Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана
24.11.2023
179
0

Жиырма бірінші ғасыр технологияның нағыз дамыған кезеңі. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін гаджетті қалай қолдану керек екенін жатқа біледі. Бірақ бұл технологияның жемісі құнды кітаптарымыздың орнын қаншалықты басты? Көне заманнан бері қоғамның көкірек көзін ашып, қараң халыққа жарық сыйлаған кітаптарымыз құнын жоғалтты ма? Кітап беретін білімді  гаджет алмастыра ала ма?

Қазіргі қалың бұқара ойынша кітап оқитындар саны аз, жастар легі кітапханаға емес ойын клубтарына немесе басқа ермектерге жүгіреді. Тик – ток, инстаграм секілді әлеуметтік желілерде 15 секундтан аспайтын видеоматериалдар қараған соң шыдамсыз. Атыс – шабыс, компьютерлік ойындарды ойнап – ойнап психикасы бұзылған, тез ашуланады деп жатады. Бұл көкейкесті қоғамдық оймен №20 кітапхана-бөлімшесінің меңгерушісі Лаура Тұрсынова келіспейді. Оның айтуынша: соңғы 3-4 жылдықта жастар кітапқа қатты қызығушылық танытуда. Оқырмандар мотивациялық, әдебиет кітаптарын арнайылап іздеп келеді. Кітапханаға жазылу, келіп оқу  тегін, жастарға барлық жағдай жасалған. Тіпті кітапханамызға күніне 30-дан астам оқырман келіп кітап алып кетеді. Қарттар һәм үлкен буын оқырман кітапты үйіне алып кетіп оқығанды жөн санайды дейді.

 Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №20 кітапхана меңгерушісі Лаура Тұрсынова осы кітапханада еңбек етіп жатқанына 7 жылдың жүзі болған. Алғаш жұмысқа орналасқан жылдары кітапхана сөресін 80 пайыз  орысша кітап құрапты. Қазақша еңбектер аз, соған қарай қазақ оқырмандар да кітапханаға сирек аяқ басатын. Ал қазіргі таңда кітапхана сөрісінің 30 пайыз ғана орысша жазбалар қамтиды. Жазушылар сапалы кітап шығарып жатқанын  мақтанышпен айтқан сұхбаттасушымыз жастардың жазушыларды қалай қолдайтынын өз көзіммен көрдім деп таңданысын да жасырмады.

– Қаншама тұсаукесер кештер жасадық. Бір байқағаным жастар сүйікті жазушыларын керемет қолдайды. Жастар біздің инстаграм парақшамызға кірмейді, жазбаларымызды оқымайды деп ойлайтын едім. Жай ғана инстаграм желісіне  афиша шығарып, тұсаукесер кеш өтетіні жөнінде жаза салғам. Сүйтсем тұсаукесерге сол афишаны оқыған жастар көптеп келіпті. Біз өзіміз колледжден арнайылап шақырған студенттер деп ойласақ, өз еркімен келген оқырмандар екен. Әлеуметтік желідегі афишаны көріп келіп отырмыз, жазушының оқырмандарымыз дейді. Тіпті арнайы сұрақтар да дайындап қойғам, бірақ оның да керегі болмады. Виртуалды оқырмандар өз сауалдарын жаудырып, 40 минутқа жоспарланған кездесу 1,5 сағатқа жалғасты, – дейді кітапхана меңгерушісі.

Бұл сұхбаттан кейін жастардың кітапқа деген құлшынысын жоққа шығару мүмкін емес. Қазіргі жастар тек кітап емес, сонымен қатар жазушыға да асқан сыйластық танытады.  Бүгінгі күні шығып жатқан кітаптар да жазушылар да «сен тұр, мен атайын» деп бірінен – бірі оқ бойы озық тұрған мықты бәсекелестер. Жастар әлеуметтік желіні тек ойын ойнап, мән – мағынасыз видео қарауға емес пайдалы дүние қарауға да пайдаланып жатқанын осыдан – ақ байқауға болады.         

Керісінше әлеуметтік желіні өз пайдамызға жаратып кітап, тұсаукесер туралы мәліметтер көптеп салсақ оқырман қатары бірнеше есеге артар еді. Қар қызы, Махаббат қызық мол жылдар, Ұлпан, Ақбілек сынды қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған туындыларды кітапсүйер қауым тик ток әлеуметтік желісіне рецензия түрінде салып, талай оқырман жүрегіне жол салынып еді. Интернеттен сол кітаптарды іздеп, қызығушылық танытқан адамдар легі молая түсті. Жастар арасында трендке айналған «Тармақтар» кітабының танымал болуына да осы бір әлеуметтік желі септігін тигізді. Осылайша қоғамның кітапқа деген қызығушылығы, кітапхана табалдырығын тоздыруы жиілеп жатыр. Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, кітап оқыған озар демекші. Жастарымыз озық болғысы келеді. Оған дәлел Жамбыл атындағы қалалық кітапхана оқырмандары. Аталмыш кітапхананың басқалардан ерекшелігі – тәулігіне 24/7 демалыссыз жұмыс істейді. Өзім сол кітапхананың тұрақты қонағымын. Алғаш рет барған кездері кітап оқуға арналған бос орынды іздеп жүріп, әйтеуір табатын едім. Қазіргі күні болса бос орын табуың – лоторея ұтып алумен пара-пар. Оқырман легі жоғары сынып оқушылары,  жастар, студенттер, жас мамандар. Бұның өзі қоғамның кітапқұмар болып жатқанының бір мәйегі.

Қай заманда болмасын кітап атты асыл дүние ешқашан өз құндылығын жоғалтпақ емес. Атам заманнан кітап адам қоғамы үшін маңызды білім құралы болып келеді. Кітап оқитын адам саналы, білімді, мәдениетті болады. Өйткені адамды ата – анадан кейін кітап тәрбиелейді. Артық білім кітапта.

 Қарлығаш ҚИБАТОЛЛА,
ҚХҚжӘТУ 1 курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір