«Жалын» журналы жазушылар одағының қарамағына өтті
23.04.2024
184
0

Қазақстан Жазушылар одағына қарасты басылымдар легі тағы бір әдеби журналмен толықты. Осы айдан бастап «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор» журналдарымен қатар «Жалын» журналы да Жазушылар одағының құрылтайшылығы арқылы оқырманға жол тартпақ.

Бұған дейін көрнекті ақын, Қазақ­станның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың басшылығында болған журнал, ақынның өз ұйғарымымен Одақ қарамағына өтті. Мұхтар Шаханов Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновке журнал редакциясын арнайы табыстап, қолхат жазып берген.
«Рухтас інім Мереке Құлкеновке!
Мен «Жалын» журналын жауып жатырмын. Алайда Мерекенің журналдың тағдырына немқұрайды қарамай, менің ісімді ары қарай жалғастыруына мен шексіз ризамын. Сен – керемет шыншыл азаматсың. Мен әрқашан сені қолдаймын. Жұлдызың ылғи да шындық биігінен жарқырай берсін! Әумин!» – деп жазылған қолхатта.
Одақ Төрағасы Мереке Құлкеновтің бұйрығымен журналдың Бас редакторы болып Құдияр Біләл тағайындалды. Сондай-ақ алдағы уақытта басылым бетінде жастар әдебиеті насихатталмақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір