егілем» деп,
«Жырың болып, төгілем» деп,
Қайран Отан, қайыспастан,
Қай қиындығыңа жегілем деп,
Жаным-құрбан сен дегенде –
Қабырғадай сөгілем деп,
Ұжданым бар ант берген,
Елім десем, жанып бергем!
Үмітің ем үкілеген,
Ұлыңмын ғой, «Күнім» деген,
Ержеткенім білінбеген!..
Қайсармын ғой, қайла ұстаған,
Қолы еңбектен күлбіреген…
Текті баба ұрпағымын –
Халқым ұлы – хан бастаған!
Дана билер жол бастаған,
Сайын дала сарбазымын,
Бабам батыр қол бастаған!
Қарсы келген жауыменен,
Күні өтпеген айқаспаған.
Қарсы шапқан қаһарынан,
Жауы түгілі, тас тіреген,
Жан ұшырып, шапқанда одан!
Сәйгүлігің жер қуырған –
Мен боламын.
Сайын далада күлдіреген,
Ақын, ғалым, дәрігерің,
Менмін тағы, шахта қазар
шыңыраудан ұңғыменен!..
Ертеңіңмін, Ерім деген,
Көк Туымды желбіретем –
Биік, биік көгімде мен!
Еркін ойы, ұжданы еркін,
Сөз сөйлеймін төрімде мен!
Аққудайын еркін жүзем,
Күміс айдын көліңде мен!
Тәуелсізбін – Елімде мен!
Еркін елдің ұланымын,
Мұрты енді тебіндеген.
Неге, қалай өгейсимін,
Өзім туған жерімде мен!
Өңің де, мен түсің де мен –
Түр көрсетпе түсінбеген…
Ертең десең, Елім менің,
Сөзің де – мен, көзің де – мен,
Керек десең Өзің де – Мен!
Желбіреген жүрегім ғой,
жалау болып – көгіңдегі!