Өндіріске – отандық мазмұн
21.05.2024
49
0

Еліміз тәуелсіздігін жария еткеннен кейін тағдырдың айдауымен шартарапқа шашырап кеткен қандастарымыз көш бағытын ата жұртқа бұрғаны белгілі. Алғашқылар қатарында Моңғол жеріндегі бауырларымыз бар.

1992 жылы қазақ топырағына табан тигізгенде Төремұрат Тілеуханұлы Баян­өлгийдің (Бай өлке) Бұлғын деген жеріндегі сегіз жылдық мектепті жаңа бітірген кезі екен. Саналы ғұмырын өнер саласына арнаған Тілеухан Хайдарұлы Талдықорған қаласына қоныс тепкеннен кейін балаларын да өнер саласына бағыттаған. Осылайша, Төремұрат алдымен Сарқандағы өнер колледжінде білім алып, соңынан Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің музыка факультетінде білімін жалғастырады. Алайда ел экономикасы тоқырауға ұшырап, күнкөріс қиындап кеткен тұста жас жігіт кәсіпкерлікпен айналысуға мәжбүр болады. Алдымен ұсақ сауда-саттықпен айналысқан Төремұрат ас үй жиһаздарын жасаумен айналыса бастайды.
– Бай өлкеде «Керейде ұл туса – ағашқа күн туады» деген тәмсіл бар. Сол айтқандай, ағаш шеберлігі қанымызда, дәстүрімізде бар болғандықтан, осы салаға біржола мойын бұрған едім, – дейді Төремұрат ағынан жарылып. – Бір жағынан еліме қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігімді тигізсем деген арманның да болғаны рас. Осылайша, Талдықорған қаласында жиһаз шеберханасын ашып, жұртшылықтың тапсырысын орындай бастадық. Аздаған тәжірибе жинап, жұмысымыз жүре бастағанда Алматыға келіп, Өжет шағын ауданынан бір ғимаратты жалға алып, жиһаз шеберханасын аштық. Жаныма қолынан іс келетін жігіттерді топтастырып, кәсіпті дамыттық. Осыдан кейін мұндағы шеберхананы інім Бекмұраттың иелігіне қалдырып, Астанаға жол тарттым. Ол жақта да осы саланы дамытып, күн санап сұранысы артып келе жатқан жиһаз жасауды жалғастырғанбыз. Шүкір, жұмысымыз жүріп, жұртшылықтың алғысына бөленгеніміз ақиқат.
Талдықорған, Алматы, Астана қалаларында өз кәсібін ашып, нәсібін еңбегінен тапқан Төремұрат ақыры Алматыға қайтып оралуға мәжбүр болған екен. Оған әкесі Тілеухан күні жақындаған сәтте баласына ағайын-туыстың ортасына келуді тапсырған аманаты себеп болады. Алматыға қайтып оралған шебер сол үйреншікті кәсібін әрі қарай дамытып, Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылынан тағы бір шеберхана жұмысын жолға қойып үлгеріпті.
– Былтыр біз Алматы облысының 130 мектебіне арнап жиһаздар жасадық. Сонымен қатар жеке тапсырыс берушілердің сұранысын өтеп келеміз. Өзге де шеберханаларды керекті құрал-жабдықтармен, жиһаз қажеттіліктерімен қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылған. Таяуда Қытай еліне барып, ішкерідегі жиһаз шығаратын фабрикамен келісім-шарт жасасып келдім. Бұйырса, жақын уақытта бағасы арзан, сапасы талапқа сай жауап беретін тауарларды жеткізу жоспарымызда бар, – дейді кәсіпкер.
Ең бастысы, өз шаруасын шырқ айналдырып отырған Төремұрат ішкі нарықтағы қазақстандық мазмұнның үлесін арттырып, бос жүрген жастарды жұмыспен қамтуды мақсат етіп қойған. Ендеше, біз де талапты азаматқа табыс тілейік!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір