ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМ ШЕБІНдЕ ЭТНОСАЯСАТТАНУШЫЛАР ДА САП ТҮЗЕДІ
Күн санап еліміздегі ғылым салаларының тынысы ашылып келеді. Оның тағы бір жарқын мысалы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстанда тұңғыш рет «Этносаясаттану» инновациялық ғылыми-педагогикалық бағдарламасының магистранттарын даярлауы. Мұны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ресми мәлімдеді. Орталық Азия бойынша біздің елімізде ғана ғылыми оқыту жүргізілген бұл қандай пән? Этносаясаттану басқа ғылым салаларынан несімен ерекшеленеді, нені зерттейді?
Этносоциологияның этностардың әлеуметтік құрылымын, олардың мүдделері мен мінез-құлқының ерекшеліктерін анықтайтын этникалық топтардың әлеуметтік жағдайын, этникалық мәдениеттегі әлеуметтік маңызды құбылыстарды, этностардың әлеуметтік мобильділігін зерттейтінін білеміз. Ал этнопсихология адамдардың этникалық өзгешелігіне байланысты психикасының ерекшеліктеріне, этникалық стереотиптерге, «негізгі этникалық тұлға» деп аталатын бөлектігіне назар аударады. Этнодемография этникалық топтардың көбею ерекшеліктерін – туу, өлу, неке (ұлтаралық некелердің болуы немесе болмауы), жыныстар мен ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттейді. Этносаясаттану дәл осы үдерістерді басқа қырынан, яғни, саяси құбылыстардың аталған мәселелерге, бәрінен бұрын
мемлекетке қалай әсер ететінін қарастырады. Демек, этносаясаттану – этникалық құбылыстар мен үдерістердің саяси шарттылығын зерттейтін пән. Ғылымның бұл саласы билік туралы, этникалық элитаның оған ұмтылысы туралы, мобилизациядағы элитаның рөлі туралы сұрақтарға жауап береді.
Олай болса, министрлік хабарлаған жаңалыққа қайта оралайық.
ЕҰУ-дан түлеп ұшқан жас ғалымдар этноменеджментті және халықтық дипломатияны зерттеуге бағытталған ғылыми жобаларын жалғастыруды көздеп отыр. Бұған қоса, Ұлттық университет жаңа оқу жылында осы білім беру бағдарламасын докторантура деңгейінде іске қосатынын мәлім етті. Бұл көпұлтты делінетін елімізге этносаралық ынтымақтастықты, ауызбірлікті нығайтуды теориялық һәм практикалық тұрғыда көп-көп пайдасын тигізетін дүние болмақ.
2021 жылы ЕҰУ этносаясаттану магистранттарын дайындауға арналған білім беру бағдарламасы алғаш рет Қазақстанда және Орталық Азияда іске қосылды. Екі жылдық оқу жүйесін аталған университеттің оқытушылары барлық кәсіби стандартқа сәйкес әзірледі. Қазақ, орыс және көптілді білім беретін топтар құрылды. Ведомствоның дерегінше, қазіргі таңда 21 адам этносаясат саласын меңгеріп жатыр екен. Олардың төртеуі биылғы оқу жылының тұңғыш түлегі атанды.
Осы тақырып бойынша БАҚ қойған сауалдарға ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов: «Мамандыққа деген сұранысты ескеріп, «Этносаясаттану» деген жаңа білім беру бағдарламасын іске қосқан болатынбыз. Орталық Азия университеттерінде оның баламасы жоқ. Бүгінгі таңда бұл салада білікті сарапшылар қажет, саясаттануда аймақтық және этносаяси зерттеулер үлкен сұранысқа ие. Биыл алғашқы этносаясаттанушы-магистранттарымыз университетімізден қанат қақты. Негізінен аталған білім беру бағдарламасы бойынша 5 өңірден әртүрлі ұлт өкілі оқып жатыр. Бұл «Этносаясаттанушы» мамандығына деген сұранысты көрсетеді. Шетелдік университеттер де кәсіби этносаясаттанушыларды даярлауға қызығушылық танытуда», – деп жауап берді.
Этносаясаттанушы-магистранттар этносаралық қатынастар саласындағы ең өзекті тақырыптар бойынша ғылыми жобаларын сәтті қорғап шығыпты. Магистрант Хамит Сәбден өзінің диссертациясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясына бірнеше ұсыныс жолдағанын айтты:
«Оқу барысында жалпы ұлттық саясаттың дамуына елеулі әсер ететін этносаясат ғылымын әртүрлі қырынан жан-жақты зерттедік. Оның ішінде тарихи жад саясатына, халықтық дипломатияға, ұлттық брендингке, ұлттың генетикалық кодына баса назар аударылды. Біз тұрақтылықты нығайту және жалпыұлттық саясатты дамыту процестерін қарастырдық. Мен диссертация және ғылыми ізденістер аясында Қазақстан халқы Ассамблеясына этносаясатты жаңғырту жөнінде бірнеше ұсыныстар жолдадым. Жаңғырту тоқтамайтын үдеріс деп есептеймін. Себебі әлем сәт сайын өзгеріп жатыр, ал жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтап қалу – әрдайым күн тәртібінде тұрған мәселе», – деді ол.
«Этносаясаттану» бағыты бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі дипломы бүгінгі таңда түлектердің мемлекеттік және саяси басқару құрылымдарында, ғылыми-зерттеу және талдау ұйымдарында жұмыс істеуіне кең түрде кәсіби мүмкіндіктер ашады.
Ғылымы жан-жақты дамыған елдің ғана келешегі келісті болмақ. Ендеше, эстносаясаттану ғылымы да Қазақ елін ұшпаққа шығарудың бір сүрлеуі десек, артық айтпаймыз!
Ө.Әріпбек