ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНЕН ТАМЫР ТАРТАДЫ
11.11.2025
187
0

Белгілі жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз Mecenat.kz байқауының жүлдегері Сәуле Досжан жуырда Түркі дүниесі Балалар әдебиеті сыйлығын алып, оқырман қауымды қуантқан болатын. Жазушымен осы сыйлық жөнінде, әдебиет төңірегінде әңгімелескен едік. Сонымен қатар тәуелсіз Mecenat.kz байқауы аясындағы дөңгелек үстелде 3-маусымда жеңіске жеткен жазушының «Өмір бәйтерегі» романын талқылау пікірлерінен үзіндіні оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Әпке, Түркі дүниесі Балалар әдебиеті сыйлығына ие болғаныңыз құтты болсын! Бұл балалар әдебиетінің де, соның ішінде қазақ балалар әдебиетінің де мерейлі сәті. Осын­дай қуаныш қарсаңында қандай сезімде болдыңыз?
– Әрине өте қуанышты болдым, әлі де қуанып жүрмін. «Қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті кенжелеп қалды» деп жиі айтылды ғой бұған дейін. Қазір Қазақстан Жазушылар одағы да балалар әдебиетіне толықтай көңіл бөлуде. Одаққа қарасты Балалар әдебиеті кеңесі де жақсы жұмыс істеп, нәтижелі істер атқаруда. Бертінге дейін Кеңесті басқарған Нұрдәулет Ақыш ағамыз, осы жылы Кеңес төрағалығын қолға алған жас жазушы Елдос Тоқтарбай көптеген жоспар құрып, осы саланың дамуына аянбай еңбек етуде. Елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде қазақ балалар әдебиетінің мойындалып, бағаланып жатқаны мені шын қуантады.
– Бұл сыйлыққа ие болатыныңызды естігенде қандай күйде болдыңыз? Жалпы, осынау әдеби сыйлық тағы кімдерге табысталды?
– Мен бір жыл бұрын ТҮРКСОЙ-дың «Түркі мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін» атты сыйлығын алып едім ғой. Медалін, Құттықтау қағазын Жазушылар одағында ұйым төрағасы Мұрат Раев мырза келіп табыстады. Түрік ағайындар тарапынан тағы да осындай әдеби сыйлық иегері болам деп ойламаған едім. Естігенімде таң-тамаша болдым. Түркі дүниесі Балалар әдебиеті сыйлығының ерекшелігі, бұл – мемлекеттік дәрежедегі Түрік тілі қоғамының жылына алты мемлекеттің бір-бір жазушысына беретін сыйлығы. Халық «марапаттың қаржысы бар ма екен?» деп сұрап жатады ғой, иә, 3000 доллар жүлдесі бар. Ең негізгісі, бұл сыйлық иегерінің жинағының, яғни автор өзі айтқан кітаптың алты тілге аударылып, кеңінен таралуына мүмкіндік туғызады. Осы сыйлықты өткен жылы бізден белгілі жазушы Дәурен Қуат алған екен.
– Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінде «Ауылдан шыққан миллионер» кітабыңыздың түрік тіліндегі басылымының таныстырылымы өткені де әдебиетіміз үшін зор қуаныш. Туындыны түрік тіліне кім тәржімалады? Аударма барысы қалай жүрді?
– Иә, осы кітабымның таныстырылымы өтті. «Ауылдан шыққан миллионер» кітабымды ТМД елдерінің барлық тіліне аударылды деуге болады, тіпті якут тіліне де тәржімаланды. Балалар да жақсы қабылдады осы шығармамды. Марапатты да балалар әдебие­тінен алып отырмын. Жеті роман жаздым дегеніммен, жазушы ретінде атымды балалар әдебиеті шығарды.
«Ауылдан шыққан миллионер» кітабын «TURKTAV» қорының мұрындығымен түрік тіліне Құдыс Шолпан деген кісі тәр­жімалады. Түркиядағы түрік тілін жетік білетін қадірлі аудармашылардың бірі екен. Кітапты баспадан шығарып, ҚР-ның Түркия мемлекетіндегі Елшілігі арқылы тұсаукесерін ұйымдастырған да сол «TURKTAV» қоры. Айтулы ғалымдар мен үлкен университеттердің ректорлары, жетекшілері қатысты. Романның оқырмандар үшін қандай маңыздылығы бар екенін талқылап, таразылаған тұсаукесер рәсімі жоғары деңгейде өтті.
– Осы орайда, еліміздегі балалар әдебиеті­нің бүгінгі ахуалы туралы не айтар едіңіз? Түр­кия елінде бұл сала қалай жолға қойылған екен?
