РУХ ПЕН ТАРИХ ТОҒЫСҚАН МАҢҒЫСТАУ
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағы 2025 жылдың 31 наурызы мен 10 сәуірі аралығында «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедицияны жүзеге асырып отыр. Алыстан ой айтқан абыз тұлға, ғалым, жазушы Зейнолла Сәніктің рухына тағзым ретінде ұйымдастырылған тағылымды сапар – ұлт руханияты мен мәдени мұрасына бет бұрудың жарқын үлгісі болып есептеледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты» деген мазмұнды баяндамасын негізге алған бұл экспедиция – ұлттың өзегін танытатын көне дәстүрлер мен тарихи танымға тағзым етудің нақты көрінісі.
Ауқымды жобаның тұңғыш ұсынысы Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің бастамасымен көтеріліп, ел ішіндегі қасиетті мекендерді аралау идеясы сол сәттен-ақ қолдау тапқан еді. Бұл игі іске Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры демеушілік білдіріп, рухани салмағы зор сапардың басталуына мүмкіндік жасады. Жергілікті өлкетанушы, этнографтармен кездесіп, олардың еңбектерін жинап, кітап шығару да – аталған жобаның басты мақсаттарының бірі. Экспедиция жұмысына Жазушылар одағының мүшелері де кеңінен тартылды.
Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, жан-жақты дәріптелуіне қолдау көрсетіп келе жатқанын тілге тиек еткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, экспедиция жұмысының бастау алғанына құттықтау хатын жіберіп, экспедиция мүшелеріне сәт сапар тіледі.
Белгілі этнографтар, мәдениеттанушылар, қаламгерлер мен БАҚ өкілдерінен құралған экспедиция 30 наурыз күні Алматыдан Маңғыстау облысына сапарға шықты.
31 наурызда республикалық экспедиция Маңғыстау жеріндегі киелі орындар – Шопан ата мен Бекет ата кесенелеріне зиярат етуден басталды. Бұл – халқымыздың рухани тамырына бойлаған символдық әрі тағылымды қадам. Қасиетті мекенге бет алған экспедиция мүшелерін жолай Таушық ауылының әкімі Нұржан Бақтыбаев пен Ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Жүнбасов құрметпен қарсы алып, ақжарма тілекпен шығарып салды. Сапар ары қарай Тамшалы бұлағына жалғасып, орт-Шевченко қаласына бет алған экспедиция мүшелерін Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев жылы жүзбен күтіп алды. «Қырымның қырық батыр» жырын жеткізген даңғайыр жырау Мұрын Сеңгірбекұлына құран бағыштаған сапар иелері жыраудың музей-үйіне ат басын тіреді.
Экспедицияның екінші күнінде «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық рухани-танымдық сапар аясында Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде мазмұнды кездесулер өтті. Сапардың алғашқы сәті – қазақ руханиятының заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Қаламгерлер мен экспедиция мүшелері жазушы рухына тағзым етіп, ұлт руханиятына сіңірген еңбегін үнсіздікпен еске алды. Бұл – Әбіш әлеміне деген құрметтің көрінісі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының белгісі іспетті болды.
Осыдан кейін белгілі этнографтар, мәдениеттанушы ғалымдар, қаламгерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері музей ұжымының құрметті қонағы ретінде қабылданып, арнайы экскурсияға қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған топ Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған арнайы көрме залымен танысып, заңғар жазушының өмірі мен мұрасына терең бойлады. Сондай-ақ қонақтар «Тарих» және «Археология» экспозиция залдарын аралап, Маңғыстау өңіріндегі көне өркениет пен өлке шежіресін жаңаша қырынан тануға мүмкіндік алды. Музей ішіндегі танымдық экскурсияны тәжірибелі маман Н.Дабысова жүргізіп, әрбір жәдігердің тарихи-танымдық маңызын мазмұнды түрде баяндап берді.
Ұлттық рух пен тарихи жадыны жаңғыртуды мақсат еткен бұл кездесу – руханият өкілдері мен музей саласының тоғысқан тағылымды тұсы болды. Өткенге тағзым, бүгінге тағылым, ертеңге аманат болар бұл жүздесу экспедицияның басты мұраттарымен үйлесе түсті.
Рухани сапардың үшінші күнінде Қабиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында маңғыстаулық қаламгерлермен, мәдениет және руханият өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, экспедицияның мақсатын қысқаша таныстырды. Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау өңірінің көрнекті ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көмек Ыбырайұлын 75 жасқа толған мерейтойымен арнайы құттықтап, иығына шапан жапты.
Кездесуде бірқатар баяндамалар тыңдалды. Ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Күзембай Ерғалиев Адай жылқысы туралы ғылыми деректерді ұсынса, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар қажы Елжанов «Маңғыстау хазіреттері» жобасының мәнін түсіндірді. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жергілікті ғалымдар мен өлкетанушылардың еңбектерін Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры арқылы жариялау мүмкіндігі бар екенін айтты. Басқосу еркін форматта өтіп, қатысушылар ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың нақты жолдары жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығында «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты республикалық экспедиция аясында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған арнайы брифинг өтті. Тікелей эфирде ұйымдастырылған бұл іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен зерттеушілер қатысты.
Баспасөз жиынына Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы, Мереке Құлкенов, этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабай, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының құрылтайшысы, ҚЖО төрағасының кеңесшісі Қанат Зейноллаұлы, сондай-ақ қордың атқарушы директоры, ақын Серік Қалиев қатысып, экспедицияның мазмұны мен маңызын кеңінен баяндады. Модераторлық тізгінді Нұрдана Асқарбек жүргізді.
Баспасөз отырысында алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов экспедицияның басталу нүктесі ретінде қасиетті Маңғыстау жерінің таңдалу себебін түсіндірді. «Бұл экспедицияның қасиетті Маңғыстау топырағынан басталуы – жай таңдау емес, саналы шешім. Себебі қазақтың бай рухани дүниесін, ұлттың болмысын ең тереңнен танытатын тетік – этнография. Ал осы саланы өмірлік мұратына айналдырған тұлғаның бірі – Зейнолла Сәнік. Ол бар саналы ғұмырын этнографияны зерттеуге арнады. Сондықтан экспедициямызды осы жерден бастаудың символдық әрі тарихи мәні ерекше», – деді Мереке Әбдешұлы. Сөз барысында жазушы: «Бүгінде этнография – жай өткен күннің суреті ғана емес, ол – ұлттың тамыры. Біз өткенімізге үңілмей, болашағымызды баянды ете алмаймыз. Осы ретте, Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырып отырған бұл республикалық экспедицияны қолдап, жүзеге асырып отырған – Зейнолла Сәнік атындағы қоғамдық қор екенін де ерекше атап өткім келеді», – деп, бұл сапардың мақсаты – Зейнолла Сәніктің бай мұрасын, ғылыми әрі шығармашылық еңбектерін батыс өңірлеріне таныту, халыққа насихаттау және ұлттық этнографиямызға тағы бір мәрте терең бойлау екенін де атап өтті.
Кезекті сөз алған белгілі этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабай Зейнолла Сәніктің этнография саласына сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды. «Қазіргі таңда қазақ этнографиясына арналған оқулықтар оқу орындарында жеткіліксіз. Осы олқылықтың орнын толтырып отырған аса құнды еңбек – Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты кітабы. Бұл еңбек әрбір білім беру мекемесінде болуы тиіс деп есептеймін. Оның ерекшелігі – ұлттық құндылықтарды, мәдени мұраларды, тіпті шетел қазақтарының этнографиялық қазыналарын да кең көлемде қамтуында. Қазақ халқының тарихын шетелдегі қандастарымыздың тарихы мен мәдениетінсіз толық түсіну мүмкін емес», – деді ғалым.
Алқалы жиында сө алған Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры, ақын Серік Қалиев те: «Биыл 90 жыл толып отырған баспагер, ғалым, этнограф Зейнолла Сәнік ұрпаққа өлшеусіз рухани олжа қалдырды. Артында қалған 15 томдық мұра – қазақ халқының мәдени болмысын, тарихи-этнографиялық келбетін айшықтайтын баға жетпес құндылық. Сол еңбектердің ішіндегі ең сүбелісі – жаңа ғана Мереке ағамыз атап өткен «Қазақ этнографиясы» атты іргелі еңбек. Бұл кітапта қазақ халқының рухани болмысы – тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүр, әдет-ғұрып, таным мен тағылым тұтас қамтылған», – дей отырып, ғалымның рухани мұрасы туралы тұшымды ойымен бөлісті. Ол сондай-ақ Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының 2018 жылдан бері атқарып келе жатқан жұмыстарын жүйелеп берді. Қор құрылған күннен бастап ұлттық әдебиет пен мәдениеттің өрісі кеңіп, көптеген игі бастамаларға жол ашылған.
1 сәуір күні Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушанов атындағы стипендияны табыстау рәсімі өтті.
Іс-шараға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер, сондай-ақ «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедицияның мүшелері қатысты. Арнайы стипендияға оқу үздіктерінің арасынан іріктеліп, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Жәнібек Жолдыбаев лайық деп танылды. Марапатты Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов салтанатты түрде табыстады.
Сыйлықты қаржыландырып отырған – ұлттық мұраны қолдауға бағытталған Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры. Бұл бастама – әдебиетке бейім, қабілетті жастарды қолдап, Есенғали Раушановтай дара тұлғалардың рухани жолын жалғастыруға ынталандыру мақсатында жүзеге асып отыр.
Республикалық экспедиция мүшелері Ақтаудан 18 шақырым жердегі Ақшұқыр ауылында тұратын қолөнер шебері Ермұханбет Құлмырзаұлының шеберханасына арнайы ат басын бұрды. Бұл – ұлттық қолөнердің қадір-қасиетін бойына сіңіріп, атадан қалған өнерді жалғастырып отырған шебердің саф өнерімен, салмақты еңбегімен таныстырған тағдырлы сапар болды.
Ермұханбет шебер қонақтарды жылы жүзбен қарсы алып, шағын ғана шеберханасын көрсетті. Ол домбыра жасаудың қыр-сырымен бөлісіп, әртүрлі ағаштың дыбыс сапасына қалай әсер ететінін, материал таңдауда қандай ерекшеліктерге мән беретінін кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар қамшы өру мен ер-тоқым жасаудың күрделі әдістерін де жан-жақты түсіндіре, көрсетіп берді.
Айрықша әсер қалдырған жайттың бірі – Ермұханбет шебердің Өзбекстанның Хиуа қаласына барып, құмыра жасау өнерін үйреніп қайтқаны. Қазіргі таңда ол темірден ыдыс жасап, оны қазақы ою-өрнектермен үйлестірудің түрлі жолдарын іздестіріп, бұл өнерді ұлттық нақышпен ұштастыра дамытуды мақсат етіп отыр. Шебердің үйі – тек шеберхана ғана емес, этнографиялық мұражай іспетті. Мұнда әкесінен қалған көне шекпен, тұрмыстық бұйымдар, күміспен көмкерілген ер-тоқымдар мен басқа да құнды жәдігерлер сақталған. Әр бұйымда халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен рухани болмысы көрініс тапқан.
Айрықша қолөнер бұйымдарымен ғана емес, қонақжайлығымен де тамсандырған Ермұханбет Қалимырзаұлы экспедиция мүшелерін арнайы жайылған дастарханға шақырып, бауырсақ пен қымыз ұсынып, қазақы қонақ күту мәдениеті мен ұлттық дәстүр жайында әсерлі әңгіме өрбітті.
Бүгінде шебердің ісін ұлы жалғастырып, күмістен әшекей бұйымдар жасап, отбасылық өнерді заманауи сипатта дамытып келеді. Бұл – ұлттық мұраның үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі.
«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция сапары — терең мазмұн, тағылымға толы болды. Экспедиция мүшелері Маңғыстау өңіріндегітарихи нысандарды аралап, қазақ халқының рухани мұрасымен танысты.
Батыс өңірінің бай руханияты мен ұлттық келбетіне қанықтыра түскен олжалы экспедиция ары қарай да өлкенің көрнекті мекендерін аралаумен жалғаспақ. Маңғыстаудың маңғаз тарихынан сыр шертер сапар туралы алдағы нөмірде де кеңінен толғайтын боламыз.