ТЕРІДЕ БЕДЕРЛЕНГЕН ҰЛТТЫҚ ТАРИХ
Құттыбек Тыныбекұлы – отандық бейнелеу өнерінде өзіндік концепциялық жаңа жол таба білген суретші. Ол сәндік қолданбалы өнердің бай мұрасын сақтап, тері бетіне сурет салудағы көркемдік тәсілдерді жаңа әдістермен байытты. Бұл суретшінің ұзақ жылдар бойы ізденіп, өнер жолында аянбай тер төгуінің арқасында жеткен нәтижелері деп айтуға толықтай негіз бар.
Құттыбек Жақып қолданбалы өнердің әр түрінде сан алуан материалдармен жұмыс істейді. Соның ішінде суретші шығармашылығындағы теріден жасалған сәндік паннолардың көз тартар ерекшелігі өнертанушылар назарын өзіне бірден аудартып келеді. Алдымен автор туындының мазмұнына сай тері бетіне асқан шеберлікпен көркем бейнедегі әдемі композициялар құрастырады. Әр композициялық көрініс мазмұнды бейнелермен толықтырылып, тек бір тақырып аясында шектеліп қалмай, барынша күрделене түскен. Құттыбек Жақып – тері бұйымдарымен жұмыс істеуде әр заттың табиғи болмысын өзінің жеке-дара стильдік тәсіліне үйлестіруді жетік меңгерген шебер маман. Әдетте өнерде жаңа бағыт, бағдар қалыптастыруға кез келген жанның жүрегі дауалай бермейді. Кейіпкеріміз теріге бедер салу арқылы жаңа бағыт қалыптастырды.
Көшпенділер мәдениеті тұсында бабаларымыз теріні әртүрлі жағдайда қажетіне жарата білген. Енді осы материал қазіргі бейнелеу өнерінің аясын кеңейтіп, суретші қиялымен заманауи интерьерді көріктендірер сәндік-қолданбалы туындыға, авторлық төлтума бұйымға айналып отыр. Теріден жасалған сәндік паннолар монохромды түстер гаммасына үйлес салмақты өң берер палитраға ие болуымен ерекшеленеді. Табиғи түктің түсі мен фактурасын өз ыңғайына пайдалана білген автор бейнелердің шынайылығын нақтылап, бекіте түсті.
Өнертанушылар өнердің бұл жаңа түрін шартты түрде (теріге ойма сурет салу) «көркем ойылған тері» деп атайды. Ойындағы бейнені түсіру үшін автор кей тұста қажетсіз түкті қырқып, кейде қырып тастайды, енді бірде қысқартып немесе өз қалпын сақтап бедерлі суреттер тудырады. Суретшінің туындыларындағы күрделі бейнелер кез-келген көрерменнің қызығушылығын оятып, көз арбайды. Өнер иесі секілді көрермен де бұрыннан бар нәрсенің жаңа қырын байқап, тосын бейнесін танып-білгендей күйге түседі. Автор көркем туындыларына қойдың, сондай-ақ өзге де тұяқты үй жануарларының терісін тұтас күйінде пайдаланып, кейде бұған өзге де материал үзіктерін қосып отырған. Суретші қиялы болашақ композициясының сұлбасы көрінетін материалдан өріс алады. Ол терінің табиғи болмысын бүлдіріп алмай, болашақ туындысының мазмұнына икемдеп, толықтыра келе, сюжетті оқиғаны бейнелейді. Материал түгінің бағытын немесе ұзындығын, бұйралығын, реңк градациясын, пішінін, т.б. ерекшеліктерін ескеріп «жұмысқа қолданатын» автор оны ойындағы бейнені дәл беру үшін өңдеп, қажет бөліктерін қосып дамытады.
Жақып Құттыбектің «Түркі қағанаты» сериясы сонау түркілер дәуірі кезеңіндегі бабаларымыздың отбасы құндылықтарын, діни табыну рәсімдерін, қаһарман жауынгерлер қатысқан шайқас алаңын образды түрде бейнелейді. Мысалы, триптих композицияның алғашқы бөлігі болған «Отбасы» 2 (көркем ойылған тері, аралас техника, 147х178) атты еңбегіне тоқталсақ. Бұл туындыдан ірі қара малдың терісінің түкті жағына бейнеленген үш бөліктен құралған күрделі композицияны көреміз. Мұнда түркі әлемінің тарихи ескерткіштері суреттелген. Кешегі Ұлы түркілер заманының озық мәдениетінен хабар беретін балбал тастар ертеден-ақ ғұрыптық, діни-нанымдық қызметтерді атқарғанын білеміз. Суретші композиция құрауда ежелгі қола, темір дәуірінде жартас бетіне салынған петроглифтердің стилистикалық бейнелеу әдісін қолданған. Орталық бөліктегі шеңбер ішіндегі композицияда отағасы мен отанасы бейнесіндегі кейіпкерлер суреттелген. Шеткі композициялардан осы әулеттен тараған ұрпақтың өсіп-өнуі арқылы өмірдің, дәуірдің жалғасқан бедерін байқаймыз. Әр бөлікте қазақ халқы кие тұтатын құстың, Көкбөрінің, жылқы мінген шабандоздардың бейнесі әдіптелген. Түркі дәуіріндегі бабаларымыздың танымында Көкбөрі – көк Тәңірінің нұры, жеңімпаздық символы, ерліктің тұлғасы болып есептеледі. Ата кәсібіміздің жалғасын ұрпағына мұра қылған берекелі отбасының тарихы бір туындының мазмұнымен астасып жатыр.
Түстік шешімі жағынан композиция монохромды. Суретші мұнда ашық қоңыр, ақ және қою қоңыр түсті бояулардың реңдерімен туындыны мейлінше графикаға жақын мәнерде орындап шыққан. Дөңгелек табанында аңыздарда түркілердің түпкі тегі саналатын қасқыр бейнесі көрінеді. Туындыдағы басқа кейіпкерлер: аспанға ақ жамылғыларын серпіп жатқан әйелдер, қарулы салт аттылар, аң аулау сәттері, тотемдік аңдар мен құстар кіші өлшеммен берілген. Бұл бейнелердің барлығы композицияның бас кейіпкерлері бейнеленген орталық бөлікті толықтырып, қоршап тұр. Автор композициялық көріністі байытуда зер ретінде есілген теріден өрілген бұрымдар мен сәндік тігістерді пайдаланған. Ортаңғы бөліктегі композиция керісінше бояу түсінің алуандылығымен тартымды шыққан.
«Табыну» (2019, көркем ойылған тері, аралас техника, 170х205). Көгілдір фонда киелі бейнедегі күнбасты Құдайдың кейпіндегі ақ тау ешкісінің үстінде рәсімдік би билеген кейіпкерді көреміз. Оның айналасы шуақ шашқан нұрға бөленген. Егер шығармаға мұқият қарасаңыз, ортадағы кейіпкердің аспандағы күнмен ұқсастығын табу қиын екендігін түсінесіз. Осылайша сыртқы пішіндердің шамандық танымдағы бейнелерімен ұқсастығы байқалады. Одан басқа, ертедегі адамдар транс күйінде «Күн тәріздегі» пішіндерге ұқсас бейнелерді жиі елестетіп отырғаны тарихтан белгілі. Суретші де бұл жайды назардан тыс қалдырмаған. Жартас бетіндегі бейнелерді барынша зерттеген. Шеткі бөлікте Құдайға табынып, құлшылық етіп тұрған қос кейіпкер композицияны өз бейнелерімен толықтырып, екі жақтан тұйықтап тұрғандай. Төбеден ғажайып құбылыстың куәгері ретінде екі жақтан екі алып құстың ұшып жеткенін де байқауға болады. Оң жақтағы жоғарғы бөлікте рәсімдік іс-шараға қатысып тұрған жалғыз әйелдің де бейнесі кездеседі. Қазақстан аумағында орналасқан жартастардағы кескіндеме өте маңызды мәдени мұра болып табылады. Сондықтан, суретшінің туындыларындағы көне бейнелер мен таңбаларды – жергілікті мәдениет пен тарихтың айғағы деп қабылдасақ та болады.
Түстік түзілімі бояуының қанықтығымен ерекшеленетін бұл композиция қарама-қайшы тондарымен дараланады. Артқы фоны көгілдір суық түсте орындалғанымен орталық бөлігі бояуларының жылылығымен әсерлі. Мұнда ақ, қара, ашық қоңыр, күрең қызыл түске боялған тері бөліктерін құралған әдемі композицияны көре аламыз. Суретшінің теріде орындалған туындылары өзінің пішіндік алуандылығымен, көркемдік шешімдерімен, тақырыптық ауқымдылығымен дараланады. Мұнда бейнелеу өнерінің тарихында айрықша орын алатын түрлі стилистикалық бағыттар да кездеседі.
Триптихтің соңғы бөлігі – «Алтын адам сарбаздары» (2019, көркем ойылған тері, аралас техника, 140х193) композициясы. Тік форматта шешімін тапқан үшінші бөліктегі монохромды композиция сақтар дәуірін суреттейді. Мұнда екі қолбасшының ұрыс алаңындағы жекпе-жегі бейнеленген. Шошақ төбелі бас киімдегі қос батырдың ат үстіндегі шешуші шайқасы артқы бөліктегі байрақ ұстаған қалың әскерімен жалғасын табатыны белгілі. Композицияның жоғары бөлігінде ежелгі замандардан билік пен қырағылықтың символына айналған қос қыранның алып бейнесін көреміз. Төменгі бөлікте орталықта орналасқан «Есік» қорғанынан табылған алтын адамды байқауға болады. Суретші бұл композициясында еліміз үшін маңызы зор тарихи дәуірді суреттей отыра археология мұрасына назар аударды. «Алтын адам сарбаздары», «Шайқас» туындылары қаһармандық тақырыбының жалғасы іспеттес авторды жиі толғандыратын тақырыптар аясын кеңейтуде.
Құттыбек Жақып – ізденімпаз суретші. Оның шығармашылық ізденістеріндегі басты жетістіктері терімен жұмыс істеудің жаңа үлгісін заманауи бейнелеу өнері түріне енгізуінде. Яғни, мал терісінің түкті бетіндегі табиғи өрнегін сақтай отыра күрделі композициялар құрастыра білуінде. Ұлттық өнерді бейнелеу өнерінің дәстүрлі көріністерімен сабақтастыруында. Бүгін де өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан өнер иесінің қолынан шыққан үздік туындылары көрген жанның көңілін тербеп, ерекше әсерге, терең сезімге бөлейді. Көрерменнің ой-зердесіне, таным түйсігіне лайықталған суретшінің туындылары сезімге шынайы әсер етіп, терең толғаныспен ойланып барып, асықпай қабылдауға жетелейді, сондай-ақ өзіне тән сан түрлі көркемдік иірімдерімен кез-келген жанды баурап алады. Қ.Жақып Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына лайықты үміткер. Бұл суретшінің шығармашылығына берілген шынайы баға.
Л.А.Кенжебаева
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Өнертану» факультеті,
«Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының
аға оқытушысы, өнертанушы