– Айтып өткенімідей, бізде қазір балалар әдебиеті өркендеп келеді. Бұрынғыдай емес. Ең бастысы, тарихта ешқашан болмаған балалар әдебиетінің 2 томдық таңдамалысы жарық көрді. Нұрдәулет Ақыш ағамыз әр автордың өмірбаяны мен шығармашылық еңбектерін түгендеп, 2 томдық анталогия құрастырды. Қазір өзі барлығы балалар әдебиетіне құмар болып алды ғой. Бірақ балалар әдебиетіне жазу қандай ауыр екенін екінің бірі біле бермесе керек. Өзім түрлі жанрда қалам тербеп жүрмін десем де, соның ішінде ең қиыны – балалар қызығып оқиытындай туынды жазу. Балалар әдебиетіне жазу үшін сенің баладай жан дүниең, жүрегің болуы керек. Баладай кіршіксіз бола алуың керек. Балалардың көңіл ауанын тереңнен түйсінгенде барып осы салада қаламың еркін жүреді. Мен осы балалар әдебиетіне жазып бастағалы дүние күйіп кетсе де артық нәрсені ойламай, шығарманы ғана ойлайтын сәттер жиі болады.
Бүгінгі күнде балалар әдебиетіне олжа салып жүргендер қатарында Кеңес төрағасы Елдос Тоқтарбай, жақында жеті кітабы жарық көріп, соның екеуі балаларға арналған Әлібек Байбол бар, Нұрдәулет Ақыш ағамыз да өндіре жазды. Толымбек Әлімбекұлының, Қанат Қайымның шығармалары оқылымды. Ділдәр Мамырбаева кереметтей фантастикалық шығармалар жазып жүр. Балалар әдебиеті бойынша өлең жазатын ақындар қатары да көп.
Балалар әдебиеті бойынша Мұзафар Әлімбаев ағамыздан кейін, арада алпыс жылдан астам уақыт өтіпті, ешкім Мемлекеттік сыйлық алған жоқ. Әдебиетіміздегі ескеріле бермейтін сала болды ғой бұған дейін. Мен, мысалы, «Ауылдан шыққан миллионерді» қалай жаздым?.. Армандап жүріп жаздым. Ұзақ жыл армандадым. «Менің атым Қожадан» кейін 50 жылдан кейін жарық көрді бұл романым. «Шіркін-ай, Бердібек ағам сияқты елдің бәрі оқитын кітабым болса, мектепте балалар қолдан қолға өткізіп, таласа оқып, тіпті киносын көріп жатса» деп армандайтын едім. Құдайға шүкір деймін, «Қазақстан» ұлт­тық арнасы «Ауылдан шыққан миллионердің» желісімен кино түсіреміз деп жоспарлап отыр. Кітап қазақ елінде ғана емес, өзге елдерде де таралуда. Қырғыз елі үш-төрт рет баспадан қайта шығарды. Әзербайжан, якут, орыс тілдерінде шықты. Құдай сол тілегімді берді деп ойлаймын.
Түркия елі балалар әдебиетіне айрықша назар аударатыны осы сыйлықтың дәрежесінен де көрініп тұр. «Ататүрік» тіл орталығында «Әдебиет балалар әдебиетінен басталады» деген ұстаным, қағида бар екен. Бізде де мемлекеттік тілімізді дамыту үшін алдымен, балалар әдебиетін дамыту қажет. Балабақшадан бастап балалардың тілін жат­тықтыруда балалар әдебиетінің маңызы орасан. Түркияда осы мүдде қатты қорғалғанын көріп айрықша сезімде болдым. Ататүріктің атымен аталатын тіл орталығы ғимаратының өзі қандай керемет! Ұлттық мүдде, ұлттық тіл, ұлттық құндылық балалар әдебиетінен тамыр тартады.
– Жазуға, кітапқа деген қызығушылы­ғы­ңыз қай кезден бастау алды?
– Жазуға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында, 13-14 жасымда басталды. «Қазақстан пионері», облыстық «Жетісу», аудандық «Іле аңғарында» деген газеттерге мақала жазатынмын. Өлеңдерім шығып тұратын. «Жетісу» газетінде «Әдебиет және мәдениет» бөлімін басқарған Нүкеш Бәдіғұлов деген кісі шығарған ең алғашқы бір топ өлеңімді. «Ой, сен жақсы ақын боласың», – деп қанаттандыратын еді. Ал «Мылқаудың мұңы» атты алғашқы әңгімемді Жұмабай Шаштайұлы аға «Қазақ әдебиетіне» басты. Бұл басылымға шығу – үлкен мәртебе. Сонда Әбіш Кекілбайұлы аға Парламентте кездесіп қалғанымызда: «Сәуле, сенің «Қазақ әдебиетінің» өткен санында шыққан әңгімеңді оқыдым. Өлең жазғандай төгілдіріп жазған екенсің. Жақсы жазушы болайын деп тұрсың», – деген еді. Сонымен қатар «Жұлдыз» журналына алғаш шыққаным есімде. Тұрысбек Сәукетаев ағаға повесімді ұсынғанмын. Ол кісі журналға роман деп бастырыпты. Көріп шошып кеттім де: «Аға, неге роман деп бастыңыз, ол повесть еді ғой. Әйел роман жазды деп жұрт ренжиді ғой», – деп Тұрысбек ағаға телефон шалдым бірден. Мен қорқып кеттім шынымды айтсам. Бізде, қазақ әдебиетінде әйелдер қауымын онша мойындай бермейді ғой. «Әйел роман жазыпты» деп көпшілік түсінбей қала ма деген түсінік еді. Тұрысбек аға: «Неге ренжиді? Ол қазақтың жүз жылдық тарихын көтеріп тұрған шығарма ғой. Мен роман деп бердім, романның жүгін арқалаған», – дегенде көңілім сабасына түскендей болды.
– Сіз үшін поэзия мен прозаның парқы неде?
– Поэзия мен проза мен үшін егіз балаларым сияқты. Екеуін де өте жақсы көрем. Екеуінен де байланысымды үзгім келмейді. Қазір менде прозаның салмағы басым болып кетті. Аға буынның барлығы дерлік поэзиядан бастап, уақыт өте прозаға бет бұрған ғой. Дегенмен кейде өлең өзі туатыны бар, сондайда өлең жазам. Жалпы, мен поэзияда да, прозада да өзімді күштеп жазбаймын. Өзі бір құдірет санаңа салады, жүрекке келеді
– Заман ағымын тап басатын туындылармен бірге, тарихи шындыққа құрылған, ұлттың жанды жерінің, жан жарасының ақиқатын ашатындай тақырыптарға қалам тарттыңыз. Семей полигонының шырылдаған шындығын көркем тілмен кестеледіңіз. «Қасірет пен тағдыр», жалғасы «Үзілмеген үміт» туындыларыңызды жергілікті тұрғындардың дәйегімен жазған екенсіз. Сонда сізге ерекше әсер еткен, сонымен қатар шығарма арнасына сыймай қалған оқиғалар бар ма?
– Иә, мен әуелгіде «Қасірет пен тағдырды» жазғанмын. Оны жергілікті халық оқып, келесі бір кітаптың жазылуына өз­дері ықпал етті. Бірақ сол тұста Семей өңірінің халқы кездесуге шақырғанда қатты толқыдым. Абайдың, Мұхтардың еліне роман жазып едім деп бару оңай емес. «Қалай қабылдайды екен? Неге шақырды екен?» деген сұрақтар тұрды көкейімде. Әйтсе де, жұртшылық жылы қабылдап: «Біз саған көрген, білгенімізді айтып береміз, деректерді тауып береміз, ары қарай жаз», – деп көңілдеріндегісін айтты. Осылайша, сөйлесе жүріп, электронды байланыс арқылы байланыса жүріп «Үзілмеген үміт» өмірге келді.
Әрине, шығарма арнасына сыймай қалған оқиғалар бар. Олар мүмкін басқа бір шығармаларға арқау болатын шығар.
– «Роман жазу үшін Дүкенбай Досжанов секілді үлкен жазушының лабораториясына өту керек» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Әдебиет туралы әңгіме болып отырған соң, 27 жыл отандасқан жарыңыз, қазақтың көрнекті жазушысы Дүкенбай Досжан ағаның жазу машығы туралы айтып берсеңіз?
– Мен Дүкеңмен 27 жыл отасып, бірге тұрдым, ол кісі өмірден өткен соң 4 жыл осы әулеттің отының басында отырдым. Әлі күнге дейін мен сол кісінің артында қалған насихатшысымын, былай айтқанда, шырақшысымын. Жазушының бүкіл еңбектерін қайта шығарып, барлық тіршілігін атқарып жүрмін дей аламын. Осы уақытқа дейін Алматыда, Астанада жазушы атындағы музейлер аштым. Алматы, Астана, Қызылорда, Шымкент қалаларында Дүкенбай Досжан атындағы көшелер алдық. Қызылорда университетінде электрондық кабинет, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аудитория аштық.
Дүкеңмен алғаш жүздескен шақта «Жазу­шы» баспасында корректор болатын­мын. Сол тұстан бастап ол кісінің шығармаларының корректурасымен айналыстым. Қалай жазады? Қалай ойланады? Жазу барысында не істейді? Соның бәрін көріп жүріп, ол кісінің лабораториясынан өттім.
Дүкең – мықты жазушы, 11 роман, 26 повесть жазған қарымды қаламгер. Әттең, осы тұста айта кеткім келетін бір нәрсе бар. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Құрмет, Парасат ордендерінің иегері, қазақ әдебие­тіне көрнекті туындылар жазып қалдырған көрнекті жазушының туындысын «Үздік 100 кітаптың» ішіне кіргізбегеніне ренішім бар. Дүкеңнің тұстастары екен осы санатқа кіргендердің көбі. Кейінгі жастар да бар. Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Дүкенбай Досжанды жүз жазушының қатарына кіргізбегені жаныма батты. Көзі тірісінде: «Мен 80 жазушының қатарына кірмей қалсам, не болғаным» деп Жазушылар одағында төбелес шығарған адам кезінде. Басқарма мүшелерінің құрамына кірмей қалғаны үшін ренжіген, «Менің еңбегімді неге бағаламайсыңдар?!» деп. Ол Кеңес олағының тұсы еді. Ал енді, тәуелсіз Қазақстанның 100 жазушысының құрамына кейбіреулердің шеттетуімен кірмей қалуы әділетсіздік. Көпшілік менен: «Неге жоғары жаққа жазбадың, айтпадың?» деп сұрайды. Айтқанда, қайтем? Оны тыңдайтын кім бар? Сол тізімге Д.Досжанның мына кітабы, мына кітабы енуі керек деп көп адамның ұсынғанын көрдім желілерден, басылым беттерінен. Бірақ оны шеттетті. Ескермеді емес, әдейі шеттетті деп есептеймін.
– Осы жылы ҚазҰУ-да Дүкенбай Досжан атындағы ғылыми-шығармашылық орталығының ашылғаны қаламгер қауымға аян. Әрі бұл филология факультетінде жазушы атында ашылған алғашқы аудитория екен. Осы аудиторияның ерекшелігі неде?
– Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевқа көп рақмет! Мен осындай кабинет ашайықшы, барлық керек-жарағын өзіміз көтереміз деп ұсыныс айтқанымда, бірден мақұлдады. Он миллион қаражатқа аштық. Толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздармен толықтырып, интерактивті тақталар орнатып, суретшілерге Дүкеңнің портреттерін салғызып, аудитория қабырғасына ілгіздік. Ғалымдар облыстармен еркін байланысып, еркін жұмыс істейтіндей құрылғылар орнаттық барлық үстелге. Осындай жан-жақты жабдықталған кереметтей аудиторияның ашылу рәсімін көктемде өткіздік. Филология факультетінің деканы атақты ғалымымыз Өмірбек Жолдасбековтің қызы Баян Өмірбекқызына рақмет! Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ағамыз өзі арнайы келіп ашты. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов келіп тұсауын кесті. Ғалымдар қатысты. Көз көргеннің аты – көз көрген. Шығармашылықты бағалайтын адамдар. Қазақ әдебиетін бағалау деп санаймын бұны.
Бұрынырақта жастар, жас ақын, жазушылар Мұхтар Әуезов, Зейнолла Қабдоловтардың, ірі қаламгерлердің лекциясын тыңдауға жиналып, жырларын оқып дуылдап жататын осы қара шаңырақта. Дүкенбай Досжан атындағы сондай бір аудитория болсыншы деген мақсат болды бізде.
– Балалар әдебиеті бағытында да өндіре жазып жүрсіз. Романдарыңыздан бөлек, әңгіме, повестеріңізді де оқи отырып, қандай тақырыпты қозғасаңыз да, тосырқамай, тап басып жазатыныңызды аңғарамыз. Жазушы бақыты неде деп есептейсіз?
– Жазушы бақытының ең үлкені оқырманның іздеп оқуында. Мен қазір өзімді бақытты жаушымын деп санаймын. Себебі мені іздеп оқитын оқырман бар, жылына еліміздегі, шетелдегі баспалардан жеті, сегіз кітабым оқырманға жол тартады. Жапонияда, Германияда басылды кітаптарым. «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» Америкада, Чикагода үлкен баспадан шыққалы жатыр. Ірі ғалымдар арнайы келіп кітаппен танысып, Чикагодағы университетте конференция өткізген болатын осы жинақтар жөнінде.
Жазған дүниелерімді баспалар сұрап шығарып тұрса, қаламақымды алып жатсам, жазушыға одан өзге бақыт бар ма?.. Шынын айту керек, жақсы жазған адамның еңбегі бағаланатын уақытқа келіп жеттік.
– Жазудан қол үзбеу үшін қандай тәртіп болғаны жөн?
– Жазудан қол үзбеу үшін темірдей тәртіп керек. Мен Парламентте қызметте жүрген кезімнің өзінде барлық сенбі, жексенбімді, меркелік демалыстарды, жылдық еңбек демалысымды тек жазуға арнайтынмын. Оны мен Дүкеңнен үйренгенмін. Ол кісіде демалу деген болмайтын. Әйел адам болсам да, жұмысымнан бөлек, отбасыма да, бала-шағама да жағдай жасап жүріп, жазуға да уақыт табуға тырысатынмын. Ал қызмет барысынан зейнетке шыққалы бері өзіме арнайы график қалыптастырғанмын. Таңғы асымды ішіп, далада жүріп келгеннен кейін жазумен айналысам. Түске дейін жазу жұмыстарымен отырам, арасында кітап оқимын. Жазу үшін көп оқу керек, халықпен көп араласу қажет. Түскі уақытта үй тіршілігіне, отбасыма көңіл бөліп, кешке таман қайта жазуға отырам. Уақытымның денін ізденіске арнаймын.
– Алда қандай кейіпкерлер мен образдарды бейнелегіңіз келеді?
— «Freedom Шапағат» корпоративік қоры қазақ әдебиеті өркендесін деп «Mecenat.kz» сыйлығын тағайындады. Ерлан Асқарбек он сегіз жыл әр банк құрылтайшыларымен сөйлесе жүріп, нәтижесінде осы қормен бірлесе жүлдегер жазушы өмір бойы алып тұратын премия сайлады. «Өмір бәйтерегі» шығармаммен осы байқаудың үшінші жүлдегері болдым. Бұл туындыға қазақтың асыл ғұрыптары, ген тазалығы арқау болған.
Ендігі туындыларымда мені ойландырып жүрген тақырыптардың бірі әйел тағдыры туралы жазғым келеді.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

АДАМ ЖАНЫНЫҢ ІШКІ ДРАМАСЫНА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Жазушы Сәуле Досжан «Өмір бәйтерегі» романында қазақ прозасына тән дәстүрлі баяндау тәсілдерінен бөлек, жаңа форма мен ізденістерге барған. Ол романның өн бойына басты кейіпкері – Нұржанның некесіз өмірге келуін, оның әлеуметтік ортада түрлі психологиялық қиындықтарды көре жүріп, азамат ретінде өсу жолдарын арқау еткен. Романдағы басты идея – өмірдің мәні, уақыттың өткіншілігі және адамның рухани өсуі. Автор кейіпкерлерінің ішкі әлемін аша отырып, «адам не үшін өмір сүреді?», «өмірдің түпкі мәні неде?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Бұл ізденістер экзистенциалдық бағыттағы ойлармен астасып жатыр.
Романның басты символы – бәйтерек образы. Ол адам өмірінің жалғастығын, ұрпақ сабақтастығын және рухтың мәңгілік екенін бейнелейді. Бұл бейне дәстүрлі фольклорлық мағынада ғана емес, Философиялық-экзистенциалдық деңгейде жаңаша қолданылған. Осы арқылы жазушы ұлттық символиканы сақтай отырып, қазіргі әлем әдебиетіне тән символизм тәсілін қазақ прозасына енгізген. Роман оқырманды сыртқы оқиғадан гөрі адам жанының ішкі драмасына жетелейді. Мұндай тәсіл қазіргі қазақ әдебие­тінде жиі қолданыла бастағанымен, әйел жазушының жазуында ерекше нәзіктік пен эмоциялық қуатқа ие. Романның өн бойынан тың теңеулерді жиі кездестіруге болады. Сөзім жалаң болмас үшін романнан бірнеше үзінділер келтіре кетейін: «Жаңа ғана денесін тіп-тік ұстап отырған азамат белінен біреу періп қалғандай көз алдында сылқ етті»; «…қуысқа тығылған қояндай күйі қалды» (Мөлдір туралы); «Жанының әлсіз тұсынан оқ тиген жігіт»; «Бұрын томпайып тұратын ерні жіптей тартылды, бояуы қашып, ақ шүберектей үлбірейді» т.б.
Романда қазақ қоғамында қазір ұмытыла бастаған түрлі салт-дәстүрлер, ырым-тыйым­дар мен ұлттық ұстанымдар жайлы деректер аз емес. Оның бәрін ауылдан шыққан қазақтар білгенімен, асфальтта өскен қала қазақтары онша білмейтін сияқты. Кейін бұл роман шетел тілдеріне аударылса, басқа ұлттар халқымыздың өзгелерде жоқ ерекшеліктерін терең түсінер деген ойдамын. Мәселен, келіннің табанына тулақ төсеу, «бөрісырғақ», «қыз алып қашу», «ұшықтау», «отқа шақыру», «ұлтабар», т.б. ұғымдарды атауға болады.
Көптің көңілін жаулаған, айтулы әдеби додада бас жүлде алған, тіпті түрік тілінде Түркияда шығып жатқан үлкен туындының авторы осы романын драмалық пьеса немесе телесериал түрінде көпшілік назарына ұсынуы керек. Қазіргі қазақ қоғамы мен жастар мәселесін жан-жақты зерттеп жүргендіктен, рухани құндылықтар мен моральдық дағдарыс мәселелері жөнінде университет, колледж студенттері арасында дәрістер оқуы қажет. Осы романға арқау болған мораль тақырыбын жан-жақты қамтитын публицистикалық ғылыми-танымдық публицистикалық мақалалар циклін жазып, отандық БАҚ, әлеуметтік желілерге жариялағаны жөн деп есептеймін.

Заря ЖҰМАНОВА

ЖҰРНАҒЫ ҚАЛҒАН ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАҢҒЫРТҚАН

Сәуле Досжан – ұлттық дертке айналған һәм тарихтың ұлтқа салған таңбасын әшкере етуімен, оны халықтың өз тілінде жазуымен ерекшеленген қаламгер. Біздіңше, автор бар назарын шығармасының тақырыбы мен идея­сына аударады, кейіпкер психологиясына тереңдеу, оқиға өрбітем деп қызылсөздікке салыну, формалық ізденгіштік кейінгі орында ол үшін. Автор үнемі қоғамның жарасын ашып оған ем іздеуімен, қазіргі заман адамын шынайы бейнелей алуымен жақсы оқылымға ие болып отыр.
«Өмір бәйтерегі» романының алғашқы бетінен-ақ, бұл ұлттық роман екенін түсінесіз, қазақтың өмірге көзқарасын – өмірді тануын, түсінуін бірден оқырманға ұсынуымен ұтымды басталған деп ойлаймын. «Дала төлқұжатына тіркелмеген екенсің» деген сөз оқырманның ішін түйнеп өтеді. Автор бірден кейіпкердің жасырып жүрген ең нәзік жан жарасын ашуымен бастайды. Қазақ танымындағы әкенің рөлі, ізгі ұрпақты аңсау, қыз баланың, әйелдің орны секілді құндылықтарды жоқтайды. Біз Нұржанның әкесін іздейміз деп Мәрзияның өміріне шомамыз. Автор Мәрзия секілді әйел­дердің тағдырын көтерем деп бүкіл қазақ танымындағы жоғалған, жұрнағы қалған құндылықтарды, салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртады. «Көрдемше» сөзін автор әдейі бірнеше жерде атап тұрып айтады. Ақсақалдардың баланың «насыбайын атамыз» деп шақыруы, «жеті атаны сұрау» оқиғасы бұл әрі қазақ салтындағы қағидалар болса, әрі бұл Мәрзия мен ұлы үшін қоғамдық буллинг секілді, яғни қазіргі қоғамдағы көріністер мен ұлттық танымның қайшылығын автор паралель келтіріп отырады. Романның негізгі өзегі – Нұржанның «Өмір бәйтерегін» құрастыруы, отбасылық институттың негізгі тіректерін алға тартуы. Қазақ үшін де сол бәйтеректің тамыры мен бұтақтары маңызды екенін айтады, сонда ғана ұлт болып сақтала аламыз дегенді автор алға тартады.
Роман бірнеше тақырыпты бойына жинақтап, осы заманның сау санасын жұтқан бүкіл ғазауатын кейіпкер арқылы аямай береді. Қыз баланың кәрі қыз атануы, оң жақта отырып бала табуы, ұрпақсыздық, ЭКО арқылы бала сүю, қыздың қашып кетуі, оқушылар арасындағы буллинг, мектептегі қағазбастылық пен бітпейтін жиналыс, Семей полигонының зардабы, этнографиялық-тарихи көріністер мен диалогтар, ұлттық сана мен таным бірегейлігін сақтау, ана мен ұлдың, әке мен қыздың ортасындағы нәзік қарым-қатынастар, ағайын-бауырлар қарым-қатынасы секілді әрбірі бір романға жүк болар тақырыптарды бір роман аясына сыйдырып жіберген. Жалпы, Сәуле Досжан – қазіргі әдебиетте қазақ қалпын сақтау, болмысын сақтау, ұлттық негізді түзеу тақырыбында толғануымен, әке-ана, отбасылық институтты жоқтауымен назарға іліккен, еңбекқор жазушы. Десе де, ұлттың болмысын арқау еткен кейіпкерлердің ішкі дүниесіне тереңдеу, жарасын ашу мен оларға жауап табу секілді ізденістер керек екенін айтқым келеді.
Авторға стратегиялық ұсыныс, «Меценат кз» байқауынан жүлде алған романның өнер кеңістігіндегі түрлі бағытта қайта жазылып, сахнаға шығуына да мүмкіндігі зор деп ойлаймын. Сәуле Досжан романға жаңа тыныс беріп, оны пьесаға айналдырса, жаңадан бой көтеріп келе жатқан театрлар сахнасына қойылары сөзсіз.

Сағадат ОРДАШЕВА

ЗАМАНЫНА САЙ ӨЗЕКТІЛІГІ БАР ТУЫНДЫ

Жалпы, ең бірінші айта кететін жайт – кітапты сатып алдым, ол ­ –жетістік. Кітаптың сатылымы казіргі нарықтық экономика кезінде рөл ойнауы тиіс, жазушы пайда көруі тиіс, оқылмаған кітап сөреде шаң басып жатады. Екіншіден, сатып алынған шығарманы оқып шықтым. Сатып алып қойып, бетін аша алмай жүрген кітаптар жетерлік. Оқырманы жоқ жазушылар да бар.
«Өмір бәйтерегі» романы – заманына сай өзектілігі бар туынды. Автордың стилі оқуға жеңіл, оқиғаның барысы бойынша адамды іліп әкетіп, ой салады. Баяндау стилі оқырманның қызығушылығын оятып, жалғасын оқуға талпындырып отырады. Романның авторы әйел адам екені және мұғалім екені, я болмаса ұстаздыққа қатысы бар адам екені байқалады екен. Стильден және оқиғаның баяндауында білініп тұр.
Романның идеясы жақсы, қазақ қоғамында өзектілігін жоғалтпай келе жатқан ру, тектілік дегендей тақырыптарды қозғайды. Бұл оқиға сол мәселені ашудағы өзгеше бағытталған көзқарас деуге де болады. Алайда бір мәселені айта кету керек, автор ұлтымыздың дәстүріндегі барлық мәселелерді қамтимын деп мәтінді қоюлатып жіберуге аз қалыпты. Жалпы, романның бөлімдерге жіктелген хронологиясы өте жақсы, маған ұнады. Жазушы лейтмотивтік қайталауды жақсы пайдаланған. Шығарманың екі-үш жеріндегі мәтіннің қайталануы орынды болған екен. Бұндай тәсілді пайдаланудың пайдасы оқырман бір оқиғадан екінші оқиғаға ауысқан кезін түсінуді жеңілдетеді.
Автордың романдағы әлемді суреттеуі жақсы ой туғызады. Толық, алайда көркем шығармада документалдық қоспалар болмауы тиіс еді, сол бір жерлері көркемдігіне көлеңке түсіріп отыр. Диалогтар өте жақсы терілген, ол жағы жақсы ойластырылған. Таза қазақтың өміріне тығыз байланған шығарма. Ұлттық ерекшелігі (спецификасы) айдай айқындалған туынды.

Сәкен СОЛТАНАЕВ

ТЕПЕРІШ КӨРГЕН ҰРПАҚ ТАҒДЫРЫ ШЕБЕР БЕЙНЕЛЕНГЕН

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романы қоғамдағы өзекті мәселеге арналған. Дала ұрпағын «жазылмаған қағидамен» тәрбиелеудің өзектілігі көрініс табады.
Романдағы оқиға желісі автордың дара қолтаңбасымен шебер суреттеледі, өмір шындығымен ұштасып, қоғамнан теперіш көріп өскен ұрпақтың тағдыры автордың көркемдік қиялы арқылы жаңа қырынан көрінеді. Романда отбасы құндылығы, ата-ананың баланың тағдырына тигізетін әсері, жетімдік, жалғыздық, ұлттық сана және рухани тамырдан ажырамай өмір сүру қажеттігі Нұржан тағдыры арқылы айқындала түскен. Шығарма қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғай отырып, адам болмысы мен моральдық құндылықтар туралы терең ой салады. «Жеті ата» шежіресі, Жеті ата – Түп ата –Тек ата – Баба – Арғы ата – Ата– Әке ұғымдары, қан тазалығы, ұлттық код мәселелері ұлт болмысымен сабақтастықта қарастырылған. Қазіргі қоғамда белең алып келе жатқан «өзі үшін туып алу» мәселесінің астарындағы ащы шындық ашылған.
Шығарманың тілі жатық, стилі көркем әрі бейнелі. Кейіпкер тағдырын шынайы қабылдай отырып, қызықты оқиға желісімен романның қалай аяқталғанын сезбей қаласың. Терең философиялық астары бар романның берері өте көп. Қазіргі қоғам үшін осындай шығармалардың лайықты бағаланғанын қолдаймын.

Жайна САТКЕНОВА

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ СОНЫ ТАҚЫРЫП, ТОСЫН ИДЕЯ

«Оқиға – қалыпты өмір ағымындағы өзгеріс, санаға сілкініс әкелетін жайт; құбылыстың, әрекеттің өту барысы» десек, «Өмір бәйтерегі» романының оқиғасы оң бағаға әбден лайық. Иә, романның оқиғасы бірегей, қазақ әдебиетінде соны тақырып, тосын идея. Сюжеттік құрылымы қызық әрі тартымды. Кітапта кейіпкерлер мен өрбіген оқиғалардың параллелі ұтымды берілген.
Сюжеттің қозғаушы күші тартыс екені белгілі. Талданып отырған шығармадағы тартыстың негізгі желісі қоғамдық стерео­типтер мен жеке тағдыр арасында қозғалады. Мәрзияның, Нұрғалидың, Мөлдірдің отбасындағы тартыс арналары негізгі идеяға қызмет етіп тұр. Жеткен Бақұлының толғанысы арқылы іштей екі жарылған бір адам: әке мен ғалымның ішкі тартысының суреттелуі де ерекше атап өтуге тұрарлық.
Бүгінгі өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдыруда автор жан-жақты ізденіс танытқан. Әдебиет – қоғам тынысының айнасы. С.Досжан замануи қоғамда әлдеқашан ауқымды проблемаға айналған, алайда көркем шығарма нысанасына алынбай келе жатқан тақырыпты оқиға желісі етіп алған. Романның бірегейлігі осында. Әлеуметтік маңызы, ең алдымен, қазіргі қоғамдағы әйелдің жүгі, әкенің орны, кәрі қыз тағдыры, буллинг сияқты сан-салалы мәселелердің қаламға арқау етілуінде деп ойлаймын. Кейіпкерлер – сонау ықылым замандардағы емес, осы қоғамдағы өз замандастарымыз. Жазушы солардың проблемасын басқаша зерделеп, өзгеше қабылдауға, оның ішкі әлемін түсінуге жетелейді, яғни ойландырады.
Өткен ғасырда Бердібек Соқпақбаевтың «Қожасы» бала мен әкенің арасындағы көзге көрінбейтін, тек жүрекпен ғана сезілетін рухани байланысты шеберлікпен жеткізген болса, осы романнан да сол асыл арна аңғарылып тұр. Шығарманың өн бойын­да мейіріңді қозғайтын, әдеп ұқтыратын және оны әдейілеп оңашаламай, оқиға барысында жымдастырып келтіретін тұстар мол. «Мәрзия жарым көңілін бүтіндеймін деп аласұрып жүріп, ұлымен бірге өсті емес пе! Сол бір түйіріне жалғыздық көрсетпеймін, қатарынан қалдырмаймын деп қанша көшіп-қонды, мектебін ауыстырды, ортасынан алыстатты, аштықты да, тоқтықты да бірге көрді. Өзінің шалалығымен ұлының балалығын ұрлап жатқанын түсінбеді. Солай ерте есейтіп жіберді ме екен?! Бабадан қалған әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді дегені бекер емес екен. Қанша тырмысса да әкесінің орнын толтыра алмады. Өліп қалса да, тіпті ажырасып кетсе де некелі отбасында дүниеге келгеннің өзі бірінші бақыт екен ғой…» – деген жолдарды оқығанда, кімнің де болса есіне өз әкесі  түсері  сөзсіз. Жазушы әкенің қадірін өстіп әдемі әдіспен сездіреді.
Сюжетте оқиғаның динамикасын әлсірететін тұстар да бар: «Жиылыстың басында үш тілді білім беруді енгізу, кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізетін кабинеттер жабдықтау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шарасы деген мәселелерді талқылады». Осындай абзацтар шығармаға деректілік сипат беріп, көркемдігіне нұқсан келтіріп тұр.
Жалпы, жазушы Сәуле Досжанның тілі шұрайлы, көркем әрі оқырманға жақын. Ол ұлттық болмысты, қазақы салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды ерекше сезіммен жеткізеді. Автордың стиліне тән басты ерекшелік – өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғаларды әсерлі тілмен жеткізуі. Сәуле Досжанның баяндау мәнері жеңіл, соған қарамастан, терең мағыналы. «Өмір бәйтерегі» деген атау романға сәтті қойылған. Бәйтерек өсіп-өнген әулеттің символы екені мәлім. Шығарманың мазмұны осы атауды толық ақтап шығады.

Динара АБЫЛАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір