Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: «Сөздің атасы… тірі болсын!»
21.07.2023
445
0

«Ақыл айтып жүрмесе қасымызда, сонда орнайды жетімдік басымызға» деп ақсақалдың қадірін әуелде жеріне жеткізе айтқан Мұқағалидың пайымына таңдай қақпасыңа амал жоқ. Ғаббас Қабышұлы – әне, сондай ақыл айтып жүрер аяулы ақсақалымыздың бірі. Ақсақалдың ұлттың әдеби-мәдени өмірінде ғана емес, тұтас қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамай, әрқашан сергек жүретіні көп жанның көкейінде шығар. Ендеше, қаламгермен болған ашық әңгімеге көңіл бұрыңыз.

– Ғаб-аға, анау жолғы әңгімеміздің жалғасы бар сияқты, жеңгемнің қолынан екі кесе шай ішкім де келеді, – деп әзілдедім. Ағамыз:

– Жеңгеңнің шайы шелектеп ішетіндерге де жетеді, ал әңгімемізді «ер кезегі үшке дейін» етпелік, осы жолы соңғы нүктесін қоялық, «жә» десең, келе қал, – деді, көңілді сөйлеп.
Бардым. «Ұзын сөздің қысқасы»:

– Ғаб-аға, алғашқы сұхбатымызды оқығандардан, сонау жоғарғы жақтардан хабарласқандар болды ма?
– Оралханмен, Асқармен, Маратпен дос-жолдас болғандар, сондай-ақ шығармаларын оқумен сырт­тай құрмет­тегендер бар, жиыны он жеті адам телефон арқылы алғыс айт­ты. Ал «сонау жоғарғы жақтағыларың» ләм демеді. Өзің де білесің: Совет кезінде кімнен болсын келген хатқа бір аптадан кешіктірмей жауап қайтаратын тәртіп болды ғой. Менің қайран қалатыным: тәуелсіздік бұйырысымен бізде ол тәртіп далада қалды. Басқаны білмеймін, мысалы, мен президент тағында жиырма сегіз жыл отырған Нұрсұлтан Назарбаевқа он жеті хат жазыппын. Соның бірде-бірінде бас пайдамды көздеп, ештеңе деген емеспін. Біреуіне ғана жауап келді. «Кешірімнің кінәсі не?» деген орынды наразылық хатыма.

– Кешірім Бозтаевтың кім болғанын ол жақсы білді ғой?
– Білгенде қандай! Қазір… Кешірімнің жасы алпысқа толғанда, 1993 жылы, шілденің 23 күні, құт­тықтау жеделхатында не дегенін оқылық. Саған «Екі құт­тықтау және…» деген шағын мақаламды беремін, керек үзінділерін пайдалан да, қайтарып бер. Е, міне, құлағыңды ыңғайла:
«…Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия».
Шындықты айтқан! «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп жүріп, орыс тілінде құт­тықтаса да.
Бұған ұқсастау құт­тықтаухат «Невада-Семей» қозғалысының егесі Олжас Сүлейменовтен де барған. Ал оның үндемей қалуға болмайтындықтан жазғаны даусыз.

– «Үндемей қалуға болмайтындықтаныңыз» қалай?
– Мына мақаламда Кешірімнің 1992 жылы шыққан «Семей полигоны» кітабында былай дегені бар, тыңда:
«…Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – бұл кімнің еңбегі деген сұрақ қылтиды. «Невада – Семей» қозғалысының ғана арқасында осылай болды деген сыңаржақ жарнама баспасөз бетін қайызғақша басып кет­ті. Қозғалыстың әрбір әрекеті аспандата мадақталды. Оның белсенділері (арасында кез­дейсоқ жүргендер де бар) қозғалысқа басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналысты өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып жіберетіні де болды. Жиналысқұмарлық кеудемсоқ желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан ауытқып кетуге апарып соқты».
Көзіне айтылған бұл шындық Олжасқа шаншудай қадалса да, сыр бермес үшін құт­тықтауға тиіс болды деп ойлаймын. Өйткені полигонды жабу күресінде «бірге болды» ғой.

– Ақын кейін де басқаша сөйлей бастады.
– Кешірім барда қарсы дәнеңе дей алмады да, иә, кейін марқұмға шабуылды бастады. Егер жаңылыспасам, «Казахстанская правда» газетіндегі сұхбатында, 2005 жылы, шімірікпестен: «Иә, ол обкомның 1-хатшысы болды, сол ғана, полигонды жабу жолындағы күресте ешкім оны алғы қатардан көре алған жоқ»,– деді.

– Уәйда!
– Ол ол ма, одан кейінде: «Ондай хат­ты кім жазса да, ертеңінде орнында болмайтын» деп, Кешірімнің Горбачевқа хат жазғанын жоққа шығаруға тырысты. «Полигонды біз жаппаппыз, бір обком хатшысы жауыпты-ау?!» деді. Сөйтіп, «Семей полигонын біз жаптық, мен жаптым!» деп ат­тандады. Марат Қабанбай жазғандай, біздің зиялы қауым ақиқат­тан көпе-көрінеу ат­тап кеткендерге селқос қарайды, ал «көсемдерді» мадақтауда «бәйгені шаппай алуға» бар. Мысалы, Назарбаев, неліктен екенін кім білсін, тіпті «Менің досым – Олжас» деп мақала жазып, беталды марапат­тағанда зиялылардың ең болмаса біреуі: «Бұнысы несі?!» демеді. Жә, жолдас Еркін, бұларды сол қалыптарында қалдырайық. Кешірім туралы ендігі бір айтарым: өткен жолғы сұхбатымызда аталған кітапты Кешекеңнің 90-жылдығына арнап шығардым. «Қарапайым қаһарман» деп атап. Баяғы он бес дана. Оның қолжазбадан көшірмелерін Абай облысының, Семей қаласының әкімдеріне жолдап, сыйлық-кітап етіп шығаруды өтіндім. Қаламақы талап етпейтінімді айт­тым. «Кешірім Бозтаев – зұлмат полигонды жаптырған Батыр! «Қазақ­станның Халық қаһарманы» атағын беруді сұраймыз!» деп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға хат жазып жатқандар аз емес екен.

– Марқұм адамды наградтау…
– Еліне, халқына тарихи аса зор еңбек сіңіріп өткен қайраткерлерді ең жоғары наградамен марапат­тау үрдісі Совет Одағында, өзге елдерде де болды және бар.

– Ол мемлекет­тің, қоғамның ерекше қайраткері болған марқұмдарға емес, халықтың тарихына керек қой?
– Әбден дұрыс айт­тың, Еркін мырза! Тағы дұрыс айтарың бар ма?

– Бар ғой. Өткен жолы аңғартқа­ныңыздай, кітаптарыңыз мемлекет баспаларынан шықпайды екен, билік өзгерді, әрекет жасамайсыз ба?
– Иә, кітабым 1997 жылдан бастап шығарылмайтын болды. Биліктегі солақайлықты, жүйедегі берекесіздікті дерек тілімен баяндап хат, мақала жазғаным, яғни «беделдеріне нұқсан келтіре» бергенім «көсемдерге» де, «көсеушілеріне» де ұнасын ба, жолдаған қолжазбаларымның біріне «тендер құптамады» деген жауап жапсырылса, бірі айып болады. Содан кейін жекеменшік баспалардың бірімен тіл табысып, 10-15 данадан шығарып алып жүрмін. Қолжазбаларым қағаз күйінде сарғайып қалып қоймасын деп. Баспа, өздеріне қойыл­ған талап бойынша, таралым санын әрқалай жазады.

– 10-15 данамен шыққан соң көпшілікке жетпейді ғой? Неше кітап шығардыңыз?

– Жиырма шақты. Көшілік қайда, жолдас-жора шалдарыма, өзіңдей інілеріме жетпей қалады.

– Кітаптарыңыздың қалыңы да, жұқасы да бар екен.
– Байқап отырсың, солай. Көзің бірден шалған қалың екі кітаптың мұқабааралығына «Қаламым – қаруым» деген жазылғаны 556 бет, «Оңды ойды бүкпелік» 454 бет. Екеуі де – сын мақалалар жинағы. Екеуінің оң жағындағы жұқалауы – «Өр-ылдилы өмір» – хикаят­тарым 375 бет. Көкшіл мұқабалысы – «Адамның кейбір кез­дері», әңгіме-естеліктер 336 бет. Басқалары 100 бет­тен аспайды.
– Шығаруға дайын қолжазбаларыңыз бар ғой?
– Бар, оншақты. Алдыңғы жылы Мәдениет министрлігі біздің кітаптарымыз Мемлекет­тік кітап палатасындағы комиссияның ұйғарымы бойынша шығарылатын болғанын хабарлады. Жаңалық! Әлгі бір тендер дегеннен құтылатын болған шығармыз деп ойлап, үш қолжазбамды тапсырдым: 1. «Біз емей, кім?» (әзіл-сықақ әңгімелерім, 260 бет). 2. «Ешкім ештеңе білмейтін елде», екітомдық (Әзиз Несиннен аудармаларым, 280 бет). 3. «Көңілімнің көгінде», екітомдық (естеліктерім, 556 бет).

– Бәрекелді, Ғаба!
– «Бәрекелдіңді» қайтарып алғайсың. Төрт ай тостым. Жым-жырт. Палатаға телефон шалдым. «Қолжазбаларыңызды құптап, минис­трлікке жібердік, енді солармен хабарласыңыз», – деп қуант­ты. Министрлік қай жылдың жоспарына енгізер екен?.. Тағы үш ай өт­ті. Министрге хат жаздым. Қолжазбаларымның Кітап палатасындағы комиссияларынан оң баға алғаны, ат­тары, көлемдері туралы баяндадым, қай жылы шығарылмағын сұрадым. Екі апта өткенде министрдің бір орынбасарынан жауап келді. Аты-жөні есімде қалмапты. Оның не жазғанын түсіне алмай, өзіне де, министрге де наразылығымды жазып жібердім.

– Содан соң?
– Бір аптадан соң бір әйел телефон соғып, министрліктің қызметкері екенін, аты-жөнін айтып, қолжазбаларымның үш комиссиядан өткізілетінін, қалай болатынын мәлімдей бастады. «Құрмет­ті қарындасым, сізге менімен хабарласуды кім тапсырды?» дедім. «Министр тапсырды» деді. «Ренжімеңіз, министрге сәлем айтыңыз. Орынбасарының жазбаша жауабынан ештеңе түсіне алмағанымдай, сіздің де не айтпағыңызды түсіне алар емеспін. Әйтеуір, комиссияны көбейткен екенсіздер, енді солар басымды ауыртпасын. Сау болыңыз!» – деп телефонымды жаптым. Содан бері де бір жарым жыл өт­ті, қолжазбаларымның қайда екенін білмеймін.

– Ағасы-ау, мұныңыз бір жұмбақ-хикаят екен. Қалайда анықтап, аяқтау керек сияқты.
– Жаның ашып бара жатса, жолдас Жаппасұлы, – деп Ғабаң маған қулана қарады да: – Түк қоймай тексеріп, түтіп жейтіндей фельетон жаз. Маған олардың қажеті, қазекем айтқандай, «беш тиын». Қолжазбаларымның түпнұсқалары өзімде. Заман түзелер. Кекшіл «көсемдерден» де, «шалапіскен» шенеуніктерден де арылармыз. Кітаптарым шығар. Сонда, атаған үшеуін ең әуелі саған сыйлаймын, құдай қаласа, – деді, оң қолын ұсынып.
– Қарсы болмаймын! – деп қолын қат­ты қыстым.
– Осымен «до свидания» ма, әлде тағы бірнеше сауалың бар ма?

– Соңғы екі сұрағым бар.
– Ендеше, мына құлағым – қолыңда, – деп, ағекеміз оң құлағын шымши ұстап, маған қарай жантайды. Екеуміз күліп, мәз болдық.

– Біріншісі: өткен жолы «Мадақ майданында» деген кітабыңыз боларын айтып едіңіз…
– Ә, ол ма?.. Атын «Біздегі жарыс басқаша» деп өзгерткенмін. Назарбаевқа табынғандардың «тарихи-ғылыми еңбектері» ғой, сәл шыда, бес кейіпкерімнің бірер сөйлемдерін ғана оқып берейін, қазір… – деп күлді де, кітап сөресінен сұрғылт папканы алып келіп, алдына қойып ашып, бірнеше парақты алды да, біреуіне үңіле бере: – Көзіңді де, құлағыңды да тіге отыр, – деп жымиды да, оқыды: «Н.Назарбаев – әлем мойындаған, атағы алысқа кеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Кемеңгері».

– Пай-пой, шіркін! Авторы кім?
– Мырзатай Жолдасбеков ағаң. Оның «өшпес сөздері» бір кітап болар. Енді екіншісі… – деп басқа парақты алып оқыды: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзат­ты топансудан алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап, Қазақ­станды сонау 90-жылдары Тәуел­сіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды».

– Бірінен-бірі озғандар екен!..
– Мұның авторын сұрама, арамызда жоқ. Жас журналшылар ұстаз тұтқан айбынды ағаң еді. Үшіншісі: «…Мен Нұрсұлтанды өзім адамзат тарихындағы ең ұлы адам деп бағалайтын мұсылман жұртының ардақты перзенті Мұхаммед пайғамбарға ұқсатамын».

– Астапыралла!
– Мұның да авторын сұрамай-ақ қой, атақты апайларыңның бірі. Е, міне, төртіншісі: «Мен айтар едім: қазақтың саяси көсемі – Әлихан Бөкейханов, рухани көсемі – Ахмет Байтұрсынов, рухтық көсеміміз – Абай. Ал қазіргі таңда сол үш көсемнің рөлін атқарып отырған бүгінгі көсем – Нұрсұлтан Назарбаев».

– Мәссаға-а-ан!..
– Ол да әйгілі апайың… қазір, міне, бесіншісі: «Трудно назвать человека, который сделал бы для своей страны больше, чем Нурсултан Назарбаев. Народ Казахстана верит в него и связывает с ним свои надежды и чаяния. Нурсултан Назарбаев – истинный лидер нации, в Казахстане построена успешная современная экономика, основанная на рыночных принципах и названная в мире «Моделью Назарбаева». Иә, Еркін мырза, қалай екен? Ақын ағаң Олжас Сүлейменов. Жарыста бас жүлдені алады, ә?

– Е, ол кісі оңды-солды осылай сілтей береді ғой.
– Экономикалық дамудан хабар-ошары болмаса да, «модель Назарбаеваны» тапқанын қарасаңшы! Қай елдің болсын экономикалық дамуы халқының алдындағы астың, үстіндегі киімінің арзандауынан, бүкіл тіршілігінің оңалуынан көрінеді. Ал Назарбаев халыққа «арзандады» деген сөзді ұмыт­тырды, қымбатшылықтың құрсауына тап қылды. Мен 2000 жылы республикалық Статуправление дегеннен 1992 жылы нанның, ет­тің, майдың бағасы қанша болғанын интернет арқылы сұрап едім, айтып берді: нанның бағасы төрт текше, сопақ, үлкен-кіші болуына қарай 50-58 тиын; ет­тің 1 килосы 7 сом; майдың килосы 5 сом болыпты. Ал есептеп көр, бүгінде әрқайсысы неше жүз есе өсті екен. Қымбатшылықтың қамыты бүгінде де мойнымызда. Сол баяғы сылдыр сөз. Баяғы жағымпаздық. Егер, мысалы, Орталық Азияда жылда жағымпаздық жарысы өткізіліп тұрса, біз, қазекемдер, әй, алтын медальді жылда алар едік. Жә, жетер, орнымыздан тұрайық.

– Ғаб-аға, екінші сұрағым…
– Қойғын.

– Біздің газетте «Әкәу… ол Мұқағали ғой» деген естелігіңіз және Мұқағалидың Димекеңе, Қонаевқа, жазған хаты жарияланды ғой.

– И-иә?
– Жазушы інілеріңіздің бірі бізге телефон шалып: «Ол хат­ты орыс тілінде Мақатаевтың өзі жазған, Ғабекең естелігінде: «Мұқағали орыс тілінде ештеңе жазбаған, мына хат­ты арандатушы біреу жазған болар» деп қателесті», – депті. Оған не дейсіз?
– Қызық екен, –деді Ғабаң мырс етіп. – Мұқағалидың орыс тілінде не жазғанын өзім көрген де, не өзінен, не өзгелерден естіген де емеспін, соны ғана сөз ретіне қарай айт­тым ғой. Ал естелігімде нақты дерек бойынша баян еткенімдей, өзінің Жазушылар одағына мүшеліктен шығарылмағанын білетін есі сап-сау Мұқағалидың Қонаевқа «Жазушылар одағынан қуылғанын» айтып, жалбарына шағынғаны ақылға қона ма? Қонбайды. Ол хат­ты Әнуар мен Мұқағалиды шабыстыра арандату пиғылы болған әлдекім жазған. Ол «қамқоршы» хатын Мұқағалиға берген де тынған. Екіараға от салу пиғылы орындалған соң.

– Мүмкін.
– Егер Мұқағалидың Қонаевқа хат жазғаны рас болса, ол естілмей қалмас еді де, әдеби ортадан басталып, зиялы қауымның біраз гуілдері сөзсіз еді. Ал хат Қонаевтың қолына тимеген күннің өзінде, хатшыларының бірі алып оқыған болса, Жазушылар одағымыздың басшысына «Димекеңе ақын Мұқағали Мақатаевтан келген хат» жайында не ауызша, не жазбаша дереу мәлімдеп, Мұқағалиға қамқорлық жасауды, жазықсыз жәбірлемей, Одақ мүшелігінде қалдыруды тапсырар еді. Партиялық тәртіп бойынша. Ондай ештеңе болған жоқ. Одақ басшыларынан да, Мұқағалидың өзінен де естіген емеспіз. Ақынның өмірбаяны, шығармашылығы жайында жазылған мақалаларда, естеліктерде ол «жұмбақ» хат туралы бір ауыз сөз жоқ. Ал жолдас-мырза, енді ат басын тарталық, а?

– Аттың басы тартыла жатар, ал-ай-да, Ғаба, о-со-бый сұрағым бар, соған жауабыңыз керек
– Қойып байқағын.
– Одақта қызмет істеген отыз жылыңызда қатты өкінген кезіңіз болды ма?
– Е… ондай… болды. Бірақ зейнетке шыққанымнан көп кейін… Жазушыларымыздың Шығармашылық үйі бар, соның құрылысын алты жыл арпалысып жүріп бітіргіздім. Жазушылардың ертең келе берулеріне дайын етіп, әбден жасап-жабдықтадық. Ғабиден аға Мұстафин бас болған бес ағамызды шақырып, мәшине жіберіп алдырып, ашылу тойын шағын ғана етіп өткіздім. Ағаларымыз аралап көріп, әбден риза болды. Сол үйдің кейінтінде Одаққа кірісті көбейту үшін бір компанияға жалға берілгенін естідім. Содан кейін, ақшаларының көбіне қарай басқа компанияларға кезекпен берілген көрінеді. Жазушылар бара алмайтын кездер болған. Өзім куә жәйтті айтайын. Қирабаев Серік ағамыздың інісі қайтыс болып, көңіл айта бардым. Шығармашылық үйдің іргесінде тұратын. Шыққан соң соға кетейін, «жазушыларымыздың айтып жүргендері не екен?» деген оймен Шығармашылық үйдің сыртқы қақпасына барып, ішке ене бергенімде екі қолын ербеңдете бажылдаған жігіт жетіп келіп, бірдеңе деп барылдап, алдыма тұра қалды. «Я – писатель, зайду на 5-10 минут» дедім. Анау басын шайқап, бажылдауын үдетті. Шегініп шығып кете бардым.

– Шетелдіктер ие болғаны ғой?
– Солардың бірі. Өңі қарақошқыл төртпақтың бір сөзін де түсіне алмадым. Зая кеткен екінші еңбегім бар. Кеген ауданында Жазушылар одағының 10 гектар жері бар дегенді естіп сұрастырып едім, білетін ешкім болмады. Содан кейін Әдеби қордың директоры Нұрахмет Төлеуповпен ақылдасып, «Қаскелең ауданынан жер алайық» десіп, аудан әкіміне бардық. 1991-жылы, маусым айында. Таныстық, түсіністік. Әкім бүгінде марқұм, аты-жөні есіме түспей тұр, «Жәке» деп сөйлескемін. «Жазушы ағайындардан аярымыз жоқ, – деп жылы жымиып, – сұраған он гектарыңызға бес гектар қосып береміз, – деді. Біз қуана алғыс айттық. Ол бір қызметкер жігітін шақыртып алып, бірімізге бірімізді таныстырып, оған:

– Сен мына құрметті меймандары­мызды алма бағымызға алып бар, көрсет, аралат. Таңдаған тұсынан 15 гектарды бөліп, шекарасын белгілеп, күзетшіге ескерт, – деді. Алма бақтары жақын, тау бөктерінде екен. Алып барған жігіт: «Бақтың жас екенін көріп тұрсыздар ғой, енді 3 жылдан кейін өнім береді, алманың астында қаласыздар», – деді. Алыс-беріс дегендей, екіжақты келісім-шарт жасалып, қол қойылды. Бір данасын Нұрахмет алды. Бірақ, кейін «алманың астында қалмақ» тұрғой, 15 гектардың қайда екені ұмытылыпты.
– Шынында, мұны мен де естіген жоқпын.
– Бұл екі оқиға Нұрлан Оразалиннің билігі жылдары болды. Ол туралы Ұлықбек Есдәулетовке хат жазып, тексертіп анықтау керек екенін айттым. Үнсіз қалды. Содан соң Нұрланға хат жазып: «Менің орнымда сен болып, екі еңбегің зая кетсе, қайтер едің?» дедім. Ол да ләм демеді. Ал осымен тоқтадым, жетер.

– Рақмет, ағасы, сатирамыздың сардары! Иә, орнымыздан тұралық.

– Зейнеткер шалға келіп, бейнет­теніп сөйлескен, «Айтпаса, сөздің атасы өледіні» ұмыт­тырмаған саған да рақмет!

Сұхбат­тасқан
Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір