«Түрме баласынан» қоғам қайраткеріне дейін…
(«Тұрар» қойылымынан кейінгі ой)
Заманауи театр өнерінің алдына қойылар міндеттің бірі – бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін ғана емес, сонымен қатар өткен тарихымыздан сыр шертетін, өшкенімізді жаңғартып, жоғымызды түгендейтін туындыларды сахналау.

Көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» деп айдар таққан Жетісайдың Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театры осы міндеттің үдесінен шығып, қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «ел бастаған саяси серкелерінің бірі» (тарихшы Бүркіт Аяғаннан) Тұрар Рысқұловтың өмір жолынан бір мөлтек сыр шертетін «Тұрар» спектаклін сахналапты.
«Тұрар» драмасы қазақ әдебиетінің алыбы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы бойынша сахнаға лайықталып қайта жасалған екен. Инсценировка авторы әрі режиссері Еркебұлан Қабдыл. Қазіргі отандық театр үдерісінде бірқатар көркем спектакльдерімен көрініп келе жатқан жас режиссердің тарихи күрделі тақырыпқа барғаны құптарлық. Тіпті әріден айтсақ, туғанына 100 жыл толып отырған Тұрар Рысқұлов жөнінде спектакльге жүрегінің түгі бар «мен» деген режиссерлердің бара қоймайтынын ескерсек, бұл – батыл қадам.
Қойылымның жүзеге асуына суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Срайлов пен балетмейстер Ринат Билибаев та мол еңбек сіңірген.
Тарихи тұлғаның саханалық бейнесін жасауға келгенде театр қайраткерлері алдында сан мың сауал, килікпе кедергі менмұндалайтыны рас. Жасыратыны жоқ, Кеңес кезеңінде ғұмыр кешкен тұста «Қызыл жебе» кітабы әр оқушының қолынан түспейтін. Сол тәрбиені көрген тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жастардың кітапқа, ескі тарихқа деген құрметі бәсеңдемеген еді. Бірақ қазір жағдай басқаша. Түрлі гаджеттерге, смартфондарға телмірген «Z» (зумерлер) ұрпағын өткен тарих пен кітаппен дос болуға шақыру үлкен мәселеге айналғаны тағы бар. Өскелең ұрпақтың «клиптік» қабылдауына арналған спектакльдер түзудің мәселесін былай қойғанда, мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін, әлемнің саяси картасы жаңарды. Ұлттық шежіренің өзі жаңаша сараланып, тың көзқараспен отаршылдық, деколонизация үдерістерін ескере отырып екшелу мәселелері бой көресетеді. Бұл түйіткілдер сахна өнеріне тиіп өтпей қалмасы анық. Тарихи дерек – көркемдік ізденістің өзегі десек, демек, тарихи оқиғаны (тұлғаның бейнесін) өз заманына сай сахнадан сөйлету аса маңызды.
Бұл ретте, премьерасына өзіміз куә болған «Тұрар» драмасы көркемдік-шығармашылық ізденіске өзінше келіпті. Жасыратыны жоқ, театр ұжымында әлі де болса кәсіби актерлердің жетіспеушілігі сезіледі. Алайда театр басшылығы мен шығармашылық құрам қол қусырып қарап отырмай, білікті кәсіби мамандарды тартып, халықты биік деңгейдегі өнер өнімдерін ұсынуға барын салып жүр. Сөзімізге дәлел, осы жолы көрген «Тұрар» спектаклі сахналық пішіні мен ішкі мазмұны жағынан тарихқа деген жаңашыл көзқарасты заманауи театр тілімен жеткізеді.
Драмада бала күнінен жетімдіктің қамытын киген жас Тұрардың ұлт тағдырын шешетін күрескерге айналғанға дейінгі өмір суреттері баяндалады. Шымылдық түрілгенде қып-қызыл еден мен қара сұр матамен тартылған ашық кеңістікке тап боламыз. Сахнаның бұлайша безендірілуі аласапыран заманда ғұмыр кешкен Тұрар сынды қайраткерлердің қан кешіп жүріп, ұлт үшін күрескен трагедиялық тағдырын жеткізуге бағытталған деп түсіндік. Қойылымның алғашқы көрінісі Тұрардың анасы өмірден озып, қайғылы қазаға душар болған шағынан басталады. Осы эпизодты режиссер мен балетмейстер хореографиялық шешім арқылы жеткізіп, көрерменнің қабылдауына қолайлы көркемдік әдіспен берген. Би элементтері арқылы ананың сәбиіне деген махаббаты, суыққа тоңдырмай, ыстыққа күйдірмей қорғайтын жанкештілігі бейнелі тілмен жеткізіледі. Келесі көріністе біз бейвербалды әрекеттер арқылы берілетін өзгерістер алдындағы заманның бейнесін жазбай танимыз. 1916 жылдың дүрбелеңі қазақ сахарасына да жетіп, халықтың беймаза дәурен кешкен кезі «маса» биімен көрсетіледі. «Маса» көрінісі арқылы біз қазаққа алмағайып заманмен бірге білім мен мәдениеттің де жеткенін түсінеміз. Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» өлеңдерінің жинағына да сілтеме беріп, ақынның елді білім-өнер, мәдениетке, рухани бұлқынысқа шақыруымен де астасып жатты. Әрекетпен жеткізілген бұл көріністер халық басынан өткен тарихи жағдайларды көркемдікпен бейнелеп бере алуымен қызықты болды. Сахнадағы әр сәт әрекетті болу керек десек, сөзбен орындалса жарым сағатты алар бұл көріністерді балетмейстер мен режиссердің осылайша сығымдап, театрлық-бейнелі тілмен жеткізуі көрерменнің жүрегіне жол табар тиімді тәсіл екенін айтып өткен жөн.
Осыдан кейінгі көріністерде бала Тұрардың (актер Б.Сыйхынбай) түрмеде отырған әкесімен өткен күндері бедерленеді. Сахнада шартты түрде қара темір торлар көрсетіліп, арғы жағында қамаққа алынған Рысқұлды (актер Нұрғиса Искендиров) байқаймыз. Бала Тұрардың өмірінің маңызды кезеңіне айналған бұл көрініс «түрме баласының» орыс тілін жетік меңгеруге, саяси-рухани көзқарасының іргетасы қалануына, оң мен солын тануына әсерін тигізгенін байқатады. Актер Б.Сыйхынбай бала Тұрардың албырттығын, өжеттілігін, білім мен өнерге құштарлығын сенімді жеткізе алған. Оның Наташа Приходько (актриса Ж.Ябаева), түрме бастығы Приходькомен, төңкерісші Александр Бронников (актер А.Өтебеков) арасында өтетін сахналардағы сөз саптауы, өтіп жатқан оқиғаға шынайы сеніп кетуі нанымды шыққан. Әсіресе әке мен бала арасындағы ішкі рухани байланысты ашып жеткізетін Рысқұл (актер Н.Искендиров) мен Тұрардың қоштасу эпизоды көрерменнің сезімін бір серпілтіп тастады. Бұл көрініске режиссердің көп көңіл бөлгені байқалады. Бала Тұрардың өмірдегі жалғыз сүйеніші әкесін қимай, аяғына оратылып, ұзақ қоштасуы, Рысқұлдың «Жасыма!» деген қайратты сөзі әсерлі шығып, қойылымның мазмұнын одан әрі аша түсті. Алайда Рысқұл рөліндегі Нұрғиса Искендировтің ойынында салмақтылық жетіспеді, кейіпкердің әділетсіздікке жаны қас, турашыл мінезін жеткізуде актерлік құбылу шеберлігі кемшін түсті. Актердің жастығын ескерсек, рөлмен жұмыс барасында осыған көңіл аударса дер едік.
Спектакльде есімізде қалған бір бейне – түрме бастығы Приходько. Актер Сағит Арипханов рөлінің сыртқы суретін, дауыс үнін, екпін қою және жүріс-тұрыс ерекшеліктерін дәл тапқан. Приходько-Арипханов отбасында қарапайым әке екен. Қызы Наташаны еркелетуі, әкелік сезімі, Тұрарға деген қарым-қатынасы да жасандылықтан ада, бұл ретте актердің өзіндік ізденісін атап айтуға тұрарлық.
Спектакльдің жарқын сахналарының бірі – Наташа мен Тұрардың фортепианоға қосылып ән салатын кезі. Актердің әншілік қабілетін режиссер дұрыс қолдана отырып, кейіпкердің өнерге, ән мен жырға құштарлығында жеткізіп берген. Сонымен қатар жас Тұрардың бала махаббатынан елес берген бұл көрініс жүрекке жаңылмай жол тартты.
Қарқынды түрде өрбіген спектакльдің келесі сахналарында «Қырғызбаев» деген атпен (екінші шешесі Ізбәйшәнің ағасы Қырғызбайдың атына жазылған) мектептік шағы бейнеленеді. Халықтың мысқылына қалса да, әкесімен рухани байланысын үзбеген бозбаланың «мен Рысқұловпын!» деп айқайлауы, оның өмірдің теперіштерін көріп, ержетіп, ішкі болмысының пісіп жетілгенінен хабар береді.
Спектакльдің соңы түрмеге түскен Тұрардың хал-күйін көрсететін күрделі хореографиялық би сахнасымен аяқталады. Би көріністерінде темір тордың қолданылуы қандай тосқауыл болса да ел-жұртының азаттығын аңсаған Тұрардың күрескерлік рухын, өршіл бейнесін көрсетеді.
Көрерменін терең ойға жетелеген «Тұрар» драмасы қоғам қайраткерінің толағай армандарының, ішкі әлемінің сырларын ашып көрсете алуымен құнды. Ұжымның болшақ ұрпаққа тарихи тұлғалардың өмірін театр тілінде сөйлетуге деген талпынысы, көркемдік ізденістері табысты деуге болады.
Бұл сапарымызда Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры ұжымының кең тынысты әншілік-музыкалық қабілеттерін және пластикалық мол мүмкіндіктерін байқадық. Енді шығармашылық ұжымның рөлмен жұмыс жасау, актерлік шеберлік, сахна тілін дамыту үшін арнайы мамандарды шақырып шеберлік сыныптарын өткізіп, білім жоғарлатуды қолға алса, «маңдайдағы» театрдың отандық сахна өнеріндегі ерек жолы асқақтай түсер еді.
Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
өнертану кандидаты,
Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының
профессоры, театртанушы