«Біз соғысты көрген жоқпыз»
Құрметті Мереке Әбдешұлы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы жылдың 28 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысын Президентіміздің өзі басқарып жүргізгені мәлім. Осы тарихи маңызы зор жиын туралы «Қазақ әдебиеті» газетінің 2025 жылдың 31 қаңтардағы санында «Ойтаразы» рубрикасымен берілген өзіңіздің «Халық күткен сөз» атты мақалаңызды аса қанағаттанарлық сезіммен оқып шықтым. Президентіміздің экономика, еліміз индустриясына сапалы инвестиция тарту, қазақстандық банк жүйесі, Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық және түсінікті болуы керектігі, Мемлекеттік тіл, жастарға білім беру бағытындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, тағы да басқа көптеген қадау-қадау маңызды мәселелерге қатысты сіздің айтқан ойларыңыз өте дұрыс және дер кезінде айтылған. Бөліскен бұл пікірлеріңіз бен ойталқыларыңыз жалғыз менің ғана емес, өзім аралас-құралас болып, пікір алмасып жүрген қаламгерлер қауымының көңілінен шықты деп нық сеніммен айта аламын.
Осы жазған ойталқыңызда: «Шынында, өз елінде жасалып жатқан жақсы істерге көз жұма қарап, тырнақ астынан кір іздеп, біржақты сынауға, тіпті мазақ етуге жұртшылық бейімделіп бара жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілерде артық айтылатын осындай оғаш пікірлерге заң жүзінде тосқауыл қою керек» деген пікір айтып, соңында: «Экономиканы (әрине, одан басқа да барлық мәселелерді) жақсарту тек Президент пен Үкіметтің міндеті емес, қоғамның, әрбір азаматтың қолдауынсыз ондай шаруалар атқарыла алмайды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, қолға алынып отырған барлық бастамаларды барша жұрт болып қолдауға шақырамын» деген үндеу іспетті орынды ойтолғақпен аяқтаған екенсіз. Өте орынды! Орынды сөз-өрге басар» демекші, бұл пікіріңізді өзім қос қолдап қолдаймын. Еліне, жеріне, халқына жаны ашып, ұрпақ болашағын ойлайтын әрбір азамат осы Үндеуіңізді толық, бірауыздан қолдайды деп сенемін.

Қадірлі Мереке Әбдешұлы, сіздің жоғарыда айтылған ойтолғақ пікір, ұсыныстарыңыздың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Республикалық «Ана тілі» басылымының 2025 жылдың 3 қаңтар № 1- санында осы газеттің бас редакторы Ерлан Жүніске берген сұхбатындағы орынды ойлармен орайласып, үндесіп, сабақтасып жатқандығы көзі ашық жанға анық байқалады.
Қазақта:«Бұлақ басынан тұнады» деген аксиома іспетті шындық сөз бар. Сол айтқандай, ең бастысы, Еліміздің Президенті Қасым -Жомарт Тоқаевтың Еліміздің экономикасынан бастап, әлеуметтік тақырып, ғылым, білім, жастар тәрбиесі, экология, басымыздан күні кешегі өткен қайғылы қаңтар қырғыны, ел қауіпсіздігі, Мемлекетімізді Парламенттік басқару жүйесіне көшіру, тағы да басқа сол сияқты қадау-қадау келелі мәселелерді қамтыған кең көлемді сұхбат жұртшылықтың көңілінен шықты. Әсіресе сонау Кеңес Одағы кезінен бергі тасада қалған,тапталып, еңсесін тіктей алмай жатқан мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесін тереңнен қозғауы үміт отын жаққанын, жеке өз басым «бәрекелді!» деп шаттанып, аста-төк қуанышпен қабылдадым. Президентіміздің: «Ана тіліміздің болашағы жарқын екендігіне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйымдастыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайта береміз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек» деп, сақтық білдіреді Мемлекет басшысы.
Иә, асығыстық жасап, «артық қыламын деп, тыртық қылудан Құдай сақтасын! Әрине, тіліміздің тәлейі тез арада көтеріліп, тұғырына тік тұра қалғанын қалаймыз ғой, бірақ замана ағымы мен уақыт талабы атты өлшемдермен де санаспаса болмайтындығы тағы рас. Ел Президенті Ана тіліміздің тағдырына қатысты айтқан әңгімесінде: «Дүниежүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қауіпі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тідердің арасында 79-орынға тұрақтады. Қазақстанның азаматымын дейтін әрбір адам Президентімізге көмекші бола алатындай өз елінің патриоты болуға міндетті» дейді. Иә, Мемлекет басшысы бастап, қарапайым халық қостап, бір жағадан бас, бір жеңнен білек шығара білсек, ана тіл ғана емес, басқа да қай мәселеде болмасын, жеңіске жетіп, мерейіміз үстем болары хақ!
…Өзім қалам ұстаған журналист, кітап «кемірген» жазушы болғандықтан, Мемлекет басшысының кітап, кітап оқу туралы айтқан пікірлері көкейіме қонып тұр. Президентіміздің: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн» дейді сол сұхбатында Қасым-Жомарт Кемелұлы. Кітап туралы Президентіміздің бұл сөз қозғауы бірінші рет емес. Егер естеріңізде болса, сонау 2020 жылдары үйіңізден қадам аттап шығу мұң болған «ковид» атты әлемді жайлаған жалмауыз дерт кезінде айтқан: «Осы мәжбүрлі сындарлы шақты пайдаланып, кітап оқыңыздар. Кітап оқу арқылы жан дүниеңізді байытып, рухани кемелденіңіздер!» деп, сүйікті халқына Үндеу тастады емес пе?! «Орынды сөз өрге басады» демекші, санасында саңылауы бар жандардың барлығы жаппай кітап оқу арқылы рухани баи түсіп, «ковид» дертінің жан күйзелісін жеңе білді. Оның ішінде, осы жолдарды жазып отырған «бейшара» пендеңіз де бар.
Тағы бір қуаныш сезіммен айта кетер жаңалық: Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда Жаңа мереке-23 сәуір «Ұлттық кітап күні» болып белгіленді. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі тұңғыш рет «Ұлттық кітап» атты байқау жариялады. Бұл орайда, Министр Аида Балаева БАҚ беттерінде былай деген еді: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тарапынан руханият саласына үлкен қамқорлық көрсетіліп отыр. Биыл (2024 жылы) Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Жазушылыр одағымен «стратегиялық әріптестік» орнату бойынша үш жаңа жобаны іске асырды. Жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың шеберлік мектебі» ұйымдастырылып, отандық және шетелдік беделді қаламгерлердің дәрістері мен шеберлік сыныптары өткізілді. Мемлекет тарапынан авторлардың кітаптарын шығару, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында, Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, мәдениет және этносаралық бірлікті нығайту мақсатындағы әдеби конкурстар жарияланып, сыйлықтар тапсырылды» – деп, Аида Ғалымқызы бірқатар басылымдарда қуанышпен ағынан жарылған-ды.
Құрметті Мереке Әбдешұлы, елімізде мемлекеттік тілімізді дамыту, қолданыс аясын кеңейту мақсатында әр аймақтарда «Тіл» оқу-әдістемелік орталықтары құрылып, «Тіл конкурсы» өткізіліп жүргені мәлім. Көркем әдебиет саласындағы «Меценат», әр жанр бойынша «Алтын қалам», «Айбоз», мәдениет, этносаралық бірлікті нығайту мақсатында «Дарын», жас қаламгерлерге арналған конкурстар өткізіліп, президенттік арнаулы әдеби сыйлықтар тапсырылуда. Жоғарыда аталған істердің басы-қасында танымал жазушы, редакторлар кеңесінің төрағасы, еліміз қаламгерлерінің төл ұйымы Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, яғни Сіз бастаған қаламгерлер көп еңбек етуде. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп, қазақ аталарымыз айтқандай, әсіресе, тәуелсіз еліміздің авангарды, қоғамдық ұйым Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында аталмыш одақ қыруар іс жасады. Осы айшықты мерекеде одақ төрағасы, өзіңіз аталмыш қоғамдық ұйымның қалыптасу жолын қамтыған құнды да бай баяндамасы көптің көңілінен шықты. Бұл тарихи мерекеге түркітілдес елдердің ғана емес, Еуразияның, көрші Ресейдің беделді қаламгерлері де қатысып, той мерейін арттыра түсті. Мәселен, бауырлас Түркия елінің Жазушылар одағының төрағасы, профессор Муса Қазым Арыжан, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Уфук Тузман, Әзербайжан Жазушылыр одағының төрағасы Анар Рзаев, КХР Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі Акбар Мәжит, сол сияқты қырғыз, өзбек,башқұрт, татарстан, якутия, чуваш елдері Жазушылар одағының төрағалары қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, үлкен құрмет көрсетті. Сол сияқты, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов пен атақты ақын Қасымхан Бегмановты Түркия Жазушылар одағының үлкен сыйлығымен марапаттап, «Алтын қалам» сыйлығын тапсырды. Сондай-ақ Одақ төрағасының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып «Қырғызстан Республикасының құрметті жазушысы» төсбелгісімен марапатталды. Міне, осы торқалы той арқылы, әлемдегі алыс, жақын елдердің біздің елге ғана емес, Қазақстан Жазушылар одағына деген сый-құрметін анық байқадық.
Қадірлі Мереке Әбдешұлы, сізге жолдап отырған осы үшбу хатымда сізді мақтап, өзім жақсы атануды көздеп отырмағаным анық және сіз мақтауға зәру де емессіз. Өзім осы Одақтың мүшесі ретінде, елімізде жүріп жатқан әдебиет, мәденинет пен тіл, яғни рухани мәселелердегі соны серпіліске қуанып, ризалық сезімді білдіру. Сонымен қатар, «Сүт сұрай келе, шелегіңді жасырма» демекші, өзімнің де бір өтініш-базынамды айта кетсем деймін…
Биыл дүйім әлемді қызыл қанға бөлеп, таудай қайғы әкелген екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткенімізге 80 жыл толып отырғаны сізге мәлім. Осы ұлы датаға орай өзімнің «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты романның мемлекет бюджеті есебінен жарық көруіне қолдау көрсетсеңіз екен. Сол сияқты, кейінгі жылдары еліміз әдебиетіндегі тың тақырып – қазақ детективінің атасы, майдангер жазушы Кемел Тоқаев салған сара жолмен-детектив тақырыбына қалам сермеп жүрмін. Ол талпыныс жеміссіз емес сияқты. «Заң медия» корпорациясы ЖШС жариялаған Кемел Тоқаев атындағы детектив жанрындағы конкурстарда бірнеше мәрте жүлдегер атандым. Осы жанрдағы «Қорқаулар» атты детектив-романымның мемлекет есебінен шығарылып, оқырман қауымға жетуіне қамқорлық жасасаңыз екен.
Менің бұл тілегім – соғыстан соң дүниеге келген, яғни сексен деген жастың сеңгіріне таяған, нақтырақ айтқанда, 78 жастағы қарияның, мұзбалақ қыран ақын Мұқағали Мақатаев:
«Таттық біздер сол соғыстың
«балы менен шекерін»
Көрдік біздер,
махаббаттың құлазыған мекенін.
Сездік біздер,
жеңгеміздің жастығының өтеуін.
Білдік біздер,
әкесіздік, некесіздік не екенін» деп жырлағандай, атың өшкір соғысты көрмесем де, сол соғыстың сұмдық зардабын, материалдық тұрғыдан ғана емес, әкесіздік пен некесіздіктің ащы уыты мен рухани жан күйзелісін жаралы жүрегі арқылы өткізген (сол ащы зардаптар мен күйзелістердің барлығының ең сұмдығы – некеден туған ұл мен некесіз туған ұлдың, бір құрсақтан шығып , бір емшектің сүтін емгенімен, екеуі бірі-біріне жат болып, жеккөрініштілікпен өскен трагедиясы жоғарыда аталған «Біз соғысты көрген жоқпыз» романында баяндалады) соғыстан соңғы ұрпақтың өкілі деп білгейсіз.
Ғабдул-Сәбит Юсупов,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
Кемел Тоқаев атындағы детектив
жанры конкурстарының жүлдегері
ПІКІРЛЕР1