Шабыт кернеп, жыр төгілген шақтарда, Өмір маған сезіледі жұмақтай
Мұратбек Оспанов 1962 жылы, 26 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Қарауыл ауылында туған. 1989 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдаған.
1979 жылы Абай аудандық «Совхоз туы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы болған. 1989 жылы Семей облыстық «Семей таңы» газетінде, 1990 — 1992 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Шығыс облыстардағы меншікті тілшісі қызметін атқарған. 1992 жылдан «Абай» журналының жауапты хатшысы, 2003 жылдан сол журналдың бас редакторы қызметтерін атқарған.
Ақынның өлеңдері «Аудитория» атты жастардың ұжымдық жинағына енген. 1997 жылы «Сандықтас», 2004 жылы «Дүние дидар», 2005 жылы «Сүмбіле» атты жыр жинақтары жарық көрген. Қазақстан Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Ақын тірі болғанда, биыл, 63 жасқа толар еді. Туған күніне орай, «Сөз патшасы» атты таңдамалы туындылары жинағына енген бір топ өлеңін оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.

Мұратбек ОСПАНОВ
Менің сырым
Ардақтаған, салмақтаған жыр елің,
Шындыққұмар Шыңғыстаудың ұлы едім.
Күрсінгенде, жермен бірге жылаймын,
Қуанғанда, елмен бірге күлемін!
Жолға шықтым, өрге бүгін жүз кемем,
Арманым көп адастырған, іздеген.
Абай, Мұхтар, Шәкәрімнен нәр алып,
Жүргім келді солар салған ізбенен.
Арамдарды жолатпадым маңыма,
Адалдарды жақын тарттым жаныма.
Таланттардың таласпадым бағына,
Бастықтардың қызықпадым тағына!
Іштен тынған кездерім көп үндемей,
Тек жүремін «тентектерше» тілдемей.
Өлең келмей өрекпіген сәттерде,
Өмір маған көрінеді түрмедей!
Күндер сырғып өтіп жатыр сынаптай,
Кеше тұрған бүгін, міне, құлапты Ай.
Шабыт кернеп жыр төгілген шақтарда,
Өмір маған сезіледі жұмақтай.
Бұл жанымды түсінеді бірақ кім,
Біреулерге Мұратбекпін, Мұратпын.
Иілмейтін адамдарға леппін!
Иілетін жандарға мен сұрақпын?..
Ту
Көк туымда қыран құс,
Құйылғандай тек күннен.
Алла, саған мың алғыс,
Арманыма жеткізген.
Алға қарай ақтым да,
Алып ұшты жүрегім.
Қызыл тудың астында,
Қысым көрген ұл едім.
Қалайша енді ұшпайын,
Қанат байлап көгіме.
Қасарысқан дұшпаным,
Қапы қалды өзі де…
Көк бөрінің ұрпағы ем,
Көкке қарап ұлыған.
Көк Туымды күллі әлем,
Көрді бүгін тұғырдан.
Тілім тиіп кетпесін,
Көп созбайын сөзімді.
Көзбен шолған көк төсін,
Қыран дедім өзімді.
Өтті жылдар, өтті күн,
Еркін елім тойлады.
Көктің сәні — көк Туым,
Ақ Ордамның айбары!
Ұлыммен әңгіме
Ұлым менің,
Туған күнің екен ғой бүгін сенің.
Төгілсем тілім тиіп кете ме деп,
Ішімнен сауға сұрап жүруші едім,
Орайы келіп қалды бүгін соның.
Қақпасын қара өлеңнің қаққан әкең,
Қызықпай мансап пенен таққа бөтен.
Өмірді өз көзіммен өрнектеймін,
Өлеңнен табылардай бақ-берекем.
Сен соны білесің бе, сезесің бе,
Мойныма асыласың келесің де.
Әкеме мен де өзіңдей еркелегем,
Өмірдің соқтықпалы белесінде.
Кел, күнім, еркелей бер, еркелеші,
Шешеңнің көтерілсін мәртебесі.
Жасардым бір-ақ күнде жиырма жылға,
Қызықтың болмайды екен ерте-кеші.
Тілің-ай, былдырлаған балдан тәтті,
Алламыз үйіп берсін алдан бақты.
Құнарсыз құмға сіңген судай болмай,
Соңыңда соқпақ бары қандай жақсы.
Ұлым менің,
Шаршасам, сенің күлкің сіміргенім.
Аспанда Айым да – өзің, Күнім де – өзің.
Осынау періштедей пәк қалпыңда
Жалғансын келешекке ізім менің!
Шығысқа шыным
Хан Шыңғыстың басында
қалтыраған төл едім,
Қарғыс атқыр атомға қақталғанда өзегім.
Еркіндіктің уызын таңдайыма тамызып,
Елбасымыз теліген екінші анам, сен – өзің.
«Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар»,
Орманыңды жамылып,
омырауыңды емемін.
Марқакөлде марқайдым,
аузым аққа бір жарып,
Зайсан келіп жантайдым,
құрағына құрсалып.
Алты айналсам жер бетін,
Алтайдай құт табам ба,
Аспаныңда тұмса бұлт,
көктен ырыс тұр сауып.
Үлбі — байлық балына
бармағымды батырып,
Үмітімнің үрпінен үлбірейді нұр тамып!
Қытаймен де шектестім,
Моңғолмен де шектестім,
Ежелгі қу көршіге енді құл боп кетпеспін.
Еміренсең қанымнан алаш иісі аңқиды,
Көшесіне Өскемен
қыр жусанын көктеттім.
Тілің болып өтпекпін,
дінің болып өтпекпін!
Жетегінде Шығыстың жетім қозы жетілді,
Құрбан шалсаң, қаратам құбылаға бетімді.
Кесірленген кейбіреу саған кесел ойласа,
Кесіп берем етімді!
Менiң мектебiм
«…Толғауы тоқсан қызыл тiл,
Сөйлеймiн десең өзiң бiл».
Абай
Тоқсан толғап сырымды
Тоқетерге жетпедiм.
Тобықтымыз бүгiнгi
Толған айдай көп-көрiм.
Өмiрiмде менiң де
Өлең едi еккенiм.
Өшпейтiндей соңымда
Том-том еңбек етпедiм.
Бiр жалқаулық жабысып,
Иығымнан кетпедi.
Қарап отыр үмiтпен,
Қазағымның тектi елi.
Өз ойымнан шықпады,
Өзiм баптап сепкенiм.
Тоқырау деп айтпаймын,
Тосуда әлi жетпегiм.
Қолды созып әлекпiн,
Жұлдыздарға көктегi.
Ғұмыр бойы үйренер,
Сенсiң — менiң мектебiм.
Ана тілім
Тілім, тілім, бабамыздың үні едің,
Қазір менің тілім-тілім жүрегім.
Көрінгеннен сауға сұрап қайтейін,
Көп сөзімді көмейіме тіредім…
Өзім ғана ұққанымнан не пайда,
Еркеленіп шыққаныңнан не пайда.
Өз анамды өкпесінен итеріп,
Өзгеменен ұшқанымнан не пайда?!
Қазақ тілім — ғажап тілім, қылышым,
Қында жүрген қимасымның бірісің.
Жарқылдамай салтанатты сарайда,
Паналадың ауылымның бұрышын.
Сол ауылдың қара табан ұлымын,
Өзің едің қанып ішкен тұнығым.
Қала келіп, «қайран сөзім қор болып»,
Аш қасқырдай айдалаға ұлыдым…
Тілім, тілім, бабамыздың үні едің,
Қазір менің тілім-тілім жүрегім.
Жеткізе алмай санасына мәңгүрттің
Саған арнап өлең құрап жүремін!
Қобызға қолқа
Қоңыр қобыз, боздашы бір боздашы,
Қайдағым мен жайдағымды қозғашы?!
Ана жұрттан өзгешелеу мінім сол
Ақын едім, арқаланар қозбасы.
Байқайыншы, сарыныңды кім ұғар,
Көмейіңде сары даламның мұңы бар.
Ақын едім аңқылдаған жүрегі,
Бір басында мың бақсының жыны бар.
Егізімдей еркелетем мен сені,
«Есті жұртым» екеуімізді көрсе еді.
Сырласқанда, жымдасқанда жанымыз,
«Жынның тілін жын біледі» деуші еді.
Қоңыр қобыз, бозда, сарна, аңыра,
Қанбай қалдым, тағы, тағы, тағы да…
«Есті жұрттан» естімеген ешқашан,
Қоңыр әуен құйылады қаныма.
…Сенің үнің, менің жырым бірігіп,
Жеткізейік жетім жердің тілі ғып.
«Есті жұртты» қорқытайық қосыла,
Қорқыт ата келгендей боп тіріліп!
Абайға
Шынын айтсам, жан баба,
Жазу қиын сен жайлы.
Құр қиялым шапқылап,
Шартарапты шарлайды.
«Толғауы тоқсан қызыл тiл»
Бетiнен қалқып ойымның,
Тереңiне бармайды.
Уәденi мың берiп,
Жiбiтемiн таңдайды.
Жоғарыдан қысса егер,
Әкiм елiн қармайды.
Қалың қазақ алдында,
Орысшалап сарнайды.
«Жер қорығыш желек шал,
Желiп жүрiп боздаса»…
Ендi сатып жатырмын,
Маған қазiр сол қайғы!
Сөзiмдi ұғар адам жоқ,
Салғаныммен ойбайды.
«Садаға кеткiр сұрайды»
Саудасына долларды.
Өзiң айтқан баяғы,
Өзгермедiк сол қалпы!
Қазақ
Ей, қазақ, қайран қазақ, қазақ, қазақ,
Жүйкемді жұқарттың-ау қажап-қажап.
Көрмейміз өзіміздің мінімізді,
Өзгені өлтіреміз мазақтасақ.
Жапанда жалғыз жортқан бөрі сынды,
Азуың бір-біріңмен керісулі.
Өрт шалып жалмаса да өрісіңді,
Қытай кеп жауласа да қонысыңды,
Бермедің бір-біріңе қол ұшыңды.
Осындай осалыңды біліп алған,
Аузыңды баяғыда-ақ орыс ұрды!
Ей, қазақ, қайран қазақ, қазақ, қазақ,
Жүйкемді жұқарттың-ау қажап-қажап.
Бір тойсақ тойға барып жетіп жатыр,
Ризамыз бай үйінде қонақтасақ.
Сорлаған сол бөрінің бірі өзіммін,
Жарасын жазып алар жалап-жалап.