Тарих ол соғысты кешірмейді
Кеңес Одағы тұсында «Ұлы Отан соғысы» деп айдар тағылған, қазаққа ғана емес, бүкіл кеңес халқына орны толмас қасірет әкелген соғыс, шын мәнісінде, ешқандай да «Отан соғысы» емес, екінші дүниежүзілік соғыс екеніне енді ғана көзіміз жетіп отыр.

«Ұлы Жеңіс» деп әспеттелгенімен, іс жүзінде адамзатқа зор қайғы әкелген «Ұлы жеңіліс» екенін де сол орыстың үлкен әскери қолбасшылары мойындап отыр. Сөзім құрғақ болмас үшін Кеңес Одағының маршалы Иван Коневтің ерекше тапсырмалар бойынша көмекшісі болған генерал-полковник, хабарсыз кеткен және қаза тапқан Отан қорғаушыларды мәңгі есте қалдыру және іздеу орталығының президенті Степан Кашурконың «Жас Алаш» газетінде (№37, 9 мамыр 2019 ж.) «Сталиннің жеңісі – халықтың қасіреті» атты тақырыппен жарияланған жазбасына көз жүгіртейік (қазақшаға аударған журналист Алмас Нүсіп).
«…Қайдағы жеңіс туралы айтып отырсың?! Ол соғыс – бізге жеңіс емес, қан судай ағып, бүкіл елді тұралатып, орны толмас қасірет әкелген үлкен жеңіліс! (Коневтің Кашуркоға айтқаны. Ғ.Ю.) …46 миллион 250 мың адам жараланды. Үйіне оралған 775 мың жауынгердің бас сүйегі жарылған. Бір көзі жоқтар – 115 мың, екі көзі жоқ соқырлар – 54 мың. Қарны жарылғандар – 444 046 адам. Жыныс мүшесі жұлынғандар – 28 648, қолы жоқтар – 1 миллион он мың, бір аяғы жоқтар – 3 миллион 255 мың, «Самаурын» аталып кеткен, қол-аяқсыз допша домалап қалғандар – 85 942 жауынгер». Бұл жан шошырлық статистика емес пе?! «25 маусымға қарай үш күн ішінде жау әскері 250 километр ішкерілеп енді. 28 маусымда жау Беларусь астанасы Минскіні алды. Сырттан орау тәсілімен Смоленскіге жақындады. Шілденің ортасына қарай 170 совет дивизиясының 28-і толықтай қоршауда қалды, 70-і орасан зор шығынға ұшырады. Қыркүйек айында Вязьмоға қарайтын 37 дивизия, 9 танк бригадасы, резервтегі Бас командование және төрт далалық армия басқармасының 31 артполкі қоршауға алынды. Брянск маңында 27 дивизия, 2 танк бригадасы, 19 артполк және далалық басқарудың үш армиясы қоршауда қалды. 1941 жылдың өзінде ғана 170 совет дивизиясының 92-сі, 50 артполк, 11 танк бригадасы және 7 армия қоршауға түсіп, қайта шыға алмады. Бұлардан бөлек қосымша 10 миллионнан астам адам жұмылдырылды. Екі жарым миллион еріктілерден 50 жасақ дивизиясы және 200 жеке атқыштар полкы құрылып, олар ешқандай қару-жарақсыз, киімсіз, әскери дайындықтан өтпестен бірден соғыс отына кіргізілді. Майдан даласына кірген екі жарым миллион жасақтың 150 мыңнан астамы (!) ғана тірі қалды».
Майдангер қарияның естелігі…
…Осы жолдарды оқи отырып «Сұмдық!» деген сөздің аузымнан шығып кеткенін өзім сезбей қалдым. Түнеу жылдары жеңіс күні қарсаңында газетке жазу үшін соғыс ардагері, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, шежіреші, абыз қария Сейдахмет Қосжановпен әңгімелескенде майдангер атаның айтқандары ойыма оралып, соғыс суреті қаз-қалпында көз алдымнан көлбеп өте берді. «Сталин бастаған әскери басшылықтың Совет әскерінің жаппай қырылып, тірі қалғандары жау қолына бір қаладан соң екіншісін тастап, тек шегіне берген қауқарсыздығына не істерін білмей сасқаны ма, әскерді үсті-үстіне майданға қойша тоғыта берді. «Әскер» деген аты ғана, сенсең де, сенбесең де сол, үш адамға бір мылтық беріліп, кейбірінде ол да болмады. «Тірілерің өлген солдаттың мылтығын алып соғысыңдар!» – деп, тағы да қосымша әскер ісіне еш дайындығы жоқ 1905 пен 1918 жылдардың аралығында туған азаматтарды әкеп соғысқа салды. Оқ-дәрінің исі мұрнына бармаған, қалай қорғанып, қайтіп сақтануды, тіпті мылтық атуды да білмейтін сол боздақтардың еш жазықсыз қынаша қырылып, қандары суша аққаны қазірге шейін көз алдымда. Аспаннан бомба, снарядын бұршақша жаудырып, танк, зеңбірек, пулемет, гранаттармен мұздай қаруланған, Еуропа елдерін жаулау барысында соғыс тактикасының қыр-сырын меңгерген неміс армиясына қарусыз адам не істей алсын?!» – деп майдангер қария жанарынан жасы тамшылай отырып әңгімелеген еді.
– Аға, «Мы – несокрушимая и непобедимая великая армия» деп, әндетіп жүрген Кеңес армиясының осынша қырғынға ұшырауына не себеп болды?
– Ең бірінші себеп – Армия жетекшілерінің соғысқа дейінгі сталиндік тазалауға ұшырауы, яғни білімді де білікті генералдар мен жоғары шенді армия офицерлерін «өзінің орнын тартып алуы мүмкін» деген қорқынышпен соттатып, атқызып, қудалауы. Мұндай тазалауға осы соғысқа дейін «халық жауы» деген желеумен алаштың қаншама бетке ұстар ардақтылары ұшырады. Екінші – Сталиннің ешкімге сенбейтін өзімбілерлігі, жау күшін жете бағаламай, кеңестік армияның ешқашан «жеңілмейтініне» ессіздікпен сенуі. Үшінші – тағы да сол мұртты тиранның адам баласын шыбын құрлы көрмейтін мейірімсіздігі, қаныпезерлігі мен қатыгездігі. Сол қаныпезерлігі емес пе, «тұтқынға түсу болмасын, ондай жағдайда соңғы оқты өзіңе жұмса» деп бұйрық бергені, соғыс біткен соң да, ауыр жарақаттан ес-түссіз, шарасыз қалып, жау қолына түскен солдат-тұтқындарды «отанын сатқан» деп, ең кемі 10, әйтпесе 20-25 жылға соттатып жіберуі. Сәл кейінірек, Сталин қайтыс болған соң ғана сол тұтқындар бостандыққа шығып, сот арқылы ақталды. Егер өлі-тірісін қосса, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашистік тұтқында өлген, Сталин жау, «дезертир» атаған төрт миллиондай совет жауынгері мен командирін санап аласыз. Орман-тоғайлар мен дала-сайларда екі миллионнан астам боздақтың сүйегі көмусіз қалды. Ресми құжаттарда олар «хабар-ошарсыз кеткендер» тізіміне енгізілді. Бұл сұрапыл соғысқа қазақ елінен жарты миллионға жуық адам қатысып, оның үштен екісі майдан даласынан оралмады. Тылдағы халық күн демей, түн демей еңбек етіп, жеңіс сағатын жақындатуға зор үлесін қосты. Ұлтымыздың мақтанышы, әлемге қазақты танытқан атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы өз қаржысына самолет жасатып, соғысқа жіберді. Майданға жөнелтілген оқтың үштен екісін Қазақстан берді. Қазақ майдангерлері ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Берлиндегі рейхстагқа Ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың аты аталмай, бұған еш қатысы жоқ Кантария деген грузин мен орыс Егоровқа телінуі қазақ ұлтының батылдығы мен батырлығына ешқашан көлеңкесін түсіре алмас. Балам, бұл соғыс біз үшін ешқандай да жеңіс емес! Миллиондаған адамды жоғалтып, соншама адамды жетім-жесір еткен, адам қаны мен көз жасы судай аққан жеңіліс! Сондықтан майданда қаншама аға, бауырларымды, қандастарым мен отандастарымды жоғалтқан мені де, соғысты да газетіңе жазбай-ақ қой, – деп сол қызыл қасап қантөгісте қаза болған майдандас достарының бейнесін көз алдына келтіре отырып, жанарынан жасы сорғалаған майдангер қария жаны күйзеле, жүрегі жылай әңгімелеп берген еді…
Он ағам майдан даласынан оралмады…
…Бұл сұрапыл соғыстың лаңы шарпымаған шаңырақ бар ма? 2018 жылы Алматы «Runa» баспасынан қараталдық даңғайыр заңгер, саналы өмірін прокуратура қызметіне арнаған Әбдіқажым Рысдәулетов (марқұм, иманы жолдас болсын) туралы «Аудан прокуроры» атты деректі повесім жарық көрген болатын. Сол кітапқа енген, прокурор Әбекеңнің жұбайы, жоғары білімді заңгер Сейілхан Матхалыққызымен жүргізген сұхбаттан шағын үзінді келтірмекпін. «…Өмір дегенің сынаптай сырғып өте шығады екен. Күні кеше ғана тұлымшағы селтиген тентек, шолжаңдаған еркекшора ерке қыз едім. Әкем – Матхалық отбасының тұңғышы, он бір баланың үлкені болыпты. Анасы, яғни біздің әжеміз ең кенжесін туу үстінде дүниеден өткенде, әкем әлі кәмелет жасына толмаған бозбала екен. Көп ұзамай әкесі де қайтыс болып, үйдің барлық тауқыметі әкемнің мойнына түседі. Әскерге шақырылып, борышын өтеп жүргенінде фин соғысы басталып, соған қатысып, елге аман-есен оралады. Оралғанын қайтейін, біраз жылдан соң, Отан соғысы басталып, әкемнің майданға бару жасынан асып кетуіне байланысты «трудовой армияға», яғни соғысқа қатысты бар нысандарда жұмыс жасауға жөнелтіліпті. Құдай енді қайтара басқа салмасын, екінші дүниежүзілік соғыс деп аталған бұл қан-қасап шайқастың қазақ халқына қандай қасірет шеккізгенін біздің әулеттің тартқан қиямет-қайымынан-ақ аңғаруға болады. Қиямет емей немене, үйленіп, бірнеше сәби сүйгені бар, үлпек мұрты енді ғана тебіндеп, әлі шаңырақ құрып та үлгермей соғысқа аттанған тепсе темір үзетін он (он!) ағамның бәрі майдан даласынан оралмаса…
Өзім кейіннен ес жиып, етек жапқан кезімде, сол әке есебіндегі ағаларымның өлі-тірісін білу үшін Москва, Ленинград қалаларындағы әскери архивтерге сұрау салдым. Еш нәтиже болмады. Бір ағам туралы ғана «Москва үшін шайқаста ерлікпен қаза тапты» деген ұлтарақтай ғана қағаз келіп, қалған тоғыз бірдей арыстай азаматтың бәрі өлі-тірісі белгісіз, хабар-ошарсыз кетті! Әулет үшін бұл қандай қиямет, қандай қайғы десеңізші! Еліміз бойынша осындай қасірет шеккен әулеттердің қаншама екенін бір Құдайым білсін! Сол атың өшкір соғыс болмаса, әкемнің он бауыры он шаңырақ болып, олардан тараған ұрпақтары дүйім бір ауыл болып отырмас па еді?!.» – деп Сейілхан Матхалыққызы көз жасына ие бола алмай, өксіп-өксіп жылаған-ды…
Ағасы бауырына қару кезеп…
…2020 жылы «Тоғанай Т» баспасынан анамның жарық дүниеден өткеніне 15 жыл толу қарсаңында ас беріп, асқа жиналған жұртшылыққа тарату мақсатында «Анамның ақ таңы» атты деректі повесть жазып, шығарған едім. Повестің сол сұрапыл соғысқа байланысты жерінен үзінді келтірмекпін. «Ертеректе бойына тылсым күш дарыған көріпкел, киелі де қасиетті адамдар көп болған ғой. Солардың бірі өзіне кие қонған және бойында емшілік қасиеті мол нағашы атам Нүсіп екен. Бабамыз Садықтан Нүсіп, Нүсіптен Уәли және Жүніс атты ұлдары мен Ғәдәмбану, Ғиззатбану (менің анам) атты қыздары тарайды. Ұлдарының азан шақырып қойған аттары солай болғанымен, Советтің солақай, орыстандыру саясатына сай құжаттандыру кезінде Нүсіп – Юсуп, Уәли – Вали, Жүніс – Юнус болып өзгеріп шыға келген.
…Анам Ғизатбану ғазиз әкесіне деген сартап сағыныштан толқи отырып: «Атам (әкесін «ата» деп атаған екен. Ғ.Ю.) «Рәфиқ,
Ғакиф пен Мұстағакиф нағашыларың соғысқа аттанарда, ұлдары жаңа туғандай қайтадан азан шақырып, дұғаларын оқып, Алладан ұрпақтарының аман-сау оралуына жәрдем тілеп аттандырған еді. Қазақта «киелі жерден ат үркер» деген жүйелі сөз бар. Атамның киелі, қасиеттілігі сол емес пе, Рәфиқ нағашың фин соғысына, герман және жапон
соғыстарына қатысып, қаншама рет ажалмен бетпе-бет келіп, ауыр жараланса да, елге аман-есен оралды. Ғакиф пен Мұстағакиф нағашыларыңның да қан-қасап майданнан тірі қалып, жеңіспен оралуы – қасиетті Нүсіп атамның киелі дұғаларын құдіреті күшті Құдайымның қабыл алуынан», – деп жанарына жас тола әңгімелеп бергені бар.
Енді кітапта баяндалған Мұстағакиф нағашымның маған айтқан әңгімесін оның өз сөзімен өрбітейін: «1942 жылы он жеті жастағы мен соғысқа аттандым. Азық-түлік, оқ-дәрі, тұмсықтары сорайған зеңбіректер мен брезентпен жабылған танкілер тиелген составтың жүрісі өнбейді. Әр разъезд, бекеттерге сағат бойы ғана емес, тәуліктеп тоқтап, шабан аттай жүрісі мандымаған пойыздағы «тезірек майданға жетіп, сұм фашистің сазайын тарттырсақ екен» деген мен сияқты солдаттардың шыдамы таусылуға жақын. Екінші полкіде аунақшып жатып көзім ілініп кеткен екен, құлағыма «Алдағы станцияда сенің Рәфиқ ағаң жүр. Сонымен қауышасың» деген дауыс анық естілді. Оянып кетіп, ұйқым шайдай ашылды. «Бұл не, шынымен алты жыл бойы көріспеген қан майдандағы ағаммен жолығамын ба, жоқ әлде жай сандырақ түс пе?» – деп, анық естіген құлағыма да сенбей жатқанымда пойыз бір станцияға тоқтады. Жабық вагоннан секіріп түсіп, алға қарай алаңдай жүгіріп келем. Бір мезетте темекі шегіп, әлденені қызу талқылап тұрған орыс өңді майор мен аға лейтенант шенді мұсылман тектес әскериге көзім түсті. Анықтап қарасам аға лейтенант шеніндегі офицер Рәфиқ ағама ұқсайтын сияқты, енді бір қарасам, ұқсамайтын да сияқты. Өз көзіме өзім сенбей, қастарынан екі қайтара өтіп кетіп, үшінші рет қайта оралып, жандарына кідіре бергенім сол еді, «өз ағам ба?» деп ұқсатқан офицер оң қолымен жамбас тұсындағы кабурасын ағытып, пистолетін суыра бастады. Енді сәл кешіксем, іс насырға шабатынын сезген мен жалма-жан: «Вы мой брат?!» – деп айқай салдым. Ол менің бетіме бір сәт аңырайып қарап тұрды да:
– Құдайым-ау, сен шынымен Мұстағакифпісің? – деп, маған қарсы жүгірді.
– Мен! Мен ғой! – деген жауабым мен жылау араласқан ащы даусым қатар шығып, сол арада құшақтарымыз айқаса кетті. Екеуіміз де еңірей жылап, беттерімізден кезек сүйісіп жатырмыз. Құшақтарымыз бір жазылып, «шын ба, өтірік пе?» деп, сенбегендей, бірі-бірімізге қарап, қайта айқасып, өксігіміз де басылды-ау бір кезде!
Сонымен, қойшы, ағам мені ертіп составтың подполковник шеніндегі командиріне апарып, үш күнге сұрап алды. Үш күн бойы құшақтарымыз бала кездегідей айқаса қатар жатып ұйықтап, құмарымыз қанғанша әңгімелесіп бір жасап қалған едік…»,– деп әңгімелеп отырған нағашым сол сұмдық сәттерді көз алдына келтіргендей, көз жасына ерік беріп, мен де оған қосыла жылап, «соғыс» деген атың өшкір тажалға лағнет айтқан едік.
…Лағнет айтпай қайтейік, туған бауырлар бірін-бірі танымай, жат көріп, қару кезенуге дейін жеткізген соғыстың лаңына қалай қарғыс айтып, қалай лағнет жаудырмассың?!.
Ғабдул – Сәбит ЮСУПОВ,
жазушы-журналист,
Кемел Тоқаев атындағы детектив жанры
байқауының лауреаты, Қаратал
ауданының Құрметті азаматы