Санчес Адалид: Өмір деген таңғажайып бір сапар
13.07.2024
81
0

Санчес Адалид – 1962 жылы туған испан жазушысы. Эстремадура университетінің заң мамандығында оқыған. Сондай-ақ, Мадридтегі Комплутенсе университетінде философия докторы дәрежесін алған. Алғашқы кітабы 2000 жылы шыққан ол – жалпы 20 романның авторы. Шығармаларында адамдар арасындағы қарым-қатынасқа терең үңіледі және тарихи тұлғалар мен оқиғалар, билік, махаббат, ақиқатты іздеу т.б. тақырыптарды қаузайды. Жазушы әдеби туындылары үшін марапаттарға бөленіп, сыйлық алған. Солардың бірқатарын атап өтсек, «Эль-Альма-де-ла-Сьюдад» романы үшін 2007 жылы Фернандо Лара сыйлығын, «Әлкасаба» тарихи романы үшін 2012 жылы Альфонсо X эль-Сабио сыйлығын алды. 2015 жылы «Медиадора» романы үшін Фернандо Лара сыйлығын екінші рет иеленді. Қазір С. Адалид – Эстремадура өнер және әдебиет корольдік университетінің академигі, аталған ЖОО кітапханасының директоры. 

– Санчес мырза, қазір әлемдегі тыныштықты сақтау үшін дін­аралық, мәдениетаралық диалог пен келісім өте маңызды. Сіз еңбектеріңізде Андалусияда Ислам, Христиан және Иудейлік дін өкілдерінің өзара түсіністікте, бейбітшілікте өмір сүргенін жазасыз. Қазіргі заманда сондай үйлесім мен толеранттылықты қалыптастыру үшін не істеу керек?

– Расында да, жаһандағы тыныш­тықты сақтау үшін дінаралық диалог ауадай қажет. Себебі қантөгіс, ажал, құлдырау мен құрдым діни фанатизмнен туындайды. Фанатизмге ұласса, дін соғыс құралына айналады. Жағдайды бұған дейін ушықтырмау үшін тарихтағы парасатты тұлғалардың істерінен өнеге алуымыз керек. Қазіргі Испанияның Андалусия деп аталған басым бөлігін VIII-XV ғасырларда мұсылмандар билеп, халифат құрған. Аталған Ислам мемлекетін 961-976 жылдарда Екінші әл-Хакам билеген. Ол мәдениетаралық, дінаралық шиеленіске жол бермеу үшін алыстан ойлайтын, яки, кемеңгер адам еді. Елде өте үлкен кітапхана салдырыпты. Онда 400 мың кітап жинақталыпты. Бұл еңбектердің арасында Ислам ғалымдарының ғана емес, Христиан, Иудей авторларының да туындылары болған, яғни, ежелгі заманның бар ілім-білімі мен даналығы бір орында тоғысқан. Сол кітапхананың арқасында көне кітаптардың көбі сақталып, бүгінге дейін жетті. Екінші әл-Хакам сұлтан өзін мұсылмандардың ғана емес, христиандар мен иудейлердің де патшасы санаған. Сондықтан қарамағында әр діннің беделді әрі бейбітсүйгіш дінбасыларын ұстап, солардың ықпалымен дінаралық кикілжіңге, соғысқа жол бермеген.

– Қазақстан қазір әртүрлі дін лидерлерінің ортақ ымыраға келетін алаңына айналды. Еліміз әр 3 жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізіп келеді. Осындай халықаралық ауқымды жобаның сіз айтқан дінаралық диалог пен келісімді сақтауға маңызы жөнінде айтсаңыз.
– Иә, дін лидерлерінің дінаралық диа­лог пен бейбітшілік үшін Қазақстанда тұрақты түрде бас қосып тұратынын өте жақсы білемін. Дүниенің әр пұшпағында соғыс өрті тұтанған бүгінгі заманда мұндай іс-шаралар керек-ақ. Мың жылдан астам уақыт бұрын Кордовада көтерілген бейбітшілік жалауы қазір Қазақстанда желбіресе керемет емес пе?! Олай дейтінім, аталған съездің мақсаты жоғарыда айтқан Екінші әл-Хакам халифтің идеяларымен үндес. Мұндай халықаралық жиынның маңызы жөнінде діндердің лидерлері де әрдайым айтып жүр. Мәселен, Рим Папасы Франциск Астанаға сапарында: «Жаратушы жолы биліктің қолшоқпары мен құралы болмауы тиіс, біз оған жол бермеуге міндеттіміз» – деген еді. Яғни, Құдай – жалғыз, оның құдіреті шексіз. Құдай жолын, дінді адамдар түрлі пенделік мақсаттарға, соғыс мүддесіне пайдаланбауы қажет.

– Испаниядағы алғашқы араб халифі Абд ар Рахман ІІІ (891-961) басқарған дәуір туралы роман жаздыңыз. «Моцараб» («El Mozarabe») деген бұл туындыңыз 2001 жылы басылып шықты. Онда қандай тарихи оқиғаларды суреттедіңіз?
– Үш дінді ұстанатын жұрттар Кордовада осы Абд ар Рахман ІІІ халифтің тұсында да өзара тыныштықта өмір сүрді. «Моцараб» романымда сол жөнінде жаздым. Бұл хикаяда бірнеше бас ке­йіпкер бар. Кейбірі мұсылмандар болса, өзгелері христиандар мен иудейлер. Олар әртүрлі дін өкілдері арасындағы кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешіп, соғысқа жол бермеуге барын салады.

– Тарихқа қарасақ, Андалусияда мұсылмандар 8 ғасыр билік құрған екен. Қазір онда қандай Ислам ескерткіштері сақталған?
– Испаниядағы Ислам дәуірін еске салатын көптеген мәдени ескерткіш бар. Мәселен, IX ғасырда салынған Кордова мешіті халифаттың бас ғибадатханасы болған. Алла үйі әлі де сол қалпы тұр. Барып, көріп, ішін аралауға да болады. Гранададағы Альгамбра, Севильядағы Хиральда тәрізді көне нысандар да бүгінге жеткен. Жалпы, VIII ғасырдан XV ғасырға дейін талай ғимарат, сарай, мешіт салынған. Мың жыл өтсе де, қуа­нышқа орай, олардың көбі сақталған. Бірақ ғасырлар, жылдар өте келе, біразы өзгеріске ұшыраған. Яғни, қаңқасы ғана қалып, күрделі жөндеуден өткен. Жапсарлас басқа нысандар да салынған. Сондықтан Ислам дәуірінен қалған ескерткіштердің санын нақты айта алмаймын. Әрдайым Ислам мәдениетіне қатысты жаңа үйлер, қорымдар, ғимараттар табылып жатады.

– Ал енді шығармашылығыңыз туралы сұрақ. Неше кітабыңыз бар?
– 20 романым шықты. Туындыларым испан, португал, италия, француз, голланд, неміс, грек, поляк т.б. тілдерде оқырмандарға жол тартқан. Күллі Латын Америкасы елдеріне тарауда.

– Бір кездері еліңізде Ислам мемлекеті қанат жайғанын өзіңіз де айтып өттіңіз. Ал қазір Испанияда мұсылмандардың саны шамамен қанша? Оларға құлшылығын емін-еркін жасауға мүмкіндік, жағдай бар ма?
– Испанияда бүгінде 4,5 миллион мұсылман тұрады. Олардың шамамен 60% – Испания азаматтары. Ислам үмбеті тұратын қалаларда мешіттер ашылған. Елімізде жалпы 2000 мешіт және 5000 шағын намазхана жұмыс істеп тұр. Ең үлкен мешіт – Мадридте. Онда бір мезетте 4000 адам құлшылық жасай алады. Сондай-ақ, Ислам орталықтары, Ислам және Христиан діндері арасындағы дінаралық, мәдениетаралық келісімді, өзара диалогты нығайтуға арналған орталықтар бар.
– Бұл Қазақстанға алғашқы сапарыңыз ба? Әсеріңіз қалай?
– Иә, Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Әсерім керемет! Бірнеше сағат бұрын ұшақтан түсіп, алғаш табан тіреген жерім осы – республикалық бас мешіт. Жаратушыға сенімді, Құдайға құлшылық жасауды, мәдениетті кейіп­тейтін ғажап орын екен! Меніңше, Қазақстанның, Астананың әлемге әсер ететін зор миссиясы бар. Әртүрлі діндер арасындағы өзара диалогқа шақыратын шамшырақ осыннан жарқырайды деп ойлаймын.

– Сұхбатымыз соңына таяды. Өмірбаяныңызды да айтып өтсеңіз.
– Испанияның оңтүстік-батысындағы Эстремадура өлкесінде туып-өстім. Заң саласында білім алып, судья болып жұмыс істедім. Кейін дін қызметкері болдым. 40-қа жақындағанда, кенеттен қаламгерлік қырым оянып, әлі күнге дейін жазып келемін. Жазушылыққа қалай келгенімді өзім де түсіндіре алмаймын. Іштегі буырқанған идеялар әдеби шығарма түрінде төгіле берді. Бәрі де Құдайдың қалауымен болған шығар. Бастапқыда әдебиетте жетістікке, табысқа жетемін деп ойлаған жоқпын. Бірақ тез танылып, туындыларым қалың оқырманның ықыласына бөленді. Сондай-ақ, «Кордова парадигмасы» деген қорды басқарамын. Ұйымның мақсаты Н. Назарбаев орталығының мұрат-міндеттерімен ұқсас, яғни – конфессия­аралық, өркениетаралық, дінаралық диалогты дамыту.

– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?
– Нұрлы ақыл мен жылы жүрек тілеймін. Өмір деген таңғажайып бір сапар секілді. Онда бейбітшілік, махаббат пен үміттен айрылмауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір