«АДАМЗАТ ҚИЯЛЫНДАҒЫ ҚОҒАМ МОДЕЛІ
03.04.2023
670
0

Қазіргі таңда мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамды бір-біріне қарсы тарап деп қарастыру қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай. Осы ретте «Азаматтық қоғам дегеніміз не? Азаматтың қоғамдағы рөлі қандай? Қайтсек азаматтық қоғамның даму үдерісіне қарқын береміз?» т.б. секілді сұрақтардың тууы заңды. Сол себепті кезекті сауалнамамызды осы тақырыпқа арнадық.

1) Азаматтық қоғамның алғы шарттары қандай? Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы қалай көрініс беріп жатыр?
2) Азаматтық қоғам институттарының дамуына не нәрсе түрткі бола алады, біздің үкімет оны қаншалықты орындап жатыр?
3) Азаматтық қоғамды дамыту ісіне қатысты қолға алынып жатқан қандай бастамаларды айта аласыз және одан қандай нәтиже күтесіз?

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРУДАН БАСҚА ЖОЛ ЖОҚ

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ-публицист, «Халықаралық Қазақ тілі қоғамының» Алматы қаласы Жетісу ауданы филиалының төрағасы:

 1) Бүгінгі күні зиялы қауым атынан «Қазақ әдебиеті» газетінің Азаматтық қоғам туралы мәселе көтеруінің өзін қоғамдағы өзгерістер мен жаңару нышаны деп бағалауға болатын сыңайлы. Неге десеңіз, Қазақстанның мемлекеттік дамуы бір бағытта ғана табысты болмақ, ол – азаматтық қоғам орнату бағыты. Әрине, бұл сөзді «асыра сілтеу» деп бағалайтындар да табылар. Алайда мәселенің мазмұнына үңілсек, қазақ халқының жерұйықты аңсаған арманы, осы жолда «дала демократиясы» деп аталатын мемлекет құру формасын өмірге келтіруі – «азаматтық қоғам» түсінігіне толық сай екенін көреміз.
Қазақ халқы өзінің ұзақ тарихында небір дәуірлерді басынан өткерген. Бірақ біздің халық ешқашан «құлдық қоғам» деген кеселге ұшырамай, табиғатынан еркіндікті қалайтын халық болғанын дәлелдеп отырған. Оған көз жеткізу үшін қазақтың даналық сөздері мен мақал-мәтелдер жинағын асықпай бір оқып шығу жеткілікті: ондағы сөздердің түп мағынасы «Елдік», «Ерлік», «Қайырымдылық», «Обал-сауап», «Ар-ұят», «Жаман болады», «Намыс» және т.с.с. ұғымдармен жалғасып жатады. Ал бұл ұғымдар – айтып отырған «азамат­тық қоғамның» базисін, яғни тұғырын анықтаушы категориялар, басқаша айтсақ, азаматтық қоғамның бейнелік жиынтығы.
Мысалы, көптеген ғалымдар «Азамат­тық қоғам дегеніміз – адамзат қиялындағы әділетті, дәулетті, азаматтары еркін, білімді қоғам моделі» деп тұжырымдайды. Бізге жеткен жазбалар оның негізін ежелгі гректер қалаған деп санайды. Шынында да ежелгі грек қала мемлекеттерінде (полистерде) адамдардың өмірі жан-жақты қамтамасыз етілген еді. Ол қала-мемлекеттерде (полистерде) ғылым мен білім, атлетика, музыка, мүсін және де өзге өнер түрлері, философиялық ойлау мәдениеті шырқай дамыды. Бірақ соған қарамастан, ондағы адам еркіндігі касталық бөлініс жағдайында қалып, қоғам еріктілер және басыбайлы құлдар деп бөлінді. Еріктілердің өзі де аристократтар мен қарапайымдар деп бөлінді. Ал құлдар сатылатын зат санатына жатқызылды. Мемлекетте еркіндік сатылатын тауар болғандықтан, құлдарға еркіндікті сатып алуға, еркін азаматтар қатарына енуге мүмкіндік болды. Еркін азаматтар болса, мемлекет басқару ісіне араласады. Осыны ескерген Цицерон «Халық – кездейсоқ адамдардың жиынтығы емес. Ол – өз құқықтары мен мақсаты бойынша өзара келісімге келген азаматтардың бірлігі» деп анықтама береді.
Мен не себептен азаматтық қоғам теориясы тарихын тәппіштеп айтып отырмын? Айтудың себебі бұл тарихтың біздің түпбаба, яғни протоқазақ деуге болатын сақтарға (грек атауында скифтерге) тікелей қатысы бар екендігінде! Әйгілі грек тарихшысы Герадот «Гректер скифтермен тығыз байланыста болды. Біз олардан астық, мал алып, сауда жасадық» деп жазған екен. Ендеше, бұл қатынас тек саудамен шектелмеген. Ол мәдени-рухани саланы да қамтыған. Ежелгі сақтардың дүниетанымдық сюжеттері көне грек аңыздары мен мифтерінде, Платон философиясында көптеп кездесетіні содан болар деуге негіз бар. Қалай болғанның өзінде, біз оны жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, алғашқы олимпиаданың грек жерінде пайда болуы, оның символы ретінде Күннен тараған оттың болуы, адам денесінің әсемдігі мен күші, адамның дене сұлулығы культінің ежелгі грек мүсін өнерінде орын алуы, адам жанының тәннен кейін аспанға ұшуы, қанатты аттар мен тау басындағы Құдайлар мекені және т.б. мәдени феномендердің пайда болуы, осы араласудың нәтижесінде өмірге келгенін жоққа шығаруға болмайды. Халықтар арасындағы мәдени алмасулар үнемі болған, бола беретін құбылыс. Мәселен, үнемі қозғалыстағы номадтар үшін (сақтар үшін) дене күші тек әсемдік емес, басты қажеттілік. Дене күші күн сәулесінен қуат алатыны да сақтарға белгілі. Адам жаны аруақ болып, көкке кетері де сақ мәдениетіндегі құбылыс. Ал олардың Құдайы – Көк Тәңірдің тұрағы тау басында екені де әлі күнге мәдениетімізден жойыл­ған жоқ (Хан Тәңірі тауы). Тіптен біздің Ел таңбамыздағы қанатты аттардың өзі де туымыздағы Күн бейнесі де – сол дәуірдің белгілері екені күмәнсіз.
Мен осы айтылғандардың барлығының «азаматтық қоғамға» тікелей қатысы бар дер едім. Себебі, «Азамат» дегеніміз – кең мағыналы ұғым: ол дене сұлулығынан бастап, тән саулығын, жан саулығын, адамның жігері мен ынтасын, қарымын, біліктілігі мен білімін, ойлау мәдениетін, бірлесе әрекет ету мақсат­тарын толық қамтиды. Сондықтан да үнемі қозғалыста болған ежелгі сақтарға құлдар емес, жауынгерлер, күңдер емес, амазонкалар қажет еді. Құлдар мен күңдердің болуы – оларды өмір сүру принциптерінен айырып, қоғам ретінде сақталуына қауіп төндіруші құбылыс саналды. Мұндай – «еркіндікті аңсағыш дүниетаным» қазақтың тарихи жады мен жанында әлі күнге жалғасып келе жатыр…
Ал гректерде ше? Гректерде ол сәл басқаша көрініс тапты. Қалаға біріккен қоғамда еңбек бөлінісі адамдарды екіге бөлді. Еркін азаматтар сақтар сияқты өмір сүрсе (аристократтар), қара жұмысты төменгі санаттағы құлдар атқарды. Олар тіптен адам ретінде бағаланған жоқ. Ендеше, Цицеронның айтқан «азамттық қоғамы» тек қана аристократтар үшін айтылған. Ал сақтар болса, әрбір адамының азамат деңгейінде болуын қалаған. Сол себептен де сақ мәдениетінің ежелгі грек полистеріндегі «материаланған көрінісі» тарих үйіндісіне айналса, сақтардың салған рухани жолы («азаматтық қоғам» деңіз) әлі күнге дейін адамзат рухының эталоны ретінде маңызын жоғалтқан жоқ. Мен жоғарыдағы «Қазақстан халқына азамат­тық қоғам құрудан басқа жол жоқ» деп айтуымның да астары осыдан туындаған болатын…
Әрбір адам өз Отанының патриоты ғана емес, ол өз мемлекетінің азаматы да! «Патриотизм» мен «азаматтық» ұғымдары туыс ұғымдар: «патрио­тизм» – Отанға деген сүйіспеншіліктен, халқына деген махаббаттан туындайтын, осы негізде адамды әрекетке бастайтын ұғым болса, «азамат» ұғымы – Отан алдындағы жауапкершіліктен, өз мәдениеті мен дәстүріне деген қатынастан, оның мемлекеттілігінен туындап, әрекетке бастайтын ұғым. Осы тұрғыда айтарым, Отанға деген махаббат та, азаматтық көзқарас та жоқтан бар болмайды, өздігінен пайда болмайды. Бұл мінез адам бойына отбасылық тәрбиеден басталып, мемлекеттік жігермен жалғасуы керек.
Оны қалай түсінеміз? Мәселен, бір отбасы өз баласын Отанына, Еліне үлкен сүйіспеншілікпен тәрбиелеп шығарды делік. Сол бала есейіп, ер жеткен соң, оның барлық күш-жігері мемлекеттік істермен жалғасады. Сол кезде оның күш-қайраты мемлекет тарапынан қолдау таппаса, ол сол күйі «мемлекетін сезінбеген» қалпында қалады. Яғни бұл жағдайда оның бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизм «азаматтық» деңгейге көтеріле алмай, жас жігіт желқайық сияқты өмір ыңғайымен кетуге бейім болып шығады…
Ендеше, біз бұдан «азаматтық қоғам құру» дегеніміз – «отбасылық» емес, мемлекеттік деңгейдегі мәселе екенін көреміз. Мемлекетте соған сай саяси және идеологиялық платформалар болуы тиіс. Ол болмаса қандай бір керемет реформалар аяқталмай қала береді.
Мәселен, қазақ халқы кеңестік жетпіс жылда, тәуелсіздіктен кейінгі авторитаризм үстемдік еткен отыз жыл бойы Цицерон айтқан «қоғам болып ортақ мәселе төңірегінде бірігу» дегеннен тыс қалды. Қоғам патернализмге бой ұрды, тек тұтынушы күйіне түсті. Кеңес үкіметі оны «коммунизм ертегісімен» алдауратса, авторитаризм «кувейттік ертегімен» қиялға батырды. Ең өкініштісі, жүз жыл осы күйде болған халық өзінің рухынан ажырап, жасампаздық қасиеттерін жоғалта бастады. Оның орнын «азамат­тық қоғамға» қарсы қылықтар басты: жағымпаздық, қулық пен сұмдық, әділетсіз байлықтың квазиадамгершілік сипатқа ие болуы, коррупционердің «тұлға» болып көрінуі және т.с.с. жағымсыз қылықтар мемлекет ұғымымен ұштаса бастады. Ақыр соңында әлемнің «Борат» ұғымын біздің елмен байланыстыруы да – осының көрінісі екенін мойындау керек. Мұндай «көрсеткішпен» азамат­тық қоғамға бару еш мүмкін емес. Сөйтіп, өз азаматтығын мемлекеттілігімен ұштастыра алмаған халық «тойшыл» болып алды. Оны бизнеске айналдырса да, той оларды уақытша біріктіріп, халық екенін есіне салып отырды… Амал не, халық сөйтіп, «әрекетсіздіктің» уытын тоймен басуға тырысты…
Енді осыны түбірімен өзгертетін кез келді. Мұндайда «Халықты ең жылдам біріктіруші күш неде?» деген сұрақ туындайтыны заңды. Мен: «Кәсіпкерлікте!» деп айтар едім. Себебі, идеологиялық форматтағы «патриотизм» мен «азамат­тық қоғам» өздігінен жүзеге асуға қау­қарсыз. Оның нақты тетігі болуы тиіс. Ол – кәсіпкерлік! Өйткені кәсіпкерлік – адамның «азаматтық жауапкершілігін» оятушы күш. Ол әуелі адамды өз кәсібіне, одан әрі ұжымына, одан әрі мемлекетіне деген жауапкершілікке тәрбиелейді. Сонымен бірге, ол адам капиталын үздіксіз дамытуға бастайды. Сонда қоғамда ақыл мен білімнің, іскерлік пен шеберліктің бағасы артып, қоғам да, мемлекет те, халық та тұрақты даму жолына бұрылады.
Екіншіден, азаматтық қоғам мемлекет басқаруда және қоғамдық қатынас жүйесінде тек бір принцип – Әділеттілік принципіне бағынуы тиіс. Оны жеке адамдар жасамайды (Жеке адамдар тек талап ете алады). Оны іске асырушы мемлекет қана! Мемлекет өз заңдарын қатайту арқылы барлық сатыдағы әділетсіздіктің тамырын қия алады. Қазіргі Мәжіліс пен Мәслихат депутаттары осыны ұғынса дейміз.
Үшіншіден, «Қазақстан – қазақ халқының құрған мемлекеті» деген әділет­ті ұстанымды ұстай отырып, біз ұлттық тәрбиені жолға қойып, ұлт мінезінің асыл жақтарын реанимациалауымыз қажет. Халық өзіне және мемлекетіне төнетін қауіпті ашық айтудан, оларды жоюды талап етуден жасқанбауы тиіс. «Халық айтса – хан түйесін сояды» деген сөз жаңа мағынаға ие болуы керек. Әрине, бұл барлық қазақстандықты бір құндылық төңірегінде топтастырудан басталады. Ол құндылықтар басында – қазақ тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті, әдебиеті, ғылым-білімі, спорты тұратыны анық. Халқын бір құндылыққа біріктіре алған мемлекет қана күшті мемлекетке айнала алады, азаматтық қоғамға қол жеткізеді.
2) Аты айтып тұрғандай, дамыған демократиялық елдерде Азаматтық қоғам институттары мемлекеттік дамудағы шешуші факторлардың бірі саналады және ол елдерде азаматтық қоғамның беделі өте жоғары. Ал біздегі институттар өте әлсіз. Мысалы, күні кешегі, мемлекет тағдырына тікелей қатысы бар сайлау­ға халықтың тең жартысына жуығы қатыспады. Неге? Осы сұраққа кім жауап береді? Оның түп-тамырын зерттеп, арнайы ұсыныстар әзірлейтін мемлекеттік органдар, не болмаса азаматтық қоғам бірлестіктері бар ма? Мәселен, бізде стратегиялық зерттеу орталықтары, қоғамды зерттеу институттары бар, олардың пікірі қандай – оны халық білмейді. Осыдан барып, шиеленіскен мәселелер одан әрі қордалана түседі де, нақты шешімдер табылмайды. Әйтпесе, бұл – әкімдердің көзіне үлкейткіш шыныны тақай отырып, шұқшия зерттейтін мәселесі емес пе? Депутаттар болса, мұнымен Мәжілісте ғана емес, күні-түні айналысуы керек екені айтпаса да түсінікті шығар…
Бір сөзбен айтсақ, біз азаматтық қоғам құруды қоғамдық сана мен бұқаралық психологияда орын алған енжарлықтан құтылудан бастауымыз керек дер едім. Жергілікті белсенді азаматтардың ұсыныстары жерде қалмай, іске асып отырса, қоғам да оянады. Әділетті һәм құқықты мемлекетті белсенді азаматтық позициясы жоқ елде, әділеттілікті талап ете алмайтын қоғамда орнату мүмкін емес.
Ол үшін халық пен билік арасындағы диалогты жолға қою керек. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» жариялап отырған дәл осы пікір – соның бір көрінісі. Ал егер әкімдер қазіргідей тас қамалға бекініп отыра берсе, жұмыс істеуге тиісті бөлімдері таңның атуы мен күннің батуын күтіп қана отырса – ештеңе өзгермейді. Олай болса, оларды креативті қоғам өкілдерімен және азаматтық институттармен алмастыру керек.
3) Егер тереңінен қозғасақ, бұл мәселеде бізде ынта бар, бірақ жігер жоқ дер едім. Енді осыны рет-ретімен айтсақ, назарға мына оқиғалар оралады: Біріншіден, отыз жылдық авторитаризмнен кейін қоғамды ояту мақсаты пайда болды. Себебі, әбден сыбайласып алған жемқорлық кез келген мемлекеттік іс-шараны жоққа шығаратындай деңгейге жетіп, тәуелсіздік іргетасына қауіп сезіле бастаған еді. Сол кезде бұрынғы әкімдерден «сұрап алатын митингіні» халықтың «өз қалауы бойынша» өткізуіне рұқсат берілді. Бұл да – халықтың оянып, азаматтық белсенді болуға итеретін тетіктің бірі еді. Нәтижесінде, халық жер-жерде өз наразылықтарын ашық айтуға үйрене бастады. Әлі де билік тармақтарында отырған «ескі жүйе» оны қатаң басуға тырысса да, бұл қадам – азаматтық позицияның оянуы үшін оң құбылыс болды дер едім…
Одан кейін, қоғамға «еститін үкімет» деген ұран тасталды. Оған құлақ асқан халық енді өз әкімдеріне барып, «Құлақ бар ма?» деп сұрай бастады… Бұл – жер-жердегі сыбайласып жер сатумен, жекешелендірумен алаңсыз айналысқан шенділердің аяғына салынған тұсау болды. Олар аяқ тарта бастады… Ал халық талаптарын заңды жолға қоюға үйрене бастады. Бұл да – азаматтықты ояту тетігі болды.
Одан әрі, Сайлау туралы заң түбірлі өзгерістерге ұшырамаса да, оған «партиялық тізімнен» бөлек, «өзін-өзі ұсынушы» бір мандатты можаритарлық жүйе тәртібі енгізілуі – бұрынғы еш партияға мүше болмау себепті сайлаудан тыс қалатын азаматтардың азаматтық позициясын оятуға қызмет етті.
Әрине, бұл – өзгерістер қоғамды түбегейлі жаңартты, Жаңа Қазақстан құрылды деген сөз емес. Алайда істің басы басталды, енді оны тоқтатуға ешбір автократтың шамасы келе қоймас деп ойлаймын. Ең маңыздысы − бұл бағытта билік пен халықтың мақсат-мұраты бір арнадан шығуы! Егер дәл осы кезеңде ояна бастаған халық биліктің қысымына тап болса, ол бұрынғы бұйығы күйіне тез арада қайта оралып, басын бүркемелеп, бұрынғыша «өз күнін өзі көруге» бет бұрады… Себебі, азаматтық қоғам әлі әлсіз. Дәл қазіргі геосаяси жағдайда бұл мемлекеттік дамуға үлкен соққы болып тиері анық! Сондықтан мемлекет азамат­тық қоғам дамыту бағдарламасын экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламасымен бір деңгейде алып жүруі керек. Өйткені мемлекеттік дамудың индикаторы және оның анықтаушысы ретінде тек азаматтық қоғам ғана көріне алады дер едім.

Қоғамның сүйенері – қоғам белсенділері

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

1) Азаматтық қоғам дегеніміз не? Ол – әуелі, «азаматтың» құндылығы: сөз бостандығы, ой еркіндігі, таңдау еркі, меншіктік құқығы. Аталған құндылықтардың аяқ асты болмауына жағдай жасасақ, шын мәніндегі азаматтық қоғам қалыптасады. Ал азаматтық қоғамның сүйенері – демократия. Яғни биліктің үш тармағы (атқарушы билік, заң шығарушы билік жән сот) бір-біріне бағынбауы керек. Бұған біз жоғарыда келтірген азаматтық қоғамның алғышарттары қосарлана жүретіні айтпаса да түсінікті.
Ал еліміздегі азаматтық қоғамның қалыптасу мәселесіне келсек, әділ баға беру үшін салыстыра қарау керек секілді. Мәселен, біздің жағдай дамыған Батыс елдерімен салыстыруға келмейді. Бірақ Орталық Азия елдерінің көбінен жақсырақ екенімізді айтпасақ қиянат болады. Мынаны ескерейік: демократия дамымаса, қоғам да, экономика да дамымайды. Демократияның басты шарты – адам құқығы мен меншігінің кепілдігі. Яғни ешкім ешкімнің меншігін заңсыз ала алмайды. Сол секілді өзінің еркіндігі өзгенің еркіндігі басталар тұстан аяқталатынын сөзсіз мойындайды. Осы қырынан алсақ, еліміздегі азаматтық қоғамның қалыптасуында бұрынғыға қарағанда алға жылжу бар екені байқалады.
2) Бірқатар шарт бар. Қазіргі заманның шарттары демократиялық сайлау (жергілікті билікке, ортақ билікке және жоғарғы билікке) және биліктің ауыспалы болуы, адамның хақы шектелмеуі. Біздің үкімет бұл шарттарды қалай орындап жатыр, оны кейінгі оқиғалардан анық байқауға болады.
3) Құдайшылығын айту керек, осы мәселе турасындағы халықтың көзқарасы санқилы. Яғни біреулер елімізде демократия жоқ дейді, тағы біреуі бұған кері дәлел-дәйектерді алға тартады. Шынтуайтына келгенде оның үлкен бір тетігі – экономика. Қайталап айтамын, жекеменшікке кепілдік берілмесе, экономика дамымайды. Демек, жекеменшікке негізделген мемлекеттер демократиялық жолмен келе жатыр. Мәселен, қандай да бір мемлекеттің экономикасы алға жылжымаса, ол елде демократия жоқ деуімізге толық негіз бар. Сұраққа қойылған осынау қарсы сұрақ көп нәрсені айғақтайды деп ойлаймын. Сіз қалай ойлайсыз, біздің экономикамыз қай деңгейде? Ендеше, демократиямыз да, соған сәйкес, еліміздегі азаматтық қоғам да сол деңгейде. Тиісінше, мемлекеттік биліктің азаматтық қоғамды дамыту ісіне қатысты қолға алып жатқан бастамаларының бағасы да соған тең.

«ҰЙҚЫЛЫ-ОЯУ» ҰЙЫМДАРДАН КЕЛІП-КЕТЕР ПАЙДА ЖОҚ

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, «Ауыл» ХДПП Маңғыстау облыстық филиа­лының төрағасы:

1) Азаматтық қоғам – ашық, демократиялы қоғамның бір көрінісі. Мемлекеттік билік пен азаматтардың арасындағы қарым-қатынас азаматтық қоғам арқылы өлшенеді. Дамыған мемлекеттерде азамат­тық қоғам өкілдері қоғамда болып жатқан құбылыстарды сараптап, ойын ортаға салып, қоғамдық даму институттарымен бірлесе жұмыс істейді. Ал өзімізге ойыссақ, еліміздің азаматтық қоғамы кейінгі бес жылда ғана қалыптасып, енді дамып келе жатыр. Өйткені қоғамдық институттар өз деңгейіндегі жұмыстарды жақсы атқара бастады. Әсіресе партиялар мен қоғамдық қорлар, қоғамдық бірлестіктер жұмысы жанданып, жақсы позицияда көзге түсіп келе жатыр деп айта аламын. Бір әттеген-айы – кейбір қоғамдық қорлар, қоғамдық бірлестіктер әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істейді. Негізінде олар мемлекеттік тапсырысқа емес, сол ұйымның үнін естірту үшін, позициясын көрсету үшін жұмыс істеуі керек деп ойлаймын.
2) Азаматтық қоғамды дамыту үшін азаматтардың көзі ашық, көкірегі ояу болуы және саяси сауатты болуы керек. Азаматтар мемлекеттің дамуы үшін мен қандай үлес қоса аламын деп ойланса, азаматтық қоғам ғана емес, еліміз де дамиды деп және мемлекетшіл сана оянады деп ойлаймын.
3) Бұл бағытта қолға алынып, атқарылып жатқан шаралар аз емес. Олардың бәрі бір-бірін толықтырушы бағдарламалар, сондықтан нақты мына іс түрткі болды деп кесіп айта алмаймыз.
Азаматтық қоғам дамуы үшін әуелі азаматтардың аузы бір болуы керек. Қазір өз үніңді, ойыңды жеткізудің түрлі тетіктері бар. Бұл ретте азаматтық форумдарды ерекше атап өткім келеді. Азаматтық алаңдарға әр тақырып бойынша спикерлерді шақырып, талдап-таразылап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін хаттамаға түсіріп, оны құзырлы органдарға, қоғамдық даму ұйымдарының басшылығына, үкімет пен ел президентіне ұсыныс ретінде жіберу керек. Әрине, ол жерде ашық форматта әңгімелер айтылуы қажет. Мәселен, елімізде жалпы саны жеті мыңнан асатын қоғамдық ұйым бар екен. Сіз бен біз оның нешеуін нақты білеміз? Меніңше, көбінің саны бар да, сапасы жоқ. Мұндай санда бар да, санатта жоқ «ұйқылы-ояу» бірлестіктер мен ұйымдардан келіп-кетер пайда жоқ.

Сауалнаманы жүргізген
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір