Жас домбырашылар ансамблі Орталық Азияның ең үздік этнофольклорлық оркестрі атанды
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен Халықаралық “Tashkentfest” балалар мен жасөспірімдер арасындағы шығармашылық байқау-фестивалінде Орталық Азияның ең үздік этнооркестр атағына Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектебінің 8-ші сынып оқушыларынан құралған “АЛҚОҢЫР” ұлттық аспаптар ансамблі ие болып, байқаудың Бас жүлдесін ұтып алды.
Зияткерлік мектепте 7-сыныпта домбыра сабағы пән ретінде кіріктіріліп, оқушыларға домбырашы, қосымша білім беру педагогы, Тәттімбет атындағы республикалық байқаудың лауреаты Ертай Барлықов қазақтың ұлттық музыкасын дәріптеп келеді. Ертай Ғабдылхақұлының жетекшілігімен «Алқоңыр» оркестрімен қатар жоғары сынып оқушыларынан «Нұр сазы» халық аспаптар ансамблі және қыздардан жетігеншілер тобы құрылды.
«Нұр сазы» мен «Алқоңыр» оркестрінің репертуары жиырмаға жуық қазақ халық күйлері мен Ұлы даланың күйші-сазгерлері Дәулеткерей, Құрманғазы, Дина Нұрпеисовамен қатар Нұрғиса Тілендиев, Әбдімомын Желдібаев, Сәкен Тұрысов, Аман Малдыбаев сынды қазіргі заманның көрнекті композиторларының туындыларымен байытылып келеді .
Ертай Ғабдұлхақұлы оқушылармен шығармашылық байқау-фестивальдерінің бірін қалдырмай бақ сынайды. Этнофольклорлық ансамбльдер республикалық, халықаралық шығармашылық сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпаздары. Қазіргі таңда Зияткерлік мектеп қоржынында бес бас жүлде және оншақты түрлі аспапта орындау бағытындағы номинациялар бар екенін оқушылар мақтанышпен айтады.
Қазақтың ұлттық аспаптарында басқа ұлт өкілдері де үйреніп, айтарлықтай деңгейде меңгеріп жүр. Соның бірі түрік отбасынан шыққан 9-сынып оқушысы Мұстафа Ырза Зияткерлік мектебінің табалдырығын аттағаннан бастап домбыраны қолға алып, оншақты күйлерді үйреніп үлгерді:
- Біз домбырашылар тобы болып Оңтүстік Кореяда, АҚШқа сапармен барған мәдени шаралар, конференцияларда міндетті түрде қазақтың күйлерін орындадық. Басқа елдерден келген оқушылар домбыраға қатты қызығушылық білдіргендері менде ерекше мақтаныш тудырады,- деп бөлісті Мұстафа.
Ақбөпе НҰРӘЛІ,
Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар жане әлем тілдері университеті
Журналистика мамандығының 2-курс студенті
ПІКІРЛЕР6