Өлең деген – ең дұрысы өмір ғой
19.11.2024
467
0

Айжарық Абылқасымов

Абай облысы,
Мақаншы ауданы,
Жарбұлақ ауылы

Қасыңнан кеткім келмеді
О, туған жерім, жанымды,
Жалғыз түп шиің тербеді.
Топырағың ыстық қанымды,
Қуалап терең өрледі.

Құстарың келіп ұялап,
Жүрегімнен ұшты көлдегі.
Аспаның да, тіпті анамдай,
Иіліп жақын келгені.

Басқадай құдірет барына,
Көңілім, тіпті сенбеді.
Өзімдікі деп түсінем,
Өмірді осы жердегі.

Бақаның үнін естісем,
Ән болар дедім көргені.
Алакөлімді мұхитпен,
Тең шығар дедім, ең кемі.

Әупілдек даусы әкемнің,
Әніндей асқақ өрледі.
Ойнат­ты дала желдетіп,
Ойлант­ты жусан, шеңгелі.

Өлгеннің рухын ұлықтап,
Тірісін жатқа бермеді.
Қарашы, қанша ғұмырлар,
Құлашын кеңге сермеді.

Қорымда жатқан қариям,
Қасиетін бірге көмбеді.
Арырақ айт деп тұр маған,
Өлген өзендер шөлдегі.

Мінезіне қара дауылдың,
Дауына дәуір көнбеді.
Өмірде алға ұмтылған,
Өреннің де бар еңбегі!

Заңғарын туған таулардың,
Тағдырлар текке бөлмеді.
Арқалап кеткен аңызын,
Алыптар бірақ келмеді.

Олардың жаққан ошағы,
Ойранда қат­ты сөнбеді.
Арманым алыс болса да,
Қасыңнан кеткім келмеді…
О, туған жер ыстық топырағым –
Махаббатым осы мендегі!

Ғашық ғұмыр

Көңілдің бері тартып көшкіндері,
Өмірдің үні жақын естілгелі.
Әкем мен анашымның ошағынан,
Ғашық ғұмыр басталды ес білгелі.

Ойымды осы маңға орайтынмын,
Оңаша қалуды көп қалайтынмын.
Түбінде қайда барып бітеді деп,
Басталған қара жолға қарайтынмын.

Сақтадым санамда үйдің жазғы кешін,
Сәбилік түсінікпен жол жүресің.
Әсерлі әрі әкеткен құштарлықпен,
Әкемнің тыңдайтынмын әңгімесін.

Батыр боп жауға жалғыз барғым келді,
Санамды сатырлаған жаңбыр бөлді.
Қой баққан жерлеріме бауыр басып,
Өзенін өзім етіп алғым келді.

Жер шетін іздеп талай тұсқа бардым,
Аңшы боп, іннен сары тышқан алдым.
Ауылды асырасам деген оймен,
Тұзақ сап суық торғай ұстап алдым.

Бұлт­тардан бұғатынмын бермен келген,
Өтетін өңменімнен жел кеулеген.
Бір көмек етсем ғой деп боздап едім,
Әкемнің ақ тазысы өлгенде мен.

Тереңдік өлшеп көрдім тұнық көлден,
Құйынды қара жолда қуып бергем.
Жұлдызды аласалау ұстасам деп,
Сатыны үйге сүйеп шығып көргем.

Жаңалық ашқым келді ел білмеген,
От­тардан қорқатынмын сөндірмеген.
Қамыстың арасынан құбыжықты,
Көрдім деп көп баланы сендірген ем.

Осы маң көкірегімді от қылатын,
Көк шыбық – көпті көрген
көкқұла атым.
Шалқамнан жатып дала құшағында,
Құстарға бірдеңе айт­қым кеп тұратын.

Сурет­тің салдым түрін бояу жағып,
Таңдарға талықсыған таяу барып.
Күншығыс біздің үйдің әйнегінен,
Тәт­ті бір таң енетін баяуланып.

Жүргім де келетін із жоқ жерлермен,
Балалық бақыты еді көзбен көрген.
Сөмкемде ақын болсам деп оқитын,
Кітабым жүре-тұғын ақжемденген…

О, құштар ғұмырым ең сөз жетпеген,
Ағыстар жағасында шөлдеп келем.
Әлі де әлегі мол әдемі өмір,
Әкемдей қарайды өң өзгертпеген!..

Сенің көзің

Таң маған сенің көзің шұғылалы,
Аумаған айдай болып құбылады.
Айдыннан ұшқан құстың сусылы бар,
Иіліп сұлу қайың бұрылады.

О, оның мейірі бар тереңдеген,
Ерке елік ен далада елеңдеген.
Қара бұлт шүйіліп кеп төмендеген,
Найзағай жарқылынан өлең көрем.

От қандай өткірлігін өшірмеген,
О, әлі тандыр иісі есімде ме ең!
Жатқандай анам көсеп ыстық шоқты,
Көзіңнен көшті көрем көсілмеген.

Ой да бар ошақ басын абайлаған,
Көп жылдар көлеңкесі маңайлаған.
Адымдап ары ұзаған жолдарыңа,
Осы бір орман тұстан қарайлағам.

Сабыр бар сағынышты мөлдіріңде,
Сәл ғана толқып қалған желді күнде.
Көтерген көп тағдырды қайсар қыз-ау,
Арқамды сүйееймін мен, енді кімге?!

О, соның бәрі де бар қос көліңде,
Сағынып қалғам жылдар көшкенінде.
Тереңі тұңғиыққа тартқан мені,
Өлеңі тәт­ті өмірдің кештерінде.

Құйылған ақ сәулесің аспанымда,
Қиылған өрлік те бар қастарыңда.
Құшақтап тұрдың бізді дүлей тағдыр,
Теңізді дауылға әкеп қосқанында.

О, сонда осы көздер ызбарланған,
Сорғалап сора артында тұздар қалған.
Көтеріп кет­ті сенің кірпіктерің,
Ұйқысыз ұзақ түнді бізге арналған.

Ал содан осы көздер беріге өт­ті,
Аяулы ақ нұр етіп төңіректі.
Көрінді көлеңкеде қалған өлең,
Жөңкіліп жүрегімнен жолы кет­ті.

Жайқалып жатқанда орман
бойында сен,
Тұрасың ошақ деген қойнымда сен.
Мойында сен, әдемі шағымыз ғой,
Көзіңнен көзім сонда айырмас ем.

Үш тарау

Заңдылықтан тұрар өмір не түрлі,
Өрнектейді уақыт уыз бетіңді.
Бесігіңнен басталатын сапарың,
Үш тараудан құралатын секілді.

Көре алатын құбылысты кез келген,
О, құдірет, маңдайға екі көз берген.
Осы көзде – жылдамдық пен салмақ бар
Айырмасы оқиғадан өзгерген.

Шексіз оның құмарлығы тесіл дем,
Ғаламат­тар ғашықтықпен шешілген.
Күйкі тірлік кереметі бірақ та,
Көзің жеткен жерде ғана көсілген.

Енді ой бар тұңғиық боп ағатын,
Малып алып көз нұрына қанатын.
Ой тереңі батырады әрнеге,
Көз қуаты таусылса әрі баратын.

Сансыз ағыс өз кеудеңде арна сап,
Еркін ұшар егер ойсыз қалмасақ.
Оның да тек пайдасы мен соры бар,
Буырқанған шағын ұғып, барласақ.

Ой қажыса, көңілің бар келетін,
Көкжиегі құшақ жая беретін.
Құдірет бұл – сезімдерден тұратын,
Қыбыр еткен құбылыстар бөлетін.

Айхой, көңіл, ала қашқан асаудай,
Сусындайсың сұлулықтан бас алмай.
Амал бар ма, жасып кейде жатасың,
Өмірдегі бір соққыдан аса алмай.

Бола бермес бақыт­тың көп жеңісі,
Жанға батар жалғыздықта кем ісі.
Көздің, ойдың жетер жері болғанмен,
Көңіліңе байланысты көбісі…

Үш тараудан жол ұсынар жүрегің,
Өмір өтер іздеумен тек бір емін.
Алға қарай ат­тау үшін адам боп,
Тек махаббат керек – соны білемін!

Әрқайсына өз кеудеңнен орын бар,
Ақыл басы, ошағында қабылдар.
Сүю үшін мынау жарық әлемді,
Үшеуімен ғана жақын болыңдар…

Өлең туралы ой

Өлең-өмір тоқтамайтын ешқашан,
Көрінбейтін оған көңіл ашпасаң.
Түсінікті боп тұрады түбінде,
Түйсігі жоқ адамдардан бастасаң.

Ол – аз ғана адамдықтың қатпары,
Ойдың терең, ақылдың зор батпаны.
Сезімдердің сылдыраған шақтары,
Жүрегіңнің қараңғыда от жаққаны.

Ол ұқсас боп тумас тағы анадан,
Сол үшін де суық оған көп адам.
Оғаш біткен мінезімен оңаша,
Қалар өзі азабымен қалаған.

Осы арасы ойландырар көп тегі,
Көкке қарап ұлығанда көк бөрі.
Батыр жүрек – нәзіктікке құл келер,
Қарсылықтан тұрады өмір өйткені.

Сен де, бәлкім, осы тұста өртендің,
Шетін беріп шәлкем ойға көрпеңнің.
Қара өлеңде қара жүрек болғаны,
Ақ сақалды сөзін айтар ертеңнің.

Сұлулығы сөздің сансыз қосылған,
Жас ақынның көңілінен ашылған.
Ұлт­тың ұлы тарихы да осында,
Дәуірлердің дауылымен басылған.

Ащысы да, тәт­тісі де білінген,
Түйдегімен от шыққанда тіліңнен!
Сүйегіңнен өткен сөзде өлең бар,
Ашуыңды қуып, бері жүгірген.

О, өлеңдер – нақылдардың нарт­тығы,
Ақылыңның албырт шақта қарт­тығы.
Қарт жүректің қалғып кеткен жастығы,
Көздерінде жүрген бүгін мәрт­тігі.

Қиындықты қиып түскен наркескен,
Өлең ғана өмірменен тілдескен.
Ол – құдірет әр сәт сайын көрсең де,
Көрмесең де көңіліңмен бірге өскен.

Мойында сен, ол – махаббат орманы,
Тағдырыңның тарам-тарам жолдары.
Сағынышын үмітіне жалғаған,
Сүйгендердің көзін көрші сондағы!

Ұғып алар саған жалғыз керегі,
Болады оның таязы мен тереңі.
Обалы мен ғұмыры бар аяулы,
Сақ болғайсың, ол тым нәзік себебі!..

Өлең деген – ең дұрысы өмір ғой,
Жүректерден табылатын қорегі.
Аспандағы әдемі күй дер едім,
Азабы да, айта берсең көп енді… 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір