РУХ ПЕН ТАРИХ ТОҒЫСҚАНДА
15.04.2025
62
0

Атырау университетінде

Атырауда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедицияның кезекті танымдық кездесуі өтті.
Аталған басқосуға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, этнограф-ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, ұлттық этнография мен рухани мұра тақырыбы төңірегінде келелі ойларын ортаға салды.  

Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақы иесі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» Білім бағдарламасының 2-курс студенті Жанерке Дүйсенбайқызы

 
Республикалық экспедицияны Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, көрнекті қаламгер Мереке Құлкенов бастап барды. Зерттеу тобының құрамында одақ төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қасымхан Бегманов, танымал этнограф-ғалым Ахмет Тоқтарбай, қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосанов, айтыскер ақын, «Зейнолла Сәнік» қорының атқарушы директоры Серік Қалиев және қор құрылтайшысы, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы сынды тұлғалар болды. Кездесуде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов республикалық экспедиция жұмысына сәттілік тілеп, Атырау өлкесінде жүргізіліп келе жатқан тарихи-этнографиялық зерттеулерге 85 жылдық тарихы бар оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы белсене атсалысып жатқанын атап өтті.
– Ұлтымыздың рухани-мәдени қазынасын түгендеуге бағытталған бұл игі бастама – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жазушы-этнограф Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойына орай жарық көретін экспедиция жинағына атыраулық ғалымдардың да еңбектері енеді деген сенімдеміз, – деді ректор.
Сонымен қатар ректордың мәлімдеуінше, Атырау университеті гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің бір аудиториясына жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің есімі беріліп, заманауи үлгіде жабдықталып, жаңа оқу жылына дайын болмақ.
– Бүгін мен үшін аса қуанышты күн. Қазақстанның батыс өңіріндегі жетекші оқу орындарының бірі Атырау университеті әкем Зейнолла Сәнік атындағы арнайы аудитория ашуға ниет білдіріп отыр. Бұл – ұлттық құндылыққа, этнография ғылымына деген үлкен құрметтің белгісі. Университет басшылығына, профессор-оқытушылар құрамына, жастарға әулетіміздің және қор атынан алғыс айтамын, – деді Зейнолла Сәніктің ұлы, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы.
Кездесу аясында жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік атындағы қор мен Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған көрнекті қаламгер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақы Атырау университетінің көптілді білім беру факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-курс студенті Ербекет Мағауияға табысталды.
Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Таңатарова республикалық экспедиция жинағына атыраулық этнографтардың тың еңбектерін енгізу қажеттігін атап өтіп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Ғылыми-танымдық басқосу – ұлттық рух пен тарихи зердені жаңғырту жолындағы келелі ізденістерге жол ашып, Зейнолла Сәнік сынды біртуар қаламгердің мол мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.

Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақы иесі Ш.Есенов атындағы
Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің
«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Жәнібек Жолдыбаев

«Сарайшыққа» саяхат

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік» республикалық ғылыми-танымдық экспедициясының мүшелері арнайы сапармен келді.
Экспедиция мүшелері, алдымен, музей-қорықтың экспозицияларымен танысып, көне Сарайшық қаласының орнында болды. Ортағасырлық қазақ тарихының алтын парағы саналатын бұл мекенде қатысушылар этнографиялық зерттеулер тұрғысынан құнды мәліметтермен бөлісіп, Зейнолла Сәнік еңбектеріндегі ұлттық код пен мәдени мұра мәселесіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Сапар барысында қатысушылар жергілікті өлкенің тарихи ерекшелігіне тоқталып, қазақ этнографиясын зерттеу мен насихаттау бағытындағы алдағы жоспарларымен бөлісті.

Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақы иесі Атырау университетінің көптілді білім беру факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-курс студенті Ербекет Мағауия

Ақжайық өңірінде

Орал қаласына «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік» атты республикалық ғылыми-танымдық экспедиция келді. Ұлттық рух пен тарихи мұраны дәріптеуді мақсат еткен бұл сапар – қазақ мәдениетіне деген шынайы құрметтің белгісі.
Экспедиция аясында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде мазмұнды жиын өтті. Басқосуда Зейнолла Сәнік еңбектерінің тағылымы, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәселесі кеңінен сөз болды.
Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері – ақын Айтқали Нәріков пен Қазыбек Құттымұратұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев қатысып, өзекті ойларымен бөлісті.
Жазушылар одағының бастамасымен, Зейнолла Сәнік қорының қолдауымен көрнекті ақын Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақы БҚУ-дың филология факультетінің студенті Нұрдана Темірге табысталды.
Экспедиция мүшелері Қадыр Мырза Әлі атындағы Орал қалалық мәдениет және өнер орталығына арнайы барып, ақынның мемориалдық мұражайымен және орталықтың шығармашылық тынысымен танысты. Қонақтар рухани орта қызметіне жоғары баға беріп, орталықтың тілек кітапшасына естелік жазба қалдырды.
Экспедиция мүшелері Теректі ауданындағы Сарыөмір ауылына арнайы ат басын бұрды. Бұл ауыл – «Ақжайық» трилогиясы мен «Ағайынды Жүнісовтер» романының авторы, классик жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хамза Есенжановтың туған жері. Сол күні түс ауа Бәйтерек ауданының құрамындағы Дариян ауылында орналасқан Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың мұражай-үйіне бас сұқты.
«Жайық пресс» медиахолдингіне келіп, «Орал өңірі» газеті редакциясының жұмыстарымен танысты. Содан кейін жолға шықты. Қадыр Мырза Әлидің туған жері Жымпитыға аялдап, әрі қарай Ақтөбе өңіріне аттанды.
Ұлттық руханиятты насихаттауға бағытталған бұл игі шара ел тарихы мен әдебие­тіне, этнографиясына деген зор құрметтің жарқын көрінісі болды.

Ақтөбе төрінде

Жазушы-этнограф, ғалым Зейнолла Сәніктің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық экспедиция Ақтөбе облысында жалғасын тапты. Ұлттық рух пен мәдени мұраға негізделген бұл сапар халқымыздың төл болмысын жаңғыртуға бағытталған игі шаралар қатарында.
Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен болған бұл игі қадам әдебиетке бейімі бар жас буынды қолдап, олардың шығармашылық әлеуетін оятуға, ұлттық құндылықты ұлықтауға және рухани сабақтастықты сақтауға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Экспедиция мүшелері, алдымен, ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған Есет батыр Көкіұлының Бестамақ ауылындағы мемориалды кешеніне барып, баба рухына тағзым етті.
Сапар аясында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жергілікті ғалымдармен мазмұнды кездесу өтті. Қазақ этнографиясы мен руханиятына қатысты келелі ойлар ортаға салынып, жас буынға бағыт-бағдар берілді.

Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақы иесі М. Өтемісов атындағы БҚУ филология факультетінің студенті Нұрдана Темір



Аталған жиында Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен тағайындалған Есенғали Раушанов атындағы стипендия салтанатты түрде табысталды. Бұл марапат – университет қабырғасындағы озат студенттерге жыл сайын беріліп отыратын мәртебелі жоба. Кезекті стипендия иегері – «Қазақ тілі және әдебиеті» білім бағдарламасының 2-курс студенті Жанкеева Жанерке Дүйсенбайқызы.
Қазақтың ұлы ақыны Есенғали Раушановтың шығармашылық мұрасын насихат­тау – барша әдеби қауым мен оқырманның ортақ парызы. Осы мақсатта Қазақстан Жазушылар одағы аталмыш стипендияны тағайындап отыр. Бұл – тек бір реттік марапат емес, одақтың ауқымды жобаларының бірі әрі рухани мұраға деген терең ілтипат­тың нақты көрінісі.
Экспедиция мүшелері Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылына барып, батыр арудың рухына тағзым етіп, ауыл тіршілігімен танысты. Осы сапар барысында экспедицияны Ақтөбе облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова өзі бастап жүрді.
Содан кейін экспедиция Қобыланды батыр кесенесіне ат басын тіреді. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған ер Қобыландының мәңгілік мекені – елдік пен ерліктің, батырлықтың символына айналған қасиетті орындардың бірі. Экспедиция мүшелері кесенеде болып, тарихи-мәдени маңызы зор мұрамен жақынырақ танысты.
Ғұлама ғалым Зейнолла Сәнік есімін арқау еткен бұл ғылыми сапардың басты мұраты – ұлт руханиятының мәйегін сақтау, тарихи жадымызды жаңғырту, ел есінде қалған ерен тұлғалардың өнегелі жолын насихаттау.
Қазақстан Жазушылар одағы осы игі­лікті істі қолдай отырып, елдік пен ерлік мұраттарын ұлықтаған бастамаға шығармашылық тұрғыда серік болуға әрдайым әзір екенін білдіреді.

Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір