БОДАНДЫҚ ӘДЕБИЕТІ ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕ АЛА МА?
24.07.2023
1966
1

Қазақ әдебиеті сан салалы, көп тараулы. Яғни, қазақ басынан өткен барлық тарих, кезең, бұрылыс, ойпаң тұстардың бәрі ел әдебиеті басынан көрініс тапты. Өкінішке қарай, қазақтың азат кезінен, бұғаулы, байлаулы уақыты көп болды. Осының бәрі әдебиетте өз қолтаңбасын қалдырды. Орхон-Енисей жазбаларындағы табғаш атты өзге жұрт, өзегі бөлек мемлекетке қарсы айтылған қаһарлы да қаралы сөздер соның айғағы. Жазба тек тарихи оқиғалар тізбегі емес, әдеби туынды да. Демек, бодандық әдебиеттің алғашқы сілемдері атанған жазбалардан әрі біз білмес кезеңнен басталуы мүмкін. Қытай билеушілерін, жаулап алушыларды мадақтаған кез келген туынды бодандық әдебиетке қатысты, сол ағымның шартына толар шығарма. Айтқан сөздерімізді қорыта келіп айтарымыз – бодан әдебиет деп ұлт мүддесіне қарсы, ұлтшылдықтан ада, жат жұртты мадақтап иіп әкеліп жаулап алушы жұрттың өнерін, білімін, өркениеттілігін артық қоя отырып, өзінікін көзге шұқыр әдебиетті айтамыз.

Өз ішінен бодандық әдебиет екіге бөлінеді. Қарсылықты немесе келісімпаз. Қарсылықты ағым өз елінің қаһарманын суреттеп, соны мадақтап өткен күнін аңсай жазылса, келісімпаз бағыт жат жұрт өкілін айта отырып, шым-шымдап енгізіп, ел санасына сіңіріп өз қандасын тұқыртып, ұлттық идеологияны езіп жаншып, басқаны ой төріне шығарады. Бұған дейін қазақ әдебиеті тарихы орыстық-батыстық ғалымдар күшімен жазылып келгендіктен бодандық әдебиет мәселесі көтерілген жоқ.
Бодандық әдебиет тек қазақ басындағы хал десек қателесеміз. Бұл әсіресе Еуропа мемлекеттерінде бой көрсетті. Қазақты ұзақ ғасырлар уысында ұстаған, улаған батыстық, орыстық ақпараттық идеологияны түсіну үшін (бұл бүгінде жалғасуды) тамұқ төрі, жан жүрегінен сөз бастауды жөн көрдік. Батыста тұрып, батыс соққысын көп көрген поляк әдебиеті болды. Өз кезінде соншалық әлді, сөзі мен ісі ірі Речь Посполитая, әсіресе жариялықтан, демократияшылдықтан қан құшты. Речь Посполитая сейм арқылы басқарылды. Сеймде восводалар ел тағдырын шешетін. Бірақ бір ғана восводаның ветосы (латынның қарсымын сөзі) бүкіл мемлекеттің келешегіне балта шапты. Тек бір «Сейм елшісі» воевода вето жарияласа, еш шешім қабылданбады. 1652 жылдан бастап 1764 жыл арасында 55 сеймнің 48-бос шақырылды. Ұлы жиын рәсуаға ұшырады. Шетелдің ақшасына сатылған бір шляхтич арқылы жат жұрт жат ойын жүзеге асыра алды. Польша билігіне кездейсоқ адамдар осы халыққа қатысы жоқ бейотан, бейтаныс жандар келді. Көңілі бөлек кездейсоқ жандар кесімсіз келіп, көңілсіз кетіп жатты. 1574 жылы Генрих Валуа Краковтан түнде, өзін сайлаушыларын таңғалдыра қашып кетті. Батыс-орыс тарихшылары айтып жүргендей Польшаға Түркия шабуыл жасаған жоқ. Еуропаны түріктер езіп-жаншыды деген миф, негізгі әңгімені ары әкету, шырға шақ салу, адастыру болатын. Жалған Дмитрийді дүниеге әкелген Речь Посполитая ісін ұмытпаған Ресей Украинаның азат ұлы Мазепаны құрта отырып, ақшаның, сатқындықтың көрінісі Богдан Хмельницкийдің күшімен Украинаны бөліп әкетті. Белорусьяны бауырына алды. Польшаға қарсы Еуропаның жаңа күші, жас перісі шведтер аттанды. 1661 жылы үштен бірі қырылған поляктар Олив келісімшартына бұған дейін болмаған контрибуциямен Польша өзіне пайдасыз түрде қол қойды. 1668 жылы тағы да тізерлей тұрып, жерінің мол бөлігін бере отырып Ресеймен «мәңгілік бейбітшілікке» келісті екі халықтың сорына орай әсіресе поляктар қасіретіне озбыр мінез, тарпаң туыс Орыс мемлекеті Польшаға көңіл беріп, жүрек мұзын жібіткен емес. Оған Наполеонды қайтарған ІІ Александр ісі, бірінші жаһан соғысындағы қырылған поляктар, екінші жаһан соғысындағы ұлт зиялыларынан айырылған Кеңес өкіметі Польшаның бар жақсысы қанына қол жуған кезде істің жайы белгілі болған. Кеше 2010 жылы Лев Качиньски басқарған Польша өкіметі бүтіндей қырылып қалғанда да осыған көз жетті. Польшаны жаулап алған «еуропалықтар» қылыштың ұшын тәнге, әдебиетін жанға күштеп енгізді.
1594 жылы «Энеида», 1614 жылы Вергелийдің «Георгиниі», 1618 жылы Тассоның «Азат етілген Иерусалимі», 1638 жылы Овидийдің «Метаморфозасы» поляк тіліне аударылды. Осы тізім ішіне Сенеканың «Ипполитасы», Корнелдің «Сидасы», Лукиан мен Расин шығармалары енді. Польша әдебиетінде бұған дейін болмаған құбылыс көрінді. Қазақ әдебиетіндегі Ш.Уәлиханов, С.Ерубаев, О.Сүлейменов секілді таза латын тілінде жазатын Сарбевский бастаған бір топ бабы басқа бағыт, бағыты бөлек поляк деп аталатын бөгде жолды таңдаған жандар жалау тікті, желкен көтерді. 1627 жылы католик шіркеуіне жақпаған жаулаушылар ұнатпаған кітаптар жұрт алдында поляк тілді шығармалар өртелді. Бұған дейін адамдар өртеген батыс, енді ой өзегі әдеби туындыларды отқа жақты. Фашистердің осы әдеті кеше, яғни 2010 жылы Америкада қасиетті Алла кітабы Құранды отқа жағумен жалғасуда. Ақын және баспагер Ян Гербурт «Қазір иезуит ақыл береді, иезуит соттайды, қол шоқпарлар арқылы басқарады, соған қарамастан, қулықпен, арамдықпен көрінбей, ақымақ істерге кіріспейді» деп күңірене жазды. (Людвич Кондратович. История польской литературы. Том ІІ, Москва 1862. 363-364-беттер). Ештемеге қарамастан, бар шығармасын тек поляк тілінде жазуға тырысқан ақындар шыға бастады. Бұлардың ірісі Я.Кохановский болды (1530-84) «Пслалмов Давида», «Песнях», «Фрашнах», «Тренах» секілді туындылар әр халықтың өз поэзиясы болу керек деген Рей пікіріне қосылған жауап секілді болды. Осы бағытта жазған М.Семп-Шажальский (1550-1581), С.Кленович (1545-1602). Ш.Шимоновичтер поляк тілінің ұлылығын, мөлдірлігін, байлығын мадақтады. Тек латын тілі ғана емес, поляк тілінде де шырайлы шедевр тудыруға болатынын танытты. Аталған жандар төл тілі мен таңылған жат тілі арасындағы сөз майданы бодандық әдебиеттің күрес шыңы десек болады. Қос тіл шын шайқас, ақтық күресте ұлттың барын, нәрін, сәнін ортаға, сорпаға салады. Бұл ұлы ұрыста тең түсу жоқ, кем түсу бар. Төл тілі, әдебиеті жығылған жұрттың болашақ теңізіне желкен жаюы мүмкін емес. Осы текетірес тек ақындар жарысы, табысы емес, ақылдар жарысы деуге болады.
Поляк бодандық әдебиетінің ірі өкілі қарсылықты бағыттағы ақыны Адам Мицкеевич болды (1798-1855). Студенттердің құпия қоғамына мүше болғаны үшін А.Мицкеевич 1824-1829 жылдар арасында Ресейге жер аударылды. Кәрі қатал Ресей үшін өзіне қарсыларды Сібірге, Ресейге жер аударту негізгі жазаның бірі болды. Есесіне, Янушкеевич секілді көңілі жүйрік, көзі ояу поляк ұлдары қазақ жұрты, Құнанбай секілді тұлғаларға табына қарап, тарих бетіне қазақ халқы бейнесін қашап кетті. «Орыс достарға» атты күштеп жазылған, тістеп айтылған шығармаларға, А.С.Пушкиннің паң, тәкаппар «Ол біздің арамызда болды» жазылған өлеңіне қарамастан ақын Ресейді қабылдамады. 1826 жылы дүниеге келген «Қырым сонетасы» алыстағы Отанға деген сағынышқа толы, көз жасы көл, көңілі шер шайыр жанынан зар төкті. 1828 жылы параққа түскен «Конрад Валленрод» поэмасы саяси астарға, азаттыққа ұмтылған идеяға толы болды. 1929 жылы Ресейден аттанып 1930-31 жылдардағы поляктар көтерілісінің жеңілгенін көрген ақын Францияға қоныс аударады. Николай І-ге қарсы жазылған «Редут Ордана» поэмасы арқылы А.Мицкеевичтің әдебиеттегі жаңа кезеңі басталады. Қалған өмірінің бәрінде ол орыс экономикасына қарсылығын қылыш тілмен танытып, бар ғұмырын осы жолда сарп етеді. 1832 жылы шыққан «Дзедовтың» 3-бөлімі, 1834 жылы «Пан Тадеуш» осы сөзімізге айғақ. А.Мицкеевичтің соңынан А.Мальчевский, С.Госцинский, Ю.Б.Залесский секілді «украин мектебі» деп аталар ақындар тарихтағы өз орындарын сайлады. Кейіндері поляк әдебиеті көгіне Ю.Словецкий, Г.Сенкеевич секілді ірі жазушылар бой көтерді. Бодандық жұрттың бота көзден аққан бұршақ жасын Ю.Словецкий (1809-1849) қанды сиямен қағаз бетіне түсірді. «Қорланғандар әкесі», «Швейцар чеда», «Шығысқа саяхат» секілді туындылар езілген елдің өмірінен хабар берді. Осылардың ішінде бүгінге дейінгі орыс рухы қабылдамас, жиренішпен тәрк еткен Украинаның өр ұлы, ер мінез, азаттық алауы Мазепа туралы баяндалған «Мазепа» трагедиясы шоқтығы биік, туы заңғар шығарма болды.
Поляк қаламгерлері шетелге кеткен, орыс бұғауына бой ұсынбаған жандар жайлы да жазды. М.Конопницкая (1842-1910) «Бразилиядағы пан Б.Бальцер» атты эпикалық поэмасы тілімізге тиек. Өкінішке қарай, Кеңестік дәуірде шетке кеткен 2 миллион қазақ туралы кеңес жазушылары жақ ашпады. Классик С.Мұқанов «Өмір мектептерінде» М.Шоқай туралы келеке етіп жазды. Э.Ожешко (1841-1910) өз роман, повестерінде белорусь жеріндегі еврейлердің ауыр өмірі жайлы «Мейр Эзофович» (1887) айтты. Б.Грус (1847-1912) «Форпост» (1885) романында поляк шаруаларының жерін жаулап алған неміс басқыншылығы туралы ашына суреттеді. Осы кезеңде ірі суреткер Г.Сенкеевичтің (1846-1916) жұлдызы туды. «Көмір сызбалар», «Нан үшін» секілді өз жерінде және шетте жүрген поляк ұлдары жайында еңбектері ел назарын аударды. Бодандық елдің тақырыбы тар, аясы аз болғандықтан келмес күндерге қазақтың І.Есенберлині секілді тарих қойнауына құлаш ұрды.

«Отпен және қылышпен», «Топан су», «Пан Володчевский» сынды іргелі шығармаларда 17 ғасырдың екінші жартысындағы рыцарлы-шляхталы, Польша елі туралы сұлу сағынышпен, мол махаббатпен, әсем әспеттеумен жазды. Шын қалам иесі, шебер суретшінің өткен күнге қарайлаудан басқа қайраны жоқ еді. Мағжанша айтсақ:
Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой,
Ерлері ертегінің өрт еді ғой.
Дәл осындай жай Г.Сенкеевичтің басында да болатын. Романтикалық тін, асқақ рух «Крестшілер» (1897-1900), «Камо грядеши» сияқты туындыларында да көрініс болды. Өкінішке қарай, ХХ ғасыр басында Польша әдебиеті көп ағымды болғанымен, негізгі сара жол ұлт әдебиеті соқпағынан адасып қалды. Бұл басқа әңгіме. Болғар, венгр әдебиеттері Батыс Еуропа елдерінің тепкісін көрді. «Үрейлі сот туралы сөзі» 17 ғасырда көшірілген Ионн Даласкиннің (673-777) еңбегі тіпті де төл нұсқа емес болатын. Бұлғар, мажар, сербтерге ат басын тіреген түріктер константинопольдік патриархтың өтінішімен Еуропада пайда болды. Бұлғарлар «фанарлоттар» деп жек көре атаған константинопольдік православтар бәле басы, өрт ордасы еді. Ел адастырған аңыз басы осылай туған. Бұлғарлар есін өте кеш жиды. Бұлғар әдебиеті түркітектес әдебиет ішіндегі күрмегі көп, жұмбағы зор тарихқа толы. Бұлғар оянуының негізін салушы Пайсий Хилендарский (1722-1798) болды. Бұлғарлар славян емес еді. Пайсийдің 1762 жылы жазылған «Славян-бұлғар тарихы» екі елдің қосылмас қосынның шежіресінен сыр шертеді. КСРО-ның ғылым академиясында 1954 жылы жарық көрген «Бұлғария тарихының» І томында «Біздің халықтың саяси және рухани құлдығы қапасында ол ұлт оянуының алғашқы ұшқынын тастады. Бұлғарлар ұлт есебінде оянды, ес жиды, ер жетті» делінген. Сафоний Врачанскийдің (1739-1814) «Кириакодронион сиречь Недельнигі» (1806) алғашқы бұлғар тіліндегі еңбек деп аталғанымен, бұл шіркеу тіліндегі, христиандық ұғым айнасы болды. 19 ғасырдың 30 жылдарында бұлғар ақындары Д.Польский, К.Огнянович, А.Кипиловский, Г.Пешанов әдебиетке араласты. Бұлғар әдебиеті – христиан-еуропа боранында бағзыдан бағытын жоғалтқан, трагедияға толы әдебиет. Бұлғар әлемі бүгінгі демократияшыл Еуропаның қанды жолының шаңына көмілген қаралы тасы, үнсіз мола, өлген рух, сөнген шамы.
Еуропаның тағы бір бодандық әдебиеті мол өкілі венгрлер. Батыс зерттеушілері венгрлердің мемлекеттік тілі латын тілі болды дегенмен (қазақ тілімен тең орыс тілі біздің тарихымызды талдаған ұрпаққа басқаша жету мүмкін) салттық-жоралық әндер, венгрлердің шабуылы жөніндегі жырлар өз тілінде (қарлұқ бұтағымен туыс) болды.
«Геста хунгарорум» (1200 ж. шамасында) жарық көріп еуропалық зерттеушілер Анонимус деп атағанмен (бүркеншек) бұл түркілік туынды еді. Кейінгілер оны мүлде өзгертіп, бет-бейнесін бояп тастады. Бұл кейінгі Еуропада «рыцарлық әдебиеттің» бастауы болған ұлы шығарма болатын. Кейінгі жылнамашы Шимона Кезай (1284 жылдар шамасында) венгрлер ғұндар екенін баса, сендіре айтты. Өкінішке қарай, өтірікке толы батыс тарихы аталған еңбектердің өзегін өзгертіп жіберді. Венгрлерді тас-талқан етіп, әдебиетін ұлт әлемін аяққа орап шылғау жасаған австралиялықтар Габсбургтер әулеті, империясы болды. Еуропа кресшілер деп атаған шындығында «күресшілер», яғни «куруцтар» (күрес, куряш сөзі мадиярларда әлі бар) поэзиясы венгр тәңіршілерін өз жолына, ұлт еркіндігіне шақырды. Олар католик дініне қарсы шықты. Миколаша Зрини, Гадриэл Батори, Бетлендер «тенгр» құдайына табынуға үндеді. Сондықтан да орыс тіліне аударылған жырларында Шахдор Петефи: «Богом венгров поклянемся не всегда – никогда не быть рабами, никогда!» дейді. Белгісіз куруцтік ақын «Мадьяр! Австралиялыққа сенбе!» деп күмәнсіз күреске шақырады. Венгр әдебиетін жарға жығар, жалауын көтертпес бағыт «гуманистік» болды. Латын тіліндегі әдебиетті, яғни католиктік ілімді ұлықтаған кезең Италиядан білім алған король Матьяш Хуньяда (1440-90) болды. Католик дінімен уланған Янош Витез (1408-72), Янус Паннониус (1434-72), Андраш Хорбат, Гашпар Хельтай, Петер Барнемиссалар болды.
Еуропа тарихшылары айтқандай, венгрлер 1526 жылы Мохачта жеңілгеннен соң түркі экспансиясы басталады десе де, 16 ғасырда венгрлердің өз тілі қалыптасты, туыстас түріктер венгрлердің өз тілінің қалуына мүдделі болды. Түріктер екі жаққа да түсінікті тілді мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерді. Демек, түрік шабуылы қатыгез, езгішіл Еуропаға прогрестік құндылықтар әкелді. М.Бетленнің «Түркиядан жазылған хаттар» еңбегінде түпнұсқаны оқыған жан осыны түсінеді. 1653 жылы Я.Апацай Чери (1625-59) алғаш венгр тілінде Венгр энциклопедиясын жасады. Демек, бодандық әдебиеттік ұлттық айырмашылықтары болғанымен, ортақ сипаты әдебиет өкілдерінің екінші дәрежелі немесе төменгі ұлт дәрежесінде болады. Мемлекет тәуелсіз болмай, әдебиет тәуелсіз болмайды.

Серік Елікбай

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.11.2023 | 00:45

Европаны жек көріп жазу совет үкіметінен қалған әдет деп айтуға болады. Қонақ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